ЕСЕККЕ ЕСКЕРТКІШ ҚОЮ КЕРЕК

Әкем марқұм Отан соғысынан аяғынан жараланып келді де, атқа міну қиындық тудырғандықтан, ауыл ішінде поштаны есегіне мініп жүріп тарататын. Сонда байқа­ғаным, есек байғұс көктемнен бастап тепеңдеп еңбекке кіріседі ғой, сонау қара күзге дейін тыным жоқ. Ал енді қыс түсе есектің басына айықпас қара күн туады. Оның көктемнен бастап еткен еңбегі зая. Пана іздеп, қора маңына жақындаса болды, адамдар қолда­рына не түссе, сонымен соғатын­дарына не дерсің?! Тіпті,  ауылдас­тарымның қораларына келген есекті балта, айыр жұмсап, қан-жоса еткендерін  көріп, бейшара жануарды аяғандықтан бала жүре­гім тыпыршып, не істерімді білмей қиналатыным есімде.  Жылқы, сиыр, қой – бұлар еркенің еркесі, шөптің, жемнің жақсысын жейді, әрқашан жақсы күтімде. «Есектің еңбегі – адал, еті – арам» деген осы. Сонда деймін-ау, ол сорлының жазығы не? Барлық жануарлардан таяқты көп жейтін де есек. Мық­шыңдап жүріп жүгіңді тасиды, барам деген жеріңе апарып келеді.

Бірде Хан-Тәңірі шыңына шықпақ болған ресейлік альпи­нистер тау баурайындағы шағын ауылдан шатыр тігетін асуға дейін жүктерін апаратын үш ат жалдамақ болады. Екі ат табылғанымен, үшіншіcі табылмай қажытады. Жолаушылардың қобалжығанын байқаған тоқсандағы ауыл қариясы оларға астындағы көк есегін ұсынады. Альпинистер: «Қазақтың қара шалы бізді мазақ қылды-ау», – деп, сыртқа білдірмесе де іштей ызаланады.  Бірақ амал жоқтықтан ақсақалдың дегеніне көніп, көк есекті ақысына келісіп, жалға ала­ды. Сөйтіп, бар жүкті үшке бөліп, үш жануардың арқасына таңады.  Биік асуға тырбаңдап шыққан екі аттың жан тері шықса да, есек сыр алдырмайды. Болдырып қалған жылқының біріндегі жүкті азайтып, есекке артады. Жүгі азайған ат бәрібір орта жолда омақаса құлап, жан тапсырады. Амал қанша, қалған жүкті ат пен есекке теңдей бөліп артады. Ат асуға қосымша жүкті әрең алып шыққан бойда өкпесі өшіп, ол да өліп кетеді.

Діттеген жеріне жеткен альпи­нистер есектің қара күшіне  риза болып, ақсақалға алғысын жауды­рады. Ал қалған екі аттың құнын төлеп, қарызға батады.

Қазаққа қадірлі қос қара шал – Жамбыл мен Кенен де есектің мініске жайлы, шаруға қолайлы екенін жақсы білген. Бірақ қос жүйрікті есекке мінгізіп қоюға намыстанған билік басындағылар астарына атпен қоса темір тұлпар мінгізіп, ардақтаған.

Белгілі жазушы Қуандық Түмен­­байдың: «Ауғанстанда итке ескер­т­кіш орнатылған екен, кейде ойлап қоямын, осы бізде неге есекке ескер­т­кіш орнатпасқа», – деп, Қадыр Мырза-Әлінің есекке арна­ған өлеңін жатқа айтқанын білуші едім.

Мысыр менен Үндінің,

Екі арасын шарладың.

Кеуіп талай ындының,

Құдайыңды қарғадың.

 

Мұндай ауыр жұмысқа

Ердің өзі шақ шыдар.

Сендей жүкті тасыған,

Хайуанат та жоқ шығар, —

дейді Қадыр ағамыз.

Алдаркөсе мен Қожанасыр да есекті қолайлы көлік санап, онымен сайран құрған. Өзбектер Кеңес Одағы кезінде Қожанасырға көк есегімен ескерткіш қойды, ал бұл шығыс елдерінде бұрыннан қалып­тасқан.

Көпшілік келісіп, қоғам қолдап жатса, есекке арнап ескерткіш орнатқым келеді. Несі бар?  Біраз  елде тасбақаға, итке, тағы басқа­ларға қойған  ескерткіштерді көріп  жүрміз емес пе?..

 

Тілеуберді БИНАШЕВ,

мүсінші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *