ЕЛІМІЗДЕГІ ЭТНОС ӨКІЛДЕРІ АРАСЫНДА ЖАНЖАЛ ТУЫНДАР БОЛСА, оған тек арандату түрткі болуы мүмкін, – дейді қазақстандықтардың көбі

5-%d0%b1%d0%b5%d1%82

Құттыбек АЙМАХАН

Биылғы жылдың 15 – 23 тамызында «DEMOSCOPE» қоғамдық пікірге жедел-мониторинг жүргізу бюросы еліміз азаматтары арасында «Қазақстан Республикасындағы этносаралық ауызбіршілік» деген тақырыпта сауалнама жүргізді. Оған Астана, Алматы қалалары мен 14 облыс орталығынан 18 жастан асқан 3192 адам қатысты. Оның ішінде 69 пайызын әйелдер және 31 пайызын ер азаматтар құраған. Негізінде, «DEMOSCOPE» жобасы өзекті мәселелер бойынша Қазақстан азаматтарының ой-пікірін жедел анықтауға бағытталған. Сол себептен телефон арқылы  және онлайн – сауалнама бойынша жүргізілген бұл сауалнама әдісінің статистикалық көрсеткіші қателігінің шекті мөлшері 1,75 пайыздан аспайды деп есептеледі.

Сонымен, жүргізілген сауалнама бойынша Қазақстандағы ең тату-тәтті әрі проблемасыз өмір сүретін орта – 66 пайызды құраған діни топтар арасында екен. Ал енді, бұл көрсеткіш этникалық топтар арасында сәл төмендеу болып, оның деңгейі – 61 пайызды, сондай-ақ, тілдік орта бойынша – 49 пайызды құраған. Осыдан шығатын қорытынды, қазақ­стандықтар еліміздегі этносаралық және дінаралық қарым-қатынастарды, жалпы алғанда, дұрыс деп бағалайды. Соның ішінде сұрау салынғандардың бестен бір бөлігі еліміздегі кейбір этностардың құқықтары тең емес деп санаған. Атап айтқанда, сауалнама нәтижесінде, азамат­тардың 3 пайыздайы этникалық және діни себептерге байланысты қысым көреді дейді. Мысалы, бұл ретте сұралғандардың 19 пайыздайы елімізде этностардың құқық­тары тең емес деп санаса, соның ішінде бұлай жауап бергендердің 23 пайызы түрлі ұлт өкілдері аз шоғырланған Атырау облысын, ал 24 пайызын аумағында өзге ұлт өкілдері көп шоғырланған Алматы облысын мекен еткен.

Жалпы алғанда, сұрау салушылардың 23 пайыздайы – «кез-келген отбасында болатын ұрыс-керістер секілді қайсыбір этностар арасында да келіспейтін жағдай­лар болып тұрады» деген жауапқа басым­дық берсе, ал сұрауға қатысушылардың 4 пайыздайы – «жағдай күрделі болғанымен, бірқалыпты әрі қауіпсіз болып табылады» деген жауапты таңдаған. Егер де еліміздегі қайсыбір этнос өкілдері арасында қандай да бір жанжал туындай қалса, ол, ең алдымен, қолдан жасалуы немесе аран­датудың түрткі болуынан туындауы мүм­кін, сондай-ақ, үшінші тараптың ортаға түсуінен болуы ықтимал дейді қазақстан­дықтардың 62 пайызы, яғни, жартысынан көбі. Атап өтетіні, мұндай жауап нұсқасын таңдағандардың басым бөлігі – жастар болып шыққан. Демек, олар­дың 66 пайызы 18 – 29 жас аралы­ғындағы сұрау салуға қатысқан жастар болып шыққан.

Сондай-ақ, сауалнамаға қатысқан қазақстандықтардың 17 пайызға жуығы этносаралық қақтығыстарға белгілі бір тұрғыда экономикалық мәселелер де себеп болуы мүмкін деп жауап берген. Олардың ойынша, көп жағдайда адамдар дағдарыс кезінде кінәлі тарапты іздей бастайды екен. Мұндай жауапты, негізінен, Батыс Қазақ­стан (23 пайыз) және Ақтөбе (21 пайыз) облыстарының тұрғындары таңдаған екен. Ал енді «тіл мәселесіне орай туындаған қайшылықтар этносаралық жанжалдарға ұласуы ықтимал» деген жауапты сұралған­дардың бар болғаны 5 пайызы ғана таңдаған.

Сөз соңында атап өтетіні, сауалнама жүргізілгендердің 84 пайызы елімізде бұрын-соңды этникалық және діни себептерге байланысты ешқашан, ешқан­дай қысым көрмегендер болып шыққан. Сондықтан да болашағына алаңдай қарай­тындар небәрі 3 пайызды құраған. Соны­мен қатар, елімізде   өмір сүріп жатқан ұлт­тар мен ұлыстар арасында достық қарым-қатынас орнап тұрғаны да осы сауалнама алу нәтижесінде белгілі болған. Бірақ, сұралғандардың 12 пайызы ертеңгі күніміз қақтығыстарға ұласып кетуі мүмкін деп қорқады екен.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *