Елбасымыздың күш-қуатына сенеміз

Такир БАЛЫҚБАЕВ,  Абай атындағы Қазақ ұлттық  педагогикалық университетінің ректоры, профессор:

 Әлемді жайлаған коронавирус – Covid-19 індеті біздің елімізді де айналып өткен жоқ. Бүгінде  20 мыңға жуық отандасымыз осы дертпен тіркелді. Уақытылы емделіп, сақтық шараларын қатаң сақтаған азаматтарымыз сауығып шығып, отбасыларына оралуда. Алғашында шет елдерден келген жерлестеріміз және олармен араласқандар ауру жұқтырса, пандемияның жаңа кезеңінде індет өрши түсуде. Бүгінде жұқпалы кесел мемлекет басында жүрген қайраткерлерімізге де ауыз сала бастағандай. Өйткені олар қазіргідей қиын кезеңде халықты қатерлі дерттен сақтандыру, халық шаруашылығының кезек күттірмес міндеттерін, экономика мен әлеуметтік мәселелерді тиімді шешу үшін көпшілікпен жиі кездесуге, қайнаған істің ортасынан табылуға тиіс. Әрине, бүгінгі таңда көпшілікпен жұмыс істеу адам денсаулығына өте қауіпті екені белгілі.

Жаңа ғана ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерден Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Н.Ә.Назарбаев қатерлі ауруды жұқтырып алғаны туралы тосын хабарды естіп, қатты күйзелдік. Елін сүйген, елі сүйген Елбасымыздың бұл жағдайы бүкіл Қазақстан халқына ауыр тигені анық. Өйткені кең байтақ отанымыздың әр аймағынан Нұрсұлтан Әбішұлының денсаулығына алаңдаған жұртшылықтың жанашырлығы мен ыстық ықыласы ақпарат әлемін дүбірлетіп жатыр.

Күллі Қазақ елі сияқты, менің де бар тілегім тәуелсіз жас мемлекетіміздің іргетасын өз қолымен қалап, оны сәулетті сарайдай әлем таныған елге айналдырған, қазақ атын жаһанға танытқан Елбасымыздың амандығы мен саулығы. Төрткүл дүниенің «Назарбаев» десе – Қазақстанды, «Қазақстан» десе – Назарбаевты танитыны біз үшін зор мақтаныш. «Ер істеді дегенше – ел істеді десеңші» деп батыр Баукең айтқандай, тәуелсіздік жылдарында Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың істеген аңызға татырлық ерен істері бүкіл Қазақстан халқының істеген ісіндей тарихта қалды.

Жаңа Елордамыз – Нұр-Сұлтан қаласы аз ғана жылдар ішінде «сұңқардайын сыланған, тотыдайын таранған» сәулетті шаһарға айналса, бұл да Елбасымыздың ерен ерлігінің бір парасы. «Қазіргі таңда білімі мен ғылымын дамыта алмаған ел өркениеттер көшіне ілесе алмайды» деген Нұрсұлтан Әбішұлы тәуелсіздік жылдарында отандық білім мен ғылымды бұрын болып көрмеген жаңа леппен, соны серпінмен, жаңа мазмұнмен дамытуға өлшеусіз қолдау білдірді. Бүгінде біз әлемдік білім кеңістігінен өз орнымызды айқындап отырған елміз.

Жалпы, 30 жылға жуық уақыт аралығында Нұрсұлтан Әбішұлының арқасында еліміздің санғасырлық арман-аңсары жүзеге асты. Ол атқарған ерен істерді саусақпен санап шығу мүмкін емес. Олай болса қазақ елінің тарихында Елбасымыздың орны бөлек.

Аса мәртебелі Нұр-аға, енді санаулы күндерден кейін Сіз 80 жасқа толасыз, осынау Ұлы мерекені халқыңызбен бірге шарт көңілмен тойлауыңызды тілеймін. Жазылмайтын дерт болмайды. Жаратылысы бөлек, рухы күшті, жігері құрыш, қажыр-қайраты толағай Сіздің бұл сыннан да жасындай жарқылдап өте шығатыңызға сенеміз және осыған тілектеспіз.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *