«ЕЛЕУСІЗ ДЕВАЛЬВАЦИЯ» ШЫНЫМЕН ЕЛЕУСІЗ БЕ?

Өмірзақ МҰҚАЙ

 Доллар жарықтық долданып тұр. Қазіргі бағам 370 теңгенің ар жақ, бер жағында. Соған байланысты қоғамда небір қаңқу сөздер де естіле бастады. Тіпті, мәселеге Парламент депутат­тары­ның да араласқан жәйі бар. Осы орайдағы депутат Аманжан Жама­лов­тың елді есінен тандыра жаздаған «елеусіз девальвация» туралы сөзін кейінге қалдыра тұрып, мәселеге сырттай көз салып көрмекпіз.

Төл теңгеміз «кері бағытқа» қарай зырылдап келеді. Қайда барып тоқ­тарын әзірге бір құдайдан басқа ешкім дөп басып айта алар емес. Тіпті, бағам мөлшері 400 теңгеден асып жығылады деген болжамдар да айтылуда.

Қазіргі заманғы турбо-капитализм деп жүрген құбылыстың ақиқаты шынында да ешбір сарапты болжамға сәйкеспейтін сыңайы бар. 2008 жылғы девальвация әлі де есте. Аузы күйіп қалған салымшылардың мұндайда болашаққа күдіктене қарайтыны тағы рас.

Қаржы және тауар нарқы бір орында тұрақтамай теңселіп тұрған кезде оның себебін тоқтаусыз санк­циялар мен әлемнің әр қиырындағы әскери қақтығыспен салыстыру үрдісі де жоқ емес. Әзірге қаржы нарқында алаңдаудан басқа нақты ештеңе жоғын жасыруға қақымыз жоқ.

Ал бұл орайда Ұлттық Банк не айтады? Баяғыда Григорий Марченко деген сабаздың түрлі қисындар келтіріп біраз далбасалағаны есте ғой. Одан соңғы Қайрат Келімбетов те салымшылардың ренішіне бөленді. Ал қазір бірінші деңгейлі банктің атынан Олег Смоляков пікір білдіріп жүр. Соның алдында ғана Смоляков мырзаның «елдегі валюта нарқының елеусіз ғана тұрақсыздығын негізгі саудадағы әріптестеріміздің төңіре­гіне ұйыған геосаяси жағдаймен байла­ныс­тырғанын» да ұмыта қойған жоқ едік. Ал бұл жолы Смоляков мырза ресми түрде мынандай байлам жасады:

– Тамыздың 13-і күнгі теңге баға­мы 1 долларға шаққанда 363,22 теңге болды. Тамыз айының басынан бергі теңгенің әлсіреу қарқыны 4,8, ал жыл­дың басынан бері 9,3 пайызға жетті. Бұл жерде қазақстандық төл валю­таның аймақтағы ең әлсіз валюта емес екенін ескере кетуге тиістіміз. Салыс­тырмалы түрде айтар болсақ, жыл басынан бері Ресей рублі бақандай 17 пайызға әлсіреді. Ал оған қарағанда теңгенің жағдайы біршама тәуір, – деді О.Смоляков.

Сондай-ақ, Ұлттық Банктің ресми өкілі қажет жағдайда Ұлттық Банктің қысқа мерзімді валюта бағамының өзгерісіне орай кезекті интервенция жасауға кетәрі емес екенін де ескертіп өтті.

Әрине, төл валютаны түрлі толқу­лардан аман сақтау әрекеті – оңтайлы құбылыс. Дегенмен, Ұлттық Банк ин­тер­венцияларының еліміздің алтын валюта қорына тікелей әсер ететіні де көзіқарақты оқырманға аян. Себебі, банк тарапынан жасалған интервен­циялар алдымен сол қорға кері әсерін тигізеді.

2009 жылы теңгенің екі есе құн­сыз­данғаны есімізде ғой. Соған сәй­кес мемлекеттің алтын валюта қоры­ның біршама әлсізденгені де өтірік емес-ті.

Жалпы алғанда, Смоляков мыр­заның теңгені рубльмен салыстыру әрекетінде елді сендірмейтін болжам­дар да жоқ емес. Бұл жерде кедендік одақтағы басты әріптесіміздің төл валютасының теңгеге тікелей әсері барын әсте ұмытуға болмайды. Оның үстіне таяуда АҚШ Ресейге қарсы жаңа санкция әзірлеп отыр. Сарап­шы­лардың айтуынша, батыстың бұл жолғы әрекеті бұрынғыдан да қау­қарлы бола түсетінге ұқсайды.

Осыған орай сарапшылар Еуразия­лық одақтағы әріптестердің ішінде Ресей де бар бәрінің төл валютасының айтарлықтай әлсірей­тіні туралы болжамдар жасап отыр.

Әңгіменің ыңғайына қарай қи­сындасақ, батыстың тілін таба алмаған біраз мемлекеттің валю­тасының айтарлықтай әлсірей бастағанын ескерте кетуге тиістіміз. Алдымен түріктің лирасы қатты құнсызданды. Оған ішкі қаржы айналымына доллар енгізбеуге берік шешім қабылдаған. Иран Ислам Республикасы ілесті. Ол-ол ма, осы мемлекеттермен сауда әріп­тестігіне түскен дамушы мемлекет­тердегі жағдай да кісі қызығарлықтай емес. Мәселен, сыртқы саудасының 80 пайызы Түркиямен байланысты Гру­зияны алайық. Бұған дейін долларға шаққандағы бағамы 2,4 қана болған грузин лариінің қазіргі бағамы 2,7-қа жетіп отыр. Демек, негізгі сыртқы саудасы Ресеймен байланысты Қазақ­стан сияқты мемлекеттердің де ық­тимал көрешегі осындай болуға тиіс, дейді мамандар.

Төл валютаның тағдырына байла­нысты тұста өздеріңізге берген уәдемізге орай мәселеге қатысты Парламенттегі дүрбелеңді де айта кетуге тиістіміз. Күні кеше ғана Мәжіліс Парламентінің депутаты Аманжан Жамалов соңғы кездегі валюта өзгерісіне байланысты әркімді ойландыратын бір сөз айтып қалды. Бұл жердегі мәселе депу­таттың аузынан шыққан «көзге көрінбейтін», яғни елеусіз деваль­вация туралы.

Бәрінен бұрын депутат Ұлттық Банктің қаржы саясатын сынға алды. Оның айтуынша, «теңгенің еркін айналымға шығарылуы Қазақстан экономикасын тығырықтан құтқара алмайтынға ұқсайды».

– Соңғы бес айда теңге бақандай 14 пайызға құнсызданды. Ал 14 пайыз дегеніміз өткен жолғы экономиканы әлсіретіп келген девальвациялық көрсеткіштерге жуық. Рас, Ұлттық Банк қазіргі валюталық жағдайды «уақытша тербеліс» деп түсіндіруде. Іс жүзінде көзіқарақты маман мұндай өзгерісті уақытша тербеліске жат­қыза алмайды. Ақиқатында, бұл – нағыз валюта девальвациясы, яғни ұлттық валютаның құнсыздануы. Бірақ бұл жолғы құнсыздану осының алдында­ғыдай бір кезеңде емес, баяу жүзеге асуда, – деп атап көрсетті Аманжан Жамалов.

Сондай-ақ, депутат елдегі дедолла­ризация мен қазіргі ұлттық валю­таның жаңа құнсыздануына байла­нысты туындаған шығындарға да тоқталып өтті.

Оның айтуынша, «Ұлттық Банктің салымшылар алдында берген көл-көсір уәдесінен біраз халық алданған-мыс. Өйткені, теңгенің құнсыздан­уына орай салымшылар ұтылып отыр».

– Төл валюта бағамы осылай құл­дырай берсе, бизнес адамдары бағ­дарлы келісім-шарттарды қалай жасамақ? Соған орай бизнесмендерді былай қойғанда, қарапайым салым­шылардың өзі девальвация мен инфляциядан иманын үйіріп отыр. Өйткені, ауыздары күйіп қалған. Импортқа тәуелділіктен әр деваль­вацияға үлкен инфляцияның ере жүретінін ұмытпауға тиістіміз, – деп атап көрсетті депутат.

Бір жағынан алып қарағанда, депу­таттың бұл айтқан уәждерін жоққа шығаруға да болмайды. Екінші жағы­нан, ескерте кететін тағы да бір жәйт бар. Нұрсұлтан Назарбаев соның алдында ғана Ұлттық Банк төрағасы Данияр Ақышевпен кездесу барысын­да «теңге бағамындағы тербелістік белгілікті бір мөлшерден аспауы керегін және оның тұрғын­дардың тұрмыстық жағдайына әсер етпеу қажетін» ресми түрде атап көрсетті.

Әрине, Мемлекет басшысының бұл ескертуі алдымен қарапайым халық­тың мүддесіне, сосын мемлекеттік мүддеге сәйкеседі. Алайда, жасыра­тыны жоқ, Ұлттық Банк әзірге бұл міндет үдесінен көріне алмай отыр. Ол да ақиқат.

Теңгенің соңғы құнсыздануына байланысты дүрбелең бары өтірік емес. Бірақ ол қаншаға созылады? Оның ақыры не болады? Бұл енді әзірге тылсым һәм жұмбақ. Патриот­тық ой-санада бір-ақ мүдде бар. Ол төл валютамыздың жөнсіз құлды­рауының алдын алу әрекеттеріне байланысты. Қазір Үкімет пен Ұлттық Банк осы мақсатта белсенді жұмыстар жүргізе бастады. Дәтке қуат етер нәрсе – елдің төл валютаға, сосын Үкімет пен Ұлттық Банктің шешімтал әрекеттеріне байланысты үміт қана…

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *