Еркінбек ШОҚАЙ: Барша ораза ұстаушыларды ел амандығы үшін дұға етуге шақырамын

Коронавирус пандемиясы деп жүргенде жер бетіндегі мұсылман қауымы үшін айлардың төресі болып саналатын қасиетті Рамазан да келіп жетті. Биылғы оразаның бір ерекшелігі – карантинде өтетіндігі болып тұр. Осы айда оқылатын тарауық намазы мен ауызашар да тек үйде, әркімнің өз шаңырағында ғана орындалатын болды. Осы тұста біз Алматы қаласының бас имамы Еркінбек ШОҚАЙМЕН шағын сұхбат жазған едік.
– Еркінбек мырза, бүкіл әлем болып күресіп жатқан пандемия жайлы қазір түрлі әңгіме көп. Мұндай індет бұған дейін адамзат баласының тарихында болып тұрған. Сол тұрғыдан алғанда коронавирус жалпы адамзатқа жіберілген ескерту десек қисынға келе ме?
– Әр адамның өмірінде өмір мен өлім, мәңгілік пен фәни, ақиқат пен жалған, Құдай мен ақырет туралы ойланатын сәттері болады. Қазір адамдардың өте жақсы дамыған заманауи техникалық, технологиялық мүмкіндіктері бар: ғарышқа зымырандар ұшып жатыр, жерсеріктік байланыс, интернет, дамыған экономика, білім беру, медицина және тағысын тағы. Адамзат тарихында дәл қазіргі жеткен жетістік бұған дейін болған емес. Бірақ бір таңғалатыны, аяқ астынан болмашы ғана көзге көрінбейтін вирус барлығын тоқтатып, бүкіл әлемді жайлап, бәрін бір сәтте үйіне қамады, үрей мен қорқыныш тудырып, адамдардың өмірін жалмады. Сондықтан да Құдайды ұмытпай, тек қана Құдайға сыйынып, Оған құлшылық етуіміз керек. Тіпті, мешіттер жұмысын тоқтатып, жамағатпен бірге намаз оқи алмайтын жағдайда отырмыз. Осының барлығын Алладан келген ескерту деп түсініп, дұғада болғанымыз жөн.
Өкінішке қарай, біздің заманымызда құпталмаған әрекеттер көбеюде. Парақорлық, ұрлық тағы да басқа қылмыстар белең алуда. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) парақорлықты, кез келген формадағы пайызға берілген ақшаны (беруші ғана емес, алушы да жауап береді) құптамайды. Сонымен қатар, әлемде зинақорлық көптеп орын алуда. Ол – Исламда құпталмайтын, тыйым салынған өте үлкен ауыр күнә. Тіпті, Исламның ғана емес, адамның табиғатына қайшы біржынысты некеге де кейбір елдерде заңды түрде жол берілді. Бұл енді шектен шығу.
Алла Тағала сынақ жіберу арқылы адамзатқа ақиқат құндылықтарын естеріне салады. Ол бізді жақсы көргендіктен, қылмыстардан, күнәлардан тыйылып, тура жолмен жүргенімізді қалайды. Біздің ойымыз да, сөзіміз де, жүрегіміз де, жанымыз да, арымыз да, тілек-ниетіміз де таза болуы керек.
– Ар, ниет-тілектің тазалығы дегеннен шығады. Карантин басталғалы алыпсатарлықпен қомақты ақша тауып қалғысы келгендер жайлы жаңалықтардан оқып, көріп отырмыз. Мұндай әрекетке шариғат не дейді?
– Дәріханада 20-30 теңге тұратын бетперделерді 200-300 теңгеден сатып жатқанын мен де естідім. Бір қуантатыны, қазір оларға үкімет тұрақты баға бекітіп қойды.
Исламда апат, елдің басына күн туған қиыншылық кездерде тауардың бағасын өсіруге рұқсат етпейді. Дінімізде бұлай ақша табуға түбегейлі тайым салынған және де ол – қылмыс. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қиын кезеңде елге қажетті тауардың бәрін өзіне алып алып, өзінің жеке басының пайдасы үшін қымбатқа сатқан монополист жазаланады деп айтқан.
Біз өмірде жиі куә болатын жағдайдың бірі, ауылдықтар сүт, қаймақ, май, құрт деген сияқты сүт өнімдерін базарға әкелген бойда оны алыпсатарлар арзан бағаға алып, екі-үш есеге қымбатқа сатып жатады. Осындай жолмен байып кетуді ойлайды. Бұл да шариғатта тыйым салынған. Себебі, алыпсатардың бұл өнімдерді өндіруде ешқандай да үлесі жоқ. Екіншіден, шаруа адамының еңбегін жоққа шығарып, оның өнімі құнсыз болып, тек алыпсатарға ғана табыс әкеледі.
Сондықтан қазіргі пандемия – бір-бірімізге қолдау білдіріп, көмектесіп, әрдайым ауызбіршілікте болатын сынақ кезеңі. Қазір бір-бірімізді тонап, бір-бірімізге зиянымыз тимеуі керек. Оның орнына игі істер жасасақ, бізге де игілік боп қайтар еді. Игі іс – мейірім, садақа, ал садақа барлық жамандықты қайтарады.
Кез келген ізгі іс – мейірім. Адамға деген жылы қарым-қатынасың – мейірім, жымиғаның – мейірім. Жақсы сөз, ізгі тілек, қамқорлық, шынайы аяушылық білдіру, көмек қолын созуға асығу – бәрі де мейірім, садақа, игі іс.
Мейірімнің барлық жамандық атаулыдан бізді қорғап тұратын, тіпті емдей алатын күші бар. Ол біздің – капиталымыз.
– Соңғы жылдары қалада ауыз бекітушілер саны артқанын көріп жүрміз. Дегенмен, діннің өзі оразадан босатқан адамдар бар. Олар кімдер екенін айтып өтсеңіз.
– Дінімізде жолаушыға еліне жеткенше, науқасқа сырқатынан жазылғанша, жүкті немесе емізулі баласы бар әйелге босанып және баласын омыраудан ажыратқанша ораза ұстамау рұқсат етілген. Сол секілді карантин уақытында жұқпалы дертке шалдыққан адам ораза тұтса әлсіреп, иммунитеті төмендеп, жұқпалы дерті асқыну қаупі байқалатын болса, оған уақытша ауыз бекітпеуге болады. Бірақ олар кейіннен тұтпаған оразасының қазасын өтеуі тиіс. Балиғат жасына жетпеген балаларға ораза міндетті емес. Сонымен бірге, ораза ұстауға шамасы келмейтін денсаулығы нашар қарт кісілерге, созылмалы ауруға душар болғандар да оразаны ұстамауына рұқсат. Қандай жағдайда болса да, мұндай кісілер сенімді дәрігерге жүгініп, ораза ұстауға байланысты кеңес алғаны дұрыс. Сосын ғана оразаны ұстау немесе ұстамауға қатысты шешім қабылдаса жөн болады. Алайда олар оразаның ақысын өтеуі үшін 30 күн бойы бір міскінді тамақтаныруы немесе сол көлемдегі ақшасын беруі керек. Бұл өтемді исламда «фидия» деп атайды.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы биылғы жылға кісінің бір күндік тағамының ең төменгі бағасын шығара отырып фидия мөлшерін 1700 теңге деп бекітті.
Осыны отызға көбейтіп төлесе оразасының ақысы өтелген болады.
– Қаладағы мешіттерде Рамазан айы бойы тегін ауызашар ұйымдастырылып, мұқтаж жандар үшін бір ай тегін дастархан жайылатын. Бірақ биыл мұндай шараның бәріне тиым салынды. Алматы кәсіпкерлері де жылда мешітке ақша аударып, ауызашар беріп жататын. Карантинге байланысты осы шаралар қалай өткізілетін болды?
– Алла елшісі «кімде кім ораза ұстаған кісіге ауыз аштырар болса, ораза ұстағандай сауап алады. Бірақ ораза ұстағанның сауабы кемімейді» деген. Ауызашар дастарханын жаю ол біздің дініміз, біздің дәстүріміз, ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан дәстүрлі дастарханымыз. Осы дәстүрді біз осы карантинге дейін жыл сайын мешіттердің жанында, мейрамханалар мен үйде ұйымдастыратынбыз. Бірақ биылғы жылғы карантиндік талаптар бұлардың біреуіне де мүмкіндік бермей отыр. Сондықтан біз қазір ауыз бекітуге ниет еткен барша адамға ауызашар тек үйде жасауға кеңес береміз. Алайда сауаптан құр қалғысы келмеген қайырымды жандар бізде өте көп. Солардың ниетін біз карантиндік талаптың шеңберінде арнайы мейрамханаларға тапсырыс беру арқылы үйлеріне жеткізіп беру қызметіне жүгіне отырып, ұйымдастырсақ деген ниетіміз бар.
– Ораза ұстаушылардың тілегі қабыл болады дейді. Ауыз бекітуге ниет етіп отырған барша қазақ баласына қандай тілек айтасыз?

– Алла Тағала Құранның «Бақара» сүресінде: «Рамазан – адамдарға тура жол нұсқаушы, ақ пен қараны айырушы, бекем тұтынатын дәлел ретінде Құран түсіріле бастаған ай…» дейді. Бұл айда шынайы ниетпен күндіз ораза тұтып, түнді құлшылықпен, Құран оқумен өткізуіміз керек. Ораза деген үлкен сабыр мен тағылым мектебі. Осы бір айлық мүмкіндікті пайдаланып, әрбір адам өзінің бойын тіктеп, жан-дүниесін сабыр, жұмсақтық, имандылық, қайырымдылық, ізгілік сынды жақсы қасиеттерге баулып, тәрбиелегені жөн. Сонымен қатар, еліміздегі барша ораза ұстаушыларды ел басына келген сынақтан аман-есен өтуді, ел іргесінің бүтіндігі мен жұртымыздың тыныштығын, халқымыздың амандығын Жаратушыдан тілеп, дұға етуге шақырамын.

– Сұхбатыңызға рахмет!
 Сұхбаттасқан – Әсел ДАҒЖАН.
Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *