Елдігіміз бен мемлекеттігімізді айқындайтын басты құжат

Биыл Қазақстан Республикасы Конституциясының қабылданғанына 24 жыл толып отыр. Осыған орай Республика Сарайында салтанатты жиын өтті. Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев  барша қала жұртшылығын бар құндылықтың алтын арқауы Конституция күнімен құттықтады.

Рая ЕСКЕНДІР

– Осыдан 24 жыл бұрын бүкілхалықтық референдумда Ата Заңымызды қабылдаған едік. Заманымыздың талаптарына сай келетін негізгі Заңымыздың мәтіні бекітілді. «Біз, ортақ тағдыр біріктірген Қазақстан халқы» деп басталатын Ата Заңымыз бойына еліміздің ең басты құндылықтарын түгел сыйғыза білді.

Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баев «Қазақстан жерінде өмір сүріп жатқан барлық азаматтардың теңдігі – Отанымыздың дамуы мен гүлденуінің басты қайнары», – деп айрықша атап өткен еді. Ата Заңымызда бекітілген конституциялық нормалар бүгінде өзінің өміршеңдігін дәлелдеді, – деп атап көрсетті Бақытжан Әбдірұлы.

Елбасы – Қазақстанның қазіргі конституциялық құрылысының негізін қалаушы.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев басшылығының арқасында, еліміз қиын кезеңдерден небәрі 28 жылдың ішінде азаматтық соғыстар мен қақтығыстарсыз өтті.

Бүгін, осынау тарихи орын – Республика Сарайының залында, Елбасына Конституциямызды қалыптастыруға және оны қолданысқа енгізуге көмектескен серіктестерін көріп, қуанып отырмын. Оңтайлы сәтті пайдалана отырып, Сіздерге осы жасаған ұлы істеріңіз үшін алғыс айтқым келеді, – деді қала әкімі.

1995 жылы саяси жүйе мақсатты түрде жаңартылды. Конституция қабылданғаннан кейін қоғамда жаңадан үкіметтік емес ұйымдар, тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдары бар азаматтық секторды және партияны дамыту үшін қолайлы жағдай туындады. Сонымен қатар, Елбасының бастамасымен Қазақстан халқы Ассамблеясы дүниеге келді.

Конституцияда барлық қазақстандықтардың ортақ құндылықтары нақты көрсетілген. Азаматтарды жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дініне және кез-келген басқа да белгілеріне қарай кемсітуге қатаң тыйым салу негізінде елімізде бүкіл халықтың татулығы, тұрақтылығы мен келісімі қамтамасыз етілуде, – деді.

Осыдан соң шаһар басшысы Алматының даму барысына тоқталды.

– Біріншіден, Алматының «Шетсіз қала» қағидасы бойынша дамуы. Біздің алдымызға мұндай бағдарламалық міндетті Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қойып отыр.

Ең өзекті мәселе – қаланың тарихи орталығы мен мегаполиске қосылған аудандарын, яғни Жаңа Алматы қаласын дамытудағы теңгерімсіздіктерді жою.

Соңғы 10 жылда қала аумағы 2 еседен артық үлкейді. Осыған орай, жаңа аудандарды инфрақұрылыммен қамтамасыз ету қажеттілігі де күрт өсті, – деді.

Қазір инженерлік желілердің тозуы 60%-дан асады.

Әрбір 19-шы алматылық орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілмеген, – деп атап көрсетті.

Шаһар басшысы Алматыдағы экономика, жұмыспен қамту, кәсіпкерлікті дамытуға байланысты «Алматы Бизнес – 2025» – аймақтық бағдарлама жасалғанын айтып, қаламыздың 6 ауданында «Qolday» кәсіпкерлік орталығы құрылғанын жеткізді. Қаламыздың негізгі басымдықтары – инфрақұрылым, қолжетімді тұрғын үй, әлеуметтік даму, білім беру мен денсаулық сақтау, экология мен қоршаған орта, транспорт, қоғамдық қауіпсіздік туралы кеңінен әңгімелеген әкім баяндамасын жұртшылық зор ынтамен тыңдап, қызу қолдау білдірді.

Мерекелік жиын соңы Қазақстан өнер шеберлерінің концертіне ұласты.

 

Аягүл МИРАЗОВА:

– Елбасымыз Нұрсұлтан Назар­баев «Халық – биліктің қайнар көзі, Конституция – көптің киелі сөзі» деген еді. Осыдан 24 жыл бұрын республикалық референдум өтіп, тәуелсіз еліміздің Конституциясы қабылданды. Онда ең басты қымбат қазына адам және оның бостандығы, құқығы баса көрсетілді. Конституция аясында ұлы мақсаттарға жету жолдары нақты көрсетілген талай заңдар дүниеге келді.

Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасу тарихында Конституцияның орны ерекше болды. Республика Сарайына жиналған жұртшылық алдында Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев азаматтығымыздың жаршысы, халық билігінің қайнар көзі Конституция туралы терең мазмұндағы баяндама жасады. Жұртшылық қызу қолдаған бұл баяндама үлкен серпіліс туғызды.

Алматының даму бағдарламасы «Шетсіз қала» арқылы қаламыздың орталығы мен жаңадан қосылған аудандарының да кемел болатыны көңілімізден шықты.

Экология мәселесіне келсек, бәріміз жауапты екенімізді ұмытпауымыз керек. Талап етпес бұрын өзіміздің де міндетімізді білсек, қаламыз аз да болса тазарар еді. Көліктің көпшілігі онсыз да тар ауаны тарылтып жатыр. Осы бағытта шаһар басшысының қолға алып отырған іс-жоспарларын да қуана құптап отырдым.

Жалпы, жиын барысында қала әкімі барлық саланы қамтыды. Қаланың тазалығы, таза ауа туралы айтылған ойлар бәріміздің көңілімізден шықты.

Ұзақ өмір сүрудің, салауаттылықтың кепілі болатын ауаның таза болғанына не жетсін!

Қала әкімі Алматыны көркейту жолында талай істі қолға алып отыр. Осындайда ел азаматтарына қолдау білдіріп, біздер, қала халқы өз қолымыздан келетін нәрсе, тазалыққа мән беріп, тұрып жатқан шаһарымызды таза ұстауды үйренейікші!

 

Смағұл ЕЛУБАЙ:

– Алматы халқы Респуб­лика Сарайында Қазақстан­ның Конс­титуция күнін атап өттік.

Мемлекет қайраткері, қала­мыздың әкімі Бақытжан Сағын­таев жан-жақты қам­тылған баяндама жасады. Осы жылдар ішінде Конституция шын мәнінде халықтың талап-тілегін жинақтап, қоғамдық құндылықтың алтын арқауына айналып отыр.

Шаһар басшысы Бақытжан Әбдірұлы еліміздің Конституциясы туралы кеңінен тоқталды. Мемлекетіміздің кешегісінен бастап, бүгіні мен ертеңін түгел қамтыды. Әсіресе, әлеуметтік салаға байланысты қала әкімінің айтқан жоспары көпшіліктің көңілінен шықты.

Халықтың жайлы өмір сүруінің кепілі баспана мен жұмыс емес пе? Осы тұрғыда Бақытжан Әбдірұлы дәлелдер келтіріп, қала өмірінде тұрғын үйлер салынып, талай жанның баспанаға қол жеткізуге мүмкіндігі болатынын естігенде, қуанып қалдық.

Алматы – бәріміздің ерекше жақсы көретін қаламыз. Сондықтан осынау көркем қаланың келбеттене түсетіні туралы естігенде шабыттанып, тағы да қуандық.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыны «Шетсіз қала» қағидасы бойынша дамыту міндетін қойғаны белгілі. Бұл ретте қолға алынып жатқан жұмыстар, қаламыздың тарихи орталығы мен мегаполиске қосылған аудандар, яғни Жаңа Алматының даму жоспары да көпшіліктің көңілінен шықты.

Шаһар басшысы Алматының тазалығы, таза ауасы, қауіпсіздігі туралы  да жасырмай айтты. Денсаулық үшін ең керегі де осы таза ауа. Сондықтан біз осынау жиыннан көп ой түйіп, зор сеніммен тарадық. Сәтін салса, Алматымыз көркейіп, кемелдене түсетін болады.

Қала әкімінің «осы күзде үш жылдық «Жасыл Алматы» жобасын бастауды және кем дегенде миллион жаңа ағаш отырғызуды ұсынамын. Бұл ауқымды акция және бұған барлық қала тұрғындарын белсенді қатысуға шақырамын» деген үндеуін қолдай отырып, дайын екенімізді айтқым келеді.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *