Ертегі-әлемнің ертеңі қандай?

(Таусылмайтын, сарқылмайтын, ескірмейтін махаббат хақында)

15 сәуірді бүгінде көпшілік бейресми түрде «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» күні, «Ғашықтар күні» деп атап жүр. Содан ба, әйтеуір 14 ақпан біршама ұмытылып, жұртшылық оны атап өтуді қойып келеді. Мәселен, биыл ол туралы 1-2 ай бұрын жүретін жарнама да болған жоқ, ол күн де дүркіреп аталып өткен жоқ. Тіпті, ұмытылып кетті деп те айта алмаймыз. Бірақ бұрынғыдай қабырғаға жәшік ілініп, көшелер жаппай безендірілмеді. Соның өзі қуантады.

Махаббат, сезім деген сөздер айтыл­уында да, жазылуында да оңай болып, адамды жаңылыстырмағанмен, өмірдегі ең құндының бірі және бірегейі. «Махаббат­сыз дүние бос» деп те бекер айтпаса керек. Бір күні біреу жүрегі жараланып, қиналып «Махаббат бар болса да сор, жоқ болса да сор» деген көрінеді. Ол расымен де солай-ау шамасы.

Махаббаттың түр-түрі болатыны бел­гілі. Оның ішіндегі ғашықтық сезімі екінің бірінің басына бұйыра бермейтіндей. Өйткені, сүйіп көрмеген, сүйікті болмаған адам дүниені бос көреді, мән-мағынасын түсінбейді. Тіпті, тіршіліктің өзі сол ғашық­тық сезімнен бастау алады емес пе?!

Талайға өңінде де, түсінде де тыныштық бермей жүрген бұл сезім қандай ғажап десеңізші! Біреуді өзіңнен бетер ойлап, ол үшін бәйек болу расында жүрегінде жылуы жоқ адамның қолынан келе бермейді. Бұл ретте жасандылық болмайды. Бәрі жүрек­тен шығады. Ал жүректегі жылулық махаббатпен бірге жүреді.

Махаббат – әлемнің патшасы деп те жатады. Дұрыс-ақ! Өйткені, бір ағзаны улап, бір жүректі бағындыра білген сезім күллі дүниені билей алады. Себебі, жұрттың бәрінде жүрек бар және оның бос болуы мүмкін емес.

Махаббат жоқ дегенді де естіп жүрміз. Сондай кездері «Онда біздің бәріміз қайдан келдік, қайдан пайда болдық?» деп ойлап қаласың. Десе де, оны да сезімнен көңілі қалған біреу айтқан болар. Махаббат бар және ол әркезде болған. Бірақ заманына сай адамы демекші, ол да уақыт ағымына сай өзгеріп отыратын секілді. Мәселен, бүгінде көпшілік сезімнің қадірін, бағасын білмейтіндей. Олай деуімізге не себеп? Бүгінде бір-бірін танып, біліп бас қосқан жастардың өзі ұзаққа бармай айрылысып жатады. Күні кеше отау құрып, бүгін ажырасып жатқандар қаншама. Әрине, оған бүгінгі қоғамның, тұрмыстық жағдайдың да өзіндік әсері болуы мүмкін. Бірақ әр кезеңнің өзіндік қиындықтары болады емес пе? Бұрындары да қоғамда әр түрлі қиындықтар, жетіспеушіліктер болған. Сонда да сол уақытта қызы қайтып келіпті, баласы ажырасыпты дегенді көп естімеуші едік. Ал бүгінде қыздың ата-анасының үйіне оралуы, ұлдың отбасынан қол үзуі жұртқа жаңалық болмай қалды. Сондай жағдай естісек болды «е-е» деп қоя салатын болып барамыз. Бұның бәрі махаббат бағасының арзандап, тұрмыстық талаптардың қымбаттауынан ба?

Шынында, қазірде жастар бір-бірін дұрыс танымай тұрып, басқосуға асығады. Әлеуметтік желілер арқылы сөйлесіп, бір-бірінің суреттеріне қарап, баға берумен шектеледі. Түрі күліп тұрған суреттердің арғы жағында не жасырынып тұрғанын, оның мінез-құлқын білмейді. Телефонмен сөйлесу де сондай. Сыңғырлаған әдемі күлкі мен әдемі дауыстар қандай мінезді жасырып тұрғаны тіпті сезілмейді де. Көзбен көріп, ой мен ойды, бой мен бойды жарастырмағасын, шынайылық байқалмай­тындай. Осы ретте біздің жастарға басқосу жетіспейтінін түсінесіз. Басқосу болғанда, бүгінгідей кафелерде, түнгі клубтарда жолығу емес, мәдени, әдеби кештерде, жастардың өздері бірлесіп ұйымдасты­ратын шараларда жолығуды айтқым келіп отыр. Мәселен, университет қабырғасында оқыған төрт жылдың ішінде бірде-бір рет өзге оқу орындарының кештеріне бармаған екенмін немесе өзге студенттердің бізге келгенін көрмеппіз де. Басқа оқу орындары студенттері мен оқытушыларын тануды айтпағанда, оқу орнының қайда орна­ласқанын, мекен-жайын да білмей жатамыз. Сөздің шыны керек, сабақ барысында кейде бір мәліметтер керек болған кезде сондай таныстықтардың көмегі тиеді. Хабарласып сұрап, білгенін үйреніп, білгеніңді үйретіп жатсақ болмай ма? Бірақ мойындау керек, қазірде танысты ары кетсе әлеуметтік желіден іздеумен шектелеміз. Сосын жастар арасындағы байланыс, әңгіме-дүкен, сырласу қайдан болсын бізде.

Аға-әпкелерімізден естігеніміз бар, бұрындары оқу орындарының студенттері бірігіп кештер өткізіп, бір-бірлеріне барып, жиындарда бас қосып тұратын болыпты. Әсіресе, ағаларымыз қыздар институтына жиі барып, қыздардың ұйымдастыратын салтанатты кештеріне талай қонақ болғанын жиі айтып отырады.  Қыздар педагогикалық институты жайлы айтылған Ғафу Қайырбеков ағамыздың «Астанада  көшесі бар Гогольдің» өлеңі де осы тұста шықса керек. Сондай кештерден кейін талай туындылар дүниеге келіп, бас­қосуларда санаға сығалаған ойлардың түрткілеуімен талай шығармалар өмір есігін ашқан.

Иә, пенденің көзі мен құлағы арқылы жүрегіне, ой-санасына кіріп, аузына сөз салатын, қолын қозғап, аяғын қимылда­татын немесе керісінше тілін байлап, қол-аяғын жансыздандыратын бұл сезімнің құдіреттілігі де сонда. Расында, махаббатты жырына қоспаған, өлеңіне арқау етпеген талант иелері кемде-кем шығар. Әйтеуір, сүйіп көрген, махаббат сезімінің отына күйіп көрген кез-келген адам өлең жазбаса да, тым құрығанда ғашықтық туралы бір әдемі тіркес айта алады. Осылайша өзін де, тілді де, әдебиетті де байытады.

Махаббат туралы айтатын да, жазатын да дүние өте көп. Қай жағынан бастап айтып, қай тұсын қамтитыныңды білмейсіз. Қанша мәлімет берілсе де бәрібір аз болып тұратындай. Өйткені, жүректің иесі, ой-сананың қожайыны тілді сөйлетеді, қолды жазғызады. Әрі ол жасқа да, жағдайға да қарамайды.

Жастар жылт еткен жаңалыққа құмар келеді. Бұл ретте олар бірден оның жақсы-жаманын ойлап жатпайды. Оның ұлттық мүддеге сәйкес келу-келмеуін де қарастыруды бірінші орынға қоймайды. Мәселен, ақпан айының 14-жұлдызында Валентин күні деп, соны тойлайды. Бұрындары осы күні оқу орындарында жәшіктер ілініп, оған жұрттар бір-біріне деген сезімін білдіріп, хат, ашық хат, сыйлықтар салатын. Соның бәрі ертесіне жәшіктен алынып, реттеліп, иелеріне үлестіріліп берілетін. Жұмыс орындары мен сауда орталықтары да бұл күні ерекше безендіріліп, тұтынушылары мен жұмыс­шыларына сыйлықтар ұйымдастыратын. Көше бойлары да безендіріліп, жүрекшелер қаптайтын. Мереке 1-2 ай бұрын жарнама­ланып, жер-көкке жар салатын. Бірақ соңғы жылдары оның бәрі біртіндеп тыйылып келе жатқандай. Әсіресе, жастар жағы аталған мерекенің шығуы мен тарихы біздің ұлттық санамыз бен дәстүрімізге қарама-қайшы келетінін түсінді ме,  оны жарнамалауды да, тойлауды да азайтып келеді.

Біз жұмысқа қоғамдық көлікпен қатынайтын болғасын, аялдамаларда, көлік ішінде көптеген адамдарды көріп, түрлі жағдаймен ұшырасып жатамыз. 14 ақпан күні күндегідей автобусқа мінбек болып, аялдамаға бет алдым. Автобус күтіп тұрған адамның қарасы көп. Мен де күтіп, біраз тұрып қалдым. Кенет, алдымызда жатқан үлкен жолдан терезесінің әйнегіне жүрекшелер жапсырған бір көлік өтті. Оны бірден байқадым. Қып-қызыл жүрекше­лерді менен басқалар да аңғарған болу керек, жанымда тұрған қыз маған қарап: «Бүгінгі күнді біз де бұрындары дүркіретіп атап өтуші едік. Сыйлық сатып алып, өзіміз де сыйлық күтіп, ашық хаттар алып, өзімізді біреудің ұнататынын біліп, мәз болатынбыз. Бірақ есейгесін бұл мерекенің біздің ұлттық тәрбиемізге қарама-қайшы келетінін түсіндік қой. Бірақ кейде ойлаймын, біздің де өзіміздің осындай мейірімді мерекеміз болса екен деп. Былай қарасаңыз, жақсы мереке болатын еді, ешкімге зияны жоқ…» деп, маған біраз әңгіме айтты. Мен ойланып қалдым.

Негізі, бізде де «Ғашықтар күні» деп жұртшылық атап жүрген күн бар. 15 сәуірді бүгінде көпшілік «Қозы Көрпеш–Баян сұлу» күні, «Ғашықтар күні» деп атап жүр. Содан ба, әйтеуір 14 ақпан біршама ұмытылып, жұртшылық оны атап өтуді қойып келеді. Мәселен, биыл ол туралы 1-2 ай бұрын жүретін жарнама да болған жоқ, ол күн де дүркіреп аталып өткен жоқ. Тіпті, ұмытылып кетті деп те айта алмаймыз. Бірақ бұрынғыдай қабырғаға жәшік ілініп, көшелер жаппай безендірілмеді. Соның өзі қуантады. Тек көшелерде қол ұстасып, жүрекшелер ұстаған, гүл құшақтаған санаулы жастарды көрдік. Күні кеше инстаграм парақшасынан «15 сәуір – Ғашықтар күні» деген жазбаны көріп, тағы да ойға баттым.  Бұл күн бізге керек пе? Мерекенің күнін өзгертіп, атауын ұлттық еткеніміз, оны тойлау, атап өту ұлттық болмысқа сай келе ме? Десе де, «Махаб­бат­қа күн арнаудың қажеті жоқ, сезімге жарнама қажет емес, махаббатты жариялап емес, жасырын ұстау керек» деп оңай айта салған да дұрыс еместей. «Жастарымыз мұндай күнге мұқтаж ба?» деген сауал төңірегінде ойланып көрсек?!

Кейде, расымен, махаббатқа не жар­нама керек деп қаламыз. Бірақ бұл ретте қоғам өзінде жоқты өзгеден іздеп кетіп, қайтадан өзгенің тойын тойлап кетуі әбден мүмкін деген ойға жетелейді. Өйткені, қоғамды, жастарды «ғашықтар күнін той­ламаңдар!» деген секілді сөздермен тоқтату мүмкін емес. Осы ретте «Бізге ғашықтар күні керек пе?», «Біздің ғашықтар қандай болған, сезімдерін қалай білдірген?» деген сауалдарға жауап іздеп көрген едік.

 

 

Сезімді жалаңаштап, жарнамалауға болмайды

 

Зейнеп АХМЕТОВА,

қаламгер:

– Қазақтың той-томалағының көбі жадыраған жазда өтеді. Сондықтан қыста бастары жиі қосыла бермейтін жастар Наурыз таңын салтанатпен өткізеді. Оттан көйлек кигендей лапылдаған жастық жалынның жөні бөлек қой. Ұлы мерекені қарсы аларда қыз-жігіттер қарап қалсын ба, он екі перне, екі ішекті домбыраны күмбірлетіп күй төгіп, асқақтата ән шырқап, әзіл-қалжыңның, қызықты ойындардың қазанын қайнатып, думанды қыздырып-ақ тастайды.

Жігіттер жағы ұнатқан қыздарына «селтеткізер» сыйын ұсынады. Ол кішігірім зат түрінде, айтайық, жібек орамал, сақина-жүзік, моншақ, әтір, бір шоқ үкі, айна-тарақ секілді бір қарағанда қарапайым көрінуі мүмкін, алайда бұл заттардың мақсаты мен жолы үлкен. Бұл сыйлықтар іңкәр жүректің тілмен жеткізе алмай жүрген сезіміне дәнекерлік міндет атқарады. «Ғашықтың тілі – тілсіз тіл, көзбен көр де, ішпен біл» деп дана Абай айтқандай, сезімді жалаңаштап жарияламай, аялап ұқтыру да – қазақтың текті дәстүрінің бірі. Қыздар болса, «мені селт еткіздің, бірақ өзің ұйықтап қалма, Наурызды бірге күтейік» деп ықылас білдіріп, жігітке «ұйқыашар» дәмін береді.

 

 

Ғашықтар күні махаббатты дәріптеуге арналса…

 

Досхан ЖОЛЖАҚСЫНОВ,

актер:

– Махаббат деген сезімді жыл он екі ай айтып, жырлауға болады. Тек ол біздің ұлттық санамызға, тәрбиемізге қайшы келмесе болды. Бұл дегеніміз – бір ғана күнді дәріптеу деген сөз емес, бұл бүкіл махаббатты дәріптеу деген мағына қалыптастыру керек. Жұрт сол арқылы махаббаттың қадір-қасиетін көтеріп, бағалауы тиіс. Бұған осы тұрғысынан қарауымыз қажет. Әрине, махаббатқа жарнама, арнайы күннің қажеттігі шамалы. Оның ешкім тойын тойламаса да махаббат сезімі жойылып кетпейді. Бірақ бұл біздің жастарымызға қажет. Олар осындай дүниелерді өздерінен таппай, өзгеден іздеп кетпеуі тиіс. Ондай күн болсын, бірақ жөнімен, ретімен, біздің ұлттық мүддемізге сәйкес болсын. Бұл да болсын жастарымызға ұлттық тәрбиемен бойға сіңген сезімнің қадірін түсінуіне себепші болады деп білемін. Неге біздің қаракөздеріміз өзгенің ғашықтарын жырлап, солардың тойын тойлауы тиіс. Өзіміздің Қозы мен Баянымызды, Қыз Жібек пен Төлегенімізді, Еңлік пен Кебегімізді  неге дәріптемеске?! Ол, бір жағынан, жастарға үлкен тәрбие болады. Жастар өзінің тарихын біліп өседі. Бұл күнге жан-жақты жарнама керек. Тек бір ғана ақпарат құралы ғана емес, жабыла жазып, көрсетіп, айтып, бұл күннің деңгейін көтеру қажет деп ойлаймын.  Бұл күнді жарнамалау болмайды, бұл махабаттың мерейін көтеруге бағытталған шара, махабатты дәріптеу болады.

 

Жақсы атаудың өзі жақсы ырым

 

Бақыт БЕДЕЛХАН,

ақын:

– Өзгенің «Вален­тинін» тойлап, оны әулие деп атап, мерекесін мере­келегенше 15 сәуір – «Ғашықтар күні» деп жүр ғой, соны атап өткен дұрыс-ау. Бүгінде ел танитын апа-ағалары­мыздың өзі махаббатқа күн арнаудың не керегі бар деген пікірлерін айтуда. Дұрыс, әрине. Махаббатқа арнайы бір күнді арнаудың қажеті де жоқ шығар. Бірақ бұл жастарды әулие Валентин күнін тойлаудан арашалап, өзіміздің ұлттық дүниемізге назарларын аудару үшін керектей. Бірақ оны «Қозы Көрпеш – Баян сұлу күні» деген секілді атпен атау дұрыс емес деп ойлаймын. Өйткені, оны естіген адам «Неге Қыз Жібек күні жоқ?» деп ойлауы мүмкін. Сондықтан «Махаббатқа арнайы бір күн берудің қажеті жоқ» дегенше, оны қолдап, оған бір жақсы атау бергеніміз жөн-ау. 15 сәуір күні бола берсін, бірақ оған бір жалпы, жақсы атау керек.

 

Аты да, заты да лайық болу керек

 

Бағдат ӘШІМОВА,

қала тұрғыны:

– Өзгенің Валентин кү­нін тойлағанша, өзі­мізде де сондай бір күн­нің болғаны жөн секілді. Біздің жастар оған әулие Валентин деп табынып, сыйынба­ған­мен, оның шығу тарихын дұрыс білмегенімен, соны атап өтіп келді. Оның орнына неге өзіміздің елге махаббаттың үлгісі болған тұлғаларды дәріптемеске. Меніңше, бір күнді «Ғашықтар күні» деп белгілейтін болсақ, сол күні жастарға үлгі-өнеге болатындай дүние­лерді жасауымыз қажет. Мәселен, БАҚ арқылы Қозы Көрпеш–Баян сұлуды, Қыз Жібек пен Төлегенді, Еңлік пен Кебекті және сол секілді үлгілі ғашықтардың махаб­батын паш ететін бағдарламалар берсе. Сол арқылы жастарға олардың ата-бабасының сезімді қалай бағалағанын көрсетсе. Ме­рекенің атын ғана өзгертпей, затын да өз­гертсе. Ғашықтар бір-біріне ұлттық нақыш­тағы сыйлықтар сыйласа. Жігіт қызына шолпы, шашбау сыйлап жатса, оның несі айып. Меніңше, Ғашықтар күнінің болғаны дұрыс, бірақ оны атап өтудің де жөні, реті болу керек.

 

 

Одан да Отбасы күнінің мерейін көтерген жөн

 

Мадияр СЕРІКБАЕВ,

«Өнер қырандары» театрының әртісі:

– Негізі, мен 14 ақпанның орнына 15 сәуір күні «Ғашықтар күнін» атап өтейік дегенге қарсымын. Өйткені, оның атын өзгерткенмен, заты сол бойы қалатын секілді. Біздің елдің жастары Валентин күні әулиені ұлық­тау, оған сыйыну секілді әрекеттерге бармайды. Олар тек мерекені тойлай­ды. Сондықтан бұл жерде мәселе мерекені ұлықтауда емес, тойлауда болып отыр. «Ғашықтар күні» деген күні жастарымыз өз араларындағы мәселелермен жеке айналысып, оны көпшілікке паш етіп, тіпті, арсыздыққа да барып жатады. 15 сәуір күні тойлайтын болсақ та, дәл солай бола ма деп ойлаймын. Қозы Көрпеш–Баян сұлудың күні, Қыз Жібек пен Төлегеннің күні дегенмен, оны мәдениетті түрде атап өтейік деп ешкім ойламайды. Меніңше, «Ғашықтар күні» деп күн белгілеудің қажеті жоқ сияқты. Өйткені, ғашықтық – ол табиғи нәрсе ғой. Одан да «Аналар күні», «Әкелер күні», «Отбасы күні» деген секілді күндердің мерейін көтеріп, соларды дәріптеу қажет секілді. Ал «Ғашықтар күні» деп некесі қиылмаған жастарға мүмкіндік бергендей боламыз. Біле білсек, бұрындары бас қоспаған жастар жеке жолықпаған да ғой. Жеңгелері арқылы байланысып, сыйлықты да солар арқылы жіберіп отырған. Жастарды қосу, жолықтыру түрлі ойындар арқылы өткен. Мәселен, ақ сүйек, алтыбақан секілді қыздар мен жігіттерге арналған ұлттық ойындар бар.

 

 

Осындай күннен қауіп көремін

 

Жандарбек БҰЛҒАҚОВ,

айтыскер:

–Ға­шық­­тық деген, махаббат деген за­ман, қоғам талға­май­ды, әрқашан болған және бола береді де. Оған жарнаманың, арнайы күннің қажеті жоқ секілді. Өйткені, жастарға осындай күн керек деп, мереке белгілегенмен, мәселе оны қалай атап өтеді дегенге ұйы­сып кетеді. Махаб­бат күні дегенді бұрыс түсін­гендер бұл күні анайылыққа баруы мүм­кін.  Тағы бұл дәл сол «Ғашықтар күні» орын алса.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *