ЕЛДІҢ ЕРТЕҢІ ӨСІП КЕЛЕДІ

Медеу ауданындағы №125 бөбекжай-балабақшаның бүлдіршіндері де, ата-аналары да еліміздің әрбір атаулы күндерін ерекше атап өтеді. Еліміз үшін ең ұлық мереке – Тәуелсіздік күні мен ұлтымыз үшін орны бөлек Наурызды барынша мәнді де сәнді етіп өткізіп келеді. Балақайлардың бақытты мекені тау етегіне орналасқандықтан көктемнің ең бір жылы күніне белгіленген әз-мереке дүркіреп өтті.

 Балақайларды құттықтау үшін Қазақстанның Еңбек Ері Аягүл Миразова мен қалалық мәслихат депутаты Мұрат Әділ­ханов арнайы келіп, қуаныш­тарына ортақтасты. Қонақтар бақыттың бесігінде тербелген балақайларға мемлекетіміздің тарапынан жасалып жатқан қолдаулар туралы айтып, Ел­ба­сымыздың өзі арнайы келіп ашқан бөбекжай-балабақшаның бүгінгі жарасымды тыныс-тір­шілігін аса сүйіспеншілікпен әңгімеледі.

Шынында, бұл балабақшаның әрбір бүлдіршіні өздеріне жүк­теліп отырған жүктің салмақты екенін біледі. Сондықтан бүгінгі заман талабына сай мектепке сақадай-сай, жан-жақты, дайын оқушы болып бару керек екендігін де жақсы түсініп, қабілеттілік танытып отырады. Мектепке барған алғашқы түлектердің де аяқ алыстары жаман емес. «Біз Елбасы ашқан балабақшаданбыз» дейді олар кеуделерін кернеген мақтаныш сезімдерін жасыра алмай.

Мереке барысында қонақтар балабақша ауласындағы әрбір топтың тіккен «ауылына» барып, қонақ болып қайтты. Ұлттық әдет-ғұрып пен салт-дәстүр салтанат құрған ауылда шын мәнінде ер­теңгі ел азаматтары өсіп келеді.

Рая ЕСКЕНДІР.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *