Еліміздегі төтенше жағдайға байланысты Алматыда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының шекті бөлшек бағалары бекітілді

Оны ҚР Сауда және интеграция, Ауыл шаруашылығы және Ұлттық экономика министрліктері еліміздегі төтенше жағдай кезінде «Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті бөлшек сауда бағасын енгізу туралы» бірлескен бұйрыққа қол қою арқылы жүзеге асырды.

 

Атап айтсақ, мұндай баға бірінші сортты бидай ұны, бірінші сортты ұннан жасалған бидай наны (бөлке нан), рожки (өлшеніп салынатын), қарақұмық жармасы (дән, өлшеніп салынатын), тазартылған күріш (домалақ дәнді, өлшеніп салынатын), сиыр еті (сүйекті жауырын-төс бөлігі), тауық жұмыртқасы (I санатты), күнбағыс майы және ас тұзына («экстра»-дан басқа) қойылған.

 

Жоғарыда аталған тауар түрлері соңғы айда қазақстандықтардың азық-түлік тауарларына деген сұранысын талдау нәтижесінде анықталған. Яғни, осы тауар түрлері көп сатылғандықтан да, жыл басынан бастап бұлардың бағасы өскен. Дегенмен, енді жоғарыда аталған тауарлардың бағасын өсіргендер анықталса, оларға 265 100 теңгеден 530 200 теңгеге дейін айыппұл түрінде жаза белгіленген!

 

Ескерте кетейік, жоғарыда аталған тауарларға шекті баға әр қалада әр түрлі қойылған. Мәселен, бір бөлке нанның құны Нұр-Сұлтан қаласында – 82,5 теңге болса, Алматы және Шымкент қалаларында – 80,3 теңгеден аспайды.

 

Алматы қаласында бірінші сортты бидай ұнының бір килограмы – 211 теңге,

бірінші сортты ұннан жасалған бидай нанның бір килограмы (бөлке нан) – 146 теңге, рожки (өлшеніп салынатын) – 209 теңге бір килограмына, қарақұмық жармасы (дән, өлшеніп салынатын) – 339 теңге, тазартылған күріштің бір килограмы (домалақ дәнді, өлшеніп салынатын) – 310 теңге, сиыр еті (сүйекті жауырын-төс бөлігі) – 2169 тг\кг, тауық жұмыртқасының 10 данасы (I санатты) – 367 теңге, күнбағыс майының 1 литрі – 434 теңге. Ас тұзының 1 килограмы – 59 теңге.

 

Айта кетейік, бұған дейін тұтынушылардан ішкі нарықтағы бағалар туралы ақпарат жедел желіге келіп түскен қоңыраулар мен телеграмма-канал хабарламалары негізінде талданған болатын. Енді карантин кезіндегі тауар құны мен оның бағасын бақылап отыруға арналған арнайы web-платформа www.dosmart.kz іске қосылды.

 

Кез-келген тұтынушы әлеуметтік маңызға ие, яғни күнделікті өмірде жиі тұтынылатын азық-түлік өнімдеріне бағаның өскендігін байқаса, осы сайтқа фискальды түбіртекті жолдауына болады. Түбіртекке қосымша бағаны өсіруге жол берген нысан туралы да ақпарат бере кетіңіз. Егер қолыңызда түбіртегіңіз болмаса, осы веб-платформасында көрсетілген сілтемені пайдаланыңыз.

Әсел Дағжан

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *