ЕР МҰҒАЛІМ

Нұржамал ӘЛІШЕВА

Барлық мамандықтың өзіндік қиындығы бар екені рас, бірақ мұғалім болу бәрінен де қиын. Өйткені ол адам тағдырына жауапты.
Мақаламыздың тақырыбын ер мұғалім деп қоюымыздың себебін түсінген боларсыз. Қазіргі таңда еліміздегі мектептерде сабақ беріп жүрген ер ұстаздардың саны 20 пайызға жетер-жетпес екен. Бардың өзі дене шынықтыру пәнінен әрі аспайды. Ал бұл азшылықтың мектептегі бала тәрбиесіне тікелей әсері бар.
Біздің оқушы кезімізде мектеп директорлары да, орынбасарлары да тек ағайлар болатын. Білім ордасының ұзын дәлізінде келе жатқанда, сонадайдан көрінген сол директор, завучтардың алдында етек-жеңімізді жинап, ұл да, қыз да дереу бойымызды тіктеп алатынбыз. Бізге олардың тіп-тік жүрісінің өзі кәдімгідей сес әрі тәрбие болатын.
Мен бүгін мереке қарсаңында ер ұстазбен сұхбаттастым. Ол – Медет ҚАСЫМБАЕВ. Бөлтірік Атыханұлы атындағы №36 гимназия директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Магистр. «Алматының жыл мұғалімі – 2019» байқауының жеңімпазы, ҚР Білім беру саласының үздігі.

– Медет Иманбекұлы, мерекеңізбен! Дәстүрлі сұрақ: ұстаздықты таңдауыңызға кімнің ықпалы болды?

– Рахмет! Менің мұғалім болуыма анам Сара Құдиярбекова ықпал етті. Ол кісі мектепте 40 жыл ұстаз болды, француз тілінен сабақ берді. Анамды үлгі тұттым.

– Өзіңіз де бала, оқушы болдыңыз. Сабақтан кешігіп немесе еркелік, бұзықтық жасаған сәттеріңіз болған шығар?

– Иә, бәріміз де бала болдық. Бірақ анам мұғалім болғандықтан, әке-шешеме жаман сөз келтірмес үшін аса бір бұзықтық жасаған жерім жоқ. Дегенмен, балалық не істетпейді, өзіме қиындау тиетін кейбір пәндерде «бүгін сабақ болмаса екен, ағай, апай ауырып келмей қалса, шіркін» деп армандайтынмын. Сосын мектеп үйге жақын болғасын «қазір-ақ жетіп бара саламын ғой» деп жиі кешігіп жүретінмін. Қазір кей-кейде есіме алып қоятыным бар, өзіміздің шәкірттеріміз де сабақтан зеріккен, шаршаған кезде бізді келмей қалса ғой деп ойлай ма екен деп (күледі).

– Сабаққа ынтасы жоқ, тыңдамайды деген сотқар баланың өзін қалай бері бұруға болады, ерекше бір әдіс-тәсіліңіз бар ма?

– Шәкіртті тыңдата білу – мұғалімнің шеберлігіне байланысты. Бүгінгі бала сіз бен біздің кезіміздегідей бала емес, олардың психологиясы мүлдем бөлек. Қазіргі баламен бұрынғы авторитарлы стильмен емес, гуманды әдіспен, өздерінің тілінде, олармен тең дәрежеде, дос тұтып сөйлесу керек. Сонда жақсы нәтиже болады деп ойлаймын.

– Балалардың мектепті сағынып жүргені айдан анық. Онлайн-сабақ балаға толыққанды білім бере алмас, әлде бәрі пән мұғаліміне байланысты ма?

– Әр нәрсе өзінің сәнімен екен, қазір мектептер баласыз, қаңырап қалған ғимаратқа айналды. Оқушылар мектеп пен мұғалімін, ал ұстаздар шәкірттерін сағынып жүр. Иә, онлайн-сабақтар толыққанды білім бере алмайды. Дегенмен, мұғалімдердің бүгінгі пандемия жағдайындағы жанкешті еңбектерін ерекше атап өткім келеді. Жанкешті болатын себебі, олардың бәрі өз мамандығын құрмет тұтатындар. Олар білім саласын ақсатып алмау үшін шамалары келгенше тырысып бағып жатыр. Ата-аналар да ұстаз қауымының еңбегін енді түсініп, бағалап жатқандай. Өздеріңіз де көріп жүрген боларсыздар, бұл орайда әлеуметтік желілерде әзіл-шыны аралас көптеген бейнежазба да тарап жүр. Мәселен, әке-шешенің өзінің үйдегі бір-екі баласының күнделікті сабағына бас-көз бола алмай жатқан жағдайлары аз емес. Ал бір мұғалім отыз балаға ие болып, қалайда сол шәкірттерінің санасына сәуле түсіріп, білім дәнін сеуіп, көктетіп, көгертіп шығарсам деп жанталасады. Ол біреудің баласының ертеңі үшін жауапты. Сондықтан мұғалімнің орны тақтан биік деп білемін.
Қазір ақпараттық технологияның қарыштап дамыған уақыты. Әріптестерімнің бәрі, тіпті, егде жастағы ұстаздардың өзі небір интернет платформаларды меңгеріп алған, құлағында ойнайды. Мектептегідей болмаса да, сол платформалар арқылы баламен жақын қарым-қатынас орнатып, шама-шарқынша білім беріп жатыр.
Біз әлі-ақ мектепке ораламыз.

– Шәкіртіңізден алған ең ұмытылмас сыйлығыңыз?

– Барлық ұстаз үшін шәкіртінен алған ең үлкен сыйлығы – сол оқушыларының небір білім додаларынан жүлделі оралуы ғой. Мен де шәкірттерімді жарыстарға, ғылыми жобаларға жиі дайындаймын. Көбіне жүлделі оралып жатады. Былтыр 11-сыныпты шығардым, сондағы біраз балам үлкен орындар алып келді. Сондағы қуанышты сәттерді сөзбен өрнектеп жеткізу мүмкін емес. Ол бір тамаша, алтынның да құны жетпес сәулелі сәттер ғой.

– Мұғалім беделі түсіп кетті деген пікірлер жиі айтылады, келісесіз бе?

– Бұрын үлкендер қол­да­ры­на су құйған жас балаға «Мұғалім бол!» деп бата беретін болған. Анам айтқан бір әңгіме де әлі есімде. Бір үлкен кісі басындағы қалпағын шешіп алып, аспанға лақтырып, балаша қуанып, елден сүйінші сұрап жүр дейді, «ұлым келін әкелді, келінім мұғалім екен» деп. Ол уақыттағы үлкендердің түсінігінде мұғалім ең қадірлі мамандық болатын.
Ең алғаш нарық заманы келіп, өмірімізді дағдарыстың дауылы шарпыған тұста, сананы тұрмыс билеп, білімді, дипломды деген көп адам күнкөрістің қамын күйттеп кетті. Одан осы саланың табысы көп болады деген ұғыммен алғашқы орынға қаржыгер, прокурор мамандықтары шығып кетті. Сол кезде мұғалім беделінің төмендей бастағаны рас. Осыдан он-он бес жыл бұрын мектепке келгенімде, таныстарымның арасында «мұғалімдікпен қайтіп жан бағып жүрсің» дегендер де болды. Әрине, күнделікті өмірде небір қиындық бастан өтті. Бірақ мен өзгелерді емес, жүрегімді тыңдадым. Жаным қалаған мамандыққа қол сілтеп кете алмадым. Сабыр мен төзімді серік еттім.

– Демек, мектептерде ер мұғалімдердің күрт азаюы да осы күнкөріс қамының әсерінен дейсіз ғой?

– Иә, солай ойлаймын. Бұл өзі шын мәнінде өзекті мәселе. Ер адам – отбасы тірегі, асыраушысы болғандықтан, сол кезеңдерде көп танысым мұғалімнің мардымсыз жалақысына қарап отыра алмайтынын біліп, базарға, сауда-саттықпен айналысуға, құрылысқа кетті. Оның үстіне ұстаздарға қойылатын талаппен бірге оларға міндеттелетін қосалқы жұмыстар да мөлшерсіз көп еді. Қағаз толтыру­дан қа­житын мұғалімнің күнде­лікті сабаққа дайындалуға да мұр­шасы болмайтын.
Ер-жігіт отбасын асырау қамымен түзге кеткенде, үйдегі тәрбие толайым әйелдердің мойнында. Жасыратыны жоқ, бүгінде жалғызбасты ананың тәрбиесіне қарап қалған жасөспірімдер де көп. Үйде де әйел адам, мектепте де әйел мұғалім. Нәтижесінде соңғы кезде болмысы болбыр, қимылы сылбыр, қыз мінезді ұлдар көбейіп барады. Бұл кемшілік ертең алдан шығатындығы дау­сыз. Осы үшін алаңдаймын.
Қазіргі таңда баршаға мәлім, «Педагог мәртебесі туралы» Заң қабылданды. Мұғалімнің мерейін өсіру мақсатында Білім және ғылым министрлігінің тарапынан біздің салаға тың өзгерістер енгізіліп жатыр. Ұстаздардың жалақысы біршама көтерілді. Бұрынғы қосымша жүктемелер қысқартылды. Педагогика мамандығында оқып жатқан студенттердің стипендиясы 42 мың теңгеге өсетін болды. Осындай қадамдардың бәрі бұрынғы ол­қылықтардың орнын толтырады деп ойлаймын. Қазірдің өзінде мен білетін мұғалімдік дипломы бар біраз танысым осы салаға қайта келуге талпынып жүр. Бұл деген жақсы ғой. Мен олар үшін қуаныштымын.
Мен өмірімнің осы мұғалімдікпен байланысты болғанына шексіз ризамын. Өмірлік жарым да анам және өзім сияқты педагог. Екеумізді табыстырған да сол мұғалімдік мамандық. «Жыл мұғалімі» байқауында танысып, көңіл жарастырдық. Төрт баламыз бар. Арманым – мұғалімдер династиясын құру.

– Бәрекелді, арманыңыз орындалсын! Сіз қазір мектепте ғана емес, «Өрлеуде» де тренер ретінде сабақ өтесіз ғой деймін, яғни әріптестеріңізге?

– Иә, «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасы бойынша, «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Алматы қаласы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін артыру институтының шақыртуымен өзін-өзі тану пәні курсынан дәрістер оқып жүрмін. Өзін-өзі тану – нағыз адам болудың сыры мен қырын үйрететін пән. Шәкәрім айтқандай, «өзіңді өзің танысаң – істің басы». Ұлттық құндылықтарымыздың шегесі аздап босаңқырап тұрған бүгінгідей кезеңде бұл пән бізге керек. Осы пән арқылы балалар өмірде кездесетін түрлі жағдайларда тығырықтан шығар жолды табуды, өз ойын ашық айтуды, көзқарас, пікірлерін дұрыс жеткізіп, өзін де, өзгені де бағалай білуді үйренеді. Осы бағыттағы дәрістерімді тек алматылық әріптестерімнің арасында ғана емес, Ақмола мен Алматы облыстарында да жүргізіп келдім.

– Ән салатын да өнеріңіз бар екен, қандай сәттерде шырқайсыз, жабыққанда, әлде қуанғанда?

– Анам марқұм: «Өнер – ол сенің серігің, өміріңе артықтық етпейді», – деуші еді. Негізі, осындағы П.Чайковский атындағы музыкалық училищені бітіргем. Жабыққан сәттерімде домбырама, гитарама қол созамын. Классикалық әндерді жақсы көремін. Анам әншілігімен де, бүкіл елді аузына қарататын, ұйыта білетін асабалығымен де танымал еді. Бір кіндіктен бес қыз, бір ұлмыз, алтауымыз да домбыра шертеміз. Бұл өнер нағашы жұртымыздан дарыса керек.

– Қазір ұялы телефонсыз күніміз жоқ, ең жиі телефон соғатын (өзіңіз) жақыныңыз кім?

– Осы күнге дейін анама жиі қоңырау шалып тұратынмын. Жұмыстан келе салып, бетінен сүйетінмін, әйтпесе көңілім көншімейтін. Ұстаздар күнінде үйге гүлсіз келмейтінмін. Бүгінде анама деген сағынышым үдей түскендей… Енді әкемнің тілеуін тілеп жүрген жайым бар.

– Иә, солай өмір жалғасып жатыр. Сәттіліктер серігіңіз болсын! Әңгімеңізге рахмет!

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *