Еліміздегі музыкалық археология кенже қалып отыр

ҚР-ның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінде «Археологиялық қазба жұмыстарынан табылған көне музыкалық аспаптар: жиналу және зерттелу мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті.

Қазіргі таңда музыкалық археологияны өз Отанымызда кенже қалған ғылым саласы деп айтсақ қателеспейміз.  Жалпы, музыкалық археология дегеніміз – қазба жұмыстарынан табылған музыкалық аспаптарды зерттейтін музыкатану ғылымының бір саласы.

Соңғы жылдары елімізде және көрші мемлекеттерде археологиялық қазба жұмыстары барысында қазақ халқының музыкалық аспаптары табылуда. Соған байланысты осы өткен конференцияда Қазақстандағы музыкалық археологияның негізгі проблемалары мен болашақта оны дамыту мәселелері талқыланды.

Конференцияға еліміздің музейлері мен ғылыми-зерттеу орталықтарынан келген археолог және этнолог мамандар, ғылыми қызметкерлер және шет елден келген ғалымдар қатысты.

Аталмыш іс-шарада алғашқы сөз сонау Норвегия елінен келген музыкатанушы профессор Гермунд Коллтвейт мырзаға берілді. Ол өзінің баяндамасында көптеген жыл бойы шаңқобыз аспабын зерттегенін айтты. Бұл аспап Еуропаның, Азияның көптеген еліне таралғандығын баяндай отырып, Қазақстандағы шаңқобыздарды зерттемегендігін, болашақта оны тереңірек зерттейтіндігіне уәде берді. Гермунд мырза Скандинавия жерінде табылған лура, булрорар (bullroarer), дыбыс тастары және лира деп аталатын аспаптармен таныстырды. Норвегиялық лура аспабы қазақтың керней аспабына ұқсас келеді. Олардың айырмашылығы – лураның пішіні спираль теріздес майысқан. Қатысушыларды қызықтырған булрорар (bullroarer) музықалық құралы болды. Сүйектен жасалған, пішіні пышақтың жүзіне ұқсас құрал жіпке байланып жасалған. Гермунд мырза бұл аспаты іс жүзінде, яғни булрорардың (bullroarer) жібіп қолына ұстап айналдыру арқылы дыбыс шығатындығын көрсетті. Одан кейін норвегиялық ғалым дыбыс тастарды бір-біріне соғу арқылы әсем дыбыс шығатынын айта отырып, оларды шаманизммен байланыстырды.

Түркістаннан келген Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институтының археологы Қуаныш Шохаев Күлтөбе қаласынан табылған сазсырнайлар жайлы ақпарат беріп, археологиялық қазба жұмыстарынан табылған көне музыкалық жәдігерлерді өнертанушы, аспаптанушы мамандар тереңірек зерттесе деген маңызды мәселені қозғап кетті.

Келесі сөз кезегінде Ықылас атындағы халық аспаптар музейінің жетекшісі Рүстем Қайратұлы «Украина жерінен табылған қыпшақ қобызы» атты тақырыбында сөз сөйледі. 1983 жылы Украинада археолог Яков Гершкович көшпенділер жерлеу орнынан тапқан бұл қобыз отандық ғалымдар назарына соңғы жылдары ілініп, зерттеліп жатыр. Сонымен қатар, сол көне қобыздың сызбасы арқылы көшірмесі жасалып, көрермендерге ұсынылды. Конференцияға жиналғандарға қобызшы Мақпал Манасбаева осы қобыздың үнін ұсынған болатын.

Одан басқа, Ықылас атындағы халық аспаптар музейінің ғылыми қызметкері Абзал Сүлейменов өз баяндамасында археологиялық қазба барысында тек музыкалық жәдігерге ғана мән беріп қоймау мәселесін қозғады. Анығында, сол аспаппен бірге жерленген иесіне, яғни сүйек қаңқаларына, өзге де табылған заттарды анықтап, ежелгіде сол аспапты пайдаланған адамның тұлғасын анықтау керектігін сөз етті.

Түркістан қаласынан келген Гаухар Жүзбаева қазақ халқының төл саз аспаптарының бірі сыбызғы жайлы деректер келтіріп, Қарағанды қаласынан келген Әсел Тазабекова еліміздегі музыкалық археологияның проблемаларына тоқталып кетті.

Қазақстанның музыкалық археологиясы тереңірек зерттеуді қажет етеді. Бұл ғылым арқылы болашақта көптеген жаңалық пен сенсациялар ашылатыны сөзсіз. Сондықтан музыкалық археологияның қазіргі таңнан бастап дамуы біздің тарихымыз бен мәдениетініміздің ілгерілеуіне зор үлес қосатыны анық.

Абзал Сүлейменов,

Ықылас атындағы халық аспаптар музейінің ғылыми қызметкері.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close