ЕЛIМIЗ БОЙЫНША АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ СУЫҚ СУҒА АЗ ТӨЛЕЙДI

100-4818-3Мәншүк БЕКБОСЫН

Адам баласына ауа қаншалықты керек болса, судың да қажеттiгi одан әсте кем емес. Су – тiршiлiк көзi. Онсыз адам баласының тiршiлiк ете алмайтыны да белгiлi. Алайда, сол судың қадiрқасиетiн жете түсiнiп жүрмiз бе? Оны үнемдеуге келгенде шалағайлық танытатынымыз қалай? Бұл аз десеңiз, бүгiнде пайдаланған судың ақысын уақытылы төлемейтiндер жетерлiк. Қалыптасқан мұндай жағдайлар қаладағы сумен қамтамасыз етушi мекеменiң жұмысын тығырыққа тiрейдi. Осы орайда өткен аптада «Алматы Су Холдингi» компаниясының мамандары БАҚ өкiлдерiмен бiрiгiп, суық суға қарыз адамдардың үйлерiн аралады. Бұл шара баршамызға күнделiктi пайдаланып жүрген судың да сұрауы бар екенiн аңғартқандай болды.

Суға заңсыз қосылғандардың саны 4000-ға жеткен

Суға қатысты мәселе бүгiн ғана көтерiлiп отырған тақырып емес, әрине. Ауызсуды үнемдеу, суық суға есептеуiш құралдарды орнату, судың ақысын уақытылы төлеудi тиiстi мамандар айтудайын айтып, жазудайын жазып, биiк-биiк мiнберлерден оны шешудiң төте жолдарына дейiн көрсетуiн көрсетiп-ақ келедi. Десек те, сумен қамтамасыз етушi мекеменiң жанайқайына құлақ аспай жүрген жандар жетерлiк екен. Осы орайда «Алматы Су Холдингi» МКК заңсыз ауызсуды пайдаланып отырған тұтынушыларды анықтау жұмыстарын қайта жандандыруда. Осы уақытқа дейiн өткiзiлген рейдтерден анықталғандай, жеке үйiн көтерген жаңа тұрғындар қалалық су жүйесiне ешқандай құжат рәсiмдеместен, «Алматы Су Холдингi» МКК-нiң келiсiмiн алмастан жеке су жүйесiне қосылып алған. Ал бұл өз кезегiнде, бiрiншiден, суға ақы төленбейдi деген сөз. Екiншiден, апатты жағдай орын алғанда оны ретке келтiру орасан қиындықтар келтiредi екен.

«Бастау» МКК-ның қоғаммен байланыс бөлiмiнiң маманы Серiк Шағыровтың айтуынша, қала бойынша соңғы жылы ауызсуға заңсыз қосылғандар саны 4000-ға жеткен көрiнедi. Соның iшiнде суға заңсыз қосылғандардың ең көбi Медеу ауданы мен Алатау ауданына тиесiлi екен.

– Қала бойынша осы екi ауданда суға заңсыз қосылған азаматтар көп. Алатау ауданы туралы айтпаса да түсiнiктi деп ойлаймын. Бұл ауданның тұтынушылары суға қалай қосылу тәртiбi мен қандай құжаттар қажет екенiн бiле бермейдi. Сол себептi тұрғындар арасында суға қосылу үшiн заңмен белгiленген арнайы жиналатын құжаттар ретi бар екенiн айтып, түсiндiрме жұмыстарын жүргiзуге тура келедi. Бiздiң талабымызды орындап, құлақ асып жатқандар бұл ауданда бар. Ал, Медеу ауданында керiсiнше, заңды бiле тұра, заңсыздыққа баратын азаматтар тұрады, – дейдi Серiк Шағыров. Айта кету керек, қарызданғандардың бәрi бiрдей оны төлеуге шамасы жетпейтiн кедей-кепшiк емес, олардың арасында шенеунiктер де, қалталы кәсiпкерлер де бар.

Ауызсуға уақытында төлейтiндердiң бiрi – зейнеткерлер

Сумен қамтамасыз ету қызметiне берешек соңғы жетi айдың iшiнде 170 миллион теңгенi құрап отыр. Оның iшiнде заңды тұлғалар 100 миллион теңге қарыз. Қазiргi кезде «Бастау» МКК және «Тоспа Су» МКК қызметiнiң өкiлдерi кәсiпорындардың алдындағы қарыздарын қайтарып алу үшiн барлық заңды әдiстердi жүзеге асырып жүр. Оның iшiнде, борышкерге хат жiберу, телефон арқылы хабарлама жасау, тiптi, сот арқылы да талап етiлетiн жағдайлар аз кездеспейдi. Бiрақ, тұтынушыларды тәртiпке «бағындыру» оңай жұмыс емес деп отыр тиiстi мекеме өкiлдерi. Сондықтан аталған мекемеде құрылған коммуналдық бригада алдын ала ескертуге құлақ аспай, жетi айдан берi ауызсуға ақша төлемегендермен күрестi бастап кеттi. Нәтижесiнде бүгiнгi күнге дейiн 500 жекеменшiк үйлер мен 200 мекеме ауызсудан қағылды.

– Бiздiң кәсiпорын қала тұрғындарын ауыз сумен тегiн қамтамасыз ете алмайды. Әр нәрсенiң сұрауы бар. Бүгiнде қала бойынша айына бiр адамға есептегенде су тұтыну көлемiн 1,7 текше метрден асырмайтын жеке тұлғалар текше метрiне 28,08 теңге көлемiнде төлем жүргiзедi. Ал, ең жоғарғы төлем судың бiр текше метрiне 62,00 теңгенi құрайды. Салыстырмалы түрде елiмiз бойынша Алматы қаласы суық суға аз төлейдi, – дейдi «Бастау» МКК-ның қоғаммен байланыс бөлiмiнiң маманы Серiк Шағыров.

С.Шағыровтың айтуынша, ауызсуға уақытында төлейтiндердiң бiрi – зейнеткерлер. Ең қызығы, суға қарыз адамдар әл-ауқатты жандар екен. Мәселен, Медеу ауданына қарасты «Юбилейный» ықшамауданы кiлең ауқаттылар тұратын ауданның бiрi екен. «Бұл – Мәскеудiң «Рублевкасы» iспеттес аудан» дейдi рейдке қатысушылардың бiрi. Адам айтса сенгiсiз қитұрқылықтар мен келеңсiздiктер осы ауданға тиесiлi екенi ащы да болса шындық. Бұл жерде тұрмысы нашар жан көрмедiк. Екi қабатты зәулiм үйлер, бәрiнiң астында қымбат машина. Сөйте тұра, су және басқа да коммуналдық қызметтерге төлемей, айлап, тiптi, жылдап қарыз болатындардың басым көпшiлiгi осы ауданның тұрғындары екен. Коммуналдық қызметке төлемеу байлардың және табысқа жеткен адамдардың арасында сәнге айналып, бұрыннан қалыптасқан жағдай сияқты. Төлемей-ақ тыныш ұйықтайды.

Бақылаушы болып қызмет ететiн Ольга және Михаил есiмдi азаматтар элиталық «Юбилейный» ауданын өздерiнше «қауiптi аймақ» деп атайды екен. Олар мұндағы қабаған иттерден емес, сараң байлардан қорқатынын айтып отыр.

– Оларға ескерту жасаудың өзi қауiптi, – дейдi су мекемесiнiң бақылаушылары. Тәжiрибеде суды тексеруге келгендерге қабаған иттерiн айдап салып, мылтық кезегендер де болыпты. Ал, бақылаушыларды үй ауласынан қуып шығу үйреншiктi көрiнiске айналған екен.

– Күн сайын, шамамен, бiрнеше үйдiң есiгiн қағып, қарызын өз еркiмен төлеу туралы уақыты көрсетiлген ұсыныстарды тапсырамыз. Қарызы бар тұрғындарды өз үйлерiнен табу қиын, табылған күннiң өзiнде, тiптi есiктерiн ашпай үйлерiне кiргiзбеудiң барлық амалдарын жасайды, – дейдi ренiшпен бақылаушылар.

Ауызсудың қадiрiн бiлгенiмiз жөн

«Су – сенiң дәмiң де, исiң де жоқ. Сенi суреттеу де қиын. Қандай екенiңдi бiлмей, адамзат сенен ләззат алады. Сен өмiрге қажетсiң. Сен өмiрдiң өзiсiң. Сен жарық дүниедегi байлықтың ең зорысыңө» деген екен ұлы ғұламалардың бiрi. Ойлап қарасақ, осы айтылып отырған сөздердiң жаны бар. Кiм судың зәрулiгiн, зардабын, қайғы-қасiретiн көп шексе, сол судың қадiр-қасиетiн, қажеттiгiн, құндылығын терең түсiнерi атқызбай-ақ анық.

Сондықтан да халық аузында: «Адамның сусыз күнi жоқ, судың оны айтатын тiлi жоқ», «Судың да сұрауы бар» деген мәтелдер бар. Иә, сусыз өмiр жоқ. Бұған төмендегiдей дәлелдердi келтiруге болады. Әлемнiң 3/4 бөлiгi (75 пайызы) судан тұрады. Ғаламшардағы жалпы судың көлемi 360 миллион текше шақырымды, айдыны 1 миллиард 370 миллион текше шақырымды құрайды екен. Адамның 4/5 бөлiгi (80 пайызы) судан тұрады. Адам өз өмiрiнде орта есеппен 22 тонна тамақ, 33 тонна су iшедi делiнсе, биолог П. Гофман-Кадашниковтың есебi бойынша, 70-ке келген адам 75 тонна су iшедi екен. Демек, адам тамақсыз бiр ай, сусыз бiр апта ғана өмiр сүре алады. Яғни, организмнен су құрыды дегенше, өмiр қиылды дей бер.

Иә, жер бетiнде су құрыса көрер күнiмiздiң қандай болары үлкен сұрақ. Сондықтан, жер ананың берiп отырған мүмкiншiлiгiн, күнделiктi пайдаланып отырған ауызсудың қадiрiн бiлгенiмiз жөн болар.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *