Ерлер де бала күтіміне байланысты демалыс ала алады

Елбасының қай Жолдауына көз жүгіртсек те, халықтың әлеуметтік жағдайына көңіл бөлініп отыр. Күні кеше ғана жарияланған орындалуға тиісті бес басым бағыттың да ең басылымдық беріліп отырғаны, тағы да халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту, сол бойынша нақты міндеттерді айқындап, оны жүзеге асырудың жүйелерін белгілеу болып отыр. Иә, «тұрмысы түзудің, өмірі де түзу болады» деген аталы сөзге ой жүгіртсек, мемлекетіміздің де басты саяса­ты, халықтың тұрмысы мен өмірін түзетуге мүмкіндік беріп, әлеуметтік жағдайын жақсарту болып табылады. Қазіргі уақытта жәрдемақының өзі күнкөрістің көзі болып отырған отбасылары аз емес. Ал бала күтіміне байланысты үйде отырған аналарды, асыраушысынан айырылған және белгілі бір себептермен мүгедектікке шалдығып немесе жұмы­сынан айырылып қалған азаматтарымызды қосар болсақ, «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ арқылы төленетін жәрдемақы алушылардың саны аз болмай отырғандығын білуге болады.

Бүгін біз Алматы қаласы бойынша «Мемлекеттік әлеу­меттік сақтандыру қорының» басшысы Гүлсара Асылбек­қызы АЛТЫНБЕКОВАМЕН әңгімелесіп, қордың жұмыс барысымен танысып, осы қор арқылы кімдерге жәрдемақы төленетіні туралы анық-қанығын білген едік.

– Гүлсара Асылбекқызы, Алматы қаласы бойынша «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ филиалының құрыл­ғанына екі жылдай уақыт болып қалыпты, осы уақыт аралығында Алматы қаласы бойынша қанша адам қор есебінен жәрдемақы алуға жүгінді?

– Өздеріңізге белгілі, бұрын жүктілігі мен босануына және басқа да жағ­дайларға байланысты жәрдемақыларды әлеуметтік мәселелерге жауапты мекемелер болмаса, жұмыс орындары төлейтін, ал 2005 жылдан бастап мұндай төлемдерді жүзеге асыру «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» арқылы жүзеге асырылып келеді. «Мемлекеттік әлеумет­тік сақтандыру қоры» – қоғамдық игілік туралы қамқорлық идеясынан туындаған, халықты әлеуметтік қолдау саясатының ең басым бағыттарының бірі болған­дықтан, оның жергілікті жерлеріндегі филиалдарын құру қолға алынды.

Алматы қаласы бойынша «Мемле­кеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ филиалы өз жұмысын 2016 жылдан бері жүргізіп келеді. Өткен жылы 46 474 әлеуметтік төлемдер тағайындалса, оның 22 974 бала күтіміне байланысты, 18 481-і жүктілігі мен босануына байланысты тағайындалыпты.

2016 жылмен 2017 жылды салыс­тырсақ, жүктілігі мен босануына байла­нысты әлеуметтік төлем 24 пайызға көбейген. Бұл қуантарлық жәйт, бала туу көрсеткіші артып келеді.

Ал енді қордың қаражат көзі қалай жинақталады? деген сауалға тоқталсақ, бұл Сіз бен Біздің түрлі салық түсімдерінен және жұмыс берушілер мен өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз етіп жүрген азаматтарымыздың табысынан ай сайын мемлекеттік бюджетке төлейтін 2018 жыл­дың 1 қаңтарынан бастап 3,5 пайыздық әлеуметтік салығынан түсетін түсімдер болып табылады. «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ активтер есебінен азаматтарға 6 түрлі әлеуметтік төлемдер төлейді.

– Осы қор арқылы жәрдемақы алуға құқылы топтарды атап өтсеңіз?

– Еңбек ету қабілетінен айырылған азаматтарға, асыраушысынан айырылған­дарға, жұмыссыз қалған жағдайларда, жүктілігі мен босануына байланысты және бала бір жасқа толғанға дейінгі бала күтіміне байланысты табысынан айырыл­ған жағдайларда, сондай-ақ, жаңа туған баланы асырап алуға байланысты, табы­сы­нан айырылған тұлғаларға әлеуметтік төлемдер тағайындалады.

Әлеуметтік төлемдерді алуға құқылы азаматтардың қолында осы аталған топқа жататындығын дәлелдейтін заңды құжаттары болуы тиіс. Мәселен, жұмыс­сыз азаматтар жұмыссыздығын дәлелдеу үшін «Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар» басқармасының аудан­дық бөлімдеріне барып тіркеуге отыруы керек.

Ал еңбек ету қабілетінен айырылғандар еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесін дәлелдейтін анықтамасын «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясына өткі­зеді. Корпорация құжаттарды тексеріп, төлем тиесілі болған азаматтар туралы мәліметтерді қорға жібереді. Қор осы ұсынылған құжаттар негізінде әр айдың 25-нен кешіктірмей тиісті төлемдерді жүзеге асырады.

– Жәрдемақы алушылардың қата­рында, жүктілігі мен босануына байла­нысты жәрдемақы алып отырған аналары­мыздың саны артқанын аңғардық.

– Шүкір, қазіргі уақытта Алматы қаласы бойынша туу көрсеткіші жаман емес. Бұл халықтың әлеуметтік жағдайы жақсарғанының нәтижесі деп бағалауға болады. Өйткені, қазіргі кезде біздің аналарымыз секілді, «әр баланың өз несібесі бар» деп бала туатындар аз. Бала­ны өмірге әкелу үшін қазіргі жас отба­сылар өздерінің әлеуметтік жағдайларын басты орынға қояды. Тұрақты жұмысы мен баспанасы болған жағдайда ғана жас отбасылар көпбалалы отбасы болуды жоспарлайды.  Бұл бір жағынан алғанда, дұрыс қадам деп бағалаймын.

– Екі жыл көп уақыт емес, дегенмен де, Алматы қаласының тұрғындары Сіздер­дің филиалдарыңыздың жұмысымен таныс шығар?

– Біз тұрғындар арасында үнемі ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын жүргізіп отырамыз. Тек өткен жылдың өзінде 75 ақпараттық-түсіндірме жұмыс­тары жүргізілді. Әлеуметтік көмекке мұқтаж адамдар тұратын арнайы әлеумет­тік үйлерге, жұмыспен қамту орталық­тарына барып, тұрғындармен кездесіп, отбасы әлеуметтік қиындыққа тап болған жағдайда қолұшын беретін мекемелер барын айтып түсіндірдік. «Аналар» үйінде болып, сонда тұрып жатқан жас аналар­дың өздеріне тиесілі әлеуметтік жәрдем­ақы алуларына көмектестік. «Нұр Отан» пар­тиясының қолдауымен ХҚКО-да өтетін түрлі іс-шараларға қатысып, азамат­тарымызға әлеуметтік сақтандыру қоры­ның міндеттері мен мақсаттары туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізіп келеміз. «Open Almaty» орталығындағы өткізген кездесулеріміз де өз нәтижесін беріп отыр. Біздің филиалдың қызметкер­лері Алматы қаласы бойынша Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комите­тінің департаменті құрған «Әлеуметтік экспресс» мобильдік тобының құрамына енген. Бұл топ қала тұрғындары арасын­дағы әлеуметтік көмекке зәру және оны алуға құқылы азаматтарды анықтаумен айналысады.

 

Мәселен, өткен жылы біздің мәліметтер бойынша 1500 адам жұмыссыз деп танылса, соның 500-і жұмыссыз ретінде алатын жәрдемақыға жүгінбеген. Жүкті әйелдер арасында да мұндай жағдайлар жиі орын алып жатады. Мұндай жағдай­лардың көбі азаматтарымыздың өз құқын және мемлекет тарапынан өздеріне көрсе­тілетін әлеуметтік көмектен хабарсыз болғандықтан орын алып жатады. Біз осы жағдайларды ескеріп, түсіндірме жұмыстарын жақсартуды жоспарлап отырмыз.

 

– Гүлсара Асылбекқызы, бала күтіміне байланысты демалыс алып отырған ер-азаматтар бар ма?

– Азаматтардың мұндай әлеуметтік тәуекелге баруын біз дұрыс бағалауға тиісті­міз. Жұмыс беруші баланың анасына немесе әкесіне бала үш жасқа толғанға дейін, оның күтіміне байланысты жалақысы сақталмайтын демалыс беруге міндетті. Ал енді бала күтіміне байла­нысты жалақысы сақталмайтын, демалыс кезінде баланың анасы немесе әкесі табысынан айырылған жағдайда баласы 1 жасқа толғанға дейін төленетін жәрдем­ақы алуға өтініш бере алады. Бірақ ол төлем әлеуметтік сақтандыру қорына ауда­рымдар төлеген адамға ғана төлене­тіндігін ескеруіміз керек. Өткен 2017 жылы 23 мыңнан астам қала тұрғындары жалпы сомасы 9702,9 миллион теңге мөлшерінде 1 жасқа толғанға дейінгі бала күтімі үшін жәрдемақы алыпты. Осы бір жасқа толғанға дейінгі бала күтіміне байланысты төлем тағайындалған ерлердің саны 3 пайызды құрап отыр.

– Әр азамат өз құқын жетік білсе, есесін жібермейді дейсіз ғой…

– Мәселе есе жіберуде емес. Мемлекет тарапынан азаматтарға берілген бір мүмкіндік болғандықтан, әр азаматтың өз жағдайына байланысты құқын білгені, өз игілігін пайдаланғаны дұрыс шығар. Мәселен, жұмыссыз жүрген азамат «жұ­мыс жоқ» деп көше бойын жағалағанша, уақытша болса да, отбасына көмегі тиер осындай мүмкіндіктерді пайдаланғандары жөн деп ойлаймын. Жәрдемақы бір отбасының жоғын түгендеуге жетпес, әйтсе де, біреуге мұқтаж етпейтін мемле­кет­тің қамқорлығы. Сондықтан да жұмыссыз қалып жатсаңыз, еңбекке жарамсыз жағдайға душар болсаңыз, егер де міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйе­сінің қатысушысы болсаңыз, жұмыспен қамту орталығына «жұмыссыз ретінде» тіркеуге тұруыңыз керек. Қордың көмегіне жүгініңіздер дегіміз келеді.

– Егер де әйел жұмыс істемесе, 1 жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты жәрдемақы ала алады ма?

– Иә, жұмыссыз әйел республикалық бюджеттен тиісті жәрдемақы алуға мүмкіншілігі бар.

ҚР «Балалы отбасыларға арналған мемлекеттік жәрдемақы» Заңына сәйкес, баланың туылуына орай төленетін бір реттік мемлекеттік жәрдемақының мөлшері баланың туу реттілігі мен тиісті кезеңге белгіленген айлық көрсеткіштің мөлшеріне байланысты анықталады, яғни 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап:

Бірінші, екінші, үшінші баланың туылуына орай-айлық есептік көрсеткіш 38, яғни 91 390 теңгеге,

Төртінші және одан да көп баланың туылуына орай – 63 айлық есептік көрсеткіш, яғни 151 515 теңгеге тең.

Республикалық бюджеттен баланың 1 жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты жәрдемақы ала алады.

1-балаға – 13 853 теңге.

2-балаға – 16 379 теңге.

3-балаға – 18 880 теңге.

4-балаға – 21 405 теңге.

– Наурыз мерекесі келе жатыр, Алматы қаласының ақ жаулықты аналары мен қыз-келіншектеріне қандай тілек жолдар едіңіз?

– Аналарымыз аман болсын! «Ұрпақ – ұлт байлығы» демекші, сол аналары­мыздың өмірге ұрпақ әкелу парызын жал­ғастыратын қыз-келіншектеріміз, өмірге келер ұрпақтарымыздың саны көп болсын. Мереке қарсаңында Елбасымыз тағы да Үндеу жариялап, халықтың әлеу­меттік еңсесін тағы бір көтеріп тастады. Биіктей берейік. Көктем Елімізге құт-береке әкелсін!

 

Әңгімелескен – Нұржамал БАЙСАҚАЛ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *