ЕСТЕН КЕТПЕС ЕМТИХАН

 (Эссе)

 

Үздікке қойылған «үштік»

 

Қаламы жоқ жазбаған,

Көмбесі жоқ қазбаған.

Көз өтті ме, бір күні,

«Гостан» құлай жаздаған.

(Журналистік фольклордан)

 

30Журфактың өзіне жетерлік аңыз әңгімелері баршылық. Бірінші курсқа оқуға түскендер сол адам айтқысыз аңыздардың арасында әбден малтығып қалады. Мұндай маңызды «мифтердің» көпшілігі оқу бітіріп кеткендер немесе жоғары курстың студенттері жайлы болып келеді. Сондайда тілге тиек болатын жәйттің бірі – ілгеріде университетті үздік бітіргелі тұрған үлгілі студент Жұмабек Кенжалиннің мемлекеттік емтиханнан «үштік» алып қалғаны туралы еді. Жалпы, оқытушыларымыз кезінде өте жақсы оқыған шәкірттері жөнінде әңгімелеуден ешқашан жалықпайтын. Бәлкім, оларды біз сияқты бозөкпелерге үлгі еткісі келетін шығар. Кенжалиннің кесірлі «үштігіне» байланысты мәселе де осындайда жиі қозғалатын.  

Қай кезде де ақырын сөйлеп, анық басып жүретін Жұмабек Кенжалин өмірінде бала болып «үш» алып көрмеген соң, мұндай әңгіме айтылмай қайтеді?! Кілең «бестіктің» арасына жалғыз «үштік» жарбиып барып жайғасқаннан кейін көптен күткен қызыл диплом аяқ астынан көгеріп сала берген де, оқу орнында оқыту­шылыққа қалуға тиіс таңдаулы түлек бұқаралық ақпарат құралына жіберілген. Бір қызығы, ол студент болғанына қарамастан Алматы қалалық кеңесінің депутаты екен. Оның үстіне, журфактың жалғыз Лениндік стипендия­сының иегері болған көрінеді. Ендеше, үздіктердің үздігіне «үштік» алатындай не күн туды? Егер Жұмабек Кенжалин сол «үші» құрғырды алмағанда, бұдан да биікке жетер ме еді, кім біледі… Ол енді басқа әңгіме. Бірақ, сол жылдарда төтенше жағдай саналған, көсем атындағы стипендияға кәдімгідей дақ түсірген кеспірсіз бағаның дақпырты әлі де басыла қоймаған-ды.

«Өзі де сабақты онша дұрыс оқымаған, тек беделі мен белсенділігінің арқасында жүрген пысық біреу шығар? Әйтпесе, тым болмаса, «төрт» алмай ма?!» – дейміз біз сырттай тон пішіп. «Жо-жоқ, – дейді ұстаздарымыз, – ол шынында да жақсы оқыды. Сірә, үлкендердің өзара келіс­пеушілігінің құрбаны болып кеткен сияқты». «Баланың өзінен де бар, – дейді тағы біреулер, – тым пысықсынып кеткен ғой…».

Қазіргі өлшеммен алғанда бұл – әңгіме етуге тұратын мәселе емес. Өйткені, бүгінде жылдар бойы елеусіз жүрген студенттердің өзі топ-тобымен қызыл диплом иеленіп, қызара бөртіп кетіп бара жатады. Ал ол тұста оқу орнын үздік бітіру жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққандардың ғана еншісіне тиетін.

Кейін сол мемлекеттік емтиханда «үш» алған, сол «үштігінен» күш алған Жұмабек Кенжалиннің өзін де көрдік. Айбынды аға газет – «Социалистік Қазақстанда» қызмет істейді екен. Өте мәдениетті, сыпайы жігіт көрінеді. Біз секілді ботатірсек студенттердің өзімен адам құсап сөйлеседі. Бір сабақтан «үштік» алып, қолына қонып тұрған қызыл дипломнан қағылғанына қайғырып-қиналған адамға ұқсамайды. Қашан көрсең де, жайраңдап жүреді. Қызмет бабымен қаншама кездессек те, Жұмағаңның жанын жаралаған жалғыз «үштіктің» жайын сұраудың реті келе қоймапты.

Арада жылдар өтті. Біз «Қазақ газеттері» деген ақпарат мекемесінің басшылығына келдік. Бұл – бірнеше басылымның басын біріктірген жауапкершілігі шектеулі серіктестік. Өзі бір қызық құрылым. Атауы «Қазақ газеттері» делінгенімен, оның ішінде бірнеше журнал бар. Сондай-ақ, орыс тіліндегі журнал да, ұйғыр тіліндегі газет те сол бірлестіктің құрамында. Бұрын осы серіктестікті басқарған ол біз келген сәтте «Ақиқат» журналының бас редакторы болып қызмет істейді екен. Бірлесіп жұмыс жүргізе бастадық. Мінезі өте жайлы. Аралас-құралас болып кеттік. Мен басқа қызметке ауысқан кезде Жұмабек Омарұлы серіктестікке екінші қайтара басшы болып тағайындалды. Бұдан кейінгі қызметіміз де бұрынғы мекемеміздің тыныс-тіршілігімен тікелей байланысты еді. Әйтеуір, онымен сыйластығымыз әлі күнге дейін үзілген жоқ.

Сондай күндердің бірінде өзім әлдеқашан ұмытып кеткен атышулы «үштік» оқиғасы есіме түсті. Ой, біз  де сұраймыз-ау… Бүгінде алпыстың асқарына шығып, аға буынның белді өкіліне айналған Жұмабек Кенжалин сонау жиырма жеті жасында алған үкілі «үштігінің» жай-жап­сарын жайлап қана әңгімелей бастады.

– Мемлекеттік емтиханға дағды бойынша жан-жақты дайындалдым. Емтихан комиссиясының төрағасы – елімізге кең танымал ағамыз әдепкіде басын шұлғып, үздіксіз мақұлдап отырған сияқты еді. Бір кезде комиссия мүшелерінің бірі төрағаға бір жапырақ қағаз жөнелтті. Соны оқыған төраға нілдей бұзылды. Ақыры «үштікті» қонжитты да жіберді. Сірә, ұстаздардың арасында өзара келіспеушілік болды-ау деймін.

Жұмабектің түйгені осы. Ары қарай көп ашылмады. Бір есептен, бұл да дұрыс болар… Осы шағын «спектакль» кейіпкерлерінің біразы қазір Алматы қаласында тұрады. Әркімнің өз шындығы бар. Не болса да, іштерінде шығар… Бірақ, біздің кейіпкеріміз әлдеқашан ақсақалдық жасқа жеткен бұл кісілерден сәлемін аяған емес. Жолыға қалса, жайраңдап жүздеседі. Осынау жүрегіндегі жабық тақырыпты үнемі айналып өтуге тырысады. Кейін өзі де талай рет мемлекеттік емтихан комиссиясының төрағасы болды. Өз басынан өткен осы жәйттің студенттер арасында қайталанбағанын қалайды. Жас ұрпаққа жүрегінің жылуын ғана себеді.

Университетті бітірген соң «Социалистік Қазақстан» газетінің тілшісі, бөлім меңгерушісі болып қызмет істеді. Осы екі аралықта «Зерде» журналының жауапты хатшылығына тағайындалды. Бас редакторы – алты алашқа танымал Ақселеу Сейдімбек. Сол жылдарда Ақаңның басынан өткен қиындықтардың бәрін көзімен көрді. Біраз уақыт бас редактордың міндетін атқарды. Көп ұзамай, елдің бас басылымына қайта келді.

Жоғарғы Кеңестің басылымы – «Халық кеңесі» ақпарат кеңістігіне қанат қаққанда осы газетті шығару ісін ұйымдастырушылардың бірі болды. Әдепкіде бас редактордың орынбасары қызметін атқарған ол кейін редакцияның басшылығын қолына алды.

Жалпы, Жұмабек Кенжалин – қазақ баспасөзіндегі бағы жанған жігіттердің бірі. Ол ел руханиятындағы орны бөлек «Халық кеңесі», «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі» газеттерінің, «Ақиқат» журналының бас редакторы болды. Бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы Президент сыйлығын иеленді. Қазір бірнеше басылымды шоғырлан­дырған «Қазақ газеттерінің» тізгінін ұстап отыр. Баяғыда талайды дүрліктірген жалғыз «үштікті» қоймай, қызыл дипломын бере салып, өзін оқытушылыққа алып қалғанда тағдыры қалай өрістейтін еді деген ой келеді кейде…

 

«Торғай таңының» тілекшісі

 

Ақырын жүріп, анық бас,

Асықпай-ақ қалыптас.

Қағиданы осындай,

Қайталаудан жалықпас!

(Журналистік фольклордан)

 

Оның өсу жолы кәдімгі кеңестік кезеңдегі белсенді баланың дәстүрлі өмірбаянынан онша алшақ емес.  Баршаға белгілі көрініс. Ел алдында жүрген үздік ұлан. «Қайыңдының» қарасирақтарының қадірлісі.  «Қайыңды» дегеніміз –  Торғай облысы Арқалық ауданындағы шаруашылық. Бұл – сол ауылдағы мектептің Мәншүк Мәметова атындағы пионерлер дружинасы кеңесінің төрағасы. Өзі о бастан қалалық үрдіске бейім. Себебі, Арқалық іргеде тиіп тұр. Бала кезінде журна­листіктен басқа кәсіпті ойына да алған жоқ. Жетінші кластан бастап «Қазақстан пионері» газетіне мақала жазды. Мақала болғанда… көлдей көсілген, даладай далиған, етектей дүниелер емес. Шағын ғана хабарлар. Бұл басылым сол жылдарда қысқа-қысқа материалдар топтамасын беріп тұрушы еді. Бала тілші соның нағыз маманы болып алды.

Кейіпкеріміз тек қана «Қазақстан пионерімен» шектеліп қалмады. «Торғайдың таңы» атқанға дейін Қостанай облысының «Коммунизм таңы» деген газетіне де мақала жолдап тұрды. Оны айтасың, орта мектептің жоғары класында оқып жүрген кезінде «Лениншіл жас» газетіне үш-төрт материалы шықты. Беделді бала тілші енді бәрін қойып, сын мақала жазып көруге бел байлайды. Ниет қылсаң, тақырып табыла кетеді ғой. Қып-қызыл сын мақалаға өзек боларлық нысанның қасында жүр екен. Бұлар оқитын мектептің ғимараты өте ескі еді. Совхоз басшылары жаңа мектепті «әне-салып береміз, міне салып береміз» деп, жұртты уәдемен жарылқайтын да жүретін. Сол уәденің кепілі ретінде әлдебір ордың қазылып қойғанына екі-үш жыл өтті. Сөйтіп жүргенде ана орға біреу-міреу түсіп кетсе, не болмақ?! Міне, нағыз сынның материалы. Бала тілші төзбейді ондайға… Сосын ол қолына қаламын алып, «Қостанай таңына» шұғыл мақала жазады. Тақырыбын «Қазулы жатқан ор көрдім» деп қояды. Батырлар жырын көп оқығанның әсері. Сол атаумен жарық көреді. Бұл мақала ел-жұртты едәуір шулатады. Бәлкім осының әсері шығар, әйтеуір сынға өзек болған ордың төңірегінде қыбыр-жыбыр тіршілік басталады. Жас тілші қазулы жатқан орға елдің назарын аудартып, Орбұлақ шайқасында жеңіске жеткендей мамыражай күй кешеді.

Кейін Торғай облысы Қостанайдан бөлініп шығады. Арқалық қаласы облыс орталығына айналып, «Торғай таңы» газеті ашылды. Мектептің жоғары класында оқитын, атышулы «Ор оқиғасының» арқасында өз аймағының оқырманына кең танылған Жұмабек Кенжалин газеттің редакциясына арнайы келеді. «Торғай таңы» газеті ашылды деген соң бала көңілі алаңдап, аңсары ауып, бармасына болмайды. Ондағы ойы – жұмысын жаңа бастап жатқан қызметкерлермен танысу. Журналист ағаларымыз қандай болады екен деген әуестігі де басым еді. Редакцияның тыныс-тіршілігін жақыннан көргісі келді.  Бес қабатты ғимараттың бесінші қабаты – нағыз қарбалас. Бір бөлмеден бір бөлмеге кіріп-шығып жүрген қыздар мен жігіттер. Жаңа қонысқа көшіп келіп жатқан соң бәрі де айрықша көңілді. Солар бұған ерекше жандар болып көрінеді. Бұдан соң жас жігіттің журналистік жұмысқа деген қызығушылығы арта түседі.

Бір сәтте алдынан көзілдірікті, келбеті келіскен, бидай өңді бір кісі қарсы ұшырасады. Ол әр бөлмені аралап көріп жүр екен. «Иә, бала, қайдан келдің?» – деп  жөн сұрайды. Аты-жөнін айтқан бұған: «Ау, Жұмабек Кенжалин деген сен екенсің ғой», – деп айрықша ілтипат көрсетеді. Сөйтсе, бұл бұрын «Қостанай таңында» қызмет істеген, енді «Торғай таңының» жауапты хатшысы болып бекітілген Сейіт Кенжеахметов екен. «Баяғы мақаланы қорытып, газетке дайындаған мен едім ғой», – дейді ол. Тоғызыншы кластың оқушысын жатсынбай, өзімен тең санап, ересек адамша сөйлеседі. Содан екеуі кейін ағалы-інілідей араласып кетеді. Бұл әскерге кеткенде Сейіт Кенжеах­метовпен үзбей хат алысып тұрады. Жалпы, Сейіт аға тек Жұмабекке ғана емес, Торғай өңіріндегі қолына қалам ұстаған жастардың бәріне қамқор болды. Кейін баспасөзде өзіндік қолтаңбасын қалдырған Жетпісбай Бекболатов, Мақсұтбек Сүлейменов, Болат Әлденов, Мылтықбай Ысмағұлов деген жігіттерге жөн-жоба көрсетті. Өзге ақпаратшылар да оның мектебінен өтті.

Шәкірттері Сейіт ағаның ұқыптылығынан үлгі-өнеге алды. Ол кісі ауылдан хат келсе, соны бір қызметкерге тиянақтап тапсырады. Өзгелер секілді ұмытып кету оның әдетінде жоқ. Өйткені, әр хатта адам тағдыры бар екенін жақсы түсінеді. Хаттың әзірлену барысын үнемі бақылап отырады. Егер бұл дүние газетте басылмайтын болса, оған берілетін жауаптың сапалы жазылуын қадағалайды. Журналистердің оқырман алдында әдепті болуын еске салудан жалықпайды. Жұмабек журфактың қабырғасын көрмей тұрып-ақ, Сейіттің сол тәрбиесін санасына сіңірді.

Ол кезде Арқалық ауданында «По Ленинскому пути» деген газет орыс тілінде ғана шығатын. Қазақша газет болмағандықтан, тілші Жұмабек облыстық газетке бір-ақ секірді. Оныншы класс оқып жүргенде «Торғай таңы» газетінің басшылығы ауысты. Белгілі журналист Мырзабай Кеңбейілов бас редактор болып бекітілді. Барып-келіп жүріп-ақ бұл кісіден үйренген үрдістері де баршылық.

Журфакқа оңайлықпен жол түспей тұр екен. Алғашқы жылы конкурстан өте алмай қалды. Содан ала жаздай Алматыны шарлап, ақыры «Қайыңдыға» қайтып оралды. «Торғай таңымен» байланысын үзген жоқ. Қазақстанның халық ақыны Қонысбай Әбілдің бір замандасы туралы «Торғай таңы», «Торғай таңы» дегенді зорға айтады» деген баршаға белгілі зілсіз қағытпасына арқау болған осы басылымның тағылымы жеткілікті еді. Өңірді өркендетуге үлес қосқан бұл газеттің де ұлттың ұйытқысына айнал­ғанына дау жоқ-ты. Берекелі аймақтың қадір-қасиетін академик Зейнолла Қабдолов былайша бағалаған: «Торғай – ұлттың ұшқан ұясы болса, Қызылорда – қонған қиясы». Жұмабек Кенжалин сол ұлт ұясында жүріп-ақ қауырсын қанатын бекітіп алды. Сондықтан әлі күнге дейін аттың басын Торғайға бұрып тұрады.

 

Мандат пен міндет

Бала кезден зейінді,

Бар жақсыға пейілді.

Бірлесуге икемді,

Басшылыққа бейім-ді…

(Журналистік фольклордан)

 

Оқудан құлап келген соң өзі оқыған мектепке жұмысқа тұрды. Алдымен спорт жөніндегі әдістемеші болды. Сосын бастауыш кластың мұғалімдігіне бекітілді. Мақала жазуын тоқтатқан жоқ. «Қайыңды» совхозы – бес жүзге тарта түтіні, елу мыңға жуық қойы бар ірі шаруашылық. Ауылдың «Аққайың» деген ансамблі бар. Оған жоғары класс оқушылары, өзі сияқты оқудан жолы болмай келгендер белсене қатысады. Себебі, өстіп қоғамдық жұмысқа үзбей араласып жүрсең, совхоз оқуға жолдама береді. Совхоз директоры тәртібі тиянақты балаларды сырттай бақылап жүреді де, жылына төрт-бес жолдама үлестіреді. Оларды шаруашылық есебінен аттандырады. Бірақ, оқу бітірген соң осында қайтып келіп жұмыс істейсің.

Совхоз қанша жерден тегеурінді болғанымен, журфакқа жолдама бере алмайды. Сондықтан басшылық мұны Қостанайдың пединститутына баруға көндіреді. Мектептің жағдайына орай орыс тілі мен әдебиетінен сабақ беретін маман керек. Осыны аман-есен бітіріп келсе, келешекте билік біртіндеп солардың қолына көшетінін айтып, үміттендіреді. Шынын айтса, аса құлқы жоқ. Есіл-дерті – Алматы. Бірақ, әзірге Алматының ауылы алыс. Содан жол­даманы жамылып, Қостанайға тартты.  Барса, Наурызым ауданының бір жігіті емтиханға дайындалып жүр. Ақсары, жылы жүзді. Еті тірі. Танысты. Жүнісбек Сұлтанмұратов! Иә, бүгінде баршаға кең танымал болған кәдімгі Жүкең. Екеуі де емтиханнан оңбай құлады. Қай-қайсысы да соған қатты қинала қойған жоқ. Бірақ, екеуі де кейін журфактың босағасынан аттады. Еңселі «Егемен Қазақстанның» мектебінен өтті.

«Қайыңдыда» тағы бір жыл жұмыс істеп, әскерге кетті. Солтүстік Осетиядағы әскери бөлімше елге қайтар кезде ҚазМУ-дің журналистика факультетінің дайындық курсына берілген жолдаманы қолына ұстатты. Сол тұста жаңадан ашылған дайындық курстары қазақ балаларының жоғары оқу орнына көптеп түсуіне жол ашты. Жұмабек – шаңырақтағы он төрт баланың бірі. Үйдің ішіндегілер оның ауылда қалып, жұмыс істегенін қалады. Соған қарамастан бұл: «Ертең бауырларымды жетелейтін мен боламын ғой», – деп әкесінен рұқсат алып, Алматыға аттанды.

Бірінші курстан бастап сабақты үздік оқыды. Емтиханды ылғи «беске» тапсырып, қатарынан оза шапты. Барша студентке арман болған Лениндік стипендияға қол жеткізді. Қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүрді. Бір күні ол еңбекшілер депутаттары Алматы қалалық кеңесінің депутаттығына ұсынылды. Университет ғимараты орналасқан Совет ауданы бойынша үздік студенттердің біріне арнайы орын бөлінген екен. Соған Жұмабек Кенжалин таңдалыпты. Қалалық кеңесті айтасыз, ол әдепкіде Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланып кете жаздады. Басында анкета солай жол­даныпты. Осы анкетаны толтырып жатып, қатты толқығаны есте. Жеме-жемге келгенде, шешім басқаша болып шықты. Жоғарғы Кеңестің депутаты етіп Алматы халық шаруа­шылығы институтының үлгілі студент қызын сайлауға ұйғарым жасалыпты. Болашақ журналист қалалық кеңеске сырғытылды. Барға — қанағат, бұған да шүкір­шілік, депутаттық мандаты қолына тиген соң міндетін атқаруға бірден кірісіп кетті.

Үшінші курста оқитын депутатқа айтылар аманат жеткілікті. Көбіне-көп университеттің әлеуметтік-тұрмыстық мәселелеріне бас-көз болу тапсырылады. Оқу орнының айналасындағы бірқатар жерге киоск орнатты. Мұқтаж студенттерге жатақханадан орын алып берді. Билік пен жастар арасына кәдімгідей дәнекер болды. Құрбы-құрдастары қалалық кеңестің белсенді жас депутатын үлкен үйдегі халық қалаулыларынан кем көрмейтін. Кейін ақын інілерінің бірі жазған «Мен Жоғарғы Кеңестің, Депутаты емеспін. Ауылыма барғанда, Қарсы алмайды мені ешкім» деген өлең жолдарын оқығанда соның бәрі күні кешегідей еске түседі.

Оқу бітірер жылы бірнеше жерден шақыру келді. Біріншіден, Торғай облыстық партия комитеті бір маманды жіберуді өтініп, тапсырыс жолдапты. Екіншіден, факультет деканы Темірбек Қожакеев: «Сені қазақ телевизиясының жастар хабарлары бас редакциясы қолқалап отыр, соған барсаң қайтеді?» – деп ұсыныс айтады. Үшіншіден, Мәскеу мемлекеттік университетінің аспирантурасына жолдама кеп тұрған көрінеді. Оның көңіліне қонған ұсы­ныс осы еді. Бірақ, жаңа ғана құрған отбасына, ауылдағы әке-шешеге қарайлап, оған да мойын бұра қоймады. Ақыры, Орталық Комитеттің жолдамасымен «Социалистік Қазақстанға» жіберілді. Аға газет жасынан көзге түскен бұған көптен зер салып жүрсе керек. Сол тұста бұл басылымда ара-тұра жас буынның өкілдерін қызметке тартып тұру дәстүрі бар еді. Ержұман Смайыл, Жүнісбек Сұлтанмұратов, Жұмабек Кенжалин, одан соң Мақсат Тәжімұратов… Ұрпақтар сабақтастығы осылай жалғаса береді.

«Социалистік Қазақстан» ол кезде Алматыдағы М.Горький және 8 наурыз көшелерінің қиылысындағы тоғыз қабатты ғимараттың үшінші қабатын жайлап жататын. Үшінші қабаттың адамдары басқаларға қара­ғанда аса байсалды еді. Жүріс-тұрысы, сөз саптауы, мінез-құлқы мүлде бөлек-ті. Ол сол ортада тәрбиеленді. Басында айтқанымыздай, Жұмабек Кенжалин бұл басылымға екі рет келді. Бірнеше бөлімде қызмет істеді. Өмір тәжірибесі мол ағалардың өнегесін алды. Қадамы құтты болып, қаламы қайралып шықты.

Қаламы қайралған соң, оқырманға «Желкілдеп өскен құрақтай», «Шындықты шырақ етіп ұстаңыз»,  «Ұлт рухын ұлықтаған ұрпақпыз», «Саяси менеджмент және баспа­сөздің жұртшылықпен байланыс мәселелері», «Ер Жәуке мінбегенмен алтын таққа», «Қалам қанаты» атты кітап­тарын ұсынды. Шығармашылығын жүйелі жалғастыра жүріп, ғылыммен де айналысты. «Бұқаралық ақпарат құралдарының қазақстандық патриотизмді қалыптастыру­дағы рөлі» деген тақырыпта диссертация қорғап, саяси ғылымдардың кандидаты атанды.

Кенжалиннің қаламы қай салада да мүдірген жоқ.

 

Басшылық пен байсалдылық

Жолынан ол жаңылмас,

Жұрты бекер бағынбас.

Жұмағаңнан асатын,

Жайлы бастық табылмас…

(Журналистік фольклордан)

 

Қай басылымға келсе де, негізінен, баспасөздің ұйым­дас­тырушылық функциясын атқару маңдайына жазылған екен. Тоқсаныншы жылдардың басында Сарбас Ақтаевпен бірге кеңестердің тұңғыш және соңғы дербес басылымы – «Халық кеңесі» газетін шығаруға жіберілді. Мұнда бастан-аяқ ұйым­дастыру ісімен айна­лысты. Бес жыл бойы оқырманмен қауышып тұрған газет жабылғанша сонда қызмет істеді. Содан соң «Ақиқатқа» ауысты. Журнал ол кезде «Дәуір» баспасына қарайтын. Бұл бір аумалы-төкпелі кезең еді. Жалақы мен қаламақы айлап-жылдап кешігетін. Ұжымды тарықтырмау үшін ара-тұра  картоп, ұн, күріш әкеліп таратты. Айлықтың орнына машинамен азық-түлік келіп жататын. Әйтеуір түрлі тәсіл қолданып, жұрттың көңілін аулады. Қазіргі журналистерді осыған сендіре аласыз ба?! Енді қайтпек? Өйткені, бас редактордың қаржыға иелік етуге құқы болған жоқ. Қаржы-қаражат ортақ баспаның қазанында жатты.

Бір күні Ақпарат министрлігі оны «Ақиқаттан» «Қазақ әдебиетіне» ауыстырды. Енді ол қаламгерлердің басылымын басқаратын болды. Бұл жерде де ұйымдастыру жұмыстары алдынан шықты. Етектей мақалалар сәл-пәл ықшамдалды. Әдебиетшілердің алдында тұрған мәселелер жиі көтерілді. Редакцияның көшпелі жиындары көбірек өткізілді. Қазақ қоғамындағы қаламгердің орны жөнінде ой толғайтын дөңгелек үстелдер ұйымдастырылды.

Бірде Алматы маңындағы 70 разъездегі әскери бөлімге барып, курсанттармен кездесу өткізіп, оларға қазақ кітаптарын сыйлады. Сол кезде бұларды қарсы алған бас­шылардың бірі – бүгінгі Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары, генерал-лейтенант Абай Тасболатов еді. Ұлт жанашыры Абай Бөлекбайұлы бұл жиынды өте жоғары деңгейде ұйымдастырды. Елді сағынған өрендер кітапқа бас қойды. Мұндай жүздесулер кейін бірқатар жоғары оқу орындарында өтті.

Қос ғасырдың тоғысында бұқаралық ақпарат құрал­дары арасында қаржы қиындығы дендеп келе жатты. Кейбір газет-журналдардың шықпай қалу қаупі төнді. Олардың жұмысын үйлестіретін құрылтайшы мекемелердің өзі  басымен қайғы боп кетті. Сол кезде министрлік ұлт басылымдарын қайраңда қалдырмау үшін тосын шешім қабылдады. 1999 жылы «Қазақ газеттері» акционерлік қоғамы құрылды. Оның құрамына «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі», «Ұйғыр авази» газеттері, «Жұлдыз», «Простор», «Ақиқат», «Мысль» журналдары енгізілді.

Жаңа құрылымды басқару Жұмабекке жүктелді. Жұрттың жүйкесі жұқарған мұндай кезеңде дәл осындай салмақты да сабырлы адам қажет-тұғын. Дағдарысқа қарсы күресетін басшының (кризис-менеджер) мінезі ала-құла болмағаны дұрыс. Бұл – тәжірибеде талай рет дәлелденген нәрсе. Алдымен сіркесі су көтермей жүрген ұжымның бабын табуың керек. О бастан байсалдылық бойына дарыған Жұмабек өгізді өлтірмей, арбаны сындырмай, жайлап қана жұмысты жүргізе бастады.

Енді есепшот ортақ. Сол ортақ қазандағы азғантай қаржыны алаламай, бәріне бөліп беруге тиіссің. Алдымен құжаттарды реттеп, орталықтандыру ісін жолға қойды. Дүние-мүлік түгелденді. Ішкі аудит жасалды. Соның нәтижесі бойынша қыруар салық төленді. Қаржы шаруашылығын ыңғайластырудың өзі жылға созылды. Екі-үш жылдан кейін ғана тұрақты баланс қалыптасты.

Бұл тұрғыдан алғанда, Жұмабек Кенжалинді жыртық­ты жамаудың шебері деуге болады. Басылымдарға сырттан қаражат келмей қалған кезде, ол бар ақшаны берекелі етіп жұмсайды. Алдымен ақсап жатқан буынды реттейді. Сосын қаржыны мысқалдап бөліп, қалған жағын да жөнге келтіреді. Ақпарат құралының ішкі мәселесін ешқашан жалпылық дау-дамайға айналдырмайды. Туындаған проблеманы ту етіп көкке көтермейді. Бәрін де баппен шешеді. Ұстамды, салиқалы, шыдамды. Сол жібектей мінезінің арқасында осыдан он алты жыл бұрын құрылған «Қазақ газеттерін» әлі күнге дейін қиындықтың қыс­пағынан аман алып келе жатыр.

Талай тартысқа түскен «Қазақ газеттері» кейде Бальзактың «Шегірен терісі» секілді ауқымын тарылтып тұрады. Түрлі себептерге байланысты бірқатар беделді басылымдар басқа құрылымдардың қарауына кетті. Оның есесіне, заман талабына орай «Экономика» газеті мен «Үркер» журналы қатарға қосылды. Осылайша Жұмабек шегірен терінің ауқымы азаймасын деп, мүмкіндігіне қарай созғылайды келіп… Әрине, бұл серіктестік –  қызметкер­лерінің аузынан ақ май, көк май аққан ақпарат компания­сы емес. Бірақ, көштен кейін де қалып көрген жоқ.

Біздің кейіпкеріміздің ресми өмірбаянына жазыла қоймаған тағы бір елеусіздеу қызметі бар. Ол ілгеріде «Қайыңды» ауылындағы мектептің мұғалімдігіне қабылданар алдында облыстық «Торғай таңы» газетінің редакциясында жарты жылға жуық курьер болып жұмыс істеген. Үнемі қызығушылық танытып, жиі келіп тұрған соң әріптес ағалары оған осындай міндет жүктеп еді. Жетпіс шақырым жерден күн сайын автобуспен қатынау қиынға соққандықтан кейін сол курьерліктен қол үзген-ді. Бәрібір бұқаралық ақпарат құралдарындағы жемісті жолын нақ осы қызмет бастап берді.

Қалай десек те, «Торғай таңының» шабарманынан «Қазақ газеттерінің» бас директорына дейін өсіп-өрлеген Жұмабек Кенжалинді баяғы оқу бітіретін жылғы естен кетпес емтиханның әбден ширықтырғаны анық…

 

Бауыржан ОМАРҰЛЫ

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *