ЕЛБАСЫ «ТҮРКІ ӘЛЕМІНДЕГІ 100 ЖАҢА ЕСІМДІ» АНЫҚТАУДЫ ҰСЫНДЫ

Мәншүк БЕКБОСЫН

ХАЛЫҚҚА ҮЛГІ БОЛАР 100 ЕСІМ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Бола­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақала­сында «Ұлт мақтанышы біздің бұрынғы өткен батыр бабаларымыз, данагөй билеріміз бен жырауларымыз ғана бол­мауға тиіс. Мен бүгінгі замандастары­мыздың жетістіктері тарихына да назар аударуды ұсына­мын. Бұл идеяны «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы арқылы іске асыр­ған жөн» деген еді. Осыған орай өткен жылы рухани жаңғыру бағдарламасы аясында «100 жаңа есім» жобасы қолға алынды. Бұл –  өнерімен, білімі­мен, қоғамға сіңірген еңбегімен, ерекше қасиеттерімен дараланған азамат­тарға үлкен мүмкіндік туғы­зады. Бұл жобаның негізгі мақсаты да халыққа, тәуелсіз елімізге өзінің пайдасын тигізіп, дүйім жұртшылыққа беймәлім болған жандарды көпші­лікке таныту болатын. Бір шетінен ерекше тағдыр иелерін тауып, олар­дың өмірбаянымен танысып, соларға еліктеу арқылы тәуелсіз еліміздің тұғыры берік екенін дәлел­деу. Ал елінің, өзінің тұрып жатқан қаласы­ның дамуы мен өркендеуіне әр сала бойынша үлес қосып жүрген қарапайым азаматтар аз емес.

Күні кеше түркі тілдес мемле­кеттердің ынтымақтастық кеңесінің VІ саммитіне қатысқан Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаев түркі халықтары­ның рухани жаңғыру мәселесіне ерек­ше тоқталған еді. Осы ретте мемлекет басшысы «Түркі әлеміндегі 100 жаңа есімді» анықтауды ұсынды. Сонымен қатар, осы елдердің қасиетті орын­дарын көздің қарашығындай сақтап, кейінгі ұрпаққа лайықты мұра етіп қалдыру үшін Түркі кеңесінің жаны­нан  «Түркі әлемінің киелі жер­лері» арнайы  жобаларын әзір­леуді ұсынды.

 

ЖОБАНЫҢ ЕКІНШІ МАУСЫМЫ АШЫЛДЫ

– «100 жаңа есім» жобасына өтінім қабылдау басталды. Бұл жолы ірік­теу­ге қатысушылар саны артпаса, ке­мі­месі анық, – дейді ұйымдастыру­шы­лар.

Осы жолғы іріктеу талабы бойын­ша, биылғы байқау жалпыхалықтық таны­малдыққа ие болған тұлғаларды наси­хаттауға емес, жаңа есімдерді таныстыруға бағыт алып отыр. Яғни ел көлемінде немесе нақты бір өңір бойынша халыққа қалтқысыз қызмет етіп жүрген азаматтарға үлкен мүмкіндік беріледі. Сонымен бірге, өткен жылы негізгі тізімге өткен, бірақ жеңімпаздар қатарынан табылмаған қатысушылар да бағын сынап көре алады. Оларға қойылатын негізгі талап – Қазақстан дамуына қосқан жеке үлесі. Бұдан бөлек, биылғы жобаның тағы бір ерекшелігі сол, үміткер өзін ұсынуға және үміткерді ұйым атынан ұсынуға болады.

«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жо­басының  ІІ кезеңіне өтінім қабыл­дау қазан айының ортасына дейін жал­ғасады. Өтінім «100esіm.el.kz» сай­ты арқылы қабылданады. Одан әрі он­лайн дауыс беру жүйесімен жал­пы­ха­лықтық дауыс беру қорытын­дысы ар­қы­лы жеңімпаздар есімі анықта­лады.

– «100 жаңа есім» жобасының жа­ңа маусымын ашық деп жария­лаймыз. Үміт­керді таңдауда қойы­латын басты талап – адамның тәуел­сіз еліміздің дамуына өз үлесін қосуы. Үміткер­лерді анықтауда әділқазылар алқасы болмайды. 100 есімге лайықты деген азаматты не азаматшаны халық дауыс беру арқылы өздері таңдайды, – дейді «Қазконтент» АҚ-ның басқарма төрағасы Евгений Кочетов.

Жаңа іріктеу жобасының талап­тары бойынша үміткер Қазақстан азаматы болуы тиіс. Қатысушының 18 жасқа, яғни кәмелеттік жасқа толуы міндетті екен. Үміткердің мемлекеттің жағымды имиджін қалыптастыруға ықпал ететін қызмет саласында еңбек етуі керек, сондай-ақ қатысушыны имидждік тұрғыдан ілгерілету де абзал. Сонымен қатар, ол – заманауи Қазақстан келбетін өз жетістіктері мен табыстары арқылы бейнелей алатын тұлға және еліміздің дамуына нақты үлес қоса алған азамат болуы тиіс.

Осы талаптардан өткен лайықты ма­ман иелері жобадан кейін рухани тұрғыдан өз-өзін жетілдіруге, ал биз­нес­ке байланысты насихат­талу ар­қы­лы ісін дамытуға мүмкіндік алады. Оған жобаның алдыңғы қорытын­ды­сы дәлел.

Айта кету керек, өткен жылы атал­ған жобаға екі мыңнан аса өтінім келіп түсіпті. Соның 302-сі іріктеу кезеңі­нен өтіп, 102 үміткер «Қазақ­станның 100 жа­ңа есімі» жобасының жеңімпа­зы атан­ды. Туған қаламыздан шыққан жа­ңа есімдерді таныстыруға дайын­быз.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *