Есенқұл – түркі әлемінің арда ақыны

Әдебиет тарихындағы ең бір ежелгі, ең бір кең тараған, ең бір эстетикалық және ең бір текті жанр – поэзия. Поэзия таза, мөлдір және лирикалық болып келеді. Өлең дегеніңіз сезім, сезімтал­дық және әдемі әуен. Қағаз табылмаған уақыттарда қабырғаға ойылып жазы­лып, ауызша сақталып, бүгінге жеткен сөз өнері. Сонымен қатар, өлең – жүректен атқылап шығатын ақиқат. Өлең – бұлт, өлең – айлы түн, өлең – сәмбі тал, өлең – мұнар, өлең – балалардың ұрлаған жасыл алмасы, өлең – гүлдәуренмен кездесу, өлең – адам, өлең – сөз құдіреті. Ал нағыз өлең жаза білген ақын – қазақ тумасы Есенқұл Жақыпбек.

Есенқұл – сөз өнерін паш еткен және өмір бойы қадірлеген арда ақын. Ол еш уақытта мен жаздым деп жырламайды. Көңілмен бірге қаламын тербетіп, жаңа жұмбақ дүниелерге жол ашады.

Ақын табиғаты философ, эстетик, өнерпаз, қиялшыл және сезім серісі. Ол өлеңсіз өмір сүре алмайды. «Ақын деген кім?» десеңіз,  «ол – Есенқұл Жақып­бек» дер едім. Есенқұл Жақыпбек өз өлеңдерінде табиғатты, адамды, қоғамды және өмірге деген көзқарасты шебер жырлайды. Ол өлеңдеріне турашыл­дық, жақсылық, сұлулық, тазалық, адалдық, сағыныш, өлім, ғашықтық, Аллаға деген сүйіспеншілік сынды тақы­рыптарды арқау етіп алған. Өлеңде­ріндегі нәзік тұстар оның қаншалықты сезімтал, арманшыл, еңбекқор екендігін көрсетеді. Ол өз өмірін, өзінің өмір сүрген уақытын жырлай келе, біздің де жан дүниемізді тебірентеді. Біздер оның куәгерлері ғана емес, сондай-ақ өлеңде­рінде орын алған кейіпкерлері сияқты­мыз. Ақын бала кезінде алма ұрлаймын деп бауға түскенде, бір сұлу қызға өз жүрегін ұрлатыпты. Өлеңге деген іңкәрлік осы тұста оянса керек.

Ол шын мәнісінде сөз шебері, сөздің ішкі мәнін ұққан ақын, сөздің қадірін білетін ақын. Бұл қасиетті қазір көп ақындар жоғалтып алды. Бірақ Есенқұлдың өлеңдерін оқып отырып, поэзияны шебер меңгергенін байқадым. Түрік тіліне аударылған өлеңдерінің алғашқы оқырманы және редакторы болу мен үшін үлкен абырой болды.

Өлеңді өлең ететін формасы емес, тақырыбы емес, тіпті танымалдығы емес. Өлең жүректен шығып, жүрекке жетсе ғана өлең болмақ. Сезіндіріп қана қоймай, жылатса ғана өлең болмақ. Ойды қозғап, жаныңды тербетсе ғана өлең болмақ. Ойлау жүйемізді тас-талқанын шығарып, басқа бір әлемге ертіп әкетсе ғана шынайы өлең болып саналмақ. Жүрегімізге тиіп, жаны­мыз­ды өртеп жіберсе ғана… Көңілде өшпес­тей із, ұмытылмастай әсер қалдырса ғана…

Өлең – ақын өмір сүрген дәуірдің анық суреті. Ақынның қаламынан туған өлең шумақтары – өткен шақтан бастап, келешекке дейін жалғасатын сөз сабақтастығы, рухани көпір. Елді елге жалғайтын осындай рухани көпірдің бойында қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасымен ерекшеленген, орны бөлек, текті ақын Есенқұл Жақып­бекпен таныстым. Есенқұл Жақыпбек­тің өлеңдерін оқығанымда, ол бастан кешкен әрбір сәттің оқиғасы мен новелласын тамашалап көргендей әсер алдым. Ол өлеңдері арқылы біздің өмі­ріміздің айнасына айналғандай. Өйткені, өлеңдерін оқып отырып, өзіңді көре­сің, өткен өміріңе көз тастайсың. Ақын­ның қоғаммен бітісе қайнасқандығына куә боласың.

Өлең жазамын

Бар ісім осы ғана..,  —

деп жырлайтын Есенқұл ақын өмір­дің әрбір сәтінде өлеңмен өмір кешкенін, жыр үшін жаратылғандығын айтады. Оның өлең шумақтарында кейде ақын­ның өмірдегі бір ғана сәтін, кейде тұтас өмірін көз алдымда елестеттім. Ақын­ның ойынша, өлең болмағанда оның өмірі басқалардан ерекшеленбес еді. Өйткені, өлең ол үшін болмыспен бірдей еді.

Өлең, өлең –

Өмірлік алданышым,

Жалғанның да ішінде жалғанысың.

Бір ғажайып бір жерде өмір бар деп,

Өзімді-өзім керексің алдау үшін…

Осы уақытқа дейін өңдеп, оқыған ақындардың ішінде өзіме ең жақыны Есенқұл ақынның өлеңдері болды. Ақынның шынайы жазылған өлеңдері оқырманның жан дүниесін еріксіз тартып әкетеді. Әсіресе, өлеңдеріндегі мұң, қуаныш, жалғыздық, өкініш, өлім, алғыс, ғашықтық сынды тақырыптар оқырманның көңілінде жаңа сезімдер ұялатады. Ал кейде оқырманның жанын құлазытады.

Мысалы, мына өлеңде:

Жақсы адам еді, жаратылысы бөлекше,

Жақсылық жасап жүретін

елге ерекше.

Жақсы адам еді, жалпыға

жаққан қашан да,

Жақсы адам осы

Құдайға ғана керек пе?

Жақсы адам еді, жарықтық,

Жабыла көміп қайттық біз оны,

Топыраққа қарық қып.

Міне, өлеңді өлең еткен, оқырманын жазғы таңдай жанына үңілуге шақырған нағыз ақын Есенқұл Жақыпбек!

Қазақтың текті ақынының тірі жүр­генін, онымен поэзия туралы, өлеңдері туралы әңгіме-дүкен құруды қалар едім. Онымен таныса алмайтындығымды білем, алайда әттең өлеңдерімен ерте­рек танысқанымда ғой деймін. Өлеңсіз өмірін елестете алмайтын ақынның өлеңдерін оқыған алғашқы түрік оқыр­манымын. Сондықтан оның өлеңдерін оқып, өңдеп, редакцияла­ғаным үшін өз-өзімді бақытты санай­мын. Мен үшін бұл бір үлкен бақыт!

Ақынның еркін формада жазған өлеңдері оның өзін қаншалықты еркін сезінгендігін көрсетеді. Оның өлеңдері арқылы бас көтеруді, кейде үнсіз қабылдаған шындықты айтуды, жан айқайын естіртуді, үнсіздікті серік етуді үйрендім. Өйткені, бұл да үлкен өнер.

Иә, ақынның жылатқан, күлдірген, ойды қозғаған, күрсіндірген, жұбайын әңгімеге шақырған өлеңдері ғажап жазылған. Кейбір өлеңдерін бір-ақ рет оқып, әсер аласың. Кей өлеңдерін қай­талап оқып отырып, ләззатқа батасың. Яғни сурет болып есте қалатын өлеңдер. Менің пайымдауымша, түрік оқырманы ақын Есенқұл Жақыпбектің «Жазғы таңда» атты жыр жинағын оқы­ғанда, қазақ поэзиясын сүйіп оқитын болады. Өйткені, оның өлеңдері сезім оятады, жаныңды қозғайды.

Міне, осы себептен ақын Есенқұл Жақыпбек түркі әлемінің ардақты, арда ақыны. Қазақ поэзиясы мен түрік поэзиясында ұқсас тұстар бар. Екеуі де адамды жырлайды, екеуі де өмірді жырлайды.

Ақынның өлеңдерін жазушы Мәлік Отарбаев аударды. Аудармашыға шын ризашылығымды білдіремін. Өйткені, осы уақытқа дейін аударылған көптеген жыр жинақтары не өлеңге, не ақ өлеңге ұқсамайтын. Оларды өлеңге айнал­дырғанша өліп тірілгендей боласың. Қатты қиналасың. Тіпті, ондайда кейбір өлеңдерді мүлдем жарияламайтынбыз. Ал Мәлік Отарбаевтың аудармасы өте шебер, аударылған күйінде көркем шыққан. Сондықтан редациялағанымда, еш қиналғаным жоқ. Аудармашының аудармасы таудың суындай ағады. Осы себептен кей өлеңдерге қол тигізбедім. Үлкен ризашылықпен қабылдадым. Аудармашының арқасында бұл кітап түрік тілінде сөйлеп отыр. Алғысым шексіз!

Текті ақын Есенқұл Жақыпбектің шығармаларының Түркияда жарық көруі үлкен қуаныш. Осы қуанышқа бөлеген барлық ағайынға алғысымды айта отырып, кітаптың жарық көруіне қолдау білдірген азаматтардың бірі — Еуразия Жазушылар қауымдастығының төрағасы Якуб Омароғлыға да ризашы­лығымды білдіремін.

Ақын Есенқұлдың арқасында бауыр­ластығымыз баянды да мәңгі болсын!

 

Атаман КАЛЕБОЗАН,

ақын, Халықаралық «Жамбыл» атындағы сыйлықтың иегері.

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *