Еліміздегі Өзгерістер үдерістеріне атсалысу – МІНДЕТІМІЗ

Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауы тұтас бір дәуірдің ауқымындағы мемлекет атқаратын мақсаттар мен міндеттерді қамтыған. Мемлекет басшысының еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелеріне және қазақстандықтардың әл-ауқатын одан әрі арттыру міндеттеріне арнаған Жолдауында айтылған маңызды міндеттер мен айқын бағыттар еліміздің одан әрі дамуына ерекше серпін берері анық. Маңызды құжатта Елбасы еліміздің даму кезеңдерін және қазіргі уақытта елдің алдында тұрған экономикалық мәселелермен қатар «Әрбір қазақстандықтың еліміздегі өзгерістер үдерістеріне атсалысуы» атты алтыншы басымдығында «Жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керек. Келесі жылды «Жастар жылы» деп жариялауды ұсынамын» деді.
«Келесі жылы «Педагог мәртебесі туралы» заңды әзірлеп, қабылдау қажет деп санаймын. Бұл құжат мұғалімдер мен мектепке дейінгі мекемелер қызметкерлері үшін барлық игілікті қарастырып, жүктемені азайтуға, жөнсіз тексерістер мен міндеттен тыс функциялардан арашалауға тиіс» деді Ұлт көшбасшысы.
Елбасының соңғы жылдардағы Жолдаулардың арқауы болып келе жатқан бір қағидат – экономикалық әлеуетінің адам әлеуетіне тікелей байланысты екендігін жан-жақты талдап, қоғамдағы көкейкесті мәселелерді шешу тетігінің адами капиталға барып тірелетіндігіне барша қазақстандықтарды иландырып, осы бағыттағы асуларды бағындыруға жұмылдыру.
Елбасымыз: «Білім беру ісінде 4К моделіне: креативтілікті, сыни ойлауды, коммуникативтілікті дамытуға және командада жұмыс істей білуге басты назар аударылуда» деді.
Осы орайда Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ректоры Гауһар Алдамбергенова өзінің «Ұстаз мәртебесі – ұлт мәртебесі» атты мақаласында атап өткендей, «Білікті, білімді кадрлар даярлауда және технологиялық дамыған елдердегі ғылыми жұмыстар жүйесінде жоғары оқу орындары үлкен маңызды рөл атқарады.
Бұл тұрғыда Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті ғылым мен білімді өзара үйлестіріп, ғылыми зерттеу жұмыстарын ғылым мен технологияның жаңа нысандарына бағыттап жүргізуді басты мақсат етіп келе жатқанын атап өткім келеді. Білім мен ғылымды дамыту және қыздарға педагогикалық білім беру, белсенді азаматтық ұстанымы бар мамандар даярлау басты миссиясы болып табылатын оқу орнында өткізілетін халықаралық деңгейдегі ғылыми конференциялар, жүзеге асып жатқан түрлі жобалар саладағы мәселелерді шетелдік әріптестермен бірлесе шешіп, тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.
Білім беру саласында болып жатқан жетістіктер мен жаңалықтар Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жете көңіл аударып, жан-жақты қолдау көрсетуі мен бастамалары арқасында жүзеге асып жатқанын ерекше атап айтқан жөн. Тәуелсіздікті баянды етуде білімнің маңыздылығын жете түсіну, экономикалық және қаржылық қиындықтарға қарамастан, осы салаға барынша ыждаһаттылықпен қолдау көрсету – асқан болжампаздықтың белгісі.
Елбасының әр Жолдауы – еліміз үшін де, жеріміз үшін де маңызды. Себебі, нақты міндеттер белгіленіп, мақсаттар айқындалады. Толайым табысқа қол жеткізу үшін де асқан ауызбіршілік пен тыныштық керек. Бұл тұрғыда еліміз әлемге бейбітсүйгіш қалпымен де үлгі көрсетіп келеді.
А.САТБЕКОВА,
педагогика ғылымының докторы,
профессор, «ЖОО үздік оқытушысы», Мемлекеттік
гранттың иегері,Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар академиясының академигі