ЕЛІН СҮЙГЕН ЕРЛЕР ЕДІ

  • Отбасы альбомынан

23Белгілі ақын-ғалым, марқұм Бүркіт Ысқақовтың сонау (1950) жылдарда «Елін сүйген ерлер партиясына» (ЕСЕП) мүше болғаны үшін бірнеше жыл абақтыда отырып қайтқаны бар-тын. Арғы-бергіде «ақырын жүріп, анық басып» та елі мен жерін сүйіп, халқына қалтқысыз қызмет еткен «көкірегі ояу, көзі ашық» қыран текті азаматтар аз болмағаны (әлі де аз емес) да аян. Мына суреттегі биік атақ-абырой, қадыр-құрмет, жоғары лауазымы да болған екі ғазиз жан сондайлардан еді.

Сол жақтан бірінші – Ташкент ирригация инсти­тутын бітірген, бірінші разрядты боксшы Тазабек Жусанбаев еңбек жолын Жамбыл облысы, Шу ауданы, «Дружба» совхозында бас инженерліктен бастап, Алматы облысының «Дегерес»  совхозында да сондай міндет атқарды. Одан Алматыға ауысып, өмірінің соңына дейін автобаза директоры болып, 5 мың жүк машинасы бар автоколоннаны басқарды. Зайыбы Роза Шәріп­қалиева жоғарыда аталған совхоздарда бас дәрігер, кейін өздері біржола тұрған Байсеркеде де емхана-ауруханада бас дәрігерлікті зейнетке шыққанша атқарды. Оңтүс­тіктің (бұрынғы) Киров ауданында жазушы Қалдарбек Найманбаевпен бір мектепте оқыған Тазабек он бір жыл, зайыбы Роза бір жыл бұрын өмірден өтті. Екеуі де мәртебелі атақтар иеленіп, орден, медаль, грамоталармен марапатталды.

Тазабектен кейінгі екінші – Алматы медицина институтының түлегі Ермек Байтөреев ғылымға іңкәр, туабітті ғалым болатын. Ізетті, кішіпейіл, қайырымды, терең білімді Ермек жасы үлкен әріптестері Жарбосынов, Көкеевке іні, құрдасы Дайырбековпен қимас дос еді. Сарыағашқа қосылған бұрынғы Келес ауданында туған Ермекжан ес білгеннен Сұлтанбек Қожановтай асылмен (жақсы мағынада) туыстығын айтып, оның қайғылы тағдырына күйінетін. Зайыбы Тұрғанкүл екеуі Алжирдің Аль-Аснам қаласында жұмыс істеді, кандидаттық дис­сертация қорғап, ұзақ жыл республикалық психиат­рия ауруханасында бас дәрігер  болды. Докторлығын әне-міне қорғайтын кезде мезгілсіз бақиға озды. Көрнекті театр режиссері Райымбек Сейтметовпен бірге қабіріне топырақ салдық…

Ғарышқа шығандамаса да, Тазабек те, Ермек те ел аузына іліккен іскер маман, басшы, қатарларының алды болды. Қазақ басылымдарын жаздырып алатын, бай кітапханалары болатын. Әсіресе, Ермек құлағы шалған афоризмдерді қағазға түртіп, айтып та жүретін. «Зәке деймін-ау, біреу «інгенімді іздеймін деп, мінгенімнен айрылдым» депті. Мәнісін түсіндіңіз ғой», – деп жар­қылдап күлетін.

Екеуі де зипа, зиялы, адал, таза, әділ еді. Әкелерінің абыройын Тазабектің ұлы Асылбек, Ермектің ұлы Мақ­сұтқа берсін. Өзге де ет жақындары, Ермектің жары Тұрғанкүл, жақсы інісі Мейірбектің отбасы ғұмырлы болсын.

Рухтарың өшпесін, қос аяулы жан! Аруақтарыңа тағзым!

Зәкір АСАБАЕВ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *