ЕЛБАСЫ және бiрлiгi жарасқан КЕМЕЛ ЕЛ

— Тарих – халық тiршiлiгiнiң айнасы. Ал тарихи жады – ұлттық рухтың бiртұтастығының құрамдас бөлiгi. Тарихты адамдар мен тұлғалар жасайтыны, тегiнде адамдар өз тамырынан айрылса, халық тарихынан айрылатыны мәлiм. Ғасырлар қойнауындағы көне тарихымыздың iздерiнiң қытай, парсы, араб, моңғол жазбаларынан табылуы, XII ғасырдың өзiнде-ақ еуропалықтардың өзiндiк қалыптасқан салт-дәстүрiмiздi және халықтың төзiмдiлiгi мен қабiлеттiлiгiн жазба деректерде қалдыруы ежелгi ел дамуының даңғыл жолы мен ауқымын көрсетедi. Мәселен, Қазақстан аумағында ХI ғасырдағы өркендеу шыңының XXI ғасырда жалғасын табуы заңды құбылыс болғандықтан да, қазақ елi әлемдiк өркениеттен өз орнын алып отыр. Шындығында елiмiз үшiн Тәуелсiздiктiң жиырма жылы – жаңа мемлекет құру, экономиканы қалпына келтiру, оны жаңаша даму жолына түсiру үлкен кезең, тұтас бiр дәуiрмен парапар.

– Құндызай Мырзашқызы, Қазақстан халқы ассамблеясының ХIХ сессиясы «Бiз – Қазақстан халқымыз!» деген ұран аясында өтпек. Қазақстан жұртын алаламай, бiр ананың балаларындай ұйытып ұстауда елiмiз Президентiнiң ұлы ерлiгiн осындайда айтпасақ тағы болмас.

— Ежелден қалыптасқан, дамыған, жинақталған тарихи-мәдени және рухани мұра – халықтың нанымы мен сенiмiне жетелейтiн басты қазынасы. Сарқылмас сенiм – адам баласының аңсаған арманына жету жолы. Мәселен, түркi ғұламаларының рухани мұраларындағы әлеуметтiк-этикалық бағыттағы идеялар халықтың ой-санасының iнжу-маржандарына айналуға қызмет етуде.

Ал ұлт пен халықты топтастыратын күш – халықтың тарихи санасы, яғни ұлттық идеяға деген сүйiспеншiлiк сананы оятуға себепшi болады. Туған жердi қорғаудан туындаған «Атамекен» идеясы кейiнгi тарихи кезеңдерде бiрте-бiрте «Алаш» және «Тәуелсiздiк» идеяларына қарай эволюциялық тұрғыда өзгергенi, өрбiгендiгi және ұлттық идея ел Тәуелсiздiгiнiң берiк тұғыры жөнiндегi елiмiздiң философ-ғалымдарының тұжырымдарының орынды екенi күмәнсiз.

Халықтың күш-жiгерi қандай заман болсын таусылған емес, таусылмайды да. Себебi, «Ер — тегiне тартады» демекшi, түркi тегiнен тараған қазақтар өз ғұмырында өмiрдiң барлық тауқыметiн көтердi, шыдады, жеңдi, жетiстiкке жеттi. Ел болып еңсесiн биiк ұстай алды және кейiнгi ұрпағына тура да ақ жол салып кеттi. Салынған жолдың пәктiгiне байланысты басқа бағытты таңдағандар жолдарынан адасып, соқпақ жолдардың қиын-қыстау кесапаттарына тап болды. Халық оны «ақтың отын ақымақ өшiре алмайды» дейдi. Ақиқатында халықтың және батыл тұлғалардың намысы мен ұлтжандылығы нәтижесiнде жаңа кезеңге қол жеткiздiк.

Өмiр шындығы салиқалы көзқарастар мен өткен тарихи үрдiстер бойынша алған сабақтарда жатыр деуге болады. Ұлтын ұлықтау отаншылдықтың нышаны екенiн халық бiр сәт те есiнен шығарған емес.

Тәуелсiздiктiң алғашқы қадамы бiрлiк пен қауiпсiздiктi, ұлттық мүддемiздi қорғауға бағытталып, жаңа замандағы мемлекет пен саясаттың негiзi қаланған шешушi кезеңдерден өттi. Ғаламдық геосаяси өзгерiстер кезеңiнде халықаралық экономикалық байланыстарды қалыптастыру мен жүйеге келтiруде жауапты тоқтамдарға келу, шекараның заңды түрде бекiтiлуi, жасыратыны жоқ, Елбасының ерiк-жiгерiнiң даралығы нәтижесiнде жүзеге асырылды. Әсiресе, аймақтық және жаһандық бейбiтшiлiк пен қауiпсiздiктi сақтаудағы Мемлекет басшысының үлесi зор. Мәселен, АҚШ, Ресей, Қытай, Еуропалық одақ, көршi елдермен өзара ынтымақтастықтың орнауы, БҰҰ, ТМД, ЕҚЫҰ, ИЫҰ және тағы басқа ұйымдарға Қазақстанның кiруiмен шектелмей, оған жетекшiлiк етуi, Семей полигонының жабылуы үлкен қадам едi. Сондықтан да Тәуелсiздiк құдыретiн әрбiр жан сезiнуде.

Қазақ – қасiреттi қасиетпен жеңген ұлт. Болашақ қасiретке ұшырамау жолы – Тәуелсiздiк туы астында бiрiгу және жарқын болашақ жолында еңбек ету, тер төгу. Себебi, қоғамның жаңғыруы — түрлi өзгерiстер тудыруына байланысты, оның екпiнiне шыдас берiп, бәсекеге қабiлеттi болу – заман талабы. Шоқан Уәлиханов «бүкiл ұлттың мүддесi қатал әдiлеттiлiкке жүгiнгенде, жеке қауымның пайдасынан жоғары болуы керектiгiн» айта келiп, реформа жөнiндегi мәселе терең ойды, байыпты тұжырымды қажет етедi, өйткенi, халықтың «өмiр сүрусүрмеуi» соған байланысты екенiн айтады.

Кезiнде «надандық түнегiне шамшырақтай сәуле төккен» Абайдың «соқтықпалы, соқпақсыз жерде өсiп», халықты жарқын болашақтың сенiм жолына үндеуi кейiнгi ұрпақ үшiн үлгi-өнегеге айналса, қазақ халқының тәуелсiздiгiнен айрылуының басты себептерi сыртқы жағдайларға байланысты болғанмен, оның рухани астарларының, соның iшiнде надандықтың да, содан туындайтын адамгершiлiксiздiк, азғындықтың да ықпалының болғандығы туралы А.Байтұрсынов пен М.Жұмабаев та ашына жазды.

Осы тұста Елбасымыз Н.Назарбаев Абайдың ақындық, адамгершiлiк ерлiгi туралы өз көзқарасын былайша бiлдiредi: «…Жаратушы жаратқан кезде қазақтың бойына берген адамды сүю, әлеуметтiк жауапкершiлiк және бүкiл өркениеттi әлеммен бiрлiкте болу ұғымдарын қалай сақтап қалу керек, қалай өсiру және көбейту керектiгi туралы ойлармен күйдiрiлген кiрпiштерден қалады».

– Қазақстан – ұлы ел! Сол ұлы елiмiзде жұдырықтай жүрегiнде Отанына деген намысы лаулап тұрған ұрпақ өсiп келедi. Оларды өздерiнiң туған Отанында ұлы өзгерiстер болатынына сендiру үшiн не iстелуi қажет?

– Көне заманнан келе жатқан елдi iлгерiлетуге ықпал жасаған қасиет – ата-бабаларымыздың батырлығы, көшбастаушылығы, «шындықтан өзге Құдай жоқ» қағидасына сүйенген әдiл билерiмiз. Ақыл мен адалдықтың, қайраттың өзара тiл табысқан отанына бейбiт дәурен орнатқан ұлы үштiк (Бiлге қаған, Күлтегiн, Тоныкөкө түркi халқының болашағы үшiн түн ұйқысын төрт бөлiп, уайымқайғы шектi және жорыққа аттанды, iшкi және сыртқы жауларын жеңе бiлдi. Ел iшiне тыныштық орнатқан Бiлге қағанның ел билеу ерекшелiгi: «Мен бай халыққа хан болып отырмадым. Iшiнде тамағы, сыртында киiмi жоқ, аянышты, төмен халыққа хан болып отырдым. Сонша құрап, бiрiккен халықтарды от пен су етпедiм, олармен тiл табысуға ұмтылдым. Адал халқы мен адал қоғамдар бар жерде мен жақсылықтар жасадым. Әлемнiң төрт бұрышындағы халықты бейбiтшiлiкке шақырдым, жауластырмадым, олардың бәрi маған бағынды» деуiмен маңызды болды. Осыған сәйкес Л.Н.Гумилевтiң берген: «Бiлге қағанның халықпен қатынасу әдiсiн өзгерткенiн, әлсiреп бара жатқан халқын тiршiлiкке келтiрiп, киiндiргендiгi, ештеңесi жоқ халықты байытып, аз халықты көбейткендiгi» туралы бағасы құнын жойған жоқ. Дала билiгiнiң дара тұлғаларының дәстүрi жалғасын тауып, жаңаша заманауи дәстүрлерге ұласуының нәтижесiнде Қазақстанның әлемдiк қауымдастықтағы мемлекеттер арасында танымалдығы артып, 2010 жылы ЕҚЫҰ-ның тiзгiнiн ұстауда қазақстандық төрағалықтың бiрегейлiгiнiң ұраны ретiнде «Сенiм», «Дәстүрлер», «Транспаренттiк», «Төзiмдiлiк» таңдап алынып, 2011 жылы Ислам конференциясы ұйымына төрағалық еттi. Бiрақ замана қажеттiлiктерiне қарай мемлекеттiк басқару жүйесiн жетiлдiруде де Қазақстан мәртебесiн көкке көтеруде талай жұмыстардың атқарылғанынан атқарылатынының көп екендiгiн көрсетедi.

Қазiргi кезеңдегi кезек күттiрмейтiн мiндеттердiң бiрi – өткен тарих пен қазiргi кезеңдi жалғастыратын рухани көпiрдi берiк те таза ұстау қажеттiлiгi күн тәртiбiнде тұр. Өйткенi, XX ғасыр басындағы отаршылдық жүйенiң әдiлетсiздiгiмен күрескен, азат рух пен тазалық туралы өнегелi мұра қалдырған, тәуелсiз мемлекет құруды идея жүзiнде емес, нақты жүзеге асыру жобаларын жасаған алаш тұлғаларының тұжырымдары бүгiнгi күнмен берiк сабақтасып жатыр.

Кезiнде Ә. Бөкейханның: «Жұрт iсiн түс көрмей, ояу жүрiп iздену мақсұт» екендiгiн ойға салуы — болашақтағы елдiң Тәуелсiздiк тұғырының орнығуына айтылған ұрандай тарихта қалды.

Елдiгiмiздiң мәңгi сақталуы жолындағы стратегиялық мақсаттар мен мiндеттер және оны жүзеге асырудағы салалар бойынша ырықтандыру мен үйлесiмдiлiк жұмыстары, бiлiмдiлiк пен бiлiктiлiк, нақты нәтижелерге жетудi талап ету – аса зор жауапкершiлiктi қажет ететiн жүктеме. Басқаша айтқанда, елдiң жүгiн ер ғана көтере алған немесе «жұрт үшiн iстеген iске ақ көңiл, кiр жұқпайтын мiнез шарт».

– Қазақстан халқы ұлттар Ассамблеясы сияқты ұйым әлемде бiрде-бiр мемлекетте жоқ. Бұл – Қазақстанның адамсүйгiштiк асыл моделi емес пе?

— Өркендеу. Жарқын болашақ. Ынтымағы жарасқан ел. Иә, күнделiктi өмiрде, халық аузынан еститiн ұғымдар. Себебi, ақиқатында мемлекетiмiздi, iшкi тыныштығымыз бен келiсiмдi, тұрақтылықты, қауiпсiздiктi сақтайтын да, бүгiнiмiз бен болашағымызға жауапты да Қазақстан халқы болып табылады. Осыған орай Елбасының халыққа қызметiнiң бастамасы – әлемдiк даму бiр орнында тұрмайтындығын, жеткен белесiмiздi ұстап тұру үшiн де алға жылжу қажеттiгi туындайтынын ескерту арқылы жаңа өрлеудiң жаңаша мүмкiншiлiктер тетiгiн таба бiлуiнде.

Осы тұста Алаш қайраткерi Ә.Бөкейханға тағы оралуға тура келедi: «… Жалғыз жүрiп өз басын қорғаса, кiсi пәледен құтылады. Көппен жүрiп өз басын қорғаймын десе, көптi құдыққа тығады. Көп мақсұты иiн тiресiп, тiзе қосып бiр жүрсе табылады». Сонымен қатар ол XX ғасыр басында қазақ жұртына ақыл берушiлердiң екiге бөлiнгендiгiн айта келiп: «… Талас дүние – ғұмыр сипаты, талас-тартыс жоқ болса, ғұмыр абақты болар едi» деген ойын жалғастырсақ, «…жұрт әдiл болмай, жұрт iсi iлгерi баспайды, араммен, зор лықпен күнелтемiн деген жұрт iлгерi баспайды. өзiн-өзi қасқырша шауып отырған жұртта оқу-шеберлiк болмайды» деген тұжырымы XXI ғасырдың басында да өзектiлiгiн жойған жоқ, керiсiнше, шешiмi күтiлетiн, талас пен тартыстың мазмұны қаншалықты мәндi, жұрт пен билiктiң мемлекет, қоғам алдындағы жауапкершiлiгi қаншалықты деген мәселелерi тұр.

Мүмкiн жұртқа тартыс емес – талап, бөлшектеу емес – бiрлiк, күрес емес – қамқорлықтың қажеттiлiгi зор шығар. Онда жұрт, яғни көпшiлiк әдiлдiк жағына шығу керек. Себебi, мемлекеттiлiктi нығайту қоғамды құрайтын бүкiл халықтың жан-жақты құрметтi борышы екенi айқын. Бұл жөнiнде Елбасының пiкiрiне мән берсек: «… Әлемдi жақсы жағына қарай өзгерткiң келе ме – өзiңнен баста. Әлем секiлдi бұл ескi ақиқат бiздiң контексiмiзде өткен күннiң болғанына көңiлiң толмай, бiздiң ортақ үйiмiздегi азаматтық әлемдi және этникааралық келiсiмдi күнненкүнге нығайтуға итермелейдi». Ұлт – көзқарастарға жiктелген тұтастық. Кейде бiз намыс керек деймiз. Ұлттық намыс – ұлтымыздың ұлықтығы үшiн өтелiнетiн әрбiр қоғам мүшесiнiң қарызы мен парызы. Ендеше, ұлт намысы – жұрт (қоғам! намысына тiкелей байланысты.

Алайда, рухы жiгерленiп және сана-сезiмi көтерiлiп, адами құндылық мәнiне жеткенде ғана адам жақсылыққа қарай кез-келген өзгерiстi өзiнен бастауы, жетекшi рөл атқаруы мүмкiн. Демек, елдiң iлгерiлеуiнiң басты тетiгi – бiлiм мен ғылым болып қала бермек. Қазақстан Республикасының Президентi 2011 жылдың 1-желтоқсанында өткен Қазақстан ғалымдарының форумында: «Тәуелсiздiк жылдарындағы басты жетiстiктерiмiздiң бiрi – ғылыми әлеуетiмiздi сақтап қалуымыз болғандығын» айта келiп, ғылыми әлеуетiмiздiң тамырының тереңдiгiн, дүние жүзiн мойындатқан ғұламалар шыққандығын мақтаныш тұта, «Ғылым туралы» жаңа Заңның отандық ғылымды дамытуға тың серпiн беруi тиiс екендiгiн атап өттi.

Бұл елiмiздiң инновациялық-индустриялық даму жолында ғылымның алатын орны мен оған жүктелер жауапкершiлiктiң салмақты екенiн айқындайды.

– Айқайлы жерде ақыл аз болатынын бiлетiн ұрпақ дүниеге келуде. Олардың намысы – Отанның намысы. Отанның намысы – олардың намысы. Осы идеяны халық Ассамблеясы арқылы насихаттай беру керек болар?

– Тәуелсiздiктiң алғашқы күнiнен арман болған биiк белестердiң бiрi – қазақ елiнiң айбынын асыру мен атағын әлемге әйгiлеу қаншама күш, маңдай-тер, ой-тұжырымдар, iс-қимылдар арқылы келгенiн есептеу мүмкiн бе? өмiр сүрiп отырған ұрпақтың болашаққа қалдырар мұрасы мен құндылығы қалай қалыптасу керек? Мұнан да басқа мәселелердiң түп-төркiнiн, мақсатқа жетудiң жолы – тиянақтылық және iзденiмпаздықты нақтылап, оның негiзi – табандылық пен ел бiрлiгiнде екендiгiн айтудан да ұлт көшбасшысы жалыққан емес.

Алдағы алар асудың бағыты – елiмiздiң Тәуелсiздiгiн баянды ету, қазақтың ұлт болып өркендеуiне жол ашу, оның тiлi мен мәдениетiнiң кең құлаш жаюына мүмкiндiк туғызу болып отыр. Көптеген этнос топтары тағдырларын Қазақстанмен байланыстырғандықтан да ұлттық саясат пен ұлтаралық келiсiмдi жүзеге асырудың тиiмдi тетiгi – Қазақстан халқы ассамблеясының тәжiрибесiнен көршi елдер де үлгi алуда. Мемлекеттiң қолдауымен 11 тiлде газеттер мен журналдар шығарылып, 12 тiлде 44 телестудия және 7 тiлде 18 радиостудиядан хабар таратылады.

Ел экономикасы мен iшкi жалпы өнiм өсiмi, iшкi активтердiң маңызды бөлiгiнiң мемлекет меншiгiне қайтарылуымен оларға ықпал жасау мүмкiндiгiнiң қолға өтуi Тәуелсiздiктiң екi онжылдығындағы халықтың бiртұтас iс-қимылдарының нәтижесi екендiгi Елбасының биылғы Жолдауында баяндалып, қайшылығы мол алмағайып заманда өмiр сүрiп отырғанымыз да еске салынды. Жаһандық дағдарыстың қаупi шындыққа айналған тұста, басты мәселе Қазақстанның даму жолының жаңа кезеңi – экономиканы нығайту, халықтың әлеуметтiк әл-ауқатын көтерумен тiкелей байланыстырылды және сол жолда кешендi мiндеттердi жүзеге асыру бағыттары белгiленiп отыр.

Бүгiнгi күннiң мiндетi – айқындалған дұрыс бағытымыздың бұрмаланбауы тағы да тұтастық пен тұрақтылыққа, ынтымақтастыққа тiрелетiнi анық. Аз ғана уақыт iшiнде бейбiтшiлiктi, тыныштық пен келiсiмдi сақтаудың жалпыұлттық құндылыққа айналуымен қатар болашаққа стратегиялық мiндеттер қойылды: адами құндылықтардың бәсекелестiк қабiлетiн көтеру, этникааралық келiсiмдi нығайту, қазақтың ұлттық құндылықтарын өркендету.

Ұлт көшбасшысы Отан игiлiгi үшiн ұлттық стратегиялық мүдделiлiктi басшылыққа ала отырып, ұлттар мен ұлыстарды бiрiктiру үшiн де негiзiнен халықтардың сарқылмас рухани құндылықтарын жоғары қою арқылы азаматтық қана емес, өзiндiк адами көзқарасын көпшiлiк талқысына ұсынып отырды.

Халықты жұмылдыруда Отанға деген сүйiспеншiлiк, елдiң iлгерiлеуiне қарсы керi әсерлердi болдырмау жолдары, бүкiлхалықтық iс, әлемдiк нарықпен жақындасу – дамудың аса маңызды шарты екендiгi ескерiле отырып, мемлекеттiк нақты iс-қимылдармен үйлестiрiлу арқылы нәтижелерге қол жеткiзiлдi. Жаһандық үрдiстерден бөлiнiп жеке өмiр сүру де – өзiңдi әлемнен тыс қалдыру екендiгi дәйектелдi.

Қазiргi кезеңде елiмiздiң тәуелсiздiк пен кемел елдi орнықтыру және дамыту жолындағы қадамдары нық. Аға буынның жас ұрпақтың өсiп-жетiлуiне қолайлы жағдай жасау қажеттiлiгi және солардың қамқорлығына байланысты да атқарылар талай алынбаған асулар тұр.

Ендеше, ел тектiлiгiнiң сақталуымен оның абыроймүддесi жоғарылай бермек.

– Құндызай Мырзашқызы, әңгiмеңiзге рахмет!

Әңгiмелескен – Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *