Ер мұғалімдерді мектепке тартудың жаңаша жобасы қарастырылса…

Осыдан бір апта бұрын, «Апай – көп, ағай – аз» мектепте ер мұғалімдердің саны неге сиреп кетті? (№15 (5678), 2 ақпан) деген тақырыпта сауалнама жарияланған-ды. Оқып отырып, мен де өз ойымды білдіргенді жөн санадым. 

Иә, осы сауал көзі ашық, көкірегі ояу кез-келген адамның көкейіне сан түрлі ой салатыны сөзсіз.

Ғасырлар бойы ұлан-ғайыр жерімізді білектің күшімен, найзаның ұшымен қорғап келген батырларды, сөз маржанын төгетін небір ақын­дарды, данышпан ірі тұлғаларды тудырған, «Ел – ерімен жақсы» деп дәріптеген қазақ қоғамы үшін ер-азаматтың рөлі қашан да жоғары.

Тарих қойнауына көз жіберсек, алқалы топта сөз бастаған, сұрапыл соғыстарда қол бастаған ержүрек батыр бабаларымыз бір ғана отбасының емес, бүтіндей бір елдің тірегі бола білді. Өз бойындағы ізгі қасиеттерді ұрпақ бойына сіңірді.

Осындай орны бөлек ер-азамат­тарымыздың бүгінгі қоғамда бала тәрбиесінен алшақ кеткені көңілге кірбің ұялатады. Оған дәлел – ер мұға­лімдердің бүгінгі мектеп қабыр­ғасында мүлдем аздығы…

Мұның, әрине, әр түрлі себептері бар. Менің ойымша, мұның бір себебі, қазіргі ата-ана отбасындағы қыздарын көбінесе мұғалім, дәрігер мамандығына оқытады да, ұлдарын басқа мамандыққа жібереді. Себебі, қыз бала қай жаққа тұрмысқа шықса да, барлық жерде мектеп бар, емхана бар, яғни жұмыс бар деп топшы­лайды.

Екіншіден, бүгінгі жаһандану дәуіріндегі білім жүйесіне еніп жат­қан жиі-жиі өзгерістер, мек­тептегі қағазбастылық ер жігіттері­міздің ұстаздықты таңдауға  деген құлшы­нысын бәсеңдетеді. Өйткені, ер адамның жаратылысы ұсақ-түйек, керекті-керексіз нәрселерге аралас­қаннан гөрі, кесек, келелі істерді орындауға қабілетті.

Осыны ескере келе, білім жүйе­сіндегі кем-кетікті реттей отырып, мектепке ер мұғалімдерді тартудың жаңаша жобасын қарастырса, қоғам үшін де, ұрпақ тәрбиесі үшін де маңызды мәселе тетігін табар еді.

 

Гүлзат ҚҰТМАНБЕТОВА,

А.Байтұрсынов атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *