ЕСБОЛҒАН ЕСІҢІЗДЕ МЕ?

«Сахна – мен үшін киелі ұғым.

Өнерімді өмірімнен бөліп қарай алмаймын»

Есболған ЖАЙСАҢБАЕВ.

Құралай ИМАНБЕКҚЫЗЫ

Бұрнағы күні Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, актер Есболған Жайсаңбаевтың туғанына 80 жыл толуына орай еске алу кеші өтті. Кешке актердің жары Салиха Қожақова, өмірде дос, сахнада серіктес болған аға буын актерлер мен замандастары, қазақ өнеріне жанашырлық танытып жүрген танымал тұлғалар қатысты.

Ұлттық кітапханадағы Өнер бөлімі жанынан ашылған «Інжу-маржан» клубы актердің өмірі мен шығармашылығына арналған «Сахна шебері» атты кітап көрмесін ұйымдастырды.

Кешті ҚР еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Әубәкір РАХИМОВ жүргізіп отырды.  

Есболған Жайсаңбаев 43 жасында өмірден озды. Қамшының сабындай қысқа ғұмырында ол талай белестерді бағындырып үлгерді, кино және театр сахнасындағы қайталанбас өнерімен ел есінде қалды.

Ол бағаланған әртіс

Кеш кіріспесін қазақ өнеріне деген құрметін үнемі бірінші болып көрсетіп жүретін Ұлттық кітапхана ұжымына алғыс айтумен бастаған Әубәкір Рахимов  сөз кезегін Есболған Жайсаң­баевпен алғашқы қадамдарын бірге бастаған Қазақстанның халық әртісі Есмұхан Обаевқа берді. 

– Есболған мен Есмұхан шынында да ұқсас есімдер. Тіпті, біздің мінезіміз де, тағды­рымыз да ұқсас сияқты. Театрға бірге келуімізде де ұқсастық бар. Әйтсе де Есболғанды жары Салихадан, ұлдары мен бауырларынан, туған-туысынан артық ешкім біле қоймас. Рас, бүгінгі актерге жасалып отырған құрмет бірінші рет емес. Актердің 60-70 жылдық еске алу кештеріне де куә болып жүрген жайымыз бар. Есболған Жайсаңбаев – елі ұмытпайтын, елі құрмет­тейтін, елім деп жасаған тілегі мен тілеуі қабыл болған адам. Азаматтық позициясы ерекше тұлға. Аузын ашса жүрегі көрінетін, бүкіл жандүниесі мен болмыс-бітімі таза, турашыл жігіт еді. Ол күлген кезде… дүниенің бәрі тоқтап қалғандай болатын. Табиғатынан адал, ақ көңіл. Комедиялық рөлдерді нәшіне келтіріп ойнау Есболғанның актерлік болмысына тән қасиет болатын. Жалпы, жақсы адамның өзі жақсы күледі. Ол сол күлкісімен көрермен жүрегін жаулап алған өнер иесі. Өзі қолдан образ жасап алатын ерекше қасиетке бай болатын. Ол өзіне берілген қандай рөл болсын шебер ойнайтын. Достары Есбошты әлі күнге жыр ғып айтады. Талант иесіне қасындағы әріптестері емес, сырт көздің баға беріп, көрерменінің пір тұтуы үлкен мәртебе. Бұл Есболғанның шығармашылық мүмкіндігіне берілген баға деп білемін. Сондықтан ол бағаланған әртіс. Таланты, азаматтық тұлғасы ерекше актер, – деді Е.Обаев.

«Өнер барда менің әкем мәңгі жасай береді»

Кешке қатысушылар дарынның бойын­дағы актерлік өнерін ғана емес, оның білімін жетілдіру барысында ҚазҰУ-ге оқуға түсіп, филология факультетін бітіргенін, сонымен қатар, аудармаға да үлкен ден қойғанын жарыса сөз етті. Әңгіме арасында актер жайлы қызықты деректер мен түрлі есте­ліктер айтылды. Актер жайында алтын­ның сынығындай болған сүт кенжесі Шыңғыс та тебірене отырып сөз сөйледі. Ол: «бірін­шіден, осы күнге жеткізген асыл анама мың алғыс деп ана алдында бас иіп, тағзым етті. Содан кейін әкем туралы естеліктер мен үшін ешқашан ескірмек емес. Сіздер барда, өнер барда  менің әкем мәңгі жасай береді», – деді. Шың­ғыстың сөзі артында іздеушісі бар, сұрау­шысы бар тұлғаның есімі ешқашан да сөн­бейтінін тағы бір мәрте дәлелдей түсті.

Ұлттық кітапхана төрінен орын алған кеш қонақтары Қазақстанның халық әртісі Нүкетай Мышбаева, белгілі тележурналист Нұртілеу Иманғалиұлы, «Алматы ақшамы» газетінің Бас редакторы Қали Сәрсенбай тың­даушысын еліте отырып Жайсаңбаев жайында естеліктер айтты. Студент­тік сәт­терден бастау алған қимас шақ­тарын еске алып замандастары – Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері Роза Әшірбекова, Баян Имашева, Торғын Тасыбековалар көптің көңілін көтерді. Кеш соңын­да актердің жары Салиха Қожақова өнер жолының бұралаңы мен соқпағы, қиындығы мен шыжығы туралы айта келіп, келген қонақ­тарға ағынан жарыла алғысын жеткізді. Одан кейін Ұлттық кітап­хана директорының орын­басары Ажар Хамитқызы Салиха апайға ұзақ ғұмыр тілеп, гүл шоқтарын ұсын­ды. Осы сәтте «Алтын алқа» иегері Бекемкүл Байырбекқызы актердің жарына жүрек­жарды тілегін өлең шумақтарымен жет­кізді. Қонақтар мен актердің жақындары қарапайым қала тұр­ғынына ризашылықтарын білдіріп, ду қол шапалақтап жатты.

 

Сәуле-ғұмыр

Қазақ халқы театр, кино, жалпы, өнер саласындағы өнер тарлан­дарына кенде емес. Солардың қатарында шоқтығы биік талант иесі Есболған Жайсаңбаев та тұр. Ол кино әлемінің көгінде жарық жұл­дыздай жарқ етіп, көзді ашып-жұмғанша ағып өте шыққан актер. Кино, театр сахнасында көрерменін табиғи талантымен баураған актер­дің өнері небәрі 20 жылдай ғана уақытпен шектелді. Әйтсе де, ол келте ғұмырында әдемі әзілдерге өрілген бейнелерді сомдап, қазақ сахна тарихында өзінің орнын қалыптастырып үлгерді. Баладай аңғал көңілімен есте қалды. Ол жылап тұрып, күле алатын, күліп тұрып жылай білетін нағыз өнер адамы еді. Оның қажет болса қиыннан қиыстырып, жол тауып кететін ерекше қасиеті де бар болатын. Егер көзі тірі болғанда бүгінде сексеннің сеңгіріне шығып, қазақ кино әлемінің қоржынына небір қайталанбас бейнелердің үлгісімен көрерменін арқа-жарқа күлкіге қарық қылып отырар ма еді, кім білсін?! Әттең, келте ғұмыр…

Біртуар өнер иесінің өзі өмірден кетсе де, оның көңілден кетпейтін өнері көрермен есінде мәңгілік сақ­та­латыны сөзсіз. Актердің сомдаған рөлдерін жас буын білмеуі мүмкін, бірақ аға буын ұмытпай­тыны анық. Оны әсіресе, кешегі 60-70 жылдың көрермендері жақсы біледі. Өйткені, ол ел есінде қалған, қазақ сахна тарихында өзіндік орны бар адам. Еңбегі елеусіз қалмаған талант иесі. Олай дейтін себебіміз, бүгінде актердің атын өшірмейтін, өнеріне бас иген ұрпағы бар. Соның бір дәлелі болса керек, бүгінде Алматы облысының Ақсу ауданындағы Суықсай мәде­ниет үйі Есболған Жайсаңбаевтың есімімен аталады. Қапал ауданын­дағы №2 орта мектепке актердің аты берілген.

Есболған Жайсаңбаев небәрі 43 жасында өмірден озды. Өзінің келте ғұмырында кино әлемінің алтын қорында қайталанбас үні мен өзіне бекітілген рөлдерін шынайы һәм тамаша сомдаған бейнелері қалды. Замандастары Еспош деп еркеле­тетін актерді театр білгірі Әшірбек Сығай «ол – күлкінің кені» деп баға берсе,  Рымғали Нұрғали «мұрнына дейін күле­тін әртіс» деп атапты. Шынында да солай. Ойнаған рөл­деріне көз жүгіртсең, қарапайым ғана болмыс-бітімімен, шынайы талантымен-ақ көрермен жүрегін еріксіз жаулап алған актердің ішкі әлемінің тазалығын көргендей боласың. Көзін көргендер бірнеше сахналық қойылымдар мен көркем фильм­дерде басты рөлдерді сомдаған Есболған Жайсаңбаевты кино саласында да жұлдызы жанған актер дейді. Ол 1976 жылдан бастап бірнеше фильмге түсті. «Спорт саңлағында» Сәрсенбаевты сомдаса, «Доланада» прорабтың рөлінде ойнады. Кейіннен  «Ақ бақсы» фильмінде Ятчель бейнесімен ел есінде қалды. Ал театр сахна­сын­дағы шоқтығы биік рөлдері Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебегіндегі» Жапал мен Шыңғыс Айтматовтың «Аңсаған менің әнімсіңдегі» Сейіт болды. Екі рөлді өте жақсы ойнады. «Еңлік-Кебектегі» қойшы бала Жапалдың рөлін алғаш Сейфолла Телғараев пен Таңат Жайлыбеков секілді екі алып ойнаған. Одан кейін Есболған Жайсаңбаев ойнады. Еншісіне бұйырған Жапал рөлі актердің бағын аша түскен.

Кинофильмдегі мына бір көрініс есіңізде ме? Еңлік тауда қой бағып жүрген Жапалмен әңгімелесіп отырады. Әңгіме Еңлікті байдың баласына атастырып қойғаны жайында. Сонда Жапалдың Еңлікке басына қолында ұстап отырған орамалын орай салып:

– Қос етек көйлек төкпелі-ау,

Мен әкеме өкпелі-ау

Өкпелемей қайтейін,

Бір-екі ай маған көп пе еді-ау» деп кете барасың-ау қайран апа, жаманға…

– Қимайсың ба, жаманға?

– Жо-о-қ, жаманға қимаймын. Тек батырға ғана қияр ем, –  деген диалогында күлдіріп отырып жылататын керемет образы бар.

Ал фильмнің соңына қарай қос ғашықтың баласын құшақтап отырып жылаған жеріндегі образы ше? Жаныңды ауыртып, жүрегіңді қозғайтын шеберлік жатыр мұнда.

Актерге Қазақстанның халық әртісі Сәбит Оразбай ағамыз да жоғары баға берген: «Есболғанның «Еңлік-Кебектің» соңында естен кетпейтін сәті бар. Ол Жапалдың көз жасы. Қандықол Еспенбет бастаған  топ тау басында Еңлік пен Кебекті атып  өлтіріп, қашып кетеді. Қой тастардың ішінен шыға келген Жапал көз алдындағы сұмдықты көріп, жанұшыра айқай­лап, жауыз­дардың жасаған опа­сыздығына лағнет айта шырыл­даған нәрестені құшағына алып «қошақаным» деп ботадай боздап абыз атаға қарауы – ерекше есте қалатын құбылыс».

Актерді көбінесе оның жүріс тұрысына қарап, комедиялық рөлі деп ойлайтын. Әйтсе де, ол тағдыры талайлы трагедияны жетер жеріне жеткізе білетін.

 

Еңбегі ешқашан елеусіз қалмайды

Есболған Жайсаңбаев қазақ өнерінде Серке Қожамқұлов, Елубай Өмірзақов, Қалибек Қуа­нышбаев, Құрманбек Жандарбеков, Шәкен Аймановтардың ізін баса келген Нұрмұхан Жантөрин, Ыды­рыс Ноғайбаев, Сейфолла Телға­раев, Таңат Жайлыбеков­терден тәлім алған.

Зейін Шашкиннің «Заман осылай басталады» (Покудин), кейін Қуандық Шаңғытбаевтың «Беу, Қыздар-айында» (Серке), Гогольдің үйлену тойында (Подколесин) рөлдерін сомдады. Ол қандай рөл ойнаса да ішкі жандүниесімен тебірене білді. Алланың берген қасиеті шығар, сүйкімділігімен өнерге деген тазалығымен ел есінде мәңгіге қалды.

Ол көбінесе комедиялық бейне­лер сомдауымен көрермендер ілти­патына бөленген жан. Рымғали Нұр­ғалиевша айтсақ, «мұрнына дейін күлетін актер» қысқа ғұмы­рында өнерде өшпес із қалдырып, келер ұрпаққа нағыз кәсіби шебер­ліктің үлгісін көрсетті. Жайсаңбаев – ел есінде қалған, қазақ сахна тарихында өзіндік орны бар актер. Ендеше, актердің еңбегі ешқашан елеусіз қалмайды. Оның қайталанбас өнері қазақ өнері тарихында мәңгілік сақталады.

 

«Ақшамның» анықтамасы:

Есболған Жайсаңбаев 1940 жылы Алматы облысы, Ақсу ауданының Ақсу ауылында дүниеге келген. Актер. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі. 1960 Қазақ драма театры жанындағы студияны (Ә.Мәмбетов пен Н.Жантөриннің жетекшілігімен), 1968 жылы ҚазМҰ-дің филология факультетін бітірген. 1960 жылы Қазақ драма театрының негізгі құрамына қабылданады. Театр сахнасында алғашқы ойнаған рөлі – З.Шашкиннің «Заман осылай басталады» спектакліндегі Покудин.

Оның таңдаулы рөлдері Хасен, Серке (Қ.Шаңғытбаев пен Қ.Байсейітов «Беу, қыздар-ай» мен «Ой, жігіттер-ай»), Сейіт (Ш.Айтматов «Аңсаған менің әнімсің» және Ғ.Мүсірепов «Ақын трагедиясы»), Дәуіт (Б.Майлин «Майдан»), Жапал (М.Әуезов «Еңлік-Кебек»), Махмұт (Д.Файзи «Шәркей»). Актер 1976 жылдан бастап бірнеше фильмге түсті. Е.Жайсаңбаев 1983 жылы дүниеден озды.

 

Тақырыпқа орай:

Салиха ҚОЖАҚОВА,  актердің жары:

Шынтағын тістеп өмір сүрді

Есболғанның өнерін сыйлайтын мынадай қауым барына мен қуанып отырмын. Әрине, өмір болған соң, кейде: «Егер көзі тірі болғанда қасы­мызда отырып, мерейтойын атап өтер ме едік, 80-ге келгенде қандай болар еді?» деген көңіл құлазытар ойлардың тұратыны анық. Есболған екеуміз сахналық қойылымдарда бірге ойнап, өмір өткелдерінен қол ұстасып бірге өттік. Оның рухани дүниесі өте бай еді, көп оқитын, ізденетін. Актер үшін барлық рөлдері туған баласы сияқты аяулы. Көбінесе комедиялық рөлдерді сомдады. Бұл туралы белгілі әртіс  Құдайберген Сұлтанбаев та: «Есағаң  екеуміздің түрімізге қарап, ылғи комедиялық рөлдерді беріп қояды да, жандүниемізге ешкім аса үңіле бермейді» деп ылғи айтып жүретін.

Шындығында, Есболған шынтағын тістеп жүріп өмір сүрді. Үйіміз де, күйіміз де болған жоқ. Сөйтіп жүріп, ҚазМУ-ді бітірді. Ол ешқашан дем­алыс алған емес. Жұмыс істеп жүріп, алты жыл оқыды. Сол кезде құшағымда осы Шыңғысым бар, ауылдағы үйімізге үнемі жалғыз баратын­мын. Әкемнің ағасы мені ажырасып кетті ме деп ойлайтын болуы керек: «Шырағым-ай, ылғи жалғыз келесің. Бала қайда?» деп Есболғанды сұрайтын. Ол оқып жатыр десем, қашанғы оқиды деп күмәнмен қарайтын. Сондықтан жасыратын ештеңесі жоқ, ол шынтағын тістеп жүріп өмір сүрді. Кейіннен атақ алған соң, үш айдан кейін көз жұмды. Айтайын дегенім, Есболғаным бүгін бір аунап түсіп жатқан шығар. Ол біздің мәңгі жүрегімізде, халқының аузында. Жыл сайын осындай еске алу кештері өтеді, газет-журналдар мақала арнайды. Кітабы, фотоальбомы шықты, оның атында мектеп бар, мүсін-бюсті қойылды. Сондықтан 100 жыл өтсе де Есболғанның есімінің ұмытылмайтындығына сенемін.

 

Нүкетай МЫШБАЕВА, ҚР Халық әртісі:

Ол нағыз сахна шебері еді…

«Еңлік-Кебекте» қойшының баласын ойнады. Керемет шықты. Еңліктің баласын құшақтап жылағанда, шынында бұл трагедияны ең шыңына жеткізе білді. Көңілі баладай пәк, жүрегі таза азамат еді ол. Небәрі 43 жыл өмір сүрсе де бірнеше сахналық қойылымдар мен көркем фильм­дерде басты рөлдерді сомдады. Артында өшпес мұрасы бар Есболғанның аты әлі де аңызға айналады. Себебі, ол нағыз сахна шебері еді…

 

Нұртілеу ИМАНҒАЛИҰЛЫ, тележурналист:

Іздеушісі бар адам…

Жақсы адам бүгін тапшы адам,

Жақсыдан қоғам ақсаған.

Түбінде мынау заманды

Жасауы керек жақсы адам, – депті Ибрагим ақын.

Бүгін ең алдымен қазақтың мәртебелі өнерінің бүгінгі майталман­дарының ортасына келіп, бір ауыз лебіз білдіруге мүмкіндік алып отырғаныма іштей өзіме-өзім разы болып отырмын. Жаңа Салиха жеңгеміз «шынтағын тістеп өмір сүрді» деген сөз айтты. Осы айтылған әңгімелердің ішіндегі мені ұстап қалғаны осы сөз. Мен осындай мәселелердің ашылу жолдарын қарастыратын кез келді деп ойлаймын.  Жаңағы сөздің астарында тығылып жатқан біраз нәрсе бар. Естігім келеді, білгім келеді. Әншілердің көпшілігінің репертуарындағы көп әндердің ішінен бір әні ғана есіңде қалып жатады ғой. Сол секілді, жеңгеміздің осы бір сөзі менің есімде сақталып қалғандай болды. Салиха апайымыздың актер жайындағы кітап шығарып, елге естелік қалдырып, шырақшы болуы – қазақ әйеліне тән қасиеттердің бірі. Іздеушісі бар адам осындай үлкен шаруалар тындырады. Қазақ халқы қай салада болмасын елі үшін еңбек еткен ерендерге кенде емес.  Қазақ Есболған ағаны тану арқылы өзін танитынына күмән келтірмеймін. Осы біздің басымызды біріктіретін шаруа болады.

 

Әлия БӨПЕЖАНОВА, театр сыншысы:

Қазақ өнерінің мәдени қыртысын жаза білген актер

Есболған ағаны өкінішке қарай «Құрбым менің» деген спектаклінде ғана көріп қалдым. Ол кезде мен шамамен 4-5-сыныпта оқимын. Актер жайында Салиха апайдың «Есболған Жайсаңбаев» атты кітабын оқығанда тани түстім. Менің ерекше атап айтқым келетіні, Есболған ағаның білімділігі. Актерлігімен қатар радиода, телевидениеде, дубляжда жүріп, өз бетінше Ш.Айтматовтың «Қош бол, Гүлсары» повесін, түрік жазушысы О.Кемал­дың «Қылмысты» романын қазақ тіліне аударған. Ал чех жазушысы М.Га­шектің «Сайыпқыран солдат Швейктің басынан кешкендері» романын аударып, радиопьеса жасап, эфирде өзі орындаған. Бұл білімді адамның қашанда тұғыры биік болатынын көрсетеді. Аллаға шүкір, қазақ өнерінің дәстүрін жалғастырып отырған, аға буынның жақсы тағылымдарын кейінгі ұрпаққа жеткізіп отырған ұрпақ бар. Десек те, әр заманның өз идеалдары, қаһармандары болады. Есболған аға өз заманында қазақ өнерінің мәдени қыртысын жаза білген өнер иесі.

 

Әубәкір РАХИМОВ, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, режиссер:

Өнерде үлкен із қалдырған дарынды актер

Бұлар – қазақ өнеріне жарқ етіп ерекше қолтаңбамен, өзінше ізденіспен, актерлік дарынмен келген актерлер. Өмірі қысқа болды деп өкініп жатамыз. Бірақ сол қысқа өмірдің өзінде қаншама іс тындырып кеткені болашақ ұрпаққа үлгі. Есболған – өнерде үлкен із қалдырған дарынды актер.

 

Жағыпар ҚҰДИЯРБЕКҰЛЫ, қала тұрғыны:

 «Еңлік-Кебектегі» Жапал ғой…

 Есболған Жайсаңбаев. «Еңлік-Кебектегі» Жапал ғой… Әрине, есі­мізде. 60-70 жылдағы көрер­меннің көзайымына айналған мықты актер еді ғой. Өте жас кетті. Оның қазақ өнеріне бергенінен берері көп бола­тын. Әсіресе, «Еңлік-Кебектегі» Жа­палды ойнағандағы рөліне тәнті­мін. Кинода Есен батырдың қой тастардың арасынан Жапалды Еңлік екен деп ұстап алатын жері есіңізде ме? Сонда Жапал батырдың даусын ести салып, басына орамалды бүркеп алатын жері ше? Міне, сондағы Есеннің ызаға булыққан кейпіне қарап мысқылдап күлгені… енді, керемет! Еріксіз күле­сің! Әттең, актердің ғұмыры қысқа болды.

 

Ақмарал ҚҰСАЙЫНОВА, №36 мектеп-гимназиясы музыка пәнінің мұғалімі:

 Аз ғана ғұмыр сүрсе де көп еңбек етті

 Есболған Жайсаңбаев, ол – кешегі Серкелердің сарқытындай болған, өнердің жілігін шағып, майын ішкен тұлға-тағдырлардың ізін басқан өнер иесі деп білеміз. Сан қырлы талант иесі ел жадында өзінің қайталанбас өнерімен, тума талантымен есте қал­ды. Аз ғана ғұмыр сүрсе де көп еңбек етті. Ойнаған спектакльдері мен фильмдердегі рөлдерін жетер жеріне жеткізіп тұрып ойнады. Өнерге бас иді. Ол өз ісінің хас шебері болды. Көбінесе комедиялық рөлдер­ді сом­дағанмен, баладай тап-таза көңілімен көптің көзайымына айналды. Есбол­ғанның күлкісінің өзі өзгелерден өзін ерекшелеп тұратын. 

 

Бибігүл НҰРСАДЫҚҚЫЗЫ, №5 емхананың балалар бөлімінің мейірбикесі:

 «Беу, қыздар-айды» көруден жалықпаушы едік

 Есболған  Жайсаңбаевтың есімін кейінгі жас білмеуі мүмкін. Ал біздің буын кинодағы немесе спектакльдегі ойнаған бейнелерін көрсетсе жазбай таниды. Есболған аға көзден кетсе де, көңілден кетпейтін актер. Біздің бала кезімізде қазіргідей технология да­мы­маған. Түрлі-түсті теледидар ілуде біреу болмаса, көбінің үйінде «черно-белый» телевизор болатын. Сол кезде осы Есболған аға ойнайтын «Беу, қыздар-айды» теледидардан жиі көрсететін. Біз де оны қайталап көре беруден еш жалықпайтынбыз. Сонда Серкенің рөлін ойнады ғой ол кісі. Түу, қандай керемет актер десеңізші! Туабітті талант деген баға осындай азаматтарға арналса керек. Серкенің рөліндегі образын ешкім қайталай алмайтын шығар. Кейде баладай аңғал болса, енді бірде батыл­дықтың үлгісін көрсететін тұстары көп бұл кино-спектакльде. Түрі сүй­кімді балаға ұқсайтын. Шашының бұйра толқындары өзіне сондай жарасып тұратын. Актер ағамыздың образы, оның  күлкісі менің әлі есім­де. Ерек­ше талантымен көрермен жүрегін жаулаған актердің есімі өнерді сүйетін елі барда ешқашан ұмытылмақ емес. Жатқан жері жайлы болсын!  

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *