Еліміз  терең жаңғырулар дәуіріне қадам басты

Қазақстан  Президенті Нұр­сұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының өзегіндегі ұлттың рухани жаңғыр­уының бастал­ғандығы туралы пікір  білдіру біз үшін тікелей іс-қимылдың баста­масы болып отыр. Біздің мемле­кетіміздің келелі  болашағы осыдан  ширек  ғасыр  бұрын айқын­далған.  Содан  бері  біз  дұрыс  жол­да  дамып келеміз.  Бұл бағдар­ламалық құжатта жаңа Қазақстан­ның рухани құндылық­тарының   өзегі көрініс тапқан.

Мемлекет басшысының «Бола­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы Қазақстанның саяси реформасы мен экономи­касын жаң­ғыртуда зор маңызға ие. Әсіресе, мәдениет пен өнердің даму мәселе­леріне назар аудару арқылы қоғам­дық сананы жаң­ғырту про­цесін үдете түсу жайын сөз етуі өте өзекті  мәселе деп  ойлаймын.

Өз басым Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты тарихи мән-мағынасы зор мақаласын оқыған кезімде еңсем көтеріліп, ерекше күйге түстім. Өйткені, мұның астарында үлкен стратегиялық мәні бар, қазақтың өткеніне үңілуге мүмкіндік туғызып, жарқын болашағын айқындап берген құжат ретінде бағалап, айтылған бастамаларға қолдау білдіруді азаматтық парызым деп санаймын.

Мемлекет басшысы  мақаласында жаңғыру процесінің нақты мақсат-міндеттері белгіленіп, әр саланың нақты  басымдықтары мен оған жеткізетін жолдар жан-жақты сараланған.

Біз – ежелден жеңістер тарихын  жады­мызда қалыптастырған елміз. Бұл ұлы жолды тәуелсіз  еліміздің тұңғыш Прези­денті Нұрсұлтан Назарбаев бастап келе жат­қан жаңа мемлекет – Қазақстан Республикасы  бүгінгі  бар салтанатымен жалғастырып  келеді.

Біз өз ғұмырнамамыздың алғашқы ширегін немен және қандай жетістік­термен өзектестіре аламыз? Өміріміздің жаңа сатысына қандай әлеуетпен ендік? Ендігі  мәселе  осы тұрғыда  өрілуі  тиіс. Біздің барша жеңістеріміз бен жетіс­тіктерімізді ерекше мақтаныш сезіммен ұзақ әрі  ұлы  мақтанышпен  айта беруімізге болады.

Еліміз  тәуелсіздігінің нығаюы мен дам­уының басты шарттарының бірі – жас­тардың отаншылдық көзқарасының қа­лыптасуымен  құнды. Президент: «Қазақ­станда тұратын әрбір азамат өзін осы елдің перзенті сезінбейінше, оның өткенін біліп, бо­лашағына сен­бейін­ше, біздің жұмысы­мыз ілгері баспайды» деген болатын. Біздің та­рихымыз өте бай. Бүгінгі күні төл тари­хымызды оқы­тудың басты міндеті – жастарды адам­заттың өткен тари­хымен таныстыру, дүние­жүзілік мәде­ниеттің басты-басты жетістіктерімен су­сын­дату, өткен тарихты сын көзімен талдай отырып, келешекті бағ­дар­лайтын, шығармашы­лықпен ойлана оты­рып, олардан дұрыс қорытынды жасай алатын, тарихи де­рек­тер­мен өзді­гінше жұмыс істеп, өз білімін үнемі толық­тырып отыратын саналы азамат тәр­биелеу.

Елбасы өз мақаласында сананың ашықтығы мәселесіне баса назар аударуы мені  қатты  толғандырып  өтті. Ұлттық сана-сезім деген туған-туысыңның, ағайыныңның жағдайын емес, ұлтыңның қамын ойлау деген сөз. Ең алдымен жастар бойына ұлтжандылықты тәрбие­леуде  солқылдақ  болмауымыз  керек. Олардың  қазақстандық ұлтжанды азамат болуы  жолында   тиісті  шараларды  көбірек  өткі­зе  беру  жолын  қарастыр­ғанымыз  абзал. Елім, жерім, ұлтым аман болса екен деп ойлап, Қазақ халқының өткені мен бүгінін таразыға сала отырып, келешегіне отан­шылдық туын арқау еткен жандары таза жастар болуы керек. Сонда олар  бола­шақта  мемлекеттің тұтқасын берік ұстай­тын болады. Мұның  бәрі  менің  өмірлік  тәжірибемнен  қалыптас­қан,  мұратты жолдарымнан  алынған айқын тәлімім.

Бүгінгі тәуелсіз еліміздің өрендері мен аға буын өкілдерінің ерлік өнегесін  айтуды да  есте ұстағанымыз абзал. Аға буын  өкіл­­дерінің  ерлік ісін  айта  оты­рып,  біз  жас ұрпақты оларға  адал  болуға  тәрбие­лейміз.

Ұлт мақтанышы біздің бұрынғы өткен батыр бабаларымыз, данагөй билеріміз бен  ақын-жазушыларымыз ғана болмауы тиіс. Бұл  қатарға  мен бүгінгі замандаста­рымыз­дың, яғни еңбек адамының  ең­бектегі,  күнделікті  өмірдегі жетістіктерін  үлгі  етуді  де  қосар  едім.

Жастардың санасында халқымыздың көп жылғы тарихында  зерделенген құн­дылық – азаматтық парыз бен заңға деген құрметті қалыптастыру ұмыт  қалмаса  екен  деймін.  Жалпы, патриоттық тәрбие барлық жерде және барлық уақытта бүкіл қоғамды нығайтудың факторына, еліміздің рухани, саяси және экономи­калық жаңғыруына, мемлекеттің тұтастығы мен қауіпсіздігіне негіз бола  алады.

Бүгінде Қазақстан терең жаңғырулар дәуіріне қадам басты. Бұл еліміздің жаңа тарихындағы өзгерістер   кезеңі. Сондық­тан бұл үрдіске мемлекетіміздің әрбір саналы азаматы,  үлкені мен кішісі мей­лінше атсалысуы керек. Біз тағдырымыз тарту еткен осынау мүмкіндікті міндетті түрде пайдалана отырып, рухани жаңғыру­дың негізінде мықты, әрі жауапкершілігі жоғары  Біртұтас Ұлт болуымыз керек.

Бүгінгі уақыттың талабына ілесу үшін терең білім, озық технология, ақыл мен ой-сана биіктігі, зайырлы еңбек етудің таң­даулы үлгілері қажеттігін ұғындыру абзал. Себебі, кешегі қарқыннан бүгінгі жылдам­дық әлдеқайда арта түскен. Ол одан  ірі  шапшаңдай  береді.  Мемлекет  басшысы  Нұрсұлтан Назарбаев айтқан­дай, «Жаңа жағдайда жаңғыруға деген ішкі ұмтылыс – біздің дамуымыздың ең басты қағидасы. Өмір сүру үшін өзгере білу керек. Оған көнбегендер тарихтың шаңына көміліп қала береді».

Сондықтан баршамыз   ұрпақтың жаң­ғыруы  жолындағы   осынау ұсыныс­тардың маңызын терең түсінуіміз  керек.

 

Шәңгерей  ЖӘНІБЕКОВ,

мемлекет  және  қоғам  қайраткері.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close