Енді 1,2 млн. теңге жарнаға пәтер алуға болады

Таяуда «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова алдағы айда көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға арналған жаңа тұрғын үй бағдарламасы іске қосылатынын айтты. Жаңадан енгізілген бағдарлама бойынша 12 млн. теңгенің пәтерін алу үшін 1,2 млн. теңгедей алғашқы жарна салса жетіп жатыр.

Сондай-ақ, онда Ләззат Ибрагимова Қазақстан Тұңғыш Президентінің 5 әлеу­меттік бастамасының іске асырылуын бақылау жөніндегі қоғамдық кеңес отырысында «Қоғамдық кеңесте мамыр­дың соңында іске қосылатын жаңа бағдарла­маны талқыға салатын боламыз. Атап өтетіні, ол көпбалалы отбасыларды баспа­на­мен қамтамасыз етуге бағытталған. Оған кем дегенде 4 баласы бар отбасылар, мүмкіндігі шектеулі баланы тәрбиелеп отырған азаматтар және толық емес отбасылар мен жалғызбасты аналар қатыса алады», – дей келе, бұл бағдар­ламамен  пәтерді 19 жылға 2 пайыз ипотекамен алуға болатынын айтқан болатын.

«Мұндағы табыс орташа болу керек. Мысалы, 12 млн. теңге көлеміндегі зайым­ды алу үшін отбасының барлық мүшесіне шаққандағы  табыстың  орташа  мөл­шері 88 450 мың теңге болуы шарт. Нәти­жесінде  алғашқы 8 жылда олар ай сайын 60 мың теңге, кейінгі 11 жылда 44 мың теңгедей төлем төлейді. Бұл ретте аталған бағдар­лама аясында жаңа және бұрын пайда­лануға берілген баспананы сатып алуға мүмкіндік беріледі», – деп атап өткен еді басқарма төрайымы.

Осыдан әрі ол өз сөзінде «Бағдарлама бойынша пәтер бағасы Астана, Алматы қалаларында 15 млн. теңге, облыс орта­лық­тарында 10 млн. теңгені құрайды. Әрине, елдегі көпбалалы және тұрмысы төмен отбасылар осы бағдарламаны тағат­сыздана күтіп отыр. Өйткені, бағдарлама­ның  жылдық пайыздық мөл­шері айтар­лықтай төмен және бар болғаны 2 пайызды ғана құрайды», – дей келе, бұл бағдарла­маны жүзеге асыру үшін мемле­кеттен 50 млрд. теңге бөлінетінін атап көр­сетті. Осылай елдегі 6 мың отбасыны баспанамен қамта­масыз етіп, олар жалға берілетін үйден өз пәтеріне көшуге мүмкіндік алатынын айтқан еді. Сондай-ақ, ол көпбалалы отбасылар бұл бағдарламаға әкімдіктер берген тұрғын үй сертификаттары бойын­ша қатыса алаты­нын тілге тиек етті.

Л.Ибрагимова өз сөзінің аяғында «Қазір Астана, Алматы, Шымкент қала­лары мен облыс орталықтарының әкімдік­тері тұрғын үй сертификатын беруге ниет таныта бастады. Өйткені, бұл әлеуметтік көмек болып саналады. Сөйтіп, осы арқы­лы елдегі көпбалалы және аз қамтылған отбасылар баспаналы болуға мүмкіндік алатын болады. Осылай 1 млн. теңгенің тұрғын үй серти­фикаттары пәтер алуға ке­зекте тұрған отба­сыларға берілетін болады. Атап өтетіні, бұл бағдарламаның алғашқы жарнасы 10 пайызға дейін төмен­детіліп отыр. Мысалы, 12 млн. теңгенің пәтерін алу үшін 1 млн. 200 мың теңге жарна салса жеткілікті», – деді де, бұл үшін бағдарла­маға қатысқысы келген отбасылар әкім­дікке барып «көпбалалы отбасы», «мүмкін­дігі шектеулі бала асырап отырған» немесе «толық емес отбасы» дәрежесімен пәтер алу кезегінде тұр деген қағаз алуы керек екен.

Әзірлеген – Қ.АЙМАХАН.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *