Еліміз бойынша индустрияландыру аясында 1200-ден астам жаңа кәсіпорын іске қосылды

Астана қаласындағы  «Тәуелсіздік сарайында» Мемлекет басшысының қатысуымен   Шетелдік инвесторлар кеңесінің 31-пленарлық отырысы өтті

Алқалы жиында цифрлық трансфор­мация, жаңа технологияларды қолдану және экономиканың одан әрі даму перспек­тивалары жөніндегі мәселелер талқыланды.

Мемлекет басшысы  Шетелдік инвес­торлар кеңесінің пленарлық отырысына қатысушылардың баяндамаларын тыңда­ған соң, Қазақстанның жаһандық сын-қатерлер жағдайында ұлттық экономика­ның тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін атқарып жатқан шаралары жөнінде айтты. Кеңестің Қазақстандағы бизнес ахуалын жақсартуға және ұлттық экономиканы қолдауға бағытталған жұмыстарының нәтижелеріне тоқталды.

Елбасы елдің одан әрі жаңғыруы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін  атқа­рылатын жұмыстың бірнеше бағыттарын атап көрсетті. Құқық үстемдігін қамта­ма­сыз етуге және мемлекеттік басқару ісінің сапасына ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті. Басым бағыт ретінде инфрақұ­рылымды жаңғырту қажеттігін тұжырым­дап, еліміз  көлеміндегі және өңірлердегі эко­номика салаларын цифрландыру үдері­сін  кеңінен сипаттап берді. Адами капитал­ды одан әрі дамыту қажеттігі және білім беру жүйесін трансформациялаудың маңыздылығы жөнінде айтты.  Трансұлттық корпорациялармен бірге ірі жобаларды жүзеге асырудың, аграрлық ғылымды дамытудың, технологиялар трансфертінің және құрылыс саласының жоғары қарқы­нын қолдаудың маңыздылығына да тоқталды:

– Бірінші. Бұл – реттеуші ортаны жақ­сарту. Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы кодекс, Салық және Кеден кодекстері сияқты жаңа құжаттар күшіне енді. Кәсіпкерлікті реттеу мәселелері жөніндегі заңнамалық түзетулер топтамасы қабылданды. Барлық бағыттар бойынша Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының стандарттары енгізілуде.

Екінші. Бұл – экономиканы диверси­фикациялау және жаңа технологияларды енгізу. Еліміз бойынша индустрияландыру аясында 1200-ден астам жаңа кәсіпорын іске қосылды. Инвестициялық және экс­порт­тық стратегиялар жүзеге асырылуда.

Үшінші. Біз Еуразиялық мультимо­дальді көлік-транзит хабын қалыптасты­рудамыз. Жүзеге асырылып жатқан «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық бағдарламасы еуразиялық интеграцияны күшейтуге және Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастама­сымен ұштасу мақсатына бағытталған. 5 шілдеде «Астана» халықаралық қаржы орталығының таныстырылым рәсімі болады. Бұл орталық Қазақстанның қаржы инфра­құрылымының өзегіне және бүкіл Орталық Азия өңірінің хабына айналуға тиіс.

Төртінші. Бұл – цифрландыру. Біз «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдар­ла­масын жүзеге асыруды бастадық. Цифр­лық технологияны агро-өнеркәсіп кеше­ніне, көлік және басқа да негізгі салалар­дағы кәсіпорындарымызға енгізу қажет.

Бесінші. Бұл – адами капиталды дамы­ту. Білім беру жүйесі экономиканы жаң­ғырту мен цифрландыру арқылы трансфор­мациялануы қажет. Осыған орай, «Адами капиталды дамыту» мәселесін келесі отырысымыздың тақырыбы етіп алуды ұсынамын, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы Қазақстан эко­но­ми­касын жаңғырту үшін бірлесе тиімді жұмыс жүргізудің маңызды екенін атап өтіп, Үкіметке Шетелдік инвесторлар кеңе­сіндегі жұмыс топтарының отырысында және бүгінгі басқосу барысында айтылған ұсыныстардың бәрін ескеріп, қарастыруды тапсырды.

Шетелдік инвесторлар кеңесінің пленарлық отырысы аяқталғаннан кейін Мемлекет басшысы «Royal Dutch Shell» концернінің бас атқарушы директоры Бен ван Берденмен кездесіп, тараптар өзара ынтымақтастықты кеңейту және страте­гиялық әріптестікті дамыту жөніндегі өзекті мәселелерді талқылады.

 

«АҚШАМ-АҚПАРАТ».

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close