Елін сүйген ерді елі сүйген

 

Аягүл Миразова, Қазақстанның Тұңғыш Еңбек Ері

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев – республикамызды тәуелсіздікке қол жеткізген бірінші күнінен бастап, мемлекетті аса қиын қыстау жағдайдан аман-есен алып шығып, әлемдегі ең дамыған 50 ел қатарына 20 жылдай уақытта көтеріп, ендігі жерде ең озық 30 елдің бірі етудің жолын жасап берген басшы ретінде халқының құрметті бағасына ие болған, әлем мойындаған кемел тұлға. Ол: «Маған ары үшін жанын садақа ететін текті халыққа, мені перзентім деп төбесіне көтерген халыққа, … толыққанды тәуелсіз мемлекет құрудың басында болу бақытын бұйыртқан халыққа қызмет етуден артық ештеңенің керегі жоқ!» деген толғанысын толық орындап шыққан Президент. Тұңғыш Президентіміздің дүние жүзіндегі беделі биік, абырой-атағы жоғары екендігіне дәлелдердің аз еместігі туралы белгілі академик С. Қирабаев былай деп жазады: «Владимир Путин ойланбай сөйлемейді. Оңай сөз айтпайды. Дәлелдеп, дәйектеп негіздейді. Путин Ресей Федерациясының Президенті, былай тұжырымдады: «Н.Ә. Назарбаев мемлекет құруды әу басына жүргізді және мұндай міндетті ілуде бір адам ғана орындай алады. Бәрі дайын тұрған кезінде оңай көрінеді. Ал бәрін жаңадан бастап, Қазақстанды бүгінгі ие болып отырғандай даму әлеуетіне жеткізу оңай емес. Іс жүзінде бұл орасан міндет. Ол әркімнің қолынан келе бермейді. Алайда, Н.Ә. Назарбаев бұл міндетті тамаша орындап шықты!».

Бұл пікірмен Халық жазушысы Ә. Нұршайықовтың жүрекжарды сөздері үндесе түседі. « Ел басқару бойына халықтың көп қасиеттері жинақталған адамның ғана қолына келеді. Ол шыншыл, алғыр, көсем, айтқыш, ұйымдастырғыш, болжағыш, сезгіш, сергек бола білуі керек. Ұшқыр ойы игілікті істерімен ұштасып жатуы жөн. Халықты басқаруы үшін халықтың ойындағы барлық өнер, білік, парасат оның көшбасшы көсемінің көкірегінде күмбірлеп тұруы керек. Міндет-мақсатын аз сөзбен айтып, оймен орамдап, тыңғылықты іспен тиянақтайды. Осы және басқа халықтық қасиеттердің бәрі қазіргі Президентіміздің басында бар. Оны халықпен қабыстырып отырған да осы қасиеттер. Шапқыннан, қырғыннан аман халық өз экономикасын өрге бастыра алады. Ол үшін халықтың сынынан өткен, мол тәжірибелі, келісті, кемел, кемеңгер, көсем керек! Ол, қайталап айтамын, бүгінгі таңда – Назарбаев. Халық өз Президенті Нұрсұлтанға «жорытқанда жолың болсын» деген тілекті жиі айтады. Президент – үнемі жол үстіндегі, жорық қанатындағы адам. Жаугершілік емес, бейбітшілік, береке жолында жортуылда жүрген халық бақытының күрескері.

Бұл ұлы жолда Нұрсұлтан Әбішұлы халқын ұмтылдыра білген көшбасшы. Ол жайында ұлтының ұлы қызы Фариза Оңғарсынова: «Президент өз халқының бойынан іскерліктің де, жанқиярлық еңбек етуге деген белсенділіктің де, табысқа, байлыққа қолжеткізерлік ынталылықтың да табылатынын білді. Тек осы қасиеттердің бәріне от беріп, лаулату, бәсекелестікті ояту қажет болатын… Біздің Елбасы халқын осындай деңгейде көргісі келді»,- деп әділ баға берді.

Елбасы осы ұлы идеяға сенді. Халқын да сендіре алды. Заңғар жазушымыз Д. Исабековтың ойлары бұл сөзімізді бекіте түседі: «Бүгінгі өміріміздің осылай боларына, Қазақстан экономикасы шарықтап, өсіп, әлемнің алдыңғы қатарлары мемлекеттерінің біріне айналуына, тәуелсіздігіміздің қиындыққа толы алғашқы жылдарында көп адам кәміл сене қоймап еді. Қазақстанның мүмкіндігін таразыға талай салып, өзінің батыл ойларын сан саралап, жеті өлшеп, бір кесіп, сол ойларының көп ұзамай жүзеге аса бастайтынына шүбәсіз сенген бірінші адам – Президенттің өзі болғанына күмән жоқ. Өзі сенген соң, жұртты сендіруге тырысты. Аз ғана уақыт ішінде елдің еңсесі көтерілді. Өйткені олар ертеңгі күнге сенді. Президентіне сенді. Сол сенім оларды алдаған жоқ.»

Міне, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлерінің шынайы бағалары халықтың да бағасы екенінде шүбә жоқ. Менің де негізге айтар ойым осы бағытта болғандықтан да, осынау даналардың сөзімен білдіргім келеді.

Енді өз тарапымнан тек Нұрсұлтан Әбішұлының білім саласын дамытудағы көреген саясатына тікелей жүзбе-жүз куә болған тұстарды қоссам деймін. Бірінішісі – 2005 жыл. Елбасының Алматы қаласыны білім қызметкерлерімен кездесуі Шоқан Уәлиханов атындағы №12 гимназияда өтетін болды. Өзім басшылық ететін № 159 гимназия ғимараты күрделі жөндеуде болғандықтан, уақытша №12 гимназияның бір бөлігінде оқитынбыз. Бүкіл қала мұғалімдері асыға күтті, зор ынтамен дайындалды. Мемлекет басшысын мектепте өз арасында көру үлкен бақыт еді. Мұқият дайындалдық. Нұрсұлтан Әбішұлы келгенде атаулы ашық сабақтар өткізілді. Жас мұғалімдермен дидарласу сәті ұйымдастырылды. Қаладағы мектеп басшыларымен кездесу болды. Сонда Елбасы толқып тұрып: «Қазақстан тәуелсіздікке ие болып, халық тағдыры аса биік деңгейде шешілер сәттерде менің ең қымбатты көмекшілерім сіздер болдыңыздар, құрметті ұстаздар!»,-дегені әлі күнге дейін менің жүрегімде.

«Ұлым дейтін жұрт болмаса, жұртым дейтін ұл қайдан болсын» дегендей, Елбасының тұғырда болуына мұғалімдер қауымы қандай үлес қосқан болса, Елбасының да мұғалімдер қауымының еңюегіне ризалықпен қарайтыны ерекше-ау деген ой түйдім.

Екіншісі – 2008 жыл. Бұл жылы мен Елбасының өз қолынан Қазақстанның Еңбек Ері атағы марапатын алдым. Нұрсұлтан Әбішұлы «Алтын жұлдыз» бен «Отан» орденін тапсырып тұрып: «Халық Қаһарманымен» пара-пар бұл атақ айрықша ерекшелік белгісі – «Алтын жұлдыз» және «Отан» ордендерімен қоса тапсырылады. Биыл тұңғыш рет осы жоғарғы атаққа Алматыдағы Ы. Алтынсарин атындағы №159 гимназияның директоры Аягүл Миразова ие болып отыр. Аягүл Төреқызы 38 жылдан астам уақыт ұстаз болып табысты қызмет етеді. Республиканың білім беру саласында сіңірген еңбегі зор. Бір ғана мысал келтіре кетейін, соңғы 10 жылда гимназияның 58 түлегі «Алтын белгіге» бітірсе, 35 шәкірті мемлекеттік «Болашақ» бағдарламасымен шетелдерде білім алуда. Ал өзі басқарып отырған гимназия республикалық конкурста «Ең үздік мектеп» атағын жеңіп алды. Бұл мектептің түлектері бірнеше халықаралық олимпиадаларда жеңіске жетті. Бүгінгі заман бүгінгі бәсекеге дайын білікті кадрларды қажет етеді. Ал осы кадрлар мектептен шығады. Білім мектептен басталады. Аягүл Миразоваға берілген бұл жоғары награданы еліміздің барша ұстаздар қауымының қызметіне мемлекетіміздің көрсетіп отырған құрметі деп білгейсіздер»,- деген еді. Осылайша, ел Президенті ұстаз еңбегінің ең жоғары бағалануы арқылы білім беру ісіне мемлекет саясаты аса үлкен көңіл бөлгенін паш етті.

Осы наградадан кейін бір жыл өткенде «Нұр Отан» партиясының съезіне қатыстым. Жиын аяқталып, Елбасы ел қоршауында өтіп бара жатып, мені байқап қалса керек. «Аягүл Төреқызы, қалай олимпиада жеңімпаздарын көбейтіп жатырсыздар ма?» дегенде шынын айту керек, мемлекет басшысының мұғалімге мұншалықты көңіл бөлетініне, мұғалімдер қауымының жағдайын әрқашан есіне ұстайтынына және де тілейтіні сапа және сапа екеніне зор риза болдым. Осы сезім қызметімде үнемі қанаттандырып отырды. Ең жоғары награда иегері ретіндегі қатарда Нұрсұлтан Әбішұлы қатысқан көптеген мерекелі атаулы жиындарда болу бақытына ие болдым. Тіпті солардың кейбірлерінде Елбасының атынан берілген дастархан басында да ол кісіні жақыннан көру сәттері түсті. Сонда байқағаным Нұрсұлтан Әбішұлы турасында сегіз қырлы деген аз, сексен қырлы екеніне көзім жетті. Өзін өте қарапайым, өте еркін, өте көңілді ұстайды. Әңгіме айтудың ғана емес, әңгімеге тартудың да хас шебер шешені, өзі қозғаған ой әлеміне енгізіп жібереді. Ара-арасында әдемі де әдепті күлдіріп отырады. Домбыра шертіп, ән салады. Сан-алуан тақырыптарда емін-еркін сөйлейді. Кісі қадіріне жетіп, құрметке бөлейді. Қуанышыңа қуана алады. Азаматтық сенім ұялатады. Өзім де азды-көпті ұстаздық қызметімде сол сенімдердің үдесінде еңбек еттім-ау деп ойлаймын. 1991 жылы Алматы қаласында саусақпен санарлық қазақ мектептерінің бірі болып №159 мектеп ашылған күннен бастап оны үздіксіз 25 жыл басқардым. Тәуелсіздікпен құрдас деп аталып кеткен мектепті тәуелсіздік талаптарына лайық ұстауға тырыстық. 2001 және 2011 жылдары екі дүркін республика бойынша «Ең таңдаулы» мектеп атандық. Ы.Алтынсарин атындағы №159 гимназияда еліміздің барша мектептері сияқты білім беру ісінің алдына Елбасы қойып отырған міндеттерді орындау жолында тер төккені оның басшысы болып отырған маған Қазақстанның Еңбек Ері атағы және «Алтын жұлдыз» Отан орденімен бірге әр түрлі мемлекеттік деңгейдегі 34 марапат берілгеннен де көрінсе керек. Олардың ішінде 6 Елбасы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш президентінің атаулы алғыс хаты, сондай-ақ Алматы қаласының әкімдігінің Алғыс хаттары т.б наградалары бар. Оларды мен мектеп ұжымының және жалпы мұғалімдер қауымының еңбегіне мемлекетіміздің қолдауларының бірі деп білемін. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 80 жыл толу мерекесі қарсаңында Тұңғыш президентіміздің тікелей өз нәмінен туған өзге де ел игілігіне арналған стратегиялық бағдарламаларын, Жолдауларын, мақалалары мен еңбектерін жүзеге асыру үдерістерімен бірге, білім беру саласындағы көрсеткен жолдарында қызмет еткенімді өзіме бақыт санаймын. Осы жолда білім берудің жаңа рельстеріне көштік. Әлемдік кеңістігіне көтерілдік. Бүгіндері Назарбаев зияткерлік мектептері, Назарбаев университеті көшбасшылығымен жүзеге асып жатқан сыни ойлауға, креативтік оқуға, командалық ізденіске, коммуникативтік біліктілікке бағытталған білім берудеміз. Осы мақсатта жүздеген жаңа қазіргі мақсатқа сай мектеп ғимараттары, бала бақшалар салынды. Электрондық оқу, интернет жабдықтарымен жасақталынды. Мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттырудың мүлдем жаңа жүйесі енгізілді. Оқушылар жалаң оқуға емес, функционалдық білім мен білік алуға бет бұрды. Бұның бәрі түптеп келенде Н.Назарбаев белгілеп берген адам капиталы сапасын жақсарту стратегиясының жүзеге асу көріністері болып табылады. Сонымен қатар әлемдік деңгейдеікадрлар дайындау мақсатында «Болашақ» бағдарламасы да осы арнада қызмет етуде. Нәтижесінде шетелдердің озық технологияларын меңгеріп келген мыңдаған «болашақшылар» бүгіндегі елімізді өркендетуге өз үлестерін қосуда.

Елін сүйген ерді елі сүйген. Шерхан Мұртазаның «Президент-біреу, халқы-тіреу» дегеніндей, Н.Ә.Назарбаев есімі елімен біртұтастықта. Көрнекті тарихшымыз Ә. Қалмырзаевтың сөзімен Елбасы турасындағы ойларымды түйіндегім келеді. Нұрсұлтан Назарбаев біздің замандасымыз болғанымен, ол-тарихи тұлға. Тарихтың кеңістігінен оның өз орнын алғанына көп уақыт болды. Ол жүзеге асырған шаралар-тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің іресін қалау, оны әлемге танытуы, елдің жаңа астанасын дүниеге келтіруі, халыққа негізделген жаңа қоғамдық саяси жүйені орнықтыру, қазақтың жаңа ұлттық менталитетін қалыптастыру, қоғамның әр мүшесінің өз қабілетіне сүйеніп тұрмыс құруы, әлемдік қоғамдастыққа бейімделу-Назарбаевтың тікелей қатысуынсыз болды десек, қателесер едік. Елдің абыройын асқақтатып, қазақты әлемге танытып жүрген елбасшысына деген жүрегің әрдайым жылып коя береді. Бұл біздің Нұекең ғой, нағыз қазақ, нағыз лидер, нағыз көсем осындай болғай деп масатты сезімге бөленесіз. Бойыңызда ұлттық мақтаныш сезімі шалқиды. Бағалай білгенге бақ тұрақтайды дейді дана халқымыз. Нұрсұлтан Әбішұлының ел игілігіне еткен еңбегі халқына бақ болып қонғаны осындай бағамен көріктенбек. Жақсының жақсылығын айту мақтану емес, ол оның ізгілікті ісі делінген хадистердің бірінде. Бүгінгі иіліктеріміз Нұрсұлтан Әбішұлының риясыз еңбегін айту, Алла алдындағы парызымыз десек те артық емес.Алда да ел аман, жұрт тыныш болса екен. Оған Елбасы, Тұңғыш президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың салып берген сара жолы кепіл екеніне сеніміміз зор. Осы жолда Нұрсұлтан Әбішұлының 80 жылдығына орай мұғалімдер қауымы атынан алғыс пен ризалық тілек айтқым келеді. Бүкіл халықтық бұл той тойға ұласа бергей! Елбасы ел игілігінің жемістерін халқымен бірге мықты денсаулықтың арқасында көре берсін деймін.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *