ЕСЕНТАЙ ӨЗЕНІНІҢ АРНАСЫН НЫҒАЙТЫП ЖАТЫР

Алматыда төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында Есентай өзенінің арналары бекітілуде. Қала әкімі Бауыржан Байбек жұмыс сапары кезінде әл-Фараби даңғылының оңтүстігіне қарай орналасқан Есентай өзенінің арналарын бекіту жұмыстарының қарқынын тексерді. Өйткені, жазда өзен жағалауындағы тротуарларды, спорт алаңдарын абаттандыру және жарық желілерін жүргізу басталады. Сондай-ақ, 4000 ағаш отырғызу жоспарланған. Қазіргі кезде ұзындығы 1,8 шақырым болатын аумаққа тірек қабырғаларын орнату, өзен түбіне темір-бетон төсеу және техникалық жолдарды абаттандыру жұмыстарының 65 пайызы орындалды. Бұл шаралар учаскедегі судың күнделікті өту қуатын 10 есеге арттырып отыр.

Жобаны іске асыру барысында «Tokyo Rope Almaty» зауытында шығарылатын отандық өнімдер қолданылуда. Өндіруші мекеме әлемдік жоғары сапалы стандартқа сай ауыр габиондарға 50 жылдан астам кепілдік беруде. Мегаполис басшысы селдің алдын алу жұмыстарына ерекше назар аударылатынын атап өтті.

Соңғы үш жыл ішінде сел қаупі бар учаскелер 67-ден 12-ге қысқарды. Тоғыз өзеннің арналары қайта жөндеуден өтіп, 300 шақырымға жететін арық желілері қайта жасалды. Жалпы, Бауыржан Байбек қаланы одан әрі дамытудағы басты қағида — қауіпсіздік пен таза экология болуы тиіс деп есептейді.

Бұдан өзге, Алматыда «Ақсай» және «Аюсай» жаңа су бөгеттерін салу жоспар­ланған. «Мыңжылқы» су бөгетін реконструкциялау аяқталып қалды. Ерменсай, Кереңқұлақ, Үлкен және Кіші Қарасу сияқты төрт өзеннің арналары, Қарғалы өзенінің бойындағы ұзындығы 7,7 шақырым болатын аумақ бекітіліп, абаттандырылуда. ГЭС1–БАО мен Медеу-Шымбұлақ беткейлеріндегі қауіпті учаскелерге қорғаныс қондырғылары орнатылып, бекітілген.

Н.АСЫЛ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *