ЕЛІҢ ҮШІН ЕСЕН ЖҮР, ЕР ЖӘНІБЕК

(Соңы. Басы өткен санда).

23Арада алты жыл өткенде осы Көгедай он сегізге толып, Жәнібектің ақылымен 1790 ит жылы қазан айында 17 кісі болып жолға шығып, Көгедай Бейжіңге барып, Ежен ханға сәлемдесіп, қамқорлық қағаз алып, арада 1,5 жыл өткенде елге қайтып оралған. Керей елі ішкі ісін өзі басқарса, сыртына Қытай иелік жасайтын болыпты.

«Тілге келсе – елу бесте болып сөйлескен, дауға келсе —  қырық бесте болып белдескен, жауға келсе — жиырма бесте болып» айқасқан Ер Жәнібек қой бұл. Тіпті, жасы келіп,  қатты ауырып жүргенде жаңа ел иесі жас Көгедай төреге айтқан көрегендік ақыл-кеңесі де,  өмірден өтерін білген қария Жәнібектің елімен қоштасудағы даналығы, артындағы елге қалдырған өсиет-аманаты да қайран қалдырмай ма?!

– Ел де өсіп қалды ғой, десе де ел кіндігі – өзіңсің, балам. Ордаңды өз тұсыңда Көкпектіден көшірме, елдің алды ұзаса, мен көрген Бәйтікке дейін барар. Алды тосылғанда қайта оралады. Керейдің өрлегені – Ертістің жалғыз аңғары ғой, – деді Көгедайға күлімсірей қарап.

Қарияның сөзін тегіс түсінсе керек, Көгедай үнсіз бас изеді.

– Мың жасайтын құзғын емеспін ғой, – деді Жәнібек Көгедайға бұрылып. – Алланың аманатын тапсыратын уақытым да жақындап қалған сияқты. Қалбаның қоңыр салқын төсінде жатсам, арманым жоқ… Мен көз жұмған соң, қаралы хабарымды ешкімге хабарламаңдар. Мынау өспеген аз  ғана Сары ауылдары Жәнтекей ішіне бытыраған соң, екі жылдан кейін исі Орта жүзге хабарлағандарың жөн. Қалғанын өзіңе тапсырдым (441-бет).

Жаз өтіп, күз келе бере Жәнібектің ауруы қайта қозды. Күзеулікке елден бұрын еңкейген Жәнібек ауылы 1792 жылы қазан айының басында Қызылсудың Шар өзеніне құйған қабағының терістік жағына он шақырым жердегі Әулиебұлақ деп аталатын ағын бастаудың басына барып қонды. Ақ бетегесі желпілдеген арқаржон қоңыр адыр осы жылы ерек көктеген екен… Бастаудың батыс жағында жатқан дөңге өзі шыққан батыр бетегелі сары жазыққа ұзақ көз тастады. Төсін тұлпардың тұяғымен сан рет дүрсілдеткен батырдың бұл туған жерімен қоштасуы еді.

Осыдан соң төсек тартып қалған ер Жәнібек күн бесінге ауған шақта жары Қанипаға:

–… Алланың аманатын тапсыратын уақыт келді. Жиырма жылдан артық жолдас болдың, бір кісідей күттің. Разымын. Қатем болса, кеш, балаларың да сыйлап өтер…, – деді.

Қанипаның шаралы дөңгелек қара көзінен екі тамшы мөлдір жас домалап, саусағынан ұстап отырған Жәнібектің үстіне тамды.

– Көз жасыңды көрсетпе! – Жәнібектің даусы сәл қат­қыл шықты. – Мен пәни ғаламмен біржола қоштасамын, арма­ным жоқ. Мен көз жұмған соң, екі жылға дейін көзіңе жас алма.

Қанипа шақыртып, ауыл азаматтары, батырдың балалары жиналды. Көгедайға айтқан сөздерін қайталап, өсиет-аманатын табыстады. Қосқаны: «…Менің өлімімді ауыл-үйдің балалары да білмесін. Ешкімді де шақырмаңдар. Жаназамды өзім шығарып қойдым. Көзім жұмылған соң, бастаудан төмен анау көлденең жай бір дөңнің үстіне жалғыз апарып қойыңдар. Қабір тұрғызбай, топырағымның үстін тегістеп, мал айдап тастаңдар. Мені сұраған туыс-туғанға ауруын емдеткелі  Ташкент жаққа кетті дейсіңдер…».

– Алла амандық берсе, айтқаныңызды екі етпей орындауға дайынбыз. – Ұлы Ноғайдың үні дірілдеп шықты. –Басқа айтарыңыз бар ма?

– Тірліктің тірегі – бірлік, – деді батыр маздап жанған отқа қарап. – Араларыңа суықтық кіргізбеңдер… Бес күндік бықсық дүниені қуып, біріңді-бірің ренжітпеңдер. Ескертерім: менің аруағым жаугершілікте, жалғыз жүріп жаныңа қысым түскенде, әйел босана алмай қиналғанда қолдайды…» (444-445-беттер)

Оның «Алланың аманатын тапсырғанымды екі жылға дейін ешкім: қаймана қазақ түгілі, жақын ағайын да білмесін» дегенінде жау жуық маңда кеудесін көтеріп, елімнің еңсесі түспесін деген нұрлы ой-мақсат  жатқанының басы ашық. Өлгеннен кейін де елін екі жыл қорғаған Ер Жәнібектің ақтық сөзінде, артындағы ұрпақ-еліне айтқан өсиетінде бүгінгі біз де ерекше ескерер, ұмытпай, күнделікті өмірде жүзеге асырып отырар екі нәрсе бар. Біріншісі – тірліктің  тірегі – бірлікті сақтау. Бұл – әулетіне ғана емес, қалың  елі-әлеуметіне арналған сөз. Екіншісі: батыр рухының үш жағдайда: қазағының басына жаугершілік түссе, өзін ұмытпаған ұрпағы жалғыз жүріп қысылса, алаш анасы сәбиін дүниеге әкеле алмай қиналса қолдайтыны.

Қайран Ер Жәнібек  жарық дүниемен осылай қошта­сыпты.

Ол көзі тірісінде руын –  керейін Ел қылып, ұлтын – қазағын қытай аспас, орыс баспас Бел қылса, өмірден өтерінде осы елдікті, хандық – мемлекет ретіндегі Белдікті сақтай білуді өсиет етіпті.

Өз басы – тәні өмірден өткенмен, Ер Жәнібектің жарыққа толы жаны, жанып тұрған жүрегі, кеудесін қытай мен орысқа да бастырмаған, жоңғарға (ойрат пен қалмаққа да) жақ аштырмаған асқақ рухы өтпепті. Әлі тірі, қазіргі күні де оның Абақ Керейін ғана емес, қалың елі – Алаш қазағын қолдап, қорғап келе жатқаны аксиома болса керек.

…1748 Ұлу жылы мамырдың 6-сында Орта жүздің ханы Абылай ел басы батыр-билері: Бұқар жырау, қаракерей Қабанбай, қанжығалы Бөгенбай, керей Жәнібек секілді серкелерін ертіп Сарысу бойындағы Әбілмәмбет ханның ордасына келеді. Ол үш жүзге сауын айтып, ұлы жиын шақыруға мұрындық болыпты. Сол кеңеске  Қазыбек би ауырып келе алмаса, Кіші жүз ханы Әбілқайыр мүлдем келмепті. Ұлы жүз жау табанында, Төле би Ташкенттен жетіпті. Бұл екі арыстың Орта жүзге қанаттас, аралас отырған ағайындарынан өкілдер қатысыпты. Ұлы жиынның мақсаты – үш жүздің басын біріктіріп, жоңғарларды жерімізден қуып шығып, қазақтың елін азат ету мәселесін шешу. Шақшақ Жәнібек бастаған, Әбілқайыр ханмен қатар жүрген Орта жүздің кейбір елбасылары жоңғармен соғыспай, Ресейге қарауды талап етіп бұра тартады. Сондағы түйінді сөзді Абылай хан айтады: «Қазаққа апат сырттан емес, іштен келеді. Біздің түбімізге жеткен  – осы алауыздық. Жоңғарлардың күштілігі – олардың берік ынтымағы мен бірауыздылығында. Жоңғарлар қанша көп болса да, қазақтан көп емес   еді. Сонау Тәуекел ханның тұсында қазаққа қарап келген ойраттардың өзі халқымызды қойдай қырып, ең шұрайлы өлкелерімізді басып алды. 1723 жылғы ақтабан шұбырынды әлі естеріңізден шыққан жоқ… Мынау іргедегі жоңғарлардың самсатып қол жиғанын білетін тіл жібермеу, отыз мыңдай ғана жау қолын ақыл тауып,  алдынан тоса алмау – расында да өкінішті-ақ. Сол замандағы ел бастаған билер, қол бастаған сардарлар, әлі де ортамызда отырсыздар ғой, осы сорақылыққа қалай жол бердіңіздер? Қане, айтыңыздаршы!» (292-бет).

Абылай ханды Төле би, Қабанбай батыр,  ер Жәнібек қостайды.

Бірлік бар жерде ғана Тірлік бар.

Көз жұмар алдында да  алауыздыққа салынбай, бір болу­ды құнттағанда Жәнібектің көздегені – ағайын арасын­дағы ынтымақ қана емес, қалың Алаштың бірлігі. Өсиет – орын­далса ғана қасиет. Сол ынтымақ-бірлік бізге бүгінгі күндері де өте қажет болып отыр. Сондықтан да Тәуелсіз еліміздің Президенті Н.Ә. Назарбаев қазақтың бірлігін, қазақстан­дықтардың ынтымағын атқа мінгелі әрқашан айтып, таққа мінгелі үнемі тиянақтап, орнықтырып келе жатса керек.

Бақыт САРБАЛАҰЛЫ

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *