ЕЛІМІЗДЕ САЙЛАУАЛДЫ ҮГІТ-НАСИХАТ ШАРАЛАРЫ БАСТАЛДЫ

11 мамыр күні сағат 18.00-ден кейін елімізде кезектен тыс Президент сайлауына тіркелген жеті кандидаттың үгіт-насихат шаралары басталды. Оған әуел баста тоғыз адам қатысуға ниет білдіргенмен, Орталық сайлау комиссиясы жеті адамның тіркелгенін хабарлады. Заңға сәйкес сайлауалды үгіт-насихат 8 маусымға дейін жалғасады. 8 маусым – тыныштық күні. Ал ертеңінде, яғни 9 маусымда таңғы сағат 07.00-ден кешкі 20.00-ге дейін дауыс беру науқаны жүреді. Дауыс санау 12 сағаттың ішінде атқарылады.

 

Сабақтастық, әділдік және өрлеу

ҚР Президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық және аймақтық қоғамдық штаб басшыларымен және мүшелерімен кеңес өткізді. Жиынның ашылуындағы сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауалды науқанның маңыздылы­ғына тоқталып, сайлау – Қазақстанның дамуындағы жаңа кезеңге жол ашатынын атап өтті. Сайлауалды кезеңде штабтар мен партияның барлық ұйымдас­тыру­шылық әлеуетін тиімді пайдалану қажеттігін айтып, бірқатар басымдықтарды анықтап берді.

– Біздің сайлауалды бағдарламамыз сабақтастық, әділдік және өрлеу деген негізгі үш қағидаға негіз­делген. Өйткені, Елбасы саясатының сабақтастығы ғана еліміздің қарқынды дамуын қамтамасыз етеді. Азаматтар үшін ең маңыздысы – әл-ауқаттың артуы. Біздің экономикалық жетістіктерімізді әр қазақ­стандық сезінуі тиіс. Бұл – әділдіктің белгісі. Сондық­тан алдымызға нақты мақсаттар қойып отырмыз. Оған қол жеткізу үшін біз үздіксіз дамып, үнемі өрлеп, өркендеуіміз керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Үгіт-насихат науқанын батамен бастады

ҚР Президенттігіне үміткер Сәдібек Түгел сай­лауалды бағдарламасын таныстыруды  елорданың кіреберісіндегі Құлагер ескерт­кішінің жанында жи­налған Нұр-Сұлтан қаласы мен Шортанды ауда­нының құрметті ақсақал­дарымен кездесуден бастады.

Биыл «Құлагер» поэмасының авторы Ілияс Жансүгіровтің туғанына 125 жыл толатын болса, осы ескерткіш идеясының авторы әрі оны орнатқан ұлтжанды азамат Сәдібек Түгелдің де ақсақалдардың батасын алуға осында келуі  жиналғандардың көңілінен шықты.

Сәдібек Түгел ақсақалдармен кездесуінде өзінің сайлауалды бағдарламасындағы негізгі міндеттерге тоқталды. Жастарды ұлттық құндылықтарды ұлықтау мен отансүйгіштікке тәрбиелеу, мемлекет­тік тілді дамыту және халқымыздың мәдениеті мен салт-дәстүрін насихаттау тұрғысындағы ұстаным­дарын жеткізген.

Кездесуге  «Ұлы дала қырандары» қоғамдық бірлестігінің тең төрағасы, штаб жетекшісі Марат Нәбиев қатысты.

Жастар белсенділік танытты

Елімізде Қазақстан Республикасының Прези­дентін кезектен тыс сайлау науқаны қызу жүр­гі­зілуде. Әр кандидатқа заңға сай тең құқық берілген. Бүгінде кандидаттар күнтізбелік жоспарларына сай жер-жерлерде сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде. Үміт­керлердің сайлауалды үгіт жүргізуі бір мезгілде басталып, олар көпшіліктің қатысуымен өткізілуде.

Өткен аптада басталған Қазақстан Респуб­ли­касы Кәсіподақтар федерациясынан ұсынылған үміткер Аманкелді Таспиховтың сайлауалды үгіт-насихат ком­паниясы кеше Алматы қаласында Тұң­ғыш Пре­зидент сая­бағында басталып, ол студенттердің флеш­мобына жал­ғасты. Флеш­мобқа Алматыдағы жоғары оқу орын­дарының 200 студенті қатысты. Жастар ашық түсті киім киіп, еліміздің кәсіподақтар ұйымын ынтымақтас­тыққа шақырды. Шара бары­сында жастар: «Кәсіп­одақтар еңбек адамының әлеу­меттік еңбек тұрмысын қор­ғау жолында өздерінің демократия мен әділетті қоғам құру идеалын қорғай­тын­дықтарын» білдірген ұран көтерді.

Қазақстандықтарды өздерінің кандидаттарын қолдауға азаматтық белсенділік танытуға шақырды.

Сайлауалды үгіт-насихат шаралары белгіленген заң шеңберінде жүргізілді.

Кәсіпкерлікті дамытуға басымдық берілді

Дания Еспаева өзінің сайлауалды үгіт науқанын еліміздегі ірі наубайханалардың бірі – Алматыдағы «Ақсай-нан» ЖШС-інде бастады. Штаб мәліметтеріне қарағанда, мемлекет тарихындағы тұңғыш әйел-үміткер және республикалық штабтың жетекшісі Азат Перуашев бастаған оның жақтаушылары кәсіпорын ұжымына сайлауалды бағдарламаның басты тұстарын айтып өтті. Атап айтқанда, бизнесті қолдау, ұлттық тәуелсіздік және жемқорлықпен күрес. Кәсіпорын ұжымы Дания Еспаеваның әлеуметтік өнім кәсіпкерлеріне (тамақ өнімдері, киім-кешек, балаларға арналған тауарлар) арналған салықты, бизнесті несиелеудің үстемақысын төмендету және несие мерзімін ұзарту туралы бағдарламалық ұсыныстарына ризалығын білдірді. Дания Еспаева мен оның штаб мүшелері кездесу барысында қойылған сұрақтарға жауап берді. Кәсіпорын қызметкерлерінің көп бөлігі әйелдерден тұратындықтан кездесуде зейнеткерлік жасқа байланысты сауалдар да қойылды. Сонымен қатар, қалада тіркеуі жоқ көпбалалы отбасылардың жәрдемақы және баспана алу мүмкіншілігі туралы сөз қозғалды.

17 аймақта 17 өңірлік штаб құрылған

«Ауыл» партиясының атынан ҚР Президент­тігіне кандидат Төлеутай Рақымбековтың респуб­ликалық қоғамдық штабы да өз жұмысын бастады. Бұдан бөлек, аймақтық штабтар да жасақталды.

Штаб басшысы Әли Бектаевтың айтуынша, партия сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын бастап кетті. Бұған дейін арнайы семинар-тренингтер ұйымдас­тырылып, штаб мамандары үгіт-насихат жүргізудің ережелерімен танысып шықты. Ал заңгерлер партия мүшелеріне «Сай­лау туралы» Заңның баптарын түсіндірді. Үгіт-насихат жұмыстарына қажетті плакаттар, үн-парақтар мен партияның бағдарламасы басылды. Осылайша «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы ұсынған кандидат Төлеу­тай Сатайұлы Рақымбековтың штабы жұмысын бастады. Республикалық қоғамдық штабтан бөлек, 17 ай­мақта 17 өңірлік штаб құрылған.  Бүгінгі таңда сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары мұның бәрінде де үлкен белсенділікпен қолға алынып келеді.

Тұғырнама 5 бағыттан тұрады

Қазақстан Коммунистік Халық партиясы қалалық, облыстық, республикалық деңгейдегі сайлауалды науқанға кірісті. Жергілікті жерлердегі сайлауалды штабтар ашылып, сайлау науқанына қатысты жұмыстар басталып кетті. ҚР Президент­тігіне кандидат Жамбыл Ахметбеков ресми сайтында сайлауалды тұғырнамасын жария етті. 5 бағыттан тұратын тұғырнама «Батыстың ықпалы мен жалған құндылықтарынан бас тарту», «Барлық қашқын олигархтарды сотқа тарту», «Кедейлікпен күрес», «Көрші елдермен экономикалық интеграция», «Әділетті салық салуды енгізу» деп аталады. Олар елдің әлеуметтік-экономикалық даму бағыты мен ішкі және сыртқы саясатқа қатысты мәселелерді қамтиды.

«ҚКХП Орталық комитетінің хатшысы, «Халық коммунистері» фракциясының жетекшісі, Парла­мент Мәжілісінің депутаты Айқын Қоңыров республикалық сайлауалды штаб жетекшісі болып бекітілді. Сайлауалды науқан кезінде партияның баспасөз қызметі үздіксіз жұмыс істейді. Баспасөз қызметін Назгүл Мақжан басқарады.

Солтүстік Қазақстан облысына барды

ҚР Президенттігіне кандидат Әміржан Қосанов та өзінің сайлауалды тұғырнамасын жария етті. Аталған тұғырнама «Саяси бостандықтар», «Ұлттық болмыс», «Сөз жүзіндегі емес, іс жүзіндегі тәуелсіздік», «Жем­қор­лыққа жол жоқ», «Өркениетті әрі халықшыл эко­номика», «Бақуатты аймақтар – бақуатты мемлекет» деген 6 бөлімнен тұрады. Онда кандидаттың сайлауда жеңіске жеткен жағдайда, мемлекет өмірінде қандай өзгерістер болып, еліміздің қай бағытпен дамитыны туралы жоспарлары қамтылған.

Сонымен қатар, ҚР кезектен тыс Президенті сайлауына «Ұлт тағдыры» қоғамдық бірлестігінің атынан ұсынылған кандидат Әміржан Қосановтың республикалық штабының өкілдері Солтүстік Қазақстан облысындағы Булаево қаласына да келді.

Онда ҚР Президенттігіне кандидат жергілікті тұр­ғындармен кездесіп, батыр Баян мен Мағжан Жұма­баевтың ескерткішіне барды. Тұрғындармен кездесуде кандидат өзінің сайлауалды тұғырнама­сының басым бағыттарымен таныстырды. Сондай-ақ, ол солтүстік өңір тұрғындарының сауалдарына жауап берді.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *