ЕЛТІРІДЕН ГҮЛ ЖАСАП ШЫҒАРҒАН ҒАЛЫМ

Әбдірахман Молданазарұлы Омбаев отандық және халықаралық ғылыми ортаға белгілі ғалым, ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, ғылым, техника және білім саласында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан Ауыл шаруашылығы Ғылым академиясының академигі, «Құрмет» орденінің иегері, Ұлыбританияның Кембридж қаласында орналасқан Халықаралық библиографиялық орталық Алтын белгісінің иегері, Моңғол Ауыл шаруашылығы Ғылым академиясының академигі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнертапқышы, Ресей Ғылым академиясының шетелдік мүшесі. Еңбек жолын жарты ғасырға жуық Қазақстанның аграрлық ғылымына, оның ішінде 25 жылы мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институттарын басқаруға, оны ұйымдастыруға бағыттаған екен. Осы жылдың қазан айынан бастап өзі 1966–1971 жылдары білім алған Аграрлық университетте ректордың кеңесшісі әрі мал өнімдерін өндіру технологиясы кафедрасының меңгерушісі қызметін абыроймен атқарып келеді. Отырар және Созақ аудандарының құрметті азаматы.

 

Өтеш ӨТЕУЛІҰЛЫ

 

Әкімдік қызмет Әбекеңдерден басталған

 

Әбекеңнің абырой-даңқына бұрыннан сырттай қанық болсам, Оңтүстік өңірінің шалғайындағы Созақ ауданына әкім болып келген тоқсаныншы жылдардың басында жақын араласудың сәті түсті. Кешегі партия­лық жүйеге арқа сүйеген қоғамдық құрылыс ыдырап, нарықтық жүйеге көшкен, ел абдырап: «Енді не болар екен?» деген күрделі өтпелі қиын кезеңде ауданға жаңадан келген басшыға үлкен үміт артқан, күдікпен де қара­ған жандар да кезікті. Сол кезеңде қырықтың қырқасына шыққан, өз ісіне сергек те, зор жауап­кершілікпен қарайтын, жүзінен әбіржуден гөрі сенім мен жігерліліктің нышаны атойлап тұратын басшының батыл-батыл қадамдары елдің еңсесін көтеріп тастады. Ауданның басшылық тізгінін қолына алған Әбдірахман Омбаев өтпелі қиын кезеңнен елді аман алып шығып, әлеуметтік-экономикалық ахуалын арттыруға, берекелі елдің ынтымақ-бірлігін сақтап қалуға белсене кірісті. Аудан активімен, ардагерлер алқасымен, жұртшылық өкілдері­мен өткізген алғашқы жиындарда жаңа басшы­ны тыңдаған жанның көкірегіне үміт отын тұтататын жігерлі сөздеріне куә болып жүрдім. Негізгі саласы мал шаруашылығы болып саналатын Созақ ауданының жер жағдайы, ел жағдайы бұрыннан етене жақын жандай Әбекең нық сеніммен сөйлейтін. «Бұл аудан мен үшін өте ыстық өңір, менің атаме­кенім, ата-бабаларым осы өлкеде туып-өсіп, ұрпағын өсірген, кешегі атышулы отызыншы жылғы Созақ көтерілісінде ел үшін қанын төгіп, шейіт болып кеткен. Сол зұлмат жыл­дары елін-жерін тастап үдере көшкен елмен бірге өзге елге қоныс аударуға тура келген. Енді міне, араға ұзақ уақыт салып, осы ауданға әкім болып келгенім – Алла Тағаланың маңдайыма жазған бағы болар? Бойымдағы бар қабілетім мен білімімді осы елдің халқы үшін жұмсайтын боламын» деген жүрек түкпірінен шыққан сөзі жұртшылықтың еңсесін көтеріп, жаңа басшыға үлкен сенім артқан еді.

Әбекең ауданға басшылық жасаған жылдары айтқан сөзінде тұрып, уақытпен санаспай еңбек еткеніне ауданда журналист болып қызмет еткен кезімде көзім әбден жетті. Жаңа басшы ешкімді алаламады, жұрттың бәрін тең көрді, үлкенмен де, кішімен де ортақ тіл табыса білді. Сол кездің өзінде респуб­ликаға танымал ғалым өзінің ғылым саласын­дағы білімін ауыл шаруашылығы өндірісімен тығыз ұштастыра білді. Ғалым ғылыми саладан келген басшы ретінде алғашқы әкімдік жүйе енген сәтте тосырқап қалмай бел шеше еңбек ете жүріп, ауыл шаруашылығында тың бастамалар көтерді. Ол кезде ауданның он шаруашылығында жарты миллионға жуық қаракөл қойы, қыруар жылқы мен түйе бар, техникасы да сайма-сай болатын. Өзге өңірлерде жаппай жекешелендіру, талан-тараж басталып жатқан кезде төрт түлік мал мен техника сол күйі сақталып тұрды. Ұзақ жыл елдің маңдай тері, адал еңбегімен жиналған байлық сол елдің игілігіне жұмсалуы керек деген адамгершілік биік мұрат басшы-ғалымның көкейінде берік ұялап қалса керек. Аудандағы бұрынғы басшылық жасап келген жандардың бірін де орнынан босатқан жоқ, осы елдің беделді азаматтары ретінде берік сыйластық қарым-қатынас орнатты.

Аудан басшысы ел жағдайымен жақын танысу үшін ауыл-ауылды аралап, жиі  сапар­лап жүретін. Аудандағы журналист ретінде әкімнің жеңіл көлігіне мінгесіп, талай бірге жүрген, ел аралаған кезіміз де есімде. «Жақсыда жаттық жоқ» дегендей, Әбекең соңғы орынға жайғасып, журналисті алдыңғы орындыққа отырғызып қоятын. Ол кісінің іш тарта сөйлеген сөзі, ауданның хал-жағдайы, кешегісі мен келешегі туралы таратып айтқан әңгімесі көңілімізді көтеріп, баратын ауылымызға қалай тез жеткенімізді білмей қалатынбыз. Келген ауылда жиын өткізіп, елдің мұң-мұқтажын тыңдап, ақсақалдарымен сөйлесіп, біраз мәселені көкейіне түйіп қайтатын. Аудан басшысының елге деген ықыласына ризашы­лық көңілмен қарап, Теріскей өңірінде атқа­рыл­ған игілікті істер, тың бастамалар туралы облыстық және республикалық газет-журнал­дарға үзбей мақалалар жариялап тұрдық. Әбекең Созаққа әкім болған жылдары тын­дыр­ған шаруалары туралы ел халқы арасында жақсы пікір қалыптасты. Ширек ғасыр бойы арнасы кепкен Шу өзенін ауданға алып келуде қандай шаруа тындырғанын өңір халқы жақсы біледі. Күзге салым уақытта бір топ журналист өзеннің қаңсып кепкен арнасымен қайта табыс­қанының куәсі де болған едік. Арнадағы алғаш­қы ағыспен бірге көздері жылт етіп шор­шыған балықтарды көрдік. Аудан басшылары мен өзен арнасы бойындағы ауыл тұрғында­рының қуанышында шек жоқ еді. Ықылым заманнан бері өзен арнасы бойында төрт түлік мал өсірумен айналысып келген  халықтың алды сырт аймақтарға қоныс аудара бастаған кезде өзеннің келуімен бірге жаңа өмір қайта орнады. Ал бұл мәселені шешу оңай болған жоқ. Су шаруашылығы жөніндегі республи­калық комитетке арнайы барып жүріп, қала берді салалық министрдің қасында үш күн бірге жүріп, проблеманың өткір екеніне оның көзін жеткізе білді. 1993 жылы Созаққа Иран­нан көшіп келген қандаста­рымыздың да аудан әкіміне деген алғысы шексіз. Әр отбасына бір қарадан, екі қойдан бөлгізген (114 отбасы) әкім қауырт жұмыстан қолы қалай қалт етсе, солай оралмандардың отбасыларына барып, жағдай­ды өз ауыздары­нан естіп қайтатын. Әбекең ауданға басшылық жасаған екінші жылы қыс ерекше қатты болып, қалың қар басып қалды. Үскірік сары аяз тұрып, жолдар жабылып, елдің бір-бірімен қатынауы қиындап кетті. Аудан басшылығы елдің маңдай терімен өсіріл­ген қоғамдық малды қиын қыстан аман алып шығудың жолын іздеп, сырттан қосымша жем-шөп жеткізу мәселесін облыс басшылары мен Ауыл шаруа­шылығы министрлігі мен Үкіметтің алдына қойып, көмек қолын созуды өтінді. Соның нәтижесінде ауданға темір жолмен жүк вагондарына артылған жем келе бастады. Бірақ бұл кезде ауысып келген облыс басшысы аудан әкімдерін жаңадан тағайындап, Әбдірахман ағамызға бұрынғы ғылым саласына қайта оралуына тура келді.

 

Шәмшінің ауылына

қақпа тұрғызған

 

Профессор Әбдірахман Молданазарұлы Омбаев 1949 жылы 1 қаңтарда Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан) облысы, Отырар ауданы, Қарақоңыр (қазіргі Шәмші Қалдая­қов) ауылында дүниеге келген. Ауыл мектебін бітіріп, балалық бал дәурені осы ауылда өткен. Туып-өскен ауылын құрмет тұтқан көрнекті ғалым Әбекең Қарақоңыр ауылының атын кіндік қаны тамған Шәмшінің атымен атау жөнінде мәселе көтеріп, тиісті орындардың есігін қаққан бастамашыл топтың жетекшісі болды. Шағын ауылда үш бірдей Қарақоңыр атауы – ауылдық әкімшілік, станса және ауыл болған. 2005 жылы Әбекең отбасы қаржысы есебінен ауылдың кіреберіс жолына үлкен етіп қақпа жасатты. Қақпа жобасын «Астанақала­жобалау» мекемесіне қазақтың киіз үйі үлгісін­де жасатты. Ауылдың бұрынғы Қоңыр атын ескеріп, қос қапталындағы бағанасын қоңыр түсте бейнелетті. Уықтың ортасына шаңырақ орнатылып, қақпаның оң жағына Шәмшінің бейнесі, екінші жағына нотаның суреті салынды. Ауылға қақпадан келіп кірген әрбір жолаушы бұл ауылда даңқты сазгердің дүниеге келгенін бірден сезінер еді. Әбдірахман ағамыз «Қарабура әулие» қоғамдық қорының прези­денті ретінде де көптеген имандылық шарала­рының атқарылуына ұйытқы болып жүрген азамат. 1997 жылы 13-14 маусымда Созақтағы Қарабура әулие кесенесінің жаңартылуына орай берілген ұлан-асыр асқа еліміздің барлық өңірлерінен, көрші республикаларынан 42 мыңға тарта адам жиналып, халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияны академик Әбдірахман Омбаев басқарып, кесенені тұр­ғыз­ған кәсіпкер азамат Құрал Ержановпен, елге сыйлы Сексенбай Тұрысбековпен тізе қоса отырып, үлкен шараны кең көлемде абы­рой­мен өткізгенінің куәсі болған едім. Әбекең маз­мұнды баяндама жасап, тарихи тұлғалар әулие-әмбиелердің өтпелі қиын кезеңде ел бірлігі мен ынтымағын сақтау мақсатында иман­­дылыққа үндеудегі мән-мағынасына кеңі­нен тоқталған еді. Содан бергі уақытта Әбдірах­ман Омбаев еліміздегі иман­дылық шараларына қатысып, тағылымдық істердің басы-қасында келеді.

 

Ғылымға тағдыры

мықтап телінген

 

Профессор Ә.Омбаев республикалық көптеген ғылыми-зерттеулер мен жобаларға қатысты. Ә.Омбаевтың мал шаруашылығын­дағы білікті ғалым және іскер ұйымдастырушы ретінде осы саланы дамытуға да сіңірген еңбегі зор. Оның ғылыми жұмысының маңыздылығы мынада: автор қаракөл қойы козысының ене жатырында пайда болған уақытынан бастап, туылғанға дейінгі өсіп-жетілу кезеңін толы­ғымен зерттеп, ондағы биологиялық занды­лықты тұжырымдап, қаракөл елтірісінің құнды түрлері мен сорттарының пайда болу мерзімін анықтады, қаракөлше елтірісін өндіру техно­ло­гиясын жан-жақты зерттеді. Оның жетек­шілігімен және өзінің тікелей қатысуымен дүние жүзінде алғашқы болып ақ түсті қара­көлше өндіру тәсілі ғылыми тұрғыда дәлелденіп, оған тұңғыш рет сипаттама берілді.

Қаракөл шаруашылығындағы мәселелерді жан-жақты талдауға деген ынта оны және оның аспиранттарын осы саладағы ғылым бағыттары бойынша терең зерттеулер жүргі­зу­дің мүмкіндігін іздеуге итермеледі. Оның қаракөл қойлары төлінің құрсақта даму заңды­лықтарын айқындауға бағытталған зерттеулері үлкен теориялық және практикалық қызығу­шылық тудырып, оның негізінде қаракөл елтірілерінің қалыптасу және елтірінің түзілу заңдылықтары анықталды. Әр түрлі елтірілік типті және әр түр-түсті жарамсыздыққа шыға­рылған саулықтарды союдың нақты мерзімі анықталды. Тәжірибелік және өндірістік жағдайда биязы жүнді қой тұқымы саулық­тарынан жоғары сапалы қаракөлше елтірісін алудың мүмкіншілігі теориялық негізде дәлелденіп, оның нәтижесінде дүние жүзілік практикада алғашқы рет ақ түсті қаракөлше елтірісін алудың тәсілі жасалынды. «Совер­шен­но секретно» газетінің 2002 жылғы №1 нөміріндегі «Жаралы арыстан» атты мақалада дүние жүзінің және олимпиада жеңімпазы Светлана Мастеркова Монто-Карлодағы жеңіл атлетика жұлдыздарының жылдағы кездесуіне қатысушыларын ақ барыс елтірісімен жағасы қапталған ақ қаракөлшеден тігілген мантосы­мен таң қалдырды, тіпті Монако ханзадасы оны өзі отырған стол басына шақырды дейді. Ұлы спортшының үстіндегі керемет киімі осылайша ерекше әсер қалдырды», — деп қорытады журна­­лист Владимир Саливан. Ал профессор Ә.Ом­баев сол ақ қаракөлшенің авторы болатын.

Зейнеткерлікке шыққаннан соң еліміздегі ең ірі, әрі осы саладағы үйлестіруші мекеме – Қазақ мал шаруашылығы және мал азығы өндірісі ғылыми-зерттеу институтын басқару­дың жүктелуі, оған деген Қазақстан Респуб­ликасы Ауыл шаруашылығы министрлігі басшылығының сенім білдіруінде де негіз бар болатын. Өйткені, 2011 жылдан бастап елімізде мал шаруашылығын өркендету бағытында төрт-бес мемлекеттік бағдарламалар қабылда­нып, оны іске асыру көзделген. Ал оларды іс жүзіне асыруда ғылыми мекемелердің, ғалым­дардың орны, қосар үлесі қомақты. Міне, осы кезеңде ірі ғылыми мекемені басқару ғылымда да, өндірісте де, шаруаны да жетік білетін іскер басшы ретінде Әбдірахман Молданазарұлына 2012 жылдың 4 қаңтарынан бастап жүктелді. Ол өз қызметін аса жауапкершілікпен атқара отырып, 2015 жылдан бастап елімізде Жоғарғы ғылыми-техникалық комиссияның шешімімен қабылдан­ған мал шаруашылығы және мал азығы өндірісі салалары бағытындағы «Мал шаруашылығы салаларында селекциялық-генетикалық үдерісті тұрақты басқару», «Мал шаруашылығын қарқынды дамыту техноло­гиясы», «Жасыл» ауылшаруашылығы қағида­ларына сүйене отыра егістік жем-шөп өндіруді дамыту негізінде тұрақты мал азығын қорын жасақтау» бағдар­ламалары оның басшылы­ғымен жасақталынып, оны іс жүзіне асыру мақсатында Институт 22 ғылыми мекемелерді үйлестіруші, әрі қаржы­ландырушы жетекші мекемеге айналдырылды. Бұл Қазақ мал шаруашылығы және мал азығы ғылыми-зерттеу институтының 83 жылдық тарихи жолында ешуақытта болмаған шешім еді.

 

«Сендей сұлуды

кезіктірген емеспін!»

Әбекең Қазақ ұлттық Қыздар педаго­ги­калық Физика-математика факультетінің түлегі Ділара Қажыбекқызымен 1971 жылы шаңырақ құрды. Сол жылдың наурыз айында Алматының Көкбазарына барғанда бір грузин әйелі: «Сендей сұлу қызды осы уақытқа дейін еш жерде кездестірген емеспін. Мына қасың­дағы жігіт бақытты екен» деп соңдарынан біраз еріп жүрген екен. Сол ару жеңгеміз Шымкент­тегі №12 мектеп-интернатта пионер вожатый болып еңбек жолын бастап, бүкіл ғұмырын бала тәрбиесіне арнаған жоғары санатты ұстаз. Асыл жар, ардақты ана Әбекеңнің ғылыми жұмыспен алаңсыз айналысуына жағдай жасап келеді. Ұлдары Асқар әке жолымен Алматы зоотех­ни­калық-малдәрігерлік институтын қызыл дипломмен бітіріп, ауыл шаруашылығы ғылы­мының кандидаты атанған. Ұзақ жыл бизнес­пен айналысып, қазіргі кезде қаладағы авто­парк директоры. Келіншегі Гүлшат – дәрігер. Бектөре де Тараз қаласында проку­ратурада еңбек етеді. Немерелері – Бибі Мариям сту­дент, Әбдінұр мен Әбілқайыр мектепте оқиды. Қыздары Гүлназ – филология ғылымының кандидаты, доцент, түрколог, күйеубалалары Исмайыл Тоқбер­генов – физика-математика ғылымының кандидаты, С.Сейфуллин атын­дағы Қазақ аграрлық техникалық университетінің ғылыми жұмыстар жөніндегі проректоры. Немерелері – Әйгерім мен Айда­на студент, Абзал мектепте оқиды. Елі үшін аянбай еңбек еткен ерлі-зайыпты азаматтар – Әбекең мен Ділара бір кездері махаббат сезім­дері оянған әсем қала – Алматы қаласында бақытты ғұмыр кешіп жатқан жайлары бар.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *