Елордада «Алланың гүлі» атанған мешіт бар

Құттыбек АЙМАХАН

 

Байқап жүрміз, қазір елімізде мешітке баратын жастар қатары күн санап артып келеді. Бұл, әрине, өте дұрыс. Өйткені, мешітке барған адам өзін түрлі жаман әдет пен әрекеттерден алшақ ұстайды. Міне, осы ретте Қазақстанда қазіргі күні 3 мың 244 дін үйі бар болса, соның ішінде 2 мың 320-сы мұсылмандар мешіті саналады екен. Атап өтетіні, биылғы ораза қарсаңында Астана қаласында жаңа мешіт бой көтеріп, ол ресми түрде Ырыскелді қажы мешіті атанды. Бірақ сәулетінің ерекшелігіне қарай халықтың көз қуанышына айналған бұл мешіт бірден астаналықтар арасында «Алланың гүлі» атанып кетті.

Жалпы, дәл Қасиетті Рамазан айы қарсаңында ашылған бұл жаңа мешіт әлемдегі алғашқы «Жасыл мешіт» сана­лады. Оның үстіне, ол стилі жағынан Қазақ­стандағы басқа мешіттерге ұқсамай­тын және өзіндік ерекшелігі бар дін үйі болып табылатындықтан елордамыз Аста­наға әбден лайық деп білеміз. Оның бас имамы Жақия қажы Исмаилов: «Негізі, бұл мешіттің Рамазан айынан бір апта бұрын ашылуын жақсылыққа баладық. Ал бұл дін үйінің алғашқы қазығы 2016 жылдың 30 қарашасында қағылған болатын. Сөйтіп,  мешіт құрылысы 16 айда салынып бітті. Әйтпесе, бұрын бұл жер батпақты болғандықтан ешкімге керек болмай, түрлі қоқыстарға толып жататын. Содан да халық жұмыла қимылдай жүріп, осы мешіттің іргесін көтерді», – деді.

Астанада бұдан бөлек, қазіргі таңда сегіз мешіт бар екен. Деген­мен, елорда жұртының күн санап өсіп келе жатқаны ескеріліп, осы «Сарыарқа» ауданында бір дін үйін салу қажеттілігі үнемі туындап жүретін. Оның үстіне, соңғы кезде құлшылық еткен мұсылман қауым жұма намазында айтылған сегіз мешітке сыймай, далада тұрып  намаздарын оқып жүрді.  Сондықтан да осыны байқаған әрі Астананың жиырма жылдығына өзіндік сый жасауды ойлаған Жақсыбековтер әулеті (Президент әкімшілігінің басшысы Әділбек Жақсыбеков) ағайын-туыс, жора-жолдастары және әріптестері қолдауымен осы игі іске білек түре кірісті.

Жоғарыда атап өткеніміздей, бұл мешіттің басты ерекшелігі – ол күн көзінен қуат алатын электр қуаты жүйесімен қамтылған. Демек, бұл электр қуатын  күн сәулесінен алатын Қазақстандағы жалғыз, ал әлемдегі үшінші мешіт саналады. Бұған дейін күннен қуат алатын мешіт алғаш рет Дубайда, сосын көрші Қытайда бой көтерген екен. Осы ретте соңғы жылдары еліміздегі экологиялық мәселелерді ескеріп, оның ішінде жасыл энергияға баса көңіл бөлу арқылы салынған алғашқы дін үйінің айналасына 900-дей күн тақталары қойыл­ды. Олар бір мезетте ғимаратқа жылу мен жарық беру және желдеткіш міндеттерін атқарады. Ал бұл идеяларды жүзеге асыру үшін Австриядан арнайы мамандар шақырылған екен.

Сосын бұл «жасыл қуат көзі» техноло­гиясы өзі тұтынатын энергияға қарағанда қуатты үш есе артық өндіруге қабілетті екен. Сондықтан да бұл мешіт артылған қуатты қалаға беріп, сол арқылы ғимаратты ұстау мен жылу шығынын жауып отыратын көрінеді. Осылай олар өзіне кеткен шығындарды 7-8 жылда толықтай өтей алады екен. Осы басымдылығы салдарынан мешіттің қуат кешені биылғы жылғы мамыр айында Австрия үкіметінің «Әлемдегі нөлдік қуат тұтынушы алғашқы мешіт» атағын жеңіп алған.

Ал енді мешіт құрылысына келетін болсақ, ол үлкен бір залдан және екінші қабаттағы балконнан тұрады дейді. Оған бір мезетте 750 ер адам және екінші қабаттағы әйелдер залына 250 адам сыйып кетеді екен. Сондай-ақ, мешіттің өзі қажетті дүниелердің бәрімен жабдықталған. Тіпті, онда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған лифт те бар, дәрет алатын орын да бар көрінеді. Өйткені, бұл ауданда  мемлекеттік қызметкерлер көп тұрады екен.

Шыны керек, бұл мешіт Қазақстандағы басқа дін үйлеріне қарағанда өзіндік сәулетімен ерешеленетін көрінеді. Бірін­шіден, ол өзінің футуристік сәулеті арқылы гүл түріндегі және қырлы алмас секілді айрықша жаңғыртушылық мәнге ие. Әрі дәстүрлі емес түрде салынған үш қабатты ғимараттың кең көріністі терезелері алуан түсті бояулар беріп тұрғандай әсер берген.

Әрине, бұрынғы мешіттер көбіне классикалық стильде салынатын. Әрі олар бір-біріне ұқсас болып келетін. Осы ретте бұл мешітке авангардтық жол таңдалып, оған «Алланың гауһары» түріндегі келбет берілді. Оның үстінде мешіт жанындағы жалғыз мұнара да пайғамбардың қасиетті қаламы секілді түрге келтірілген. Әрине, бұл көрініске қалалық қала салу кеңесінде қарсы шыққандар көп болғандықтан, оны 6 рет қорғауға тура келген. Нәтижесінде жаңа заманғы қазақ стилі қалыптасып шыққан.

Осы себептерден де мешітті қала халқы «Алланың гүлі» деп атап кетті. Өйткені, біле білсек бір ғана Мекке мен Мединенің өзінде әрбір мешіттің өзіне тән аты бар дейді. Одан қалды, мұсылман әлемінде сахабалардың,  адамдардың атындағы мешіттер де көптеп саналады екен. Соған орай, дін қызметер­лері «мешітке ат қоюға рұқсат» дейді. Өйткені, мысалы Қағбаның өзінің  232 есігі бар болса, олардың әрқайсысы жеке-жеке сахабалар атымен аталады екен. Сондық­тан да мешітке Ырыскелді қажының аты берілген.

Қорыта айтқанда, қазір мешітке Діни басқарма шешімімен бас имам  тағайын­далған. Оның дін жағынан екі наиб имамы бар. Сондай-ақ, діни тұрғыда дәріс оқитын екі ұстаз бен бес уақыт азан шақыратын азан­шы бар.  Одан қалды, мешіттің өз алдына шаруашылық жағынан іс жүргі­зушісі, есепшісі, тазалықшылары мен күзетшілері бар. Сөйтіп, осылай биыл ғана ашылған жаңа мешіт халыққа қызмет етуін бастап кеткен.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *