ЕСІКТЕРІН КІЛТТЕМЕЙТІН ЕЛ

Исландия туралы не білеміз?

Әшірбек АМАНГЕЛДІ,

«Алматы ақшамының» саяси шолушысы

 

Әскер ұстауға шығын жұмсамайды

Сірә, жұрт әлемдік саясат пен эконо­ми­када айтарлықтай ықпалы мен рөлі бол­мағандықтан, Исландияға аса мән бермейтін секілді. Ал ақиқатында, бұл елдің өзіндік ерекшеліктері мен қызықтары жетерлік.

Дүние жүзінің географиялық картасына үңілсеңіз, Исландияның Еуропаның солтүс­тік батысында, өнбойын мұз құрсаулап жатқан атақты Гренландия аралына таяу маңда, айналасын Атлант мұхиты мен Норвег және Гренландия теңіздері қоршап, өз алдына оқшау жатқан ел екенін көресіз.

Геолог ғалымдардың айтуларынша, Ислан­дия аралы беріде Жер тарихының төрттік дәуірінде Атлант мұхитындағы жанартау­лардың атқылауынан пайда болған.

Қазіргі күні Исландияның жер көлемі 103 мың шаршы шақырым, біздегі Атырау облысының жерінен сәл кемдеу, халқы 350 мың адам, Семей қаласының тұрғындарымен шамалас. Сыртқы шекарасының ұзындығы 5 мың шақырым, оны жүріп өтемін десеңіз, біздің Талдықорғаннан – Санкт-Петербургке дейін жаяу барғандай боласыз.

Солтүстік белдеуде жатқанына қарап кейбіреулер ауа райы жайсыз, климаты суық та қатал деп ойлауы мүмкін. Бірақ та Солтүс­тік Атлант мұхитынан соғып тұратын Голфстрим жылы ағысының әсерінен мұнда қыс ортасы қаңтардың өзінде температура -1°C-тан төмен түспейді. Шілденің күніндегі орташа жылылығы +11°C төңірегінде. Былай­ша айтқанда, қысы қалтыратып тоңдырмайды, жазы шөлдетіп қаталатпайды.

Өткен тарихынан да бір-екі ауыз сөз қозғай кетейік. Бұл аралға ең алғаш 870 жылы норвегтер, ирландықтар және шотландтар келіп қоныстанған. Солардың айтуымен Исландия, яғни «Мұз елі» атанып кеткен. Осында қоныстанып, жайланған әлгі аталған скандинавиялықтар 980 жылы іргелес жатқан Гренландия аралын ашып, онан әрі 1000 жыл­дары Америкаға жеткен. Х ғасырдың өзінде мемлекет ретінде қалыптаса бастады. 1262–1264 ж.ж. Исландияны Норвегияның билеу­шілері өзіне қаратты. 1380 жылы Даниямен біріккен мемлекет құрды. 1830 жылдан шағын кәсіпорындар ашылып, келесі жылына құрылған Ұлттық жиналыс Даниядан билігіне автономия беру талабын қойды. Айтқандай-ақ, Дат үкіметі Исландияға бірқатар жеңіл­діктер жасады. Әйтсе де, біршама қиындық­тарды бастан кеше отырып, Исландия 1944 жылдың 17 маусымында толықтай тәуелсіз­дікке қол жеткізіп, республика атанды.

Бүгінде Исландия Республикасын тұрғын­дардың тікелей дауыс беруімен 4 жылға сайланатын президент басқарады. Бір қызығы, бұл елде президенттік лауазымға қызыға­тындар аз. Олай дейтініміз, арғы жағын айтпағанда, 1996 жылы 29 маусымда мемлекет басшысы болып, Оулавюр Рагнар Гримссон сайланған-тын. Арада төрт жыл өткеннен кейін, 2000 жылдың 29 маусымында басқа үміткер болмағандықтан ол тағы да келесі мерзімге қалдырылды. 2004 жылдың 26 маусы­мында – үшінші мерзімге, 2008 жылы – төртінші мерзімге, 2012 жылы – бесінші мерзімге сайланды. Ақырында әйтеуір басқа бір үміткер табылып, 2016 жылдың 26 маусымындағы сайлауда халық президенттік қызметке тарихшы профессор Гвюдни Йоуханнессонды таңдады. Атқарушы билік – Мемлекеттік үкімет деп аталады, ол төрағадан және министрлерден тұрады. Қазіргі кезде үкіметті – Тәуелсіздік және Прогресс партия­ларының өкілдері басқарып отыр. Премьер-министрді парламент сайлауынан кейін ондағы партиялық фракциялар жетек­шілерімен кеңесе отырып, президент тағайын­дайды. Екі палаталы болып келген ел парламенті (Альтингі) 1991 жылдан бір палаталы жүйеге көшті. Парламент үкіметке сенімсіздік көрсете алады. Исландия Респуб­ли­касының Конституциясы 1920 жылы қабыл­данып, 1944 және 1991 ж.ж. бірнеше түзетулер енгізілген.

Исландия Республикасы 1952 жылдан Солтүстік Кеңес ұйымының, 1946 жылдан БҰҰ-ның 1949 жылдан НАТО-ның және 1970 жылдан ЕАСТ (Еуропалық еркін сауда ассоциациясының) мүшесі. Бұл тізбекті көріп кебіреулер: «НАТО қатарына қалай ерте іліккен?»,– деп таңдауы ықтимал. Бұл әскери одаққа кіруге талай исландиялық үзілді-кесілді қарсылық білдірген. Қазір соның пайдасын көріп, бұлардың қауіпсіздігін НАТО қарулы күштері қорғап отыр. Исландияның өзі тұрақты әскер ұстамайды. Қорғаныс саласына бюджеттің 0,1 пайызын ғана жұм­салады. Онда да жағалауды күзететін шекара­шылар үшін. Басқадай әскері жоқ. Осының өзі елге үлкен қаражаттық үнем береді. Әйгілі Forbes журналының бағалауынша Исландия әлемдегі ең бейбітшіл мемлекет.

«Жерінің 11900 шаршы шақырымын мұз басып жатса, төрттен бір бөлігінде ғана мүк сияқты жатаған өсімдіктер, 1 пайызында ағаштар өссе, бұл елдің күнкөрісі қиын емес пе?» деген сұрақтың қойылары хақ.

Рас, ел экономикасының негізгі тірегі – балық шаруашылығы. Мұнда халықтың 12 пайызы жұмыс істеп, сыртқа шығаратын тауарларының 70 пайызын балық пен балық өнімдері құрайды. Жерінде сұр тас көмір өндіруді есепке алмағанда, мардымды өнер­кәсіп жоқтың қасы. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін ғана өңдеуші өнеркәсіп саласы қолға алынып, 1960 жылдан бастап, шеттен әкелінген алюминий өңделіп, құрылысқа қажетті материалдар өндірілетін болды. Соңғы жылдары жеңіл өнеркәсіп саласы жолға қойылып, аяқ киім, металл өнімдері, құрылыс материалдары, электр құралдары, т.б. тұтыну тауарлары шығарыла бастады.

Исландия экономикасы кейінгі жылдары біршама қиындықтарды бастан кешті. Мәселен, 1996–2001 ж.ж. елдің жылдық экономикалық өсімі 3–5% болса, 2002 ж. күрт төмендеп, 0,2% әрең жетті. Ал ЖІӨ 0,6% аспай қалды. Алайда, араға жыл салып, яғни 2003 ж. экономикалық өсім қайта көтеріліп, инфляция 5%-дан 2%-ға төмендеді. Исландия 2005 жылы алдыңғы елдер қатарында 16 орыннан көрініп, келесі 2006 жылы тағы екі саты жоғарылады. Осындай өрлеу арқасында ақырында озық алтылық қатарына енді. Елдің экономикалық жағынан өркендеуінде табиғи энергетиканың айтарлықтай үлесі бар екенін айта кеткен жөн. Жерасты ыстық сулары мен СЭС-тер арқылы жылына 80 млрд. кВ. сағат электр энергиясы өндіріледі.

Ел халқының 5 пайызы ғана ауыл шаруа­шылық саласында еңбек етеді. Республика­дағы жалпы ауыл шаруашылық фермалары­ның саны 6 мыңды құраса, оның 80 пайызы – жеке фермерлер. Исландияның мал шаруа­шы­лығындағы негізгі саласы – қой шаруа­шылығы. Өйткені, қой еті негізгі тұтынатын тағам қатарына жатады.

Халқының жартысынан астамы автокӨлікке ие

Кейде елдің байлығын, халқының әл-ауқатын жекеменшік иелігіндегі жеңіл автокө­ліктерге қарап бағалап жатады. Осы тұрғыдан алғанда, Исландия ең алдыңғы орында. Мұнда жан басына шаққанда екі кісіге бір көліктен келеді.

Автокөлік демекші, Исландияның қалалары мен ауылдық елді-мекендерінде ешкім де ұры-қарыдан сақтанып, көліктерін қымтап, дабыл қаққыш орнатып немесе үйлерінің есіктеріне құлып салып, кіргенде-шыққанда кілттеп әуреленіп жатпайды. Елде сондай тәртіп пен мәдениет, өнеге қалыптас­қан. Барғандар мейрамханалар мен казиноның жоқтығына таңданады. Көптеген елдердің газет-журналдары Исландияның ерекшелік­тері мен артықшылықтарын жаза бермейді. Себебі, билеуші олигархтар «осындай үлгі-өнегенің жұғысты» болуынан қорқады.

Осыдан он жыл бұрынғы – 2008 жылғы әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыс естеріңізде шығар? Міне, сол кезде көптеген елдер дағдарыстың басты кінәлісі халықара­лық банктерді демеп, қолдап жатқанда Исландия үкімет керісінше банктерді үкімет меншігіне алып, кінәлілерді тауып, жазалады. Ел халқының 93 пайызы банктерге қарыздар­ды қайтармауды жақтады. Осындай алабөтен қадамдары үшін халықаралық қауымдастық Исландияға қысым жасап, Англия мен Голландия түрлі экономикалық санкциялар­мен Исландияны оқшаулауға тырысты. Халықаралық валюта қоры «көмектің барлық түрін беруден бас тартамыз» деп қорқытты. Алайда, Исландия ондай қысым мен арандатулардан қаймықпады. Сонда ғой, мемлекет басшысы Рагнар Гриммсонның: «Қызық! Бізге халықаралық қауымдастықтың шартын қабылдамасаңдар Солтүстік Куба сияқты қиындыққа ұшырайсыңдар» деп еді. Ал қабылдасақ онан да сорақы жағдайға тап болып, Солтүстік Гаитидің күйін кешетін едік» деп айтқаны.

Әлдекімдер іштарлықпен жамандаса да Исландияның әлеуметтік моделі дүниедегі ең озық үлгі. Түсініктірек айтқанда, халқы әлеуметтік жағынан биік деңгейде қамтамасыз етілген.

Мұхиттың ортасында жатса да бұл елге дүниенің төрт бұрышынан туристер ағылып жатады. Ұлттық табыстың үштен бір бөлігі осы туризм саласынан түседі.

Тұрғындары бірін-бірі білетін болған­дықтан, елде ұрлық пен тонау жоқ есебі, бір жағынан үйлерінің кілттенбей, автокөлікте­рінің далада ашық-шашық тұра беретіні сондықтан.

Көптеген елдер Макдональдстарды мақтап, құшақ жая қарсы алып жатқанда, бұлар зиянды екеніне көз жеткізіп, оларды 2009 жылы-ақ жаппай жаптырған.

Бұл елде армия жоқ, тек шекарашылар ғана бар екенін жоғарыда айттық. Егер де қандай да бір исландиялық әскерге барғысы келсе Норвегия армиясына барып, қызмет ете алады. Бұл жөнінде екі ел шарт жасасқан.

Елдегі барлық энергия табиғи қуат көздеріне алынады. Тек автокөліктерге қажет жанармайлар сырттан тасымалданады. Тұрғын үйлері түгелдей бір орталықтан жылытылады. Электр энергиясы, жылу жүйесі ақы-пұлсыз.

Мектептер мен колледждерде, ЖОО-да білім алу тегін. Денсаулық сақтау саласы да жоғары деңгейде дамыған, әлемде он бесінші орынды иеленеді. Олар үшін жекеменшік емханалар мен ауруханалар, медициналық сақтандыру туралы әңгіме құлақтарына жат естіліп, түрпідей тиеді.

Горбачев пен Рейган Рейкьявикте кездескен

Аға буын жақсы біледі. Кеңес Одағында 1985 жылы билік басына Михаил Горбачев келіп, бетбұрысты – қайта құру науқаны басталды. Жұрт оның нәтижелі болатына иланып, кәдімгідей үлкен үміт артты. Ішкі жағдай мен сыртқы саясат та жақсарады деп сенді. Ол тұста халықаралық жағдай шиеле­нісіп, жанталас қарулану, қырғи-қабақ соғыс қаупі , КСРО мен АҚШ-тың текетіресі әбден шегіне жеткен еді.

Міне, осындай күрделі кезеңде «Ислан­дияның астанасы Рейкьявикте СОКП Орта­лық Комитетінің Бас хатшысы Михаил Горба­чев пен АҚШ президенті Рональд Рейган кездеседі екен» деген жылы хабарды әлемнің бейбітшілік сүйгіш халқы, оның ішінде әсіресе кеңес адамдары аса қуанышпен қабылдады. Және мұндай іскерлік сипаттағы ұсыныс 1986 жылдың 15 қыркүйегінде бетбұрыстың баста­машысы, реформатор М.Горбачевтың тара­пынан жасалды. Кеңес Одағы басшысының бұл қадамын халықаралық ұйымдар оң бағалады. Алдын-ала келісіліп, мақұлданған­дай Горбачев–Рейган кездесуі 1986 жылдың 11-12 қазанында өтті. Кездесу орны ретінде Рейкьявиктің таңдалуында оның саясатта бейтарап, оңаша да оқшау ел екені, әрі Вашингтон мен Мәскеуге бірдей қашықтықта жатқаны – бәрі-бәрі ескерілді. Күн тәртібіне ядролық қаруларды шектеу мен қысқарту, жанталаса қарулануды ғарышқа шығарудан бас тарту мәселесі қойылды. Рейганның талап етуімен адам құқығын қорғау тақырыбы да енгізілді. Бұған Горбачевтың келісім беруі – талай саясаткерлер мен сарапшылар үшін күтпеген жаңалық болды. Өйткені, Горба­чевке дейінгі КСРО басшылары мұндай жоғары дәрежедегі келіссөздерде адам құқығы жайын талқылаудан бірден бас тартатын.

Өкініштісі сол, АҚШ пен КСРО-ның бір-біріне деген сенімінен гөрі күдік-күмәні басым болғандықтан Горбачев–Рейган кездесуінде қандай да бір келісім-шартқа қол қойылмады. Әркім өз пікірі мен ұстанымында қалды. Саммит өткеннен кейін Рональд Рейган Ұлыбритания премьере-министрі Маргарет Тэтчерге: «Орыстардың соғысты қаламайты­ны байқалады. Бірақ та олар ядролық қару арқылы үстемдік көрсеткісі келеді»,– деп жазды.

Ал Михаил Горбачев «Рейкьявик кездесуі – сәтсіздік емес, сәл де болса алға жылжу, ілгерілеу болды» деген баға берді.

Осы кездесу күндері Кеңес Одағының жаңа тұрпаттағы басшысы М.Горбачев зайыбы Раисамен қаланы еркін аралап, жұртшылықпен кездесіп, журналистердің сұрақтарына ашық жауап беріп, әлем халқының алдында өзінің және елінің беделін көтеріп, жылы пікір қалыптастырды.

Саясаттанушы мамандардың пайымдауын­ша: «Рейкьявиктегі Рейган–Горбачев кездесуі 1987 жылдың 8 желтоқсанында зор тарихи маңызы бар АҚШ пен КСРО-ның Орта және қысқа қашықтықтағы зымырандарды жою туралы ұзақ мерзімдік келісімнің қол қойылуына алғы-шарт болып, жол ашты».

 

Біздің ауылдың Исландияға ұқсастығы

Айтпақшы, Исландия жұртының есіктерін кілттемейттін сияқты кейбір жақсы қасиеттері сонау 60–70 жылдардағы Оңтүстік Қазақ­стандағы Сырдария мен Бозсу өзендерінің құйғанын қарапайым да бұйығы тіршілік кешкен біздің ауылды еске түсіреді. Бізде де ол кезде жұрт тек бөтен ит я ешкі кіріп кетпесін деп сыртқы ағаш қақпаны жіппен байлап, не таспен тіреп қоймаса, ешкім үйінің есіктеріне құлып салмайтын. Айран-сүт, май мен ірімшік-құрт ағыл-тегіл. Бір-біріне сату дегенді білмейді. Қант пен шайды ғана дүкеннен сатып алады. Басқа азық-түліктің бәрі өзінен. Сиыры туған үй айналасындағы көрші-көлемді кешкілік қонаққа шақырып, уызкөже береді. Жиналған жұрт уызкөжені ішіп, етке тойып, шаймен шөл басып, қауқыл­дасып әрқилы тағылымды әңгімелер айтып, түннің бір уағында тарқасады. Үй мен қора салатындар, молынан егін егетіндер еш қиындық көрмейді. Ондай шаруаларды ауыл болып асарлатып, екі-үш күнде еңсеріп тастайды. Той-томалақ, ас-садақада да аса ауыртпалық түспейді. Бәрін ағайын-туыс, ел-жұрт жұмыла көтереді.

Заман-ай десейші! Бүгінде сол ауылдың кескін-келбеті де, адамдары да өзгерген. Бір атаның баласындай баяғы ынтымақты, шүйір­келескен өмір келмеске кеткен. «Балапан – басына, тұрымтай – тұсына» дегендей, әркім өзінше тырбаңдап тірішілік етеді. Банктен несие алып, баяғы кеңшар не аудан орталы­ғында ауқаттылар алған мейрамханаларда дүркіретіп, аста-төк той жасайды. Артынан алған қарызын өтей алмай ыңыршағы айналады.

Жас отаудың ажырасуы, кейбіреулердің өзіне-өзі қол жұмсауы көпшілік шарасыздық­пен қабылдайтын үйреншікті оқиғаға айнал­ған. Бірен-саран қалған қария: «Мұның арты қалай болар екен?» деп күрсініп қояды. Кейбі­реу кешегі социализм тұсындағы күндерін аңсап, каптитализмді қарғап-сілейді.

«Заманына қарай амалы» демекші, бәлкім, біз де капитализмді қарғап-сілемей соған сай тіршілік етуміз керек шығар?! Өзіміз сөз еткен, үлде мен бүлдеге оранып отырған Ислан­дия да капиталистік мемлекет саналады.

Біздің қиындығымызға жаны ауырып, мүсіркеп, шаруамызды сырттан келіп біреу жасап бермейді.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *