Елбасы ел еңсесін көтеріп тастады

(Бес бастама қай белестен асырады?)

Өмірзақ МҰҚАЙ

 

Әңгімені Президенттің өз байламынан бастауға тура келіп тұр. Себебі, таяуда өткен Парламент палаталарының бірлескен мәжілісінде Нұрсұлтан Назарбаевтың сөйлеген сөзі ел еңсесін бір көтеріп тастады деуге негіз бар.

– Алдымен наурыз айының күн­тізбедегі ерекше ай екенін айта кетуге тиістімін. Біз осы айда Қазақстан халқы Ассамблеясын құрдық, Алғыс күні де осы айға дөп келеді. Оның үстіне Халықаралық әйелдер күні мен Наурыз мейрамы және бар, – деген Президент.

Шынында да Нұрсұлтан Назар­баевтың бұл сөзінің түсінген адам үшін мәні үлкен. Ең басты мәселе халықтың тұтастығы мен бірлігінде. Елбасы өз сөзінде өзінің халықтың болашағы үшін жұмыс істейтінін тағы бір мәрте айтып кетті. Соның айғағы есебінде Мемлекет басшы­сының аузынан қарапайым халық­тың көкейіне қонатын жаңа әлеу­меттік бастамалар көтеру туралы сөз шықты.

Шын мәнісінде Нұрсұлтан Назарбаев бұл жолғы бастаманы ұзақ уақыт күткенге ұқсайды. Алдымен сыртқы және ішкі саяси жағдай қаперге алынса керек, деп топшылауға тиістіміз. Қазір мем­лекеттің саяси-экономикалық жағ­дайы тұрақталды. Мұнай нарқы көтерілді. Соған сәйкес қаржылық жағдай да жақсарып, әлеуметтік мәселелерді көтеретін кез келді.

Бұл турасында Парламент пала­таларының кезекті отырысында Нұрсұлтан Назарбаев ашық айтты.

– Мен гүлденген Қазақстанның алдымен өзіне-өзі бек сенімді, мем­лекеттік қолдауы мен қамқор­лығын сезінген тұрғындарды білдіретінін түсінемін. Соған сәйкес әлеуметтік бағдарламалар жасалуда. Әлбетте, халық та оны өзінің мемлекетке деген патриоттық ниетімен ұштас­тыруы қажет, – деген Елбасы.

Бұл жолғы бес бастаманың ішіндегі әлеуметтік маңызы зор ең күрделісі «7-20-25» бағдарламасын айта кетуге тиістіміз. Жасыратыны жоқ, соңғы дәуірде екінші деңгейлі банктердің ипотекалық несие жүйе­сін өз қалауынша пайдаланып келгені өтірік емес. Тіпті кейбір банктердің жылдық үстеме пайызы 14–16 пайыздан асып кеткен. Оған алдын-ала төленуге тиісті 30 пайыз­дық жарнаны қоссақ, мәсе­ленің ақ-қарасы айқындала түспек. Айтты-айтпады, қызды-қыздымен кейбір банктер тіпті бастапқы жарна мөлшерін 50 пайызға дейін көтерген.

Осыдан бастап аталмыш мәселе үкіметтің, оның ішінде тікелей Мем­лекет басшысының бақыла­уында болмақ. Бұрынғыдай емес, несие жөніндегі үстеме жылына 7 па­йыздан аспайтын болады. Ал бас­тапқы жарна мөлшері 20 пайыз­дан аспауға тиіс.

Бұрынғы банктер бастапқы жар­на мен үстеменің қомақты­лығына қарамастан, алынған ипоте­калық несиені 10–15 жылдың ішінде қай­таруды талап ететін. Осыдан бастап ол мерзім 25 жылға дейін ұзар­тылды.

Жасыратыны жоқ, бұл жолғы бас­тама көктен түскен жоқ. Бұл жолы да Мемлекет басшысы өрке­ниетті батыс мемлекеттерінің ипо­текалық несиеге байланысты ұстан­ған саясатын басшылыққа алып отыр.

Атап айтқанда, экономикасы қатты дамып кеткен Скандинавия мемлекеттерін айтпағанда, тәуел­сіздігін екі-ақ жыл бұрын алған бұрынғы социалистік жүйенің Чехия сияқты мемлекеттеріндегі ипоте­калық несиенің үстеме мөлшері 1,5 пайыз ғана.

Іс жүзінде Нұрсұлтан Назар­баевтың бұл бастамасы көпшіліктің көкейіне қонып отыр.

Бұған дейін салық жүктемесі деген проблема болғаны және рас. Салық жүктемесі еңбек етушінің алатын жалақысының мөлшері ес­керілместен белгіленетін. Бірлес­кен мәжілісте Елбасы:

– Жұмыс істейтін, жалақысы тө­мен қазақстандықтарды қолдау мақ­сатында  алдағы жылдың 1 қаңтары­нан бастап салық жүктемесі 1 пайыз­ға дейін азайтылады. Яғни он есе кемітіледі. Әрі табыс салығына орайластырылған салық жүктеме­сінің азайтылуы жалақысы мини­малды есепті көрсеткіштің 25 еселік мөлшерінен аспайтындарға қатысты. Егер біз осы бастаманы жүзеге асырсақ, жалақысы төмен 2 млн.-нан астам адамның табысы молаяды, – деп атап көрсетті Президент.

Елдегі тағы да бір қордаланған проблеманың бірі – жоғары білім беру жүйесінің қолжетімділігі мен сапасы, сондай-ақ студент-жастар­дың тұрмыстық жағдайы.

Қазір елдегі жоғары оқу орын­дарында оқып жатқан жарты мил­лионнан астам жастардың 30 пайызы мемлекет бөлген грант арқылы оқи­ды. Ал үстіміздегі жылғы оқу жылы­нан бастап қосымша тағы да 20 мың грант бөлінбек. Осының бәрі ел үшін қасқалдақтың қанынан қат болып отырған текникалық маман­дық иеле­рін молайтуға әсер етеді, деп күтілу­де.

Тағы да бір асқынған пробле­маның бірі – жұмыссыздық. Әлбет­те, бұл мәселе ауылды жерде асқы­нып тұр. Сондықтан мемлекет жұ­мыссыз ауыл тұрғындарына жеңіл­дікпен микронесие беру мәселесін жандандырмақ.

Өткен жылы осы мақсатта жалпы құны 30 млрд. теңге тұратын 7 мың­нан астам несие бөлініпті.

– Үстіміздегі жылы жалпы мик­ро­­несие мөлшерін 62 млрд. теңгеге дейін молайтып, қосымша тағы да 20 млрд. теңге бөлуді қа­растырып отыр­мыз. Соның нәти­жесінде шағын несие алушылардың саны 14 мың адамнан асады деп күтілуде. Ал өт­кен жылғы мөлшер бұдан екі есе тө­мен болатын. Әрі үкімет бұл жұ­мысты одан әрі де жалғастырады, – деп атап көрсетті Нұрсұлтан Назар­баев.

Мұнай мен газға бай мемлекет бола тұра Қазақстанда елді-мекен­дерді газдандыру мәселесі де асқы­нып тұр. Тәуелсіздік алған жыл­дардан бері Қазақстанда газ өндіру жылына 52 млрд. текше метрге дейін өсті, әрі өсім одан әрі жалғаса береді деп күтілуде.

Соған қарамастан ұланғайыр мемлекеттің көптеген елді-мекен­деріне әлі күнге дейін газ жеткі­зілген жоқ. Әсіресе, мәселе мемле­кеттің орталық және солтүстік ай­мақтарында асқынған.

Өз заманында Түркіменстаннан Алматыға келетін газды тоқтатып, өзбектердің біраз қоқан-лоқы көр­сеткені де есте. Осының салдарынан мемлекеттің бөлген қыруар қар­жысына газ құбыры тартылып, ол Алматыға дейін жет­кізілді.

Ел астанасы – Қазақстанның солтүстігінде жатыр. Бүгінде тұр­ғындар саны 1 млн.-нан асып бара жатқан Елорданы газдандыру мәсе­лесі де оңай шаруа емес. Өз зама­нында Астанамен қоса Қазақ­стан­ның солтүстік облыстарын Түмен газымен қамтамасыз ету мәселесі көтерілген. Іс жүзінде ол да біреуге тәуелділікті білдіретін шаруа.

Дегенмен, қазір тұтастай мемле­кетті газдандыру мәселесі 50 пайызға шешіліп, Қазақстанның 9 облысы табиғи газбен қамтылды. Алайда, орталық және солтүстік облыстар бұрынғысынша табиғи газсыз отыр. Осы мәселеге орай Президент Нұрсұлтан Назарбаев:

– Бізге солтүстік аймақты газ­дандыру үшін Қараөзек–Жезқаз­ған–Қарағанды–Теміртау–Астана магистральды газ құрылысын жү­зеге асыру қажет. Ол үшін де Ха­лықаралық қаржы институттары­ның қаржысы қажет екені белгілі. Де­генмен, бұл жоба жүзеге асқан жағ­дайда екі жарым миллион адамды газбен қамтумен қоса, жергілікті шағын және орта бизнесті дамы­тудың да мүмкіндігі туады. Бәрінен  бұрын экология жақсарады, – деп атап көрсетті.

Бүгінгі таңда шетелдік, сондай-ақ, ішкі бұқаралық ақпарат құралдары­ның назарын аударып отырған  Нұрсұлтан На­зарбаев белгілеген жаңа бес әлеу­меттік бастама осылар. Бастаманың дер кезінде көтеріліп отырғанына дау жоқ. Оның үстіне осы бес бастама жүзеге асқан жағдайда елдің экономикасы одан әрі жақ­сарады, сондай-ақ қыруар адам еңбекпен қамтылады.

Қорыта келгенде айтпағымыз, Нұрсұлтан Назарбаевтың осы әлеуметтік бес бастамасы ел тари­хындағы ең елеулі оқиғалардың бірі болғалы отыр. Ендігі мәселе, оның нәтижесін күтуде ғана…

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *