Елінің Еркеғалиы

Рая ЕСКЕНДІР

Қазақ өнеріне орасан зор үлес қосқан «самародоктардың» сарқыты КСРО Халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері Ерекеғали Рахмадиевтің тұрған үйіне ескерткіш-тақта орнатылды.

Мемориалдық тақтаның ашылу салтанатында алғашқы сөз кезегін осы іс-шараға қолдау көрсеткен Алматы қаласы әкімшілігі атынан, қалалық Мәдениет басқармасының басшысы Ернар Құрмашев алды.

– Бүгін баршамыз үшін өте бір тарихи күн болып тұр. Қазақ өнеріндегі шоқтығы биік тұлғаға құрмет көрсетіліп жатыр. Соңғы жылдары қаламызда тұлғалар тұрған 70-ке жуық үйге осындай ескерткіш-тақталар орнатылған екен. Бүгінде ескерткіш-тақталар саны бес жүзден асып отыр. Баршамыз куә болып отырған бүгінгі Ерекеғали Рахмадиұлына арналған бұл ескерткіш-тақта да аға буынға көрсетілген бір құрмет болса керек.

Еркеғали Рахмадиұлының симфониялық, опералық, вокалды-аспаптық, камералық шығармалары ұлттық өнердің өрісін кеңейтіп, жанрлық салаларын байытты. Е.Рахмадиев соңынан мол мұра қалдырды. «Қамар сұлу», «Алпамыс», «Тың тынысы» опералары, «Амангелді», «Толғау», «Мейрам күйі» секілді поэмалары, хорға арналған вокалды-хореографиялық шығармалар, халық арасына кеңінен тараған әндер жазды.

Ұлттық музыка өнері мен мәдениетіміздің дамуына зор үлесін қосты. Халқына қалтқысыз қызмет етіп, өнеріміздің өрістеуіне зор үлес қосқан тұлғаға құрмет көрсетіп, есімін ұрпақ жадында мәңгі қалдыру елдіктің белгісі. Бүгінгі іс-шара халықтың ыстық ықыласы мен елінің махаббатына бөлінген тұлғаларына деген мемлекетіміздің құрметі. Ұлтымен, ұрпағымен мәңгі бірге жасай беретін Е.Рахмадиұлының отбасы мен шәкірттерін бүгінгі ерекше күнмен тағы да құттықтаймын, – деген Ернар Атымтайұлы атақты композитордың өмірлік серігі Клара Рахмадиевамен бірге ескерткіш-тақтаның шымылдығын ашты.

Келесі кезекте сөз кезегін мемлекет және қоғам қайраткері Қажымұрат Нағыманов алды. Ерекше туған, қазақтың Еркеғалиы туралы айта келе, үлкенге де, кішіге де сыйлы кісімен әңгімесінің жараса кететінін, туабітті өнері мен ішкі мәдениеті келіскен көркем кісі еді деп баға берді. Қарағандының симфониялық оркестріне Рахмадиевтің аты берілсе, Музыкалық академияның үлкен залына да Ерекеңнің аты берілді. Бұл – үлкен құрмет. Еркеғали Рахмадиевтің есімінің ел есінде қалғанын көрсетеді деді.

Сондай-ақ, салтанатты жиында қазақтың заңғар жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Дулат Исабеков танымал тұлғаға деген сағынышын жеткізді.

– Еркеғали Рахмадиев біздің есімізде қандай шығармаларымен қалды? Әттең, мен композитор емеспін. Олай дейтін себебім, ірі жанрдағы композиторларымыз сиреп барады. Қазір қаптап кеткен «композиторлар» теледидарды жаулап алды. Ал күрделі шығармаларға баруға біздің әлі санамыз жетпей жатыр. Әлгіде айтқанымыздай композитор болсам Еркеғали Рахмадиевтің «Таң самалы» деген әніне лейтмотив жасап, үлкен бір опералық шығарма жазуға болар еді-ау деп ойлаймын.

Еркеғали Рахмадиевтің соңғы жазған классикалық шығармасы, Әбіш Кекілбаев либреттосын жазған «Абылайханы». Егер осы арада фамилиясын Бородин деп өзгерткенде бұл әлемдік опера болатын еді. Тіпті, Димашты тура Мәскеу сияқты көрсете алмай жатқан жоқпыз ба? Біз әлі де барымызды бағалай алмай жатырмыз. Сондықтан тұлғаларымызды түгендеп, оларға лайықты құрмет көрсетіп отырайық, – деді.

Еркеғали Рахмадиевтің қазақ өнерінің дамуына қосып кеткен үлесі зор болса, артында ізін басып келе жатқан шәкірттері қаншама. Барлық шәкірттері атынан Владимир Пак сөз сөйледі. Қаламыздың Төлебаев пен Жамбыл көшесінің қиылысында орналасқан №162 үйде белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Шәріп Омаров та тұрған екен.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *