Есіл, Есенқұл!

Қали СӘРСЕНБАЙ

 

Жаздың бір шыжыған күні еді. Алматы–Ұзынағаш жолының бойындағы Бекет шұбатханасына тоқтап, бала-шағамен шөл басып отырғанбыз. Желке тұсымнан «әй, Қали, бізге де бір қарасаңшы» деген бір жарықшақ дауыс естілді. Жалт қарасам, есіл Есағам есіп отыр екен. Қасында сол «біздің елдің жігіттері». Даусында тәка­п­парлық болғанымен, бір үлбіреген лебізге оранып шыққан дариға-дауыс еді. Бір-бірімізді қатты қыс­тық. Жол ұзақ, алыс еді, асығыс қоштасуға тура келді.

 

***

Қазір Есенқұл Жақыпбек туралы жиі жазылып, айтыла бастады. Енді осылай жалғаса береді. Өйткені, аса дарынды адам. Еңбекқор мен талантты адамдарды шатыстыруда алдына жан салмай­тын біздің қоғамда енді Есен­құлдарды тану, іздеу басталады.  Ол қоғамға, ұлтқа енді керек болады. Бұл табиғи заңдылық, қажеттілік. Талантты тану үшін тірі күнінде берілген ресми атағы қауқарсыз болып қалады. Атақ демекші, Шәм­ші марқұмға «Қазақстанның халық артисі» атағын ажалына алпыс күн қалғанда тапсырып жатқанда жарықтық:  «осы немесін ертерек берсе таусылып қалар ма еді» деген екен. Есенқұлға да осы неме ертерек берілсе, таусылып қалмас еді. Енді оның көк тиынға да керегі жоқ, «өлгеннен соң пайда жоқ, алтын-күміс зеріңнен» (Май­лықожа). Өзі елін, елі өзін емірене сүйген («Айналайын ағайын! Сен­дермен жерді бір басқан, Сүйгізген, сүйген, мұңдасқан. Өмірі өлең-жыр дастан, Менде де арман жоқ шығар…») оның аты енді түркі дүние­сіне бір-ақ танылды. Анка­рада шығатын «Кардаш каламлер» журналының тұтас бір саны Есенқұлға арналды. Түрік тілінде «Жазғы таңда» жинағы шықты. Қазақ таланттарын түркі дүниесіне танытып жатқан Мәліктің (Отар­баев) жетпіс жеті атасына рахмет!

Қу тіршілік-ай, өмірі тоқта­мас­тай, тағы да бір кездесетіндей көресің ғой. Шешіліп, шешініп отыруға да қарайлатпайды ғой. Енді, міне, сол Бекеттен өткен сайын баяу жүріп, дұға қыламын, ілтипат жасаймын есіл ер, Есенқұлдың рухына!

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *