ЕЛБАСЫНЫҢ САЛАУАТТЫЛЫҚ БАҒДАРЛАМАСЫ АЯСЫНДА Алматыда бос жатқан жерге балалардың спорт кешені салынды

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында бұқаралық спортты дамытуға және кем дегенде 100 денешынықтыру-сауықтыру кешендерін салу қажеттігіне назар аударған еді. Жалпы, Елбасы тапсырмалары мен мемлекеттік бағдарламаларда жалпыхалықтық салауатты қоғам қалыптастырып, ел халқының кемінде отыз пайызы белсенді өмір сүріп, спортпен айналысуы қажеттігі баса айтылған.

Алматыда Тұңғыш Президент күнінің қарсаңында көпфункционалды «Жарыс Арена» спорт кешені ашылды. Жоба демеушілер қаржысы есебінен жүзеге асты, кешен «Орбита-3» ықшамауданындағы №40 жалпы білім беретін мектеп аумағына орналасқан.

Ел Президенті қойған міндеттерді орындау мақсатында Алматыда қаланың инфрақұрылымын модернизациялау, спорт орталықтары мен алаңдарын қайта құрылымдау  және жаңадан ашу жұмыстары белсенді түрде қолға алынған. Осы ретте мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында іске асатын жобаларға айрықша мән берілуде. Өз кезегінде көпфункционалды «Жарыс Арена» спорт кешені Мемлекет басшысы Жолдауын жүзеге асыру аясындағы алғашқы нысан болып табылады.

– Біздің Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев бұқаралық спортты және еліміздің спорттық инфрақұрылымын дамытуға тұрақты назар аударуда. Өз­деріңіз көргендей, жеке сектор мемлекеттің қолдауы барысында үлкен жұмыстарды атқаруда, соның арқасында біздің бала­ларымыз спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын қалыптастыруда тамаша мүм­кіндіктерге қол жеткізіп отыр. Уақыттан тыс кездері мұнда жақын орналасқан аудандар тұрғындары да спортпен айна­лыса алады, – деп атап өтті Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек.

Айта кетерлігі, жаңа спорт кешені мектеп жанындағы бос жатқан жерге қысқа уақыт ішінде тұрғызылды. Мұнда жасанды антиаллерген төселген бірнеше жабық футбол алаңдары, волейбол және баскетбол ойнайтын бөлімдер, ұзындығы 250 метр болатын жүгіру жолы, әйелдер мен ерлердің шешінетін және жуынатын бөлмелері бар.

Бұған дейін Алматыда қайта құры­лым­далған «Спутник» стадионында балалар үшін «Жас қыран» атты футболдан оқу және жаттығу кешені ашылған еді. 800 көрерменге арналған жаңа стадион жаңаша шатырмен жабдықталып, трибуна астында түрлі бөлмелер, ФИФА сертификаттаған дре­нажды желісі бар және жасанды итальяндық газонды алаңдар жасалды. Мұнда 500-ден астам жасөспірім футбол­шылар жаттыға алады, футбол орталы­ғының жаттықтырушылар штатында 50 адам жұмыс істейді.

Осынау жұмыстар еліміздің спорт-мәдени орталығы Алматыда Елбасы тап­сырмалары мен мемлекеттік салауаттылық бағдарламалардың нәтижелі жүзеге асып жатқанын көрсетеді.

Нұр ҚАЙЫР.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *