ЕСЕК ХИКАЯСЫ

Батыс пен Шығыс. Қазақ жерінде арасы ат терлемек тұрмақ, сүйегі шығар қашықтық. Алайда, көңіліміз қазақылыққа қарағанда шет жаққа еліктегіш. Неге?

Атақты түрік жазушысы Әзиз Несиннің керемет әңгімесі бар еді. Бір есек алаңсыз оттап жүріпті. Қалың шөп арасынан сыбдыр ести қалады. «Жел ғой, шөпті түрткілеген», – деп жұбаныпты. Мұрнына қолаңса иіс тиеді. «Жоқ, қасқырдың иісі емес». Иіс күшейе түсті. Енді дауыс шыға бастады. Шөп арасынан қарайған бір нәрсе жақындап келеді. Есек үрей­ленсе де, үмітіне сеніп, қос құлағын қайшылады да, «Айдалада қайдағы қасқыр, көзіме қос көрінген ғой», – деді де аузына тиген көгіне мәз болып тұра берді. Ырыл да, иіс те күшейе түсті. Есегің әндеткен күйі әлі бір орнында тұр. Қорқыныш оң жақ санынан да, сол жақ санынан да қамшылағанмен, аяқтарындағы үміт тұсауы жіберер емес. И-и-и-а-а-а! Қасқырдың арланы екен! Оң жамба­сынан азулы тісін салды. Есек мақұлық сонда да қояр емес. «Қытықтамашы, қытығым қатты еді». Қас-қағым ғана мезгілде есектің дода-додасы шықты. Ыстық қаны алдындағы шөбін қызыл түске бояғанда барып, «Қасқыр екен ғой», – деді…

Біз неге сонша үрейсіз халықпыз? Жастарымыздың дені Батыстың мәдениетіне құмар. Солардың жұл­қынған биін билеп, тілін түсінбесек те әуенін тыңдаймыз. Өзіміздің ұлағатқа тұнып тұрған дәстүрлі ән-жырла­рымызды менсінбейміз.

Осылай кете берсек, батысқа жем болмаймыз ба?.. Әрине, Мағжан сенген жастарға менің сенбеуге хақым жоқ. Тек тіл-ділімізден ада болып, әлгі есекеңдей тіліміз тұсауланып қалмаса екен.

 

Тайыпжан ДӘУЛЕТХАНҰЛЫ,

ХАТУ-дың 2-курс студенті.

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *