enbek.kz жұмыс табуды жеңілдетеді

 

«Цифрлы Қазақстан» бағдарла­масын өздерінің қызметтерінде кеңінен пайдалану арқылы  халыққа мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын арттырып келе жатқан басқармалардың қатарында Алматы қала­лық  Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағ­дар­ламалар басқар­масы да бар. Біз  осы басқар­маның бас­шысы Мейіржан Батыр­бекұлы  ОТЫНШИЕВПЕН  халықты жұмыс­пен қамту бағытында қолданылып отыр­ған  сандық технологиялар тиімділігі жөнінде әңгіме­лескен едік.

– Мейіржан Батырбекұлы,   қаламыз­дағы жұмыссыздық ахуалы қалай, екі қолға бір күрек табу күн өткен сайын қиындап бара жатқан жоқ па?

–  Өткен жылдың  осы кезеңімен са­лыс­тырсақ,  биыл қаламыздағы жұмыс­сыздар санының 0,5 мың адамға азайғанын  байқауға  болады. Қазір нақты айтсақ, мегаполистегі жұмыссыздар саны 69,8 мың адамды құрап отыр. Қаламыздағы жұмыс­сыз азаматтарды жұмыспен қамту мақса­тында 2017–2021 жылдарға бағытталған «Еңбек, нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарла­масы қолға алынған. Бұл бағдарлама өздеріңіз білетіндей үш бағытта жүзеге асырылып  отыр.

– Сол үш бағытты тағы да қала тұр­ғын­дарының есіне сала кетсек артық бол­мас, өйткені әлі де болса көп адамдар бұл бағдарламаға көңіл қоймай жүргендерін  байқауға болады.

– Бағдарламадағы басты үш бағыт – кәсіптік және техникалық білім беру, қысқа мерзімді оқыту курстарына жіберу және жаппай кәсіпкерлікті дамытуға қолдау білдірумен қатар, жұмыспен  қамта­масыз  етуді қамтиды.  Осы бағыттарды жүзеге асыру арқылы биыл  Алматы қаласы бойын­ша 32 мың адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр.   Бірінші бағыт бойын­ша 1000 адамды қысқа мерзімді оқу курстарына жіберу жоспарланған болса, қазіргі күнге дейін 513 адам  қысқа мерзімді кәсіптік  оқулардан өтіп, өздері қалаған мамандықтарын игеріп шықты. Ал енді екінші бағыт ойынша биыл 150 жұмыссыз азаматтар мен өзін-өзі жұмыспен қамтып жүрген азаматтарға шағын несие беру қарастырылған болатын,  бүгінгі күнге дейін 119 адамға шағын несие алу бойынша жолдама берілді. Бұл дегеніңіз, осынша адам көптен  ойластырып жүрген өз кәсібін ашуына үлкен мүмкіндік  алды  деген  сөз.  Үшінші, жұмыссыз азаматтарды қоғам­дық жұмысқа тарту,  әлеуметтік жұмыс орын­дарымен қамтамасыз ету және биылғы жылы орта және жоғары оқу орындарын бітірген жас мамандарды жастар тәжірибесі бағдарламасына қатыстыру бағыты бойын­ша жүргізіліп отырған жұмыстары­мыздың  да нәтижелері жаман емес.   Жыл басынан бері Алматы қалалық Жұмыспен қамту орталы­ғына 13 364 адам жұмыссыз ретінде тіркел­cе, оның 5774-і тұрақ­ты жұ­мысқа орналасты. 3022 адам уақытша жұмыспен қамтамасыз етіліп, 511 адам қысқа мерзімді курстарда кәсіп игеруде.

– Мейіржан Батырбекұлы,   қазір  қай мекемеге барсаңыз да электронды қызмет көрсету үрдісі кеңінен қолданылып отыр­ғанын көруге болады. Тіпті, үйден шықпай-ақ ұялы  телефонға жүктелген қосымша­лар арқылы  өзіңізге тиесілі шаруа­лары­ңызды  бір өтініш аясында шешу мүмкіндігі туындап отыр.  Сіз басқарып отырған басқармадағы онлайн қызметті қолдану барысы қалай? Онлайн жүйесі жұмыссыз жүрген азамат­тарымыздың жұмыс іздеу, жұмыс  беруші мекемеге өтініш білдіру мәселелерін оңайлатуға жәрдемі тиіп отыр ма?

–  Қазіргі уақытта халыққа қызмет көрсетудің сан түрлі саласы заманға сай технология құралдарының  көмегіне жүгініп, қолжетімділік деңгейі артып келеді. Елбасы өзінің «Төртінші өнеркә­сіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауының  «Тиімді мемлекеттік басқару» деп аталатын 8-бағытында мемлекеттік қызмет көрсету салаларында электрондық қызметтерді дамытуға басымдық берген болатын. Қызмет көрсетудің электронды жүйесін кеңінен қолдану, ең адымен, қызметкерлерді қағазбастылықтан құт­қарса,  жұмыс іздеп жүрген болмаса өзіне тиесілі  әлеуметтік сала бойынша тиесілі жәрдем­ақылардың тағайындалуы, оны алу жолдары жеңілдеп келеді. Онлайн тіркелу бір жүйеге түсті. Жоғарыда өзіңіз айтқан­дай, әр мекеменің табалдырығын тозды­рып, кезек күтіп сарылмай-ақ азаматтар интернет желісі арқылы үйде отырып жұмыс  іздеп,  түйіндемелерін  өзі қалаған  жұмыс беруші мекемеге электронды түрде жіберіп, жауабын да электронды түрде ала алады. Бұрын жұмыссыз жүрген азамат­тарға Алматыдан жұмыс іздеу  үшін міндетті түрде  қалаға, Жұмыспен қамту орталық­тарына келу  міндетті  болса, ал қазір   enbek.kz  порталы арқылы Аты­рауда отырып Алматы қаласынан жұмыс табу­ларына  болады.  Ол үшін  egov.kz азамат­тарға арналған үкі­мет порталына немесе біздің   enbek.kz  пор­талына кірсе болғаны, өзі қалаған жұмысты, өзі қалаған кәсіптік бағдар беретін оқу орындарын, ондағы оқыту мерзімдері мен мамандық түрлері­мен танысуларына болады. Содан соң барып өзіне қолайлы  өңірді таңдап, жұмысқа орналасуларына болады. Қарап отырсаңыз, қандай тиімді, жолға шығын шығармайсыз, өтініш жазуға қағаз жұмса­майсыз, тек үйіңізде интернет желісі, қолыңызда  электронды цифрлы қолтаңба кілті болса болғаны. Біздің нәтижелі жұмыс­пен қамту бағдарламасы бойынша атқарып жатқан жұмыстарымыз туралы ақпарат  Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің веб-сайтында,  Жұ­мыс­пен қамту және әлеуметтік бағдар­ламалар басқармасының және Алматы қалалық әкімдігінің веб-сайтында жария­ланып тұрады. Қазіргі  уақытта Алматыдағы метрополитенде орнатылған 46 мониторда  жұмысқа орналасу, жұмыс іздеу бойынша жасалған бейнеклиптер таратылуда. Сондай-ақ,  вагондарға орнатылған 168 манометр бей­неклипті таратады. Биыл бірінші рет «Жұмыспен қамтудың автожарысы өткі­зіліп, Алматы қалалық Жұмыспен қамту орталығының қызмет­керлері қоғам­дық көліктердің ақпараттық кеңес беру жұмыс­тарын жандандыру арқылы шамамен 4000 адамды қамтыған түсіндіру-ақпараттық жұмыстарын жүргізді.  Бұл атқарып отырған жұмыстарымыздың ашықтығын көрсетсе керек.

– Жұмысымыз  ашық жүргізіледі, қыз­метіміз қолжетімді дейсіз  ғой?

–  Елбасының мемлекеттік қызмет көр­сететін мекемелердің алдына қойып отырған басты талабы да осы ашықтық және қолжетімділікті арттыру болып отырған­дықтан, бұл жұмыстар алдағы уақытта өз жалғасын тауып,   халыққа қызмет көрсету сапасы арта түсетін болады.

Әңгімелескен –

Нұржамал БАЙСАҚАЛ.

 

 

Керек дерек

 

* Әлеуметтік мәртебесі анықталмаған 243,1 мың адамның ішінен 50 мың адамның мәртебесі анықталды.

 

* Алматы қаласының  айналасында  еңбек, нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікке байланысты 40-тан астам ақпарттық жарна орналастырылған.

 

 

 

Жыл басынан бері Алматы қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мен  Жұмыспен қамту орталығы бірлесіп 15 бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізді.

Оған 1593 жұмыс беруші қатысып, 4188 бос жұмыс орындары ұсынылды.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *