«Ешнәрсе назардан тыс қалмайды»

Алматы қалалық аумақтық сайлау комиссиясының төрайымы Жанна Асанова бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен брифинг өткізді.

Ол әлеуметтік желілердегі сайлау учаскелері туралы айтылған алыпқашпа әңгімелерге түсінік берді. Мәселен, бір қала тұрғыны сайлау учаскесіне келген кезде ұзынсонар кезекті көргенін айтып, метрополитен жұмысшыларын мәжбүрлеп дауыс беруге әкелген деп шешкен. Ал шын мәнісінде кезекте тұрғандар анықтама қағазын алу үшін тұрғандар болып шықты. Соңғы кезде қала аумағы ұлғайып, жаңадан елді мекендер қосылуына байланысты, тұрғындардың тұратын мекен-жайларының өзгергені белгілі. Қалалық аумақтық сайлау учаскесінің төрайымы осыған байланысты тұрғындардың сайлау учаскелері де өзгергенін айтты.
Сонымен қатар, әлеуметтік желі қолданушысы «Аграрлық университетте де заңбұзушылықтар орын алды. Студенттер қайталап дауыс беру үшін киімдерін ауыстырып келді» деп жазған болатын. Бұған қатысты қалалық сайлау комиссиясының төрайымы Жанна Асанова:
— Бұл фактімен де келіспеймін, таңертең сол учаскені өзім көрдім, ешқандай заңбұзушылық орын алған жоқ, — деді.
Әлеуметтік желіде не айтылмайды дейсіз, алайда солай екен деп, оларды назардан тыс қалдыруға тағы болмайды. Қалалық сайлау комиссиясындағы басқосудан да осыны аңғардық.
Төрайым әлеуметтік желіні қолданушылардың бірінің сайлаушыдан екі бюллетеньді көргені туралы айтқан ақпаратын да жоққа шығарды.
— Бәлкім, бұл әдейі жасалып отырған да шығар. Арандату үшін осындай қадамға баруы да мүмкін ғой. Дегенмен, сайлау жәшігіндегі бюллетендерді санағанда артық болып жатса, алып тастаймыз. Сайлаушы дауыс беру қағазын өзімен бірге алып кетуге де құқылы, тек санаған кезде кем бюллетень есептен алынып тасталады. Сонымен қатар, бүлінген бюллетень де дауысқа жатпайды, — деп жауап берді ол.
Рая ЕСКЕНДІР.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *