ЕШКІМГЕ ҰҚСАҒЫСЫ КЕЛМЕЙТІН АҚЫН

Елубай Әуезовтің Алматыдағы «Аrnа» баспасынан «Түпсана жаңғырығы» атты жаңа жыр кітабы жарық көрді

Кітап – қоғам тыны­сын, туған жер тағды­рын, адами болмысты қамти­тын үш бөлімнен тұрады.  Со­ны­мен қа­тар, сезім патша­сы – махаббат жа­йында да  жырлары бар­шылық.

«Жинақта қазақ өле­ңіне жаңа леп боп қосы­лар тың ізденістер мен тосын шешімдер молынан кездеседі. Ша­йыр қара өлең қалы­бы­нан шықпай-ақ, өлең­нің мазмұнын  байы­тып, өлең көкжиегін кеңейте білген» деп жазы­лыпты кітаптың кіріспесінде. Көптен естімеген сөз. Қане, оқып көрейік.

«Жырына еш ақынның ұқсамағам,

Келмейді өзгелерге нұқсан одан.

Менікі жәй айтылған ойлар емес,

Бір қайнар жарып шыққан түпсанадан…».

Дұрыс-ақ. Тағы да оқиық.

«Өлеңге гауһар, лағыл сырға тағып,

Келемін үлкендерден кіл бата алып.

Алла жазса мен әлі-ақ қондырармын,

Алатаудың бір шыңын Сырға апарып…».

Ой да, арман да осал емес. Әзір ешкім айта қоймаған (біз оқымаған) батыл шешім.

Ары қарай…

«Өткізіп бес күн тірлік күйкі күнді,

Ал әзір бұл балаңның сыйқы мұңлы.

Алатау, сен асқақсың, таласым жоқ,

Бірақ мен сағынамын Сейхунымды…».

Бұл да кісіні иландыратын, көңіл түкпірінен шыққан шынайы да сенімді шумақ.Туған жерді, өскен елді, қырынан қызғалдақ терген майсалы белді, әсте, ұмытуға бола ма?

Елубай нені жырласа да ойды өзінше түюге, өзгелер айтқан ойды қайталамауға тырысады екен. Ақын үшін бұл өте керек, тіпті қажет қасиет. Мысал ретінде «Шын бақыт» деген өлеңін оқып көрелік.

«…Бүгін бәрі өтірік көркемделген,

Кемесі де қағаздан желкен керген.

«Ерте кетті», «қыршын» деп қиналамыз,

Нағыз бақыт соларда-ау, ерте өлгенмен.

 

Қуанбай да, берілмей мұңға тіпті,

Бүгінгі ұрпақ болмысын ұрлатыпты.

Біздікінің барлығы жасанды да,

Солар бастан өткізген шын бақытты…».

Өлеңнің айтар ойы, астары бар, көп айтылып жауыр болмаған тақырып. Құрылымында да жаңалық жоқ емес. Ақындық ізденіс, тіпті шеберлік  деуге болады. Әуезов өлеңмен сурет салуға да шебер екен.

«…Аспан ашық Сыр желі бұлтын айдап,

Көлде балық қармақты түртіп ойнап…

Ой кешкен сәуір күні ғаламат-ау,

Бармайсың көл басына құлқын ойлап.

 

Күн батсын ұясына жалқынданып,

Ол сәттің кереметі әркімге анық.

Қалтылдаған қалтқыдан көзіңді алмай

Отырасың ұстардай алтын балық…».

Таза сурет. Пейзаж. Негізінен пейзаж – (француз сөзі) табиғатты бейнелеу. Дербес жанр ретінде Қытайда, Жапонияда және басқа шығыс елдерінде, сондай-ақ Еуропада дамыған.  Ол – қоршаған ортаны, табиғат көрінісін қаз-қалпында  көрсететін бейнелеу өнері жанрларының бірі. Ал Елубай болса, өлеңмен сурет салып отыр. Өлеңді өнер емес деп кім айта алады?

«…Емеуріні ақынның, тұспалы шын,

Көңілім бар асыққан құшқалы шың.

Мына ғажап әлемге келгенім жоқ,

Біреуді қайталауға, ұқсау үшін».

Елубай ақынның кредосы осы. Алған бағытың­нан танба дейміз.

 

 Сәрсен ҚАРМЫС.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close