ЕРЕКШЕ ЕРЕКЕШОВ

Ол – тектінің тұяғы, шалқар айдынның айбары еді. Текті жердің тебінінде, көргендінің көрігінде өскен асыл азамат туған жері Аралды жанындай жақсы көріп, осы жерде көркейді. Бүгінде Оразғали Ерекешов ағамыз 90 жастың шыңына шығар еді. Қайраткердің соңында мол мұра қалды. Халқымыздың біртуар перзенті Ғабит Мүсіреповтің Аралдағы туған інісіне айналған асыл азамат қазақ зиялыларының ақ батасына кенелді. Оның өшпес рухы мен ізгі қасиеттерінің өнегесін үлгі тұту — бізге зор тағылым болмақ. Асыл ағамен көзі тірісінде болған әңгімеміздің бір парасын алдарыңызға тартып отырмыз.
Ғабит Мүсірепов сыйлаған кӨлікті мініп қайттым
– «Ешкім де таныса алмас сұраспаса, таныс жақын болмайды сыр ашпаса», — деген ғой. Оразғали аға, айтыңызшы, өзіңізден 25 жас үлкендігі бар, атақ-абыройы алты қырдан асқан Ғабеңмен қалай таныстыңыз?
– Жақсыға жақсы жол тапса, бұлаққа бұлақ құйды де. Залымға залым жол тапса, өртке дауыл тиді де, деймін бе? Мен бұл өмірімде қазақтың талай зиялы азаматтарымен дәмдес-тұздас болып, алдыңғы толқын ағаларға інілік ізет көрсеткен жанмын. Сол үшін де бүгінде өзімді бақытты санаймын. Ағаға ізет – иіліп, бүгілу емес. Ол – атадан мұраға қалған аманат. Ал аманатты бұзуға, өзгертуге бола ма?! Біздің сыйластығымыз да осында жатыр.
Ғабеңе деген жүрек жылуым ол кісі бұ дүниеден өтсе де, қаншама жылдар бойы сөнген емес. Туған аға-інідей, әке мен баладай арадағы сыйластығымыз көпке үлгі болған іспетті. Өткеннің көлеңкесі – болашаққа түседі. Мен осынау ұлы адамнан көп нәрсе үйрендім. «Жақсының артында із, жаманның артында мұз қалады», — деген осы болар. Ғабең дүниеден өткен соң, жерді айналған жалғыз айдай қамыққан кездерім басталды. Мен үшін бұл жоқтың бағасы тым қымбатқа түсті.
Ғабеңмен таныстығымыздың басы сонау 1958 жылы болды. Мен ол кезде Арал ауданының Сексеуіл елді-мекенінде ауылдық Кеңестің төрағасы қызметін атқаратынмын. Жасым — 29-да болатын. Сексеуіл елді-мекені темір жолдың торабында орналасқан. Мәскеу – Ташкент темір жол бағытында жүретін барлық Орта Азия мемлекеттерінен шығатын пойыздар осы бекет арқылы өтеді. Сол жылы желтоқсан айында Мәскеу – Алматы бағытындағы №8 пойызбен халқымыздың қос тарланы – Мұхтар Әуезов пен Ғабит Мүсірепов бір купеде жолсапардан қайтып келе жатқан беті екен. Хабар алысымен Аралдың дәм-тұзын алып, алдарынан шықтық. Вагоннан әуелі Мұхаң, одан соң асықпай Ғабең түсті. Амандық-саулықтан соң, әкелген дәм-тұзымызды алып ішке кіргізіп, жайғастырдық. Мұхаң Мәскеуден әкеле жатқан базарлығынан үлестірді. Ал Ғабең байсалды қалпымен мені жазға салым Алматыға қонаққа шақырды.
Жақсы ағаның шақыруынан бас тартуға бола ма? «Ықылас — қалас» деген. Содан келер жылдың мамыр айында Алматыға бардым. Ғабең Медеу жақта бір жеке үйде тұрады екен. Шаңырағында екі күн қонақта болдым. Маған айрықша назары ауып, «Оразғали, сен маған іні бол, енді қатынасты үзбе, үнемі келіп тұр», — деді. Сол күннен бастап, ұлы Ғабеңмен әкелі-балалы адамдай рухтас туыс болып кеттік. Сыйлы болғың келсе, алдымен өзің сыйлы болуға тырыс. Білмегеніңді үйрен, күмәніңді күйрет. Үлкенге кіші, кішіге одан да кіші болуды Ғабит ағамнан үйрендім.
– Азды көпке қосқанның арманы жоқ. Ғабеңнің арқасында талай көшелі азаматтармен дастарқандас болдыңыз. Олардың көпшілігімен сыйластығыңыз үлкен достыққа ұласты. Сол күннен естелік айта кетсеңіз?
– «Бақ біреудің маңдайына, біреудің таңдайына қонады», — деп жатады. 1966 жылы Ғабең жанына інілері, ақын-жазушылар Қасым Қайсенов, Сағи Жиенбаев, Ғафу Қайырбековті ертіп, Арал топырағына қонаққа келді. Теңіз жағасына арнайы қос киіз үй тіктіріп демалдырдық. Кемеңгер адам емес пе, Ғабең Аралдың болашағына көз жүгіртпей отыра алмады.
Теңіз жағасындағы ұзақ кештерде ол ел адамдарымен бірге сұхбат құрып, болашақта Аралға төніп келе жатқан қауіп жөнінде келелі әңгіме қозғады.
Сол жылы Ғабеңнің «Правда» газетінде Арал теңізінің болашағына төніп келе жатқан қатер жөніндегі проблемалық мақаласы шықты.
Қабағынан жай білдіріп, жанарынан сыр ұқтыратын асыл аға, біздің құрметімізге өте риза болып қайтты. Арал төңірегіндегі ескі әңгімені көп білетін қариялармен ұзақ әңгімелесті. Осы сапарынан соң, Ғабең «24 сағатта» деген тарихи әңгімесін жазды. Қайтарында теңіз жағасына тігілген көз сіңісті болған екі үйдің бірін Ғабеңе сыйға тарттым. Жаздың әсем күндері Ғабең ол үйді Алматыдағы таудағы саяжайына тігіп отырды. Кейін ол үйді республикалық мұражайға тапсырды.
Жақсы аға өзінің барлық жақсылықтарынан қалдырған емес. Әр келген сайын қажеті болады деп, қалтама мол ақша салатын. 1972 жылдың көктемінде Ғабит Махмұтұлының 70 жылдық тойы Алматыда үлкен салтанатпен атап өтілді. Тойға арнайы бала-шағамызбен біз де шақырылдық. Ағаның үйі ақ жайлау емес пе, жақсы демалдық. Той өте жақсы өтті. Ғабең ертеңіне тойға атсалысып қызмет еткен інілерін жинап қонақ етті, той жоралғысын жасады. Кезек маған келгенде: «Ал енді Оразғали інім, менің сыйлығымды өзің таңдайсың», — деп өз еркіме салды. Менің бас тартқаныма қарамастан: «Оразғалиға Ғабит Мүсіреповтен, ескірмес-тозбас достығың үшін саған осы көлігімді сыйладым», — деп қолтаңба жазып берді. Сөйтіп, Ғабеңнің тойынан ауылыма темір тұлпар мініп қайттым.
Ілияс ағаның ақ батасы
– Оразғали аға, ниеті тәуір адамды бақ жағалай жүреді екен. Қарап отырсақ, Сізді үнемі бақ пен дәулет қатар қаумалап жүріпті. Олай дейтініміз, Сіз халқымыздың мұратына айналған асыл ағаларымыздың тәрбиесін көріп, сарқытынан дәмденіпсіз…
–Жақсыға жағыну мұрат емес, сағыну – мұрат. Аяулы ағаларымның әрбір қимылын, әрбір сөзін сәт сайын сағынып отырамын.
«Ұлықпан хакім ұрпағымен мың жасаған» деген сөз бар. Біз сол бабалардың ұрпағымыз, біздер барда олардың әрбір ғибратты ісі ұмытылмақ емес. Қазақтың бағына туған небір азаматтармен жақын таныстықта болдым. Солардың арасында Ғабеңнің аса құрметтейтін досының бірі – Ілияс Омаров ағамыз болды.
Сол тұста Мәдениет министрі болып қызмет атқаратын Ілияс Омаров ағамыз науқастанып, Мәскеудің Кремль ауруханасына түсіп, ота жасатып жатқан кез еді. Алғашында Ғабең, содан соң Қызылорда облыстық партия комитетінің сол кездегі бірінші хатшысы Сәлімгерей Тоқтамысов ағай телефон соғып: «Ілиясқа дәрігерлер түйенің шұбатын іш депті. Осы жұмысты өзіңе тапсырып отырмыз», — деді.
Ағаның тапсырмасы біз үшін бұйрық, мен құп алдым. Ертесіне ауруханада жатқан Ілияс ағаға пойызбен түйенің шұбатын жібердім. Ол сәлемдеме алты ай бойы жалғасты. Кейін Ілияс аға, сырқатынан айығып, тәуір болғасын Ғабең екеуі Жамбыл облысындағы «Билікөл» деген жердегі демалыс орнына тынығуға барыпты. Екі ағама сәлем берейін деп, Жамбылға бардым. Тынығып, әл жинап жатқан Ғабең мен Ілияс ағаларыма Қызылордадан Зейнолла Шүкіров ағамыз да келіп отыр екен. Ғабең осы сапарымда мені Ілиясқа таныстырды. Ілияс аға тебіреніп ақ батасын берді.
«Менің республика бойынша дос-жарандарым көп, — деп бастады Ілияс ағамыз сөзін тебіреніп тұрып, соның ішінде Ғабеңнің інісі мына Оразғали інім, менің аман-есен орталарыңа келіп, Сіздермен жүздесуіме Алладан кейін бірден-бір себепші болды.
Оразғалидың Аралдан арнайы дайындатып жіберген шұбатын дәрігерлердің кеңесімен алты ай бойы ішіп, дәтке қуат жинадым. Шырағым, Оразғали, сенің маған жасаған еңбегің зор. Істеген жақсылығың Алладан қайтсын. Осыдан айығып, жер басып аман жүрсем, бұл дүниеде саған қарыздармын», — деп толқып сөйледі.
Одан кейін Ғабең, Ілияс ағамыздың сөзін толықтырып, телефонмен айтқан бір ауыз сөзін жерге тастамағаным үшін менің атыма жылы тілегін білдірді. Қимас екі ағамның жанында бір күн болып, ертеңіне елге қайттым.
Ғабең Ілиясты құрметтеп, өте жақсы көретін, әдебиетіміз бен мәдениетіміздің әрі қайраткері, білімді жан екенін талай айтқан болатын.
– «Сен аттылы, мен жаяу, әңгімеміз жараспас», — деп Жиренше шешен айтпақшы, ағаларыңызбен әңгімелеріңіз бірден жарасып кеткен сияқты. Ағаларымызға жақпай, оларды ренжітіп алған кездеріңіз болмады ма?
–Достық, сыйластық деген сезім – бір ауылда туғаннан, бірге қызмет еткеннен тумайды. Әйтпесе, кім-кіммен оқымаған, кім-кіммен бірге қызмет атқармаған. Алайда, аға, дос болу үшін – алдымен, өзің дос, іні бола білуің керек. Мен Ғабеңнің 60, 70, 80 жылдық мерекелік тойларына қатыстым. Тойға барған сайын сыйлықтарынан маған бір ескерткіш беретін. Алматыға барсам, Ғабеңнің басына барып, дұға етемін. Ғабең туралы жазған естеліктерім «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрді.
Бірақ өмірде бәрі осындай бола берген бе?! Екі адамның татулығына риза емес, киізіңді тіліп, кісілігіңді жаншып отыруға бейіл адамдар бар. Ғабең сыртқы энергетикалық қорғанышы мықты адам екен, мұндайларға жол бермеді. Бірақ білімнің керектігі көрініп-ақ тұрды. Осыған сай, бір мысал айта кетейін. ХVІІ ғасырда өмір сүрген мұсылмандардың алғашқы төрт халифасының бірі Әзірет Әлиге: «Білім артық па, байлық артық па?», — деген сұрақ қойғанда, білімнің артықшылығы жайлы он дәлелмен былайша жауап беріпті. Мен соның бірнешеуіне ғана тоқталып өтейін:
– Білім артық, өйткені ол – Пайғамбарлардан қалған мирас, байлық – бақылдардан қалған мұра. Білім артық, өйткені ол сені бағады, байлықты сен бағасың. Білім досыңды көбейтеді, байлығыңды көбейтеді. Білім іздей берсең көбейеді, оны жұмсағанмен азаймайды. Байлық жұмсасаң азаяды, білімнің артық болатыны осыдан. Әзірет Әлидің білімнің байлықтан артықшылығын көрсеткен дәлелдері осы уақытқа дейін өзектілігін жоғалтқан жоқ.
– Ораға, Сіздің өзіңіз сыйлаған «Жақсылар болды жан-жағым» деген кітабыңыздан халқымыздың біртуар азаматтары Жұмабек Тәшенов, Мұстахым Ықсанов, Шахмардан Есенов, Кеңес Одағының Батыры, «КСРО-ның еңбек сіңірген ұшқышы» генерал-лейтенант Иван Кулушевпен достығыңыздың жарасымды сипатта болғанына қанықтым. Енді осы жөнінде айта отырсаңыз..
– Тағдыр – маңдайға жазылған майдан. Маған осы майданда үнемі жақсылармен бірге болу нәсіп етіпті. Осылардың арасында айрықша екі азаматқа тоқталып өтсем деймін. Сөзінің төркінінде ұлыс пен ұлт тұтастығын түгендер ақыл мен парасат тұнып тұрған Жұмабек Тәшенов ағамызды Шымкентте облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметінде жүргенде жанында Шымкент теміржол бөлімшесі сауда мекемесінің басшысы, аралдық жерлесіміз Әбдіғани Қошанов бар, Аралға өз отбасыма қонаққа шақырдым. Сонда Жұмабек ағамыз маған: «Шырағым, Оразғали, мен халқымды, жерімді Ресей мен Өзбекстанға бермеймін деп қызметтен айрылдым. Егер ел мен жерден қара басымның қамын жоғары қояр болсам, мен де өзгелер тәрізді астымдағы тағымнан, басымдағы бағымнан айрылмас едім ғой», — дегені бар.
Жұмекең аңшылыққа құмар жан еді, екі күн Жаңақұрылыс деген жердегі досым Елшекен Қуанышбаевтың отбасында қонақ етіп, аң-құс аттырып, демалдырдым. Көрші Қазалы ауданының сол кездегі басшылары Ә.Байшуақов, Қ.Қартақовтар Жұмекеңді қонаққа шақырып, мен Қазалыға дейін шығарып салдым.
Ал генерал Кулушев КСРО Қорғаныс министрлігінде космонавтарды даярлайтын басқарманың бастығы болып қызмет ететін. Бұл үлкен жүректі азаматпен мен он бес жылдай жолдастық қарым-қатынаста болдым. Қызмет ұшағымен Аралға ұшып келіп, үйімде қонақ болып, дастарханымнан дәм татты. Қызды-қыздымен Ваня, білдірмей бір қазақты ұшып жіберсейші, дейтінмін оған. Иван қазақтың әдеп-ғұрпын, салт-дәстүрін жақсы білетін. Өзім де екі мәрте ол кісінің шақыруымен Мәскеудегі үйінде қонақта болдым.
Хрущевке ақ тайлақ алып шыққан
– Ораға, ел ішінде Сіздің Кеңес басшысы Н.Хрущевтің алдынан ақ бота алып шыққаныңыз туралы әңгіме бар. Осының мәнін өз аузыңыздан естісек деп едік?
– Бұл – 1960 жыл болатын. Ол кезде Сексеуіл ауылдық кеңесінің төрағасы қызметінде едім. Бір күні Арал аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Т.Есетов телефон соғып, «Ореке, обкомнан Тоқтамысов телефон соқты. Хрущев келе жатыр екен. Сіздерде түйе көп қой, соған алдынан ақ бота алып шығыңдар», — деді. Оның ізінше өзіме де обкомнан, Алматыдан тікелей телефон соғып жатқандар болды. Наурыз айы болатын. Әрі іздеп, бері іздеп жас бота таба алмай, тайлақ шығатын ақ ботаны әрең таптық. Оны екі есе бағасына сатып алып, әбден жуып, тарап, шешемнің үйде әдемі басқұры болатын оны мойнына іліп, оған тұмар-тақта байлап, қолдан келгенше күлтелендіріп қойдық. Арасында Қызылордада Хрущевке галош лақтырыпты деген хабарды да есітіп, дайындығымызды күшейте түстік. Жанында Д.Қонаев бар екен. Қазақстан басшысы Хрущевті Саратовқа дейін шығарып салатын көрінеді. Содан Сексеуіл стансасына поезд келіп тоқтады. Темір жол вокзалына Т.Есетов бастаған аудан партактиві жиналыпты. Вагоннан алдымен Д.Қонаев шықты да, амандықтан соң: «Никита Сергеевич жағдайсыз келе жатыр, денесінің қызуы көтеріліп тұр. Сондықтан оны мазаламайық. Ақ боталарың ажарсыздау екен. Ал мына тағамдарыңды алайық», — деп дайындаған бекіре балығы мен қазы-қарта, шұбатымызды алып қалды. Бірақ Хрущев бізге шықпады. Елдің аузындағы ақ ботаның әңгімесі осы айналайын.
Д.Қонаев жолай, Саратовтан қайтар жолда өз көмекшісі арқылы маған хабар жіберіп, Сексеуіл стансасының басында күтуімді тапсырыпты. Қазақстан басшысы маған көрсеткен қызметім үшін алғыс айтып, сый-сияпат ұсынды.
– Адамның бойындағы ең құдіретті құштарлық атаққұмарлық екен. Атаққа қалай қарайсыз?
–Жеккөремін десем, сенбейсің ғой, қалқам. Өз басым жоғарыдағы ағаларыма қызмет етіп, қолымнан келген жақсылығымды жасағанымда, олардан атақ алып беруге, марапат алуға ықпал жасауларын еш уақытта айтқан емеспін.
Жақсылықты алдағы күндерден күттім. Мен үлкен ұжымды жиырма жеті жыл бойы үздіксіз басқардым. Кәсіпорнымызда 500-ге тарта жұмысшы, 350 автокөлігіміз болды. Отан қоймасына 3 рет миллиард пұттан астам астық тапсыруға үлкен үлес қостық. Адал еңбектің өтеуі ретінде Үкіметіміз мені қос «Еңбек Қызыл Ту», «Халықтар Достығы», «Құрмет белгісі» ордендерімен, алты медальмен марапаттады. «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген транспорт қызметкері» құрметті атағын берді. Елбасының Алғыс хатына ие болдым. Міне, бұлардың бәрі мен үшін үлкен мәртебе.
Жалпы, өлгеннен кейінгі даңқ ғана әруақтың жанына жақын. Ал көзіңнің тірісіндегі даңқ, әсіресе, қолдан жасалған даңқтың қарабақыр пайдасы жоқ. Менің марапатым – балаларым, немерелерім. Өмірімде басы артық байлық жинамадым, дос жинадым. «Бақыт – басқа қонған құс, ұшады да кетеді, байлық – уыстағы мұз, ериді де кетеді, бала – артта қалған із, ғасырларға жетеді», — дейді екен. Сондықтан бар байлығым – балаларым деп білдім. Аллаға шүкір, балаларымның бәрі жоғары білімді, өз алдарына шаңырақ көтеріп өсіп-өнген жандар.
Жілік майы толық ұрпақ тәрбиелесек…
– Оразғали аға, Сіз күрделі дәуірдің іргелі міндеттерін арқалап, уақыт жүгін қайсарлықпен көтерген азаматтардың бірісіз. Ұйымдастырушылық қабілетіңіздің зор болғаны бүгінгі күнге дейін айтылып жүр. Айтыңызшы, өмір бойы шындықтың жайнамазына құлшылық жасап өтуге мына пенденің ерік-жігері жетпейді дегенге қалай қарайсыз?
– Өмірдің шын аты – жалған. Бесік пен көрдің, есік пен төрдің арасында алданғандар ғана өмір сүреді де, алданбағандар көзі жұмылғанша сол жалғанмен жағаласып өтеді. Әйтсе де, тебендей ақылымен теректей билікті бағындырып жүрген біреулерді ығынан көрсем, кімді кінәларымды білмеймін.
«Жақсы сөз – жарым ырыс». Дегенмен, ел іші болғасын аракідік әңгімелер де болып қалады. Мұндайда ащы айтылды екен деп апшып, тәтті айтты екен деп шапшып көргенім жоқ. Пікір – әр адамның өз көзқарасының жемісі. Айтылған ой-пікірді салмақтап қабылдау керек.
– Миллиондарға азық болған Арал теңізі кемерінен қайтқаннан кейін халықтың күнкөрісі қиындағаны белгілі. Экологиялық апат аймағының бүгінгі хал-жағдайы жөнінде айтып кетсеңіз?
–Адамзат баласы XXІ ғасырға аса алаңдатарлық ахуалмен қадам басып отыр. Болашақ ұрпақтың алаңсыз өмір сүріп, ғасырлар бойы қалыптасқан табиғи байланысының күрмеуі қиюласып кетуі әбден ойлантады.
Қазір Арал теңізінің мәселесі ғаламдық проблемаға айналып отыр. Сондықтан Арал теңізін экологиялық апаттан аман алып қалу үшін халықаралық ұйымдардың іс-қимыл жасайтынына сенгіміз келеді.
Ал халықтың туған жерден үдере көшпеуі де табиғи сенімнің күштілігінен болып отыр. Жалпы, арман – адамды үнемі алға бастайтын асыл қасиет. Ол сәби кездегі періште қиялдардан нәр алып, көбелек қанаттанып, көңіл өсіреді. Жаныңа дем беруші діңгек – кіндік, қаның тамған туған жердің аялы алақанындағы жылумен қуаттанатын іспетті. Етжүрегің елжіремесе, елден алған тағылым зая.
Бүгін күн – боз далаға бозтайлақ боздататын заман емес. Демек, туған жер қазақ баласы үшін соңғы таяным, сондықтан ол әрбір адамға ыстық болып саналады. Қазір қапты қақсаң, қарын тоятын заман. Аштан өліп, көштен қалып жатқан адам жоқ.
– Сізді не ойландырады?
– Сүйегі жасық, буыны бос ұрпақ көбейіп барады. Жілік майы бүтін ұрпақтың көп болғанын армандаймын. Ар төмендеп, ақша төрге озған ажарсыз қоғамда төрдегі басымыз, жерге тимесе екен деймін. Ұлтын сүймейтін ұлдан, құлақ кесті құл артық. Туын құлатпаған ел – ұрпағын жылатпаған ел. Ұлт тірегі – ұлдарым, тәрбие басы – қыздарым болғанын армандаймын.
– Оразғали аға, біздің бүгінгі әңгімеміз қасиетті Ораза айында өтіп отыр. Біз оны жақсы бір ырымға балап отырмыз. Дінге көзқарасыңыз қандай?
– Біз ежелден иманы ұйыған елміз. Төңкеріссіз-ақ, өз бетімізше күн көріп, өз бетімізше дамып, сандаған ғасырлардың тәлім-тәрбиесін қорытындылаған елміз. Халқымыздың тарихында жолдан тайған зарлықтай мұқтаждық болып көрген емес. Дүние өлшемінде өз жолы, өз жөні бар қазақтай халық, қоғамдық сілкіністердің арасынан жол тауып, Құдайға шүкір, бүгінгі күнге жетіп отырмыз. Жалпы, дін дегеніміз – мәңгілік ұғым, оны ешбір күш өзгерте алмайды. Егер біз бір құндылықтарға қол жеткізсек, ол иман тазалығынан ғана болады.
Еврей халқында: «дін құрыса – тіл сақтар, тіл құрыса – үн сақтар, бәрі құрыса – діл сақтар» деген қанатты сөз бар. Бұлардың бәрінде ғаламат рух жасампаздығы бар, демек, біз осы үшеуін де қатар өрбітуіміз қажет.
Өзім иман-шариғат ұғымдарына бас иген адаммын. Бұрын Алматыға барған сайын Бас мешіттің құрылысы тоқтап түрғанына қынжылатынмын. Осы жағдай мені еріксіз ойландырып, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа 1998 жылдың қаңтарында жеделхат жолдауыма мәжбүр етті.
Хат сарапталып жауап беру үшін Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігіне жолданса керек. Көп кешікпей, 1998 жылғы 12-наурыз күні министрден жауап хат алдым. Онда: «Халықтың болашағын ойлап мазасызданған өзіңізге, Елбасының саясатын қолдаған ниетіңізге, жылы сөзіңізге рахмет!», — делініпті.
Сол жылдың 28-наурызында теледидардың «Хабар» арнасынан Алматы қаласы әкімінің тоқтап қалған Орталық мешіт құрылысын қайта бастап, 1-қазанға бітіремін деген сөзін естіп, қуанып қалдым.
Мұндайда тұрыс қайда! Ертеңіне қала әкіміне жеделхат жолдадым. Одан алғыс білдірген жауап та алдым. Әрине, мешіттің құрылысын мен бітірдім деген ойдан аулақпын, алайда тамшыдай болса да, оның қозғау алуына үлес қосқанымды айта кеткенді жөн көрдім.
Шырағым, Алланың адам баласына өлшеп берген жасы бар, уақыты келгенде, оны алдандыра алмайсың. Дүниеде бәрі кезегімен келетініне көзім де, көңілім де сенген адаммын. Сондықтан қалған өмірімде елдің бірлігі мен тыныштығын тілеуден басқа арманым жоқ.
– Оразғали аға, ғибратты әңгімеңіз үшін рахмет!
Әңгімелескен —
Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ.