Ер-азаматын жоқтатпаған қайран аналар-ай!

Кешегi қанды қырғынды тоқтатып, Жеңiс туын тiккен майдангерлер қата­рында тылда ерен еңбектiң көрiгiн қыз­дырған ата-апала­ры­мыздың да үлесi зор едi. Өйткенi, бар тап­қан-таянғанын аузы­нан жырып, жаумен алысып жатқан жауынгерлерге жiберген бұлардың еңбегiн де нағыз ерлiкке балауға әбден болады.

Бiздiң балалық шағымыз соғыстың ызғарлы жылдарына тап келдi. «Соғыс» деген бiр ауыз сөздi есiме алсам, әлi күнге бойым тiтркенiп сала бередi. Сол қиын шақта бiз екi анамыздың арқасында еште­ңеден тарықпай өстiк. Көз алдымнан кет­пейдi, әкем Ихсанбек Жанмырзаұлы Ұлы Отан соғысына аттан­ғанда анам Хафиза 23 жаста ғана, үйелмелi-сүйел­мелi үш  баласымен қалыпты. Сондай-ақ анамыздың жанында енесi Сафура мен ауру қайнысы Солташ бiрге тұрыпты. Ана­мыз Хафиза табиғатынан қайсар, жiгерлi жан едi. Азаматын қан майданға аттан­дырған соң, құндақтаулы сәбиiн енесiне берiп, өзi мұғалiмдiк қызметке кiрiседi. Бұл ретте ол соғыстың алдында Зайсан қаласындағы педагогикалық училище жанындағы бес айлық мұға­лiмдер курсын бiтiрген болатын.

Бүгiнде ойлап отырсам, анам қандай ақылды, көреген болған.Үйдегi бар билiктi енесiне бергенi – бiр жағы құрметтегенi, бiр жағы ұлдары Әнуарбек пен Ихсанбектi уайымдамай, көңiлi бөлiнсiн дегенi екен ғой. Бiрақ, сұм соғыс адамды қайғыдан ара­шалаған ба? 1943 жылы әкемiз Ихсан­бектiң Белорусь майданында қаза тапқан­дығы туралы «қара қағаз» келдi. Бұл хабар анам мен әжемдi есеңгiретiп тастады. Екеуi де аңырап қалды. Бiрақ, отба­сындағы екi әйел бiр-бiрiнiң көңiлiне қаяу салып, жасыт­пау үшiн көз жастарын бiр-бiрiне көрсетпей, оңашада жылайтын.

Осыдан кейiн анам кө­ңiлiн бекiтiп, жұмысын бұрын­ғыдан бетер құлшына iстедi. Сөйтiп жүрiп педучи­лищенi сырттай бiтiрiп, 1943–1947 жылдары жетiжылдық мектептiң директоры болды. Соғыстан кейiн Зайсан аудандық партия комитетiнде әйелдер бөлiмiн басқарды. Бiрақ, 1958 жылы анам қай­тадан мұғалiмдiкке ауысып, облыс көлемiнде «ұстаздар­дың ұстазы» атанды. Кеуде­сiне жарқыратып «Ленин» ор­денiн және басқа награ­да­ларды тақты. Өкiнiшке қарай, соғыс салған жан және тән жарасынан анам дүниеден ерте, 57жасында кеттi. Бiрақ, ол кiсi елiнiң,  шәкiрттерiнiң жүре­гiнде жатталып қалды. Сондық­тан бо­лар, еңбегi еленiп «Қазақ КСР-не еңбегi сiңген мұғалiм» атанды, Зайсан қаласындағы орта мектепке Хафиза Мұста­фақызының есiмi берiлдi.

Әрине, осындай ана мен әженiң тәрбиесiн көрiп өскен Ихсанбектiң үш баласы жақсы болып өстi. Үлкенi Қазима – Өскемен қаласында бас дәрiгер болып, Қазақ КСР-нiң еңбегi сiңген дәрiгерi атан­ды. Қазiр ол орден-медальдi, Зайсан қала­сының құрметтi азаматы. Ал мен болсам облыстық, орталық партия комитеттерiнде жауапты қызметтер атқарып, «Қазақ КСР-нiң озат мұғалiмi» атандым. Қазiр Қазима екеумiз де дербес зейнеткерлермiз. Сол сияқты бауырымыз Ерлан да құрылысшы мамандығын алып, Шевченко қаласы атқару комитетiнiң басшысы қызметiне дейiн көтерiлдi.

Мiне, осылай соғыс тауқыметiн тартып өскен бiздер жетiлдiк, өстiк-өндiк. Бұл үшiн алдымен анамызға деген алғысымыз шексiз. Сондай-ақ, бiз соғыстан қайтпаған әкемiздi көп iздедiк, қатты сағындық. Дегенмен, үлкен қызы Қазима, ұлым Руслан үшеумiз 2007 жылы әкемiздi сонау Белоруссияның Витебск облысы Дубро­вино деревнясына iздеп барып, 20 жауын­гердiң аты жазылған мемориалдық кешен­нен «Асанов Ихсанбек» деген жазуды тап­тық. Басына туған жердiң топырағын салып, сондағы ел-жұртқа ас берiп қайттық.

Әрине, соңғы соғыс әлемге үлкен қасiрет әкелдi. Оның iшiнде бiздiң қазақ майданға кiлең өрiмдей жас жiгiттерiн аттандырып, оның көбiнiң сүйегi жат жерде қалды. Сондықтан да, ендiгi жерде жетiм бала, жесiр ана ешқашан да болма­сын деп тiлеймiз. Соғыстың аты өшсiн. Елiмiз тыныштықта, бейбiт өмiрде өсiп-өркендей берсiн!

Фарбиза АСАНОВА,

Республикалық дәрежедегi

дербес зейнеткер

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *