ЕЛІҢ ҮШІН ЕСЕН ЖҮР, ЕР ЖӘНІБЕК

Жалғасы. Басы өткен санда.

11«Үйінен таң сәріде аттанған Бердәулет қар қымтаған бұйратты құм далада құлагердің көсіле басқан желе аяңымен солтүстікті бетке алып тартып келеді. Кешеден бері бір күн, бір түн тоқтаусыз жауған соны қар сонау Сыр бойынан шығыста шөккен нардай көсіліп жатқан Қаратаудан тартып анау шығыс солтүстік жақтағы Сарысу мен Шу өзені бойына дейінгі Мойынқұммен тұтасқан ұланғайыр кең даланы аппақ жұмыртқадай жылмитып, қымтап (?) тастапты. Солтүстік жақтағы ақ жайқынға аунаған меңіреу ой одан ары мұнарта барып, сол ақ тонымен көкжиекке тіке тұтасып жатыр. Ат екпінімен тең алғашқы ақшаның салқын лебі Бердәулеттің бетіне ұрылып, бойын ширата түскендей болды. Алдыңғы жағына жасаураған көзімен күн сала қарап, үзеңгісін шірене қозғалып түзеліңкіреп отырған соң, құлагердің тізгінін батысқа қарай тартып, жылқының іші-қарыны тәрізді жатаған құмды бұйратқа қарай ойысты…» (3-бет).

Біз бұл жерде романның бастауынан мысал келтіріп отырмыз. Шығарманың осы алғашқы сөйлемдерінде-ақ талай сыр жатыр. Аңғарғанға.  Біріншіден, ә дегеннен-ақ қазақ жерінің кеңбайтақ екені көрініп қалып тұр. Бүгінгі уақытта  Бердәулет шолып келе жатқан өңірді нақ Шәмісше суреттей алмайсың. Қазір жаппай ел қонған, қоныс, қыстаулар жыпырлай жайғасқан жерді тұтас қарастырып, кең құлашты бедерлеудің өзі мүмкін еместей. Екіншіден, тек қазаққа, тек қазақ қаламгерінше тән суреттеу бұл. Аттың «көсіле басқан желе аяңы», жерді «аппақ жұмыртқадай жылмитқан» қар, «ақ жайқынға аунаған меңіреу ой» (жердің ойпаңы),  «алғашқы ақша­ның (қардың)  салқын лебі», «жылқының қарыны тәрізді жатаған құмды бұйрат» – қандай әдемі қазақы сурет­теулер. Біз қазір осылай көріп, бейнелеп «жазудан да айрылып қалмадық па?! Тек осы табиғат көрінісін­дегі (пейзажындағы) сөз қайталау – алғашқы не кейінгі қымтау сөзін өзгертсе, роман бастауы титтей қайталау­дан да құтылып, одан ары ажарлана түсер еді-ау деп ойлаймын.

«Биік қабағының астындағы шұңғыл көздерінің айналасын жиі-жиі әжім сызықтары торлапты, тозған кебістің жұлығы секілді екі ұрты қуырылып (?) ішіне кіріп кетіпті» (31-бет); «…көштің ең алдында кеткен Жәнібек күрең құнанын қылжақтатып (?) қайта шауып келді» (35-бет); «Ауыл-ауылдың іргесінде қалған малдың жемтігі (?) төбе-төбе болып үйіліп қалды» (38-бет); «Оң жаққа шымылдық құрып, шымылдық ішінде төрт ержеткен (?) қыз әлі жоқтау айтып отыр» (230-бет).

Мен ары қарай мұндай мысалдарды тізбей-ақ қояйын. Әбден қарттық меңдеген Кәлпе ананың екі ұрты қуырылмай, мүмкін қусырылып ішіне кіріп кеткен шығар. Күрең құнанды қылжақтатып шабу да құлағыма кірмегенін айтпағанда, ақсүйек жұттан төбе-төбе болып үйіліп қалған малдың өлігі жемтікке  жатпас-ау. Әдетте қасқыр жарып кеткен, жегенінен қалып кеткен өлген малдың денесі жемтік саналмаушы  ма еді?!. Сондай-ақ, ұл  бала ержетсе, қыз бала бойжетпейтін бе еді?!

Мені шығармадағы екінші бір елеңдеткен нәрсе – Абақ керей он екі ата болса, соны түгелдей алмауым. Бұл – автор Шәміс Құмарұлының дұрыс есептемеуінен кеткен нәрсе ме, жоқ әлде Абақ керей іс жүзінде он екі ата емес пе, әйтеуір, бір кәкір-кінәрат бар. Алайда, бұл маған да, авторға да онша керек болмаса да, романға, оның басты кейіпкері Ер Жәнібекке өте қажет дерек деп білемін.

Жоғарыда мен осы арғын мен керей арасындағы бір дауды арнайы  айтып кетсем де, құн төлеуді бөлісуді қайта келтіре кетейін.

Билікті аға батыр, жолы үлкен Жабай былай айтатын еді ғой:

– …Тәйірі, екі жүз жылқы деген не, түскен салық он бөлікке бөлінсін. Осы жанжалдың керей жағындағы тиегі – Жәдік, саған үш бөлік, түтінің көп, малың көп. Ел ағасы да екі бөлік: Шұбарайғыр – саған бір бөлік, Ителі – саған бір бөлік. Сарбас – саған да бір бөлік, Жастабан – саған да бір бөлік, Шеруші – саған да бір бөлік. Ал отағасы Қарақас, Молқы, Көнсадақ – үшеуің отыз үй тігіп, үш жүз адамды күтіп аласың  (184-бет).

Он екі атаны түгендесем, мына жерде тек 9 ата: Жәдік, Шұбарайғыр, Ителі, Сарбас, Жастабан, Шеруші, Қарақас, Молқы, Көнсандық көзге түседі. Бәлкім, өзім білетін Жәнтекейді қоссам, Жәнтекей бұл жақта жоқ шығар, онымен 10 болады. Ал, мына, 200 жылқы салық қалай 10-ға қалай бөлінді, соны санасам, 8-ақ бөлік шығады; егер «Ел сағасы да екі бөлік» дегенмен түгелденбесе. Бірақ, бұл жерде қай аталар айтылып тұр, оны білмейміз, білмеген соң іздейміз, ал тікелей ел сағасы делінетін ата жоқ еді ғой.

Қош, бұл – бір сұрақ. Екіншісі – …

Ер Жәнібек сөз алды:

– …Құдайға шүкір, тозған елдің басы қайта құралды, басқа бас, етекке жең қосылды. Ашамайлы толысып Есіл бойында қалды.  Абақ дәулетті де, бұл күнде толысып, би де, батыр да бар, толықсыған қара ормандай ел болыппыз. Арғынға алман төлеп келген ауылдар да, найманға алман төлеп келген ауылдар да түгел іргемізге келіп қосылды. Біздің түбімізге жау жете алмайды, біздің түбімізге алтыбақан алауыздығымыз жетеді. Атамыз қазақ он аққуға бір басшы дейді. Мен, байқасам, абақ әулетінің өзі де он (?) руға айналған екенбіз. Сұлтанымыз ашамайлының ішінде қалды. Абақтың осы он екі атасына бас белгілесек. Ойлап отырсақ, он екі деген киелі сан сияқты, осы он екі рудың қонысын, өрісін белгілесек. Он екі киелі сан дейтінім: бірінші – қазақтың таныған жұлдызы – он екі, екінші – бір жылдағы ай саны – он екі, үшінші – бір денедегі мүше он екі; төртінші – мүшел жыл саны – он екі; бесінші – арыстан он екі жылда бір күшіктейді; алтыншы – түйе он екі айда бір боталайды; жетінші – ат әбзелі он екі болушы еді; сегізінші – киіз үйдің ішкі жабдығы он екі болады; тоғызыншы – кәде он екі түрлі болады; оныншы – қысырақтың үйірі он екі байтал болады; он бірінші – ер бала он екі жасқа жеткенде балиғатқа толады; он екінші – киелі хайуан бұғының мүйізінің саласы да он екі болады екен. Басы Жәдік пен Жәнтекейден аяғы керейдің кенжесі Сарбасқа дейін дәл он екі болыпты. Жәдік, Жәнтекей, Шеруші, Қарақас, Молқы, Көнсадақ, Жастабан, Меркіт, Шұбарайғыр, Құлтайболат, Сарбас деп бірден санаңыздар (309-310-беттер).

Осы үзіндідегі алғашқы он атамыз деген сөздің жаңсақ екені, ол жерде екі деген сөз түсіп қалып тұрғаны анық. Енді осы үзінді соңындағы тізім – он бір атамен  бітіп тұр. Сонда, он екіншісі кім?

7.

 Елін ежелгі атажұртына – ұзын Ертіс бойына оралтып, қоныстандырған Жәнібек жасы келіп, қартая бастағанда мазасын алып, түн ұйқысын қашырған ендігі ой-арманы – Керейдің терезесін басқа арыстармен теңестіру еді. Жиделібайсындай құйқалы, қыртысты тиесілі жері бар. Мал жайылымына таласып жуан аға баласы арғын да, қалың найман да, басқа да тізе батыра алмайды. Тыныштық құшағында өсіп-өніп, он екі атаға жеткен, дәулет құраған, батырлары теңдік сұраған есті елі бар. Сонда жетпей тұрғаны не? Айналасы мойындар елдік. Ал көсегелі елдің көрші ағайын-арыстар мойындаған, үш жүзге  ортақ ұлы хан – ең берісі Орта жүз ханы бекіткен заңды иесі – ханы,  әйтпесе төре-сұлтаны болады. Ақтабан шұбырындыға ұшырап, ақыл азған, тон тозған, сана сансыраған заманда бұлар төл хан-төресі Әбілпейіс сұлтаннан ажырап, ол – бүгінде Арқада қалды, бұлар Ертіске барып түбегейлі орнықты. Қазақ дәстүрінде керей өз ішінен хан сайлай алмайды, әзірше ел иесі Жәнібек болып, оның шалқып тұрған шағында бәрі санасқанмен, шау тартқан бұл өмірден өтсе, Абақ Керейге кім ес болмақ?!

Осындай ойға нық бекіген Жәнібек 1783  Қоян жылы шілденің екі жаңасында жаңа, жас ел  басыларының кеңесін шақырған. Осы алқалы жиын тоқтамымен 1784 Ұлу жылы Тауасар Қазыбекұлы бастаған17 адам Жәнібектің хатын алып, Уақ-Керей төресі Әбілпейістің бір ұлын алып келуге аттанып, оның кіші әйелінің баласы Көгедайды ілестіріп қайтқан. Әлі жас, бәйбішенің ересек баласы  емес деп көңілдері көншімеген Тауасарларға Әбілпейіс төре: «Көгедайымның жолы басқа… Осыдан он екі жылдың алдында қазақ-қырғыз арасындағы дау-шарды бітіруге қырғыз  ханы Орманбеттің ордасына бардық. Жолымыз оңды болып, ісіміз дау-дамайсыз бітті. Екі жақтың билері кеңесе келіп, «Судың түбін шым тоқтатады, даудың түбін қыз тоқтатады» десіп, қазақ-қырғыз ұрпақтарының мәңгі дос өтуі үшін Орманбет ханның қызы Тұмарды маған атастырды. Тұмарды алып қайтқан жолымда аспандағы көк ай қойныма кірген жақсы түс көріп, сол түсімді ырымдап, Тұмардан сүйген тұңғыш ұлымның атын Көгедай қойған едім. Маған бар баламнан осы балам ыстық көрінеді», — деп жөнін айтқан. Тауасар сол  жолы Көгедайды қос бауыры, анасымен бірге ертіп қайтқан. Керей елі он екі жасар баланы ақ киізге салып, шоқыға шығарып, хан көтерген.

Жалғасы бар.

Бақыт САРБАЛАҰЛЫ

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *