ЕШКІМ ДЕ ЕЛЕУСІЗ ҚАЛМАЙДЫ

Нұржамал БАЙСАҚАЛ

Бүгін Алматыда Алматы қаласы әкімдігі мен Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы Әйелдер мәселесі жөніндегі комитеттің қолдауымен мүмкіндігі шектеулі әйелдер мәселесіне арналған «Біріккен Ұлттар Ұйымының тұрақты дамуы күн тәртібіндегі мүмкіндігі шектеулі әйелдердің құқықтары мен мүдделерін ескеру; Орталық Азия елдерінің тәжірибесі мен перспективалары» деген тақырыпта Халықаралық конференция өз жұмысын бастады.
Әртүрлі жағдайлардың салдарынан мүмкіндігі шектеулі деген топқа жіктелген қыз-келіншектердің құқықтары мен мүдделерін, әлеуметтік, экономикалық, тұрмыстық жағдайларын, олар үшін қоршаған ортаның қолжетімділігі мәселесін жан-жақты талқылыған бұл конференцияға республикамыздың барлық аймақтарындағы мүмкіндігі шектеулі әйелдердің қоғамдық ұйымдарының өкілдерімен қатар, Түркіменстан, Қырғызстан, Ресей, Финляндия мемлекеттерінің өкілдері де қатысып, өздерінің ой-пікірлерін ортаға салды. Бұл конференцияның қалалық мәслихат депутаты Ләззат Қалтаева жетекшілік ететін «Шырақ» мүмкіндігі шектеулі әйелдер қоғамының ұйытқы болуымен ұйымдастырылып отырғанын да атап өткен жөн. Тағдырлары бірін қоларбаға таңып, енді бірін қос балдаққа сүйенткен, ал енді біреулерінің жанарларын семдіріп, қара таяқтың тықылына бағындырып қойған, есту қабілеті төмен қыз-келіншектермен бірге, жалпы мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өміріндегі өткір мәселелерді қаузаған конференцияның жұмысын Алматы қаласы әкімі жанындағы Әйелдер ісі, отбасы және демографиялық саясат жөніндегі комиссияның хатшысы Назира Тоғызбаева конференцияға қатысушыларға қала әкімі Бақытжан Сағынтаев жолдаған құттықтауын жеткізумен бастады. Онда қала әкімі Алматының әлемдік деңгейдегі басқосулар алаңы екенін айта келіп, Қазақстанда гендерлік саясат, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға кедергісіз орта қалыптастыру жұмыстарының қарқынды жүргізіліп жатқандығын, соңғы уақытта елімізде мүмкіндігі шектеулі жандардың да қоғамнан тыс қалмауына жіті көңіл бөлініп отырғандығын жеткізді. Бұдан соң Экономикалық және әлеуметтік комиссияның Солтүстік және Орта Азияға арналған субаймақтық бөлімінің өкілі Николай Помощников, БҰҰ- ның Қазақстандағы өкілі Гүлнар Смайылова, ЮНФПА-ның Қазақстандағы өкілі Ғазиза Молдағұлова, Финляндияның «Kynnus» ассоциациясының жетекшісі Веера Песала сөз алып, өткізіліп отырған конференцияның мүмкіндігі шектеулі қыз-келіншектерге жаңа бір мүмкіндіктер жолын ашатын басқосу болатындығын атап өтті. Бүгінде дүниежүзі бойынша бір миллиардтан астам мүмкіндігі шектеулі азаматтар бар болса, соның әрбір бесіншісі нәзік жандылар көрінеді. Ал Алматы қаласында 34 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жандар тұрады. Конференция 14-тамыз күні өз жұмысын секциялар бойынша жалғастыратын болады.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *