ЕРІНІ ЖЫРЫҚ БОЛСА ДА, ӘКІМНІҢ ҚЫЗЫН АЛАСЫҢ

Жеңіс ШЫНЫБЕКОВ

Бір апта бойы тоқтамай жалғасып келе жатқан жанжалдан соны бастаушы отағасы Шонтай да, бәйбішесі Сапаркүл де, жиырмаға жетпей екі рет үйленіп, екі рет ажырасып үлгерген ұлы Думан да жалықты. Не де болса, бүгін ұзақ-сонар дауға соңғы нүкте қойылатын күн. Не баласының ертеңін ойлаған әкесі, не болашағын ойламайтын баласы жеңбек.

– Есек пен жылқыдан туған қашыр сияқты қисайған әкеңнің.., бесіктен белің шықпай жатып, менімен ақыл­даспай, жасыңнан қағынып, екі қатын алдың. Екеуіне де опа бермедің сен, нағашысына тартқан опасыз. Қазір сол экс-құдалар тұратын ауылдардағы тойға, асқа бетім күйіп бара алмай қалдым мен байғұс. Енді үшінші қатын аламын дейсің. Ал оған менің жүдә қарсылығым жоқ. Бірақ мен өзім құда түсіп, алып беремін. Басқа емес, өзімізге жиен, белгілі ата, кешегі бидің ұрпағы Тоқпанның қызын аласың.

Ұлы аяғымен шоқ басқандай баж ете қалды.

– Ойбай-ау, көке, Тоқпанның қызы менен үш сынып бұрын оқыған. Оны әже қылам деп алам ба? Шонтай бай жалғыз ұлына кемпір әперіпті деп ел күлмей ме?

– Күлмесе езуі тілініп кетсін. Болды, все, сол қызды аласың. Бүгін барып құда түсемін.

– Алмаймын, көке, жонымнан таспа тілсең де, алмаймын. Өзімнің сүйген қызым бар. Махаббат, ғашықтық, сүйіспеншілік деген сезімдерді сіз білесіз бе? Сүймеген қызды қалай аламын? Оны қалай еміреніп сүйемін?

– Қап, мына доңыздан туған торайдың айтып отырған уәжін қара. Сендегі қандай махаббат ол?! Екі жылда екі қатын алып, екеуін де қуып шыққан махаббат па? Мына түріңмен сен мен өлгенше қатын ала берерсің. Жоқ, жапа­лағым, менің аузым күйген, енді өзім айттырып алып беремін.

– Алмаймын, – деді баласы безеріп.

«Ақ безер де көк безер» болып отырған «нағашысына тартқан» қырсық ұлына әбден зығырданы қайнаған отағасы, оны өзі өмір бойы жинаған ең ауыр балағат сөздермен сыбай жөнелді. Осы сыбау селінің ішінде – өзі де, қырсық бала туған бәйбішесі де, тіпті баланың арғы-бергі қатын алғыш нағашылары да оптым кетті.

Осы тұста осы уакытқа дейін отағасымен одақтас болып келген отанасы шарт кетті.

– Басқаң басқа, баланың наға­шыларында не құның бар? Нағашысы тоқал алса, бәйбішенің рұқсатымен алған. Екінші тоқалды бас тоқалдың келісімімен алған. Үшінші тоқалды, менің шешемді «ақыры біз ұл тумадық» деп ана үшеуі өздері алып берген. Кәрі бураша жан-жаққа жыныңды шашпай, жайыңа отыр. Керек десең, мен сол әкіміңнің түйе жырық қызына жалғыз баламды қор ете алмаймын. Менің ұлым бір қыздың құшағына сыймайды. Қанша қатын алам десе, сонша қатын алады. Өл де маған!

Осы кезге дейін «сүйек жаңғыр­тайық» деп Тоқпанның қызына құда түсуге қарсы болмай, құптап келген әйелдің мына опасыздығына қаны қарайған Шонтай шыдамай кетіп, оны кебісімен қақ бастан салды.

– Екеуіңнің де етіңді шикідей жеп, сүйектеріңді итке тастаймын. Кішкен­тай кезінде мысық тырнаған титтей сызатты ең болмаса, қоян жырық демей, түйе жырық деп дабырайтуын қара мына көк соққанның.

Басына кебістің өкшесі қатты тиген әйел жылап қалды. Отағасының мінезін біледі, бұдан әрі бір сөз айту аса қатерлі. Отағасы болса, екі иығын жұлып жеп, арқырай сөйлеп отыр.

– Жақсылықты білмейтін ылғи көрсоқыр. Екі қатын алдың, ақылына келер деп бетіңнен қайтарған жоқпын. Екі құдаға өмір бойы жинаған малымның тең жартысын бөліп бердім. Екеуіне де дүрілдетіп той жасадым. Босқа кеткен еңбегім-ай! «Үлкен келін аман-есен босаныпты, кіші келін аузы-мұрнынан шығып, шермиіп отыр» дейді көргендер. Ертеңгі күн немерелерімді әр ауылдан жинап жүретін жайым жоқ менің. Махаббат, сахаббат деп итше ұлисың. Атам қазақ сүйіспей-ақ өсіп-өнген. Мен мына шешеңді былш-былш сүймей-ақ, күйдім-сүйдім деп өліп-өшпей-ақ алып, сегіз қызды, тоғызын­шы сені туғыздым. Дендерің сау, қол-аяқтарың балғадай, қане, содан кем болғандарың? Әне бір Тұманбай, Ысы­райыл, Шөмішбай деген ақындар махаббат, ғашықтық деп зарлап, жылап жырға қосып, жастарды бұзып бітті. Енді бар ғой, Шөмішбайдың кітабын оқитын болсаң, екі көзіңді ағызамын. Өлең деген – бойға тез тарап, ақыл-есті алатын у!

Өсетін жасың бар, «әкімнің қызын алса, ертең желеп-жебеп, демеп жүре ме» деймін. Мен оның байлығына қызы­ғып отырған жоқпын. Мал беретін ол емес, мен ғой. Мына қақпас кеше ғана «құдалыққа бар» деп отыр еді, енді бүгін сөзінде тұрақ жоқ жезөкше құсап, аунап түсіп отыр. Сөз қысқа, бүгін, қазір барып, Тоқпанның қызына құда түсемін. Сол қызды аласың! Егер алмайды екенсің, тілазар ұл, саған бір оқ, сені айнытып отырған кертартпа қақпас, саған бір оқ жалынсын!

Отағасы осыны айтып, төрде ілулі тұрған қосауыз мылтыққа қарап қойды.

Кейін ел айтады, Шонтай сол күні барып, Тоқпанның қызына құда түсіпті деп. Тоқпанның бәйбішесі «сенің ұлың екі қатын алған» деп келе жатыр екен, күйеуі кебіспен аузынан бір ұрыпты.

Ел тағы айтады, осыдан бір ай өткенде Тоқпанның «түйе жырық» қызы Шонтайдың үйіне келін болып түсті деп. Сірә, ешкімнң де оққа байланғысы келмеген-ау!

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *