ЕЛОРДАНЫҢ ЕҢСЕЛІ ЕСКЕРТКІШТЕРІ

Бүгінгі Нұр-Сұлтан – ұлттық руханиятымыздың, Ұлы Дала елі құндылықтарының жауһарына, қазақ бейнелеу өнерінің орталығына айналып келеді

Биылғы маусым айында «Нұр-Сұлтан қаласында  аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Тәшеновке  ескерткіш  қойылады екен» деген ақжолтай хабар жетті! Қош көрдік. Көңілімізге  қуаныш ұялады. Бұл мәселе талайдан бері  қозғалып келе жатқан әңгіме еді.

Жұмабек Тәшеновтің батылдығы мен қайсарлығының арқасында кезінде таласқа түскен Қазақстанның солтүстік өңірі мәңгілікке Қазақ КСР құрамында қал­ға­нын білеміз.  Бұл туралы «Алматы ақшамы» газетінде де кезінде   бірқатар мақа­лалар жарық көрді. Солардың сүйек­тісі – «Мемлекетшіл» атты жаияланымда  «…Егер Жұмабек Тәшенов кезінде Орталыққа тойтарыс жасап, Сарыарқаның бес облысын сақтап қалмағанда, 565,4 мың шаршы шақырым немесе республика­мыздың бестен бір бөлігінен айырылып қалғандай екенбіз. Бұл бес облыстың айма­ғында сол тұста 3,5 миллиондай халық тұратын. Ұлт үшін жанын пида еткен қайраткердің патриоттығы, батылдығы оны қорғай алмады. Халық пен туған жер үшін қыруар еңбек еткен тұлғаны біз тез ұмыттық, көзі тірісінде ескермедік. Кезінде басын бәйгеге тігіп, қызметін тәрк еткен, сөйтіп, Маңғыстау түбегін Түркіменстанға беруге қарсылық танытқан Жұмабек Тәшеновке осынау бай өлкеде бір ескерт­кіш бар ма, көше аты берілген бе? Жоқ, таппайсың!.. Ел анасы – туған жер, ер анасы – туған ел үшін аянбаған қайраткер Жұмабек Тәшенов туралы ойымыз осын­дай еді. Ол – еліміздің Ары, Ожданы бола білді. Сол Ар-Ожданы алдында адалдық танытып өтті» деген өзекті өртер өкініш те бар еді.

Қазақ хандығының негізін қалаушы ұлы тарихи тұлғалар – Керей мен Жәнібек хандар ескерткіші ҚР Тұңғыш Президенті мұражайы ауласындағы саябақта орналасқан.

Кеңестер Одағының  айбатты шағында, Кремль  билігінің  саясаты қазақ жерін бөлшектеуге бағытталған  қатерлі кезде  Хрущевпен қайсарлықпен  алысып, Қазақ Елінің тұтастығын сақтап қалған, жүрегі ұлтым деп соққан  халқымыздың біртуар батыр перзентінің  туғанына жүз жыл толуына орай, оның есімін мәңгі ұлықтау мақ­сатында, жергілікті  әуежайға, мек­тепке, қала ішіндегі бір ауданға  атын беру туралы мәселе бұған дейін де талай рет көтеріліп келсе де, бұл мәселе оң шешімін таппады. «Жастар» театрын Тәшеновтің атымен атау жайлы қозғалған әңгіме де аяқсыз қалған.

Нұр-Сұлтан қаласында Абай және Бейбітшілік көшелерінің қиылысында,
2010 жылы Қазақ әдеби тілінің негізін қалаған, композитор, аудармашы, ұлы ақын Абай Құнанбайұлының еңселі ескерткіші ашылды. Абай мүсінінің биіктігі – 7,5 метр. Ескерткіш 7 метрлік тұғырда тұр.
Жоба авторы – алматылық мүсінші Болат Досжанов.

Енді міне,  ақжолтай жаңалық бәрімізді бір серпілтті. Келер жылы Жұмабек Тәше­новтің туғанына  105 жыл толады. Міне, осынау  маңызды дата қарсаңында елорда­мыздағы оның  аты берілген көше бойында (көшенің ұзындығы – 2617 метр)  ескерткіші бой көтеретіні жақсы жаңалық болды.  БАҚ көздері мен әлеуметтік желілердегі ақпараттарға сүйенсек, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Кәрібай Мұсырман қала әкімдігіне жазған хатына осындай жауап алған екен. Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Каналимов қайраткер  тұлғаның  ескерткішін орнатуға жер телімі мен қаржы көздері қарасты­рылып жатқандығын айтыпты. Демек,  сең қозғалды деген сөз. Енді нақты іске көшу қалды…

Әлемге зер салсақ, әр  мемлекеттің  діңгегін бекемдейтін, болмысын  бедер­лейтін, тарихын  ұлықтап, қадір-қасиетін айшықтап, басқалардан  ерекшелейтін ескерткіш-құндылықтары бар.  Мәселен, көркімен таңдай қақтыратын Үндістандағы әйгілі Тәж-Махалды,  атақты Мысыр пира­мидасын, АҚШ-тағы  Азаттық мүсінін, Франциядағы «Эйфель» мұнарасын, қуатты Қытай қорғаны мен  әлемнің жеті кереметі саналатын Александрия мұнарасын кім білмейді!

Біздің ғаламшардың  алпауыт елдерімен терезесін теңестіріп отырған  Қазақ Елінің  осындай жарқын  бойтұмары – Нұр-Сұлтан қаласында да осындай ұлық  ғима­раттар мен   еңселі ескерткіштер көші бой түзеп келеді.

Елордада Есілдің оң жақ бөлігінде өлең сөздің дүлдүлі, жырау, қазақ халық поэзиясының әйгілі тұлғасы Жамбыл Жабаевтың ескерткіші
(Жұмабек Тәшенов және Амман көшелерінің қиылысындағы Жамбыл саябағында) орналасқан.

Мемлекетіміздің астанасындағы  елдігі­міздің  символына айналған  «Бәйтерек» пен   «Қазақ елі» монументтері, «Мәңгілік ел» салтанат қақпасы бүгінде әр қазақ қана емес, шет елден келген  әрбір мейман  мақсатты түрде іздеп келер  құндылықтар сапында  саналады.  Бұлар, ең алдымен,  ұрпақтар үндестігін ұлықтап, Мәңгілік Елге қарай  бағдар берер  құндылықтар. Бұлар көне тарих қатпарларында  халқымыз  бастан кешкен небір аумалы-төкпелі замандарды, Тәуелсіздігімізді тұғырлат­қалы бері  қол жеткізген жетістіктерімізді сипаттайтын  тағылымды  кешенді елесте­теді. Монументтің биіктігі – 91 метр, ол  1991 жылы Тәуелсіздікті еншілегеніміздің айғағы.  Күн мен  қанат жайған самұрық құс – Қазақ Елінің  келешегінің жарқын да қуатты  болатынының нышаны. Стел­ланың аумағында   орналастырылған «Халық және тұңғыш Президент», «Қаһар­мандық», «Жасампаздық» және «Болашақ» деп аталатын төрт қола барельефтердің  әрқайсысының  өз  жүгі, өз сыр-сипаты  бар.  Еліміздің тәуелсіздігінің 20 жылдығы аясында  асқақ рухты бейнелей  бой көтер­ген  салтанат қақпасының биіктігі де – 20 метр.  Қақпаның сол жағында халқымыз­дың  даналығының символы, әрі  рухания­тының  өлшемі болған, қазақы болмысы ұлттық киімінен бірден аңғарылатын   «Ақ­сақал» мүсіні орналасқан. Ал ескерт­кіштің  сол жағындағы  «Әйел-Ана» мүсіні  «Отан-Ананы», «Жер-Ананы» бейне­лейді. «Мәңгілік ел» жазуы  – мемлекет пен ұлттың уақытқа тәуелсіз киелі қорғаны. Қақпа қабырғалары күрделі ұлттық өрнектер­мен безендірілген, сәулет өнеріндегі «Тайқазан»  –  берекелі шаңырақтағы  молшылық  пен тоқшылықты, қазақ елінің қонақжай пейілін айғақтайды. «Отан-Ана» монументі  – мемлекетімізде  тұратын барлық халықтардың татулығын, бауыр­малдығын, қайсарлығы мен батырлығын ұлықтайтын 40 метрлік стелла. 101 масақ­тан тұратын стеллада  жанып тұрған  мәңгілік алаудың да зерделей білген адамға символикалық мәні зор.

Атақты күйші-композитор, ұлттық аспапты музыка өнерінің классигі Құрманғазы Сағырбайұлының ескерткіші Астананың Тұран даңғылы бойындағы «Думан» қонақүйінің ауласында орналасқан.

Тәуелсіздігімізге қол жеткізген  осынау  отыз жылға жуық уақыт ішінде елорда­мызда  елуден астам өнер туындысы бой көтеріпті. Астанамыздың  соңғы ширек ғасыр­лық тарихына үңілсек, ұлттық тари­хы­мыз бен тағылымды тәуелсіздігіміздің әр күнін, әр сәтін бейнелейтін  ескерт­кіштерден ұлттық болмысымызды бағам­даймыз. Елорда төрінде жылдан-жылға  ұлттық реңк пен нақыштан  өрілген  еңселі ескерткіштердің еселеніп келе жатқаны қуантады.  Статистикаға  жүгінсек, ел астанасында ғана мемлекеттік тізімге енген республикалық және жергілікті маңызы бар ескерткіштер саны елуге, тарихи-мәдени құндылығы зерделенген нысандар қырыққа тақапты. Оннан аса археоло­гиялық ескерткіштер де бар екен.

Әнші, ақын, композитор Жаяу Мұса Байжанұлына арналған ескерткіш Абай көшесінің бойында, ҚР Тұңғыш Президенті музейінің сол жақ қанатында орналасқан.

Сонау жиырмасыншы ғасырдың тоқса­ныншы жылдарында, Кеңестер Одағы тұсындағы байырғы Ақмола жерінде ұлт тарихына қатысты  жалғыз ғана ескерт­кіштің болғанын біреу білер, біреу білмес. Ол  Сәкен Сейфуллиннің ескерткіші еді.  Сол тұста қалада  одан басқа осы мазмұн-сипатта ұлттық сипаттағы   бірде-бір ескерткіш болған жоқ. Тәуелсіздігіміздің  алғашқы жылдарында еңсесін енді көтере бастаған қазақ халқы үшін  Арқа төрінде  ұлттың ұлы үш биі – Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің монументінің (2001 ж.) ашылуы  маңызы зор тарихи оқиға болды. Сол жылдары  еліміздің баспасөзі мен элек­тронды бұқаралық ақпарат құралдары жаңа астанаға келгендердің  алғашқы қадамдары Үш бидің монументіне тағзым етуден басталатынын  жарыса жазып,  патриоттық рухқа ұласар тамаша  ақжол­тай дәстүрдің қалыптасып келе жатқанын  жеткізген еді. Іле-шала  2002 жылы ұлттық киім киген, қолында домбыра ұстаған жас қазақ қызының бейнесіндегі «Астана» мүсіні ашылды. Ал  2007 жылы қазақтың дара батырларының бірегейі  Қанжығалы Бөгенбайдың  ескерткішімен қауыштық. Елордамыздың 10 жылдық мерейтойына (2008 жыл)  Алматы облысы – ұлы Жамбыл баба  ескерткішін, Жамбыл облысы – Бауыржан Момышұлының ескерткішін, Ақтөбе облысы – Әлия Молдағұлованың мемориалдық кешенін  тарту етті. Ал дүние жүзіне  танымал  мүсінші Даши Намдаков  мерейтойға «Ханшайым» мүсінін сыйға тартты. Суретшінің идеясына үңілсек,  Алматыдағы «Алтын адам» (Сақ жауынгері)   мен  Елордадағы  Ханшайым ұлттық рухани құндылықтардың қорғаушылары сипатында  еліміздің  екі астанасын  байланыстыратын  жоталы діңгек іспетті.

Қазіргі қазақ әдебиетінің негізін салушы, ақын әрі жазушы, мемлекет және қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллиннің мұражайы мен ескерткіші Сәкен Сейфуллин даңғылы бойында орналасқан.

2009 жылы Қазақстан мен Түркия  елдері арасындағы айнымас татулықтың айғағы ретінде  Елорда төрінде  Түркия мемлекетінің тұңғыш Президенті, атақты  Мұстафа Кемал  Ататүрікке ескерткіш ашылды. 2010 жылы  Қазақ мемлекет­тілігінің  550 жылдығының басты символы  –  Керей мен Жәнібек хандардың  ескерт­кіші бой көтерді.  Осы жылы Астана қала­сы­ның әкімдігі ұлы Абай ескерткішін тұғыр­латты. 2012 жылы күй құдіреті Құрманғазы мүсіні және  «Ашаршылық құрбандарына» ескерткіш белгі қойылды. 2015 жылы  Ұлы Отан соғысы жылдарында аты аңызға айналған И.В.Панфиловтың  монументі, 2016 жылы халқымыздың даңқты батыр ұлы, Халық қаһарманы Рахымжан Қошқарбаевтың ескерткіші ашылды.

Қазақтың атақты үш биі – Төле би, Қазыбек би және Әйтеке би бабаларымыздың ескерткіші Бейбітшілік және Жақып Омаров көшелерінің қиылысында орналасқан.

Бұлар – Отанымыздың астанасы – Нұр-Сұлтан  қаласындағы  елдігімізді ұлықтайтын тағылымды ескерткіш белгілер мен  монументтердің бірқатары ғана. Заманауи қазақ елінің  ұлттық бірегейлігін ұлық­тайтын да, Ұлы Дала руха­ниятын сомдап, елдігіміздің жарқын әрі қуатты бола­шағын бекемдейтін де осы жәдігерлер мен құнды­лықтар. Жалпы, бүгінде Нұр-Сұлтанда  елуге жуық маңызды тарихи және мәде­ни ескерткіштер  бар дедік. Жылдан-жылға  қазақ елі­нің тарихын, өткені мен келешегін, бүгінгі тарихи  жеңісті жолдарын  мәңгі­лейтін,  даналығын дәріп­тейтін, батырлық қадір-қа­сиетін  ұлағаттайтын, тағ­дыры тарих тұлғаларын ұлықтайтын  ескерткіштер  саны артып келе  жатқаны қуантады.

Жазушы, талантты әскери қолбасшы әлемге әйгілі тактик әрі стратег, ІІ Дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері, Кеңес Одағының Батыры – Бауыржан Момышұлының ескерткіші Бауыржан Момышұлы даңғылы бойында орналасқан.

Бүгінде Нұр-Сұлтанда елуге жуық маңызды тарихи және мәдени ескерткіштер бар.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *