Елбасы еңбектері – басты бағдарымыз

Рухани жаңғыруға ойымыз бен бойымыздың үйренгеніне де біраз болды.  Бағдарлама «мен қазақпын» деген адамның қай-қайсысына да үлкен ой салғаны анық. Осы орайда біз Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры, профессор Такир Оспанұлы БАЛЫҚБАЕВПЕН ой өрбіткен едік.

– Такир Оспанұлы, биыл «Рухани жаңғыру» мақа­ласының жарық көргеніне екі жыл. Содан бері қоғамдағы рухани сілкіністерге куә болып келеміз. Сіздің басшылы­ғыңыздағы университетте Рухани жаңғыру қалай жүруде?

– Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты еңбектері халқымыздың руханият саласындағы басты бағдаршамына айналып отыр. Өйткені, мұнда қазақ елінің тарихы, руханияты, мәдениеті, ұлттық ерекшеліктері, салт-дәстүрі, елдің елдігі туралы құнды пікірлер көрініс тапқан. Сондықтан Елбасының осы еңбектерін әрбір қазақ­стандықтың түпкі санасына терең сіңіру, азамат­та­ры­мыздың жаңа дәуір талаптарына сай рухани жаңар­уын қамтамасыз ету аса маңызды міндет болып табылады. Осыған орай бүгінде елімізде «Рухани жаңғыру» үдерісі жан-жақты және кең ауқымда жүріп жатыр десек, асыра айтқандығымыз емес. Бұл істен мектептер мен жоғары оқу орындарына дейін тыс қалып отырған жоқ.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбектерін насихаттау, олардан туындаған негізгі міндеттерді және бағдарлама­ларды орындауға атсалысу мәселелеріне еліміздегі жоғары білімнің қарашаңырағы – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық  университеті де ерекше көңіл бөлуде.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасымен тұрақты айналысу үшін университетімізде осы аттас жобалық офис құрылып, жұмыс істеуде. Оны профессор Борасын Иманбердиев басқарады. Жобалық офис «Рухани жаң­ғыру» бағдарла­ма­сын жүзеге асыруға арналған 8 бағыт бойынша жұмыс іс­теуде. Оның ең алғашқысы «Туған жер» жобасы десек, бұл жобаның аясында «Мектептегі өлкетану», «Мәде­ниеттер географиясы» тақырыбында оқу құралдарын даярлау қолға алынды. Алматы қаласы мен қала маңы аумағындағы тарихи географиялық нысан­дарды гео-ақпараттық үлгілеу және картографиялау жұмысын университеттің Жараты­лыстану және география институты қолға алды. Олардың құзырына Іле өзенінің ескі арнасына экспедициялық зерттеу жұмыс­тарын жүргізу, Алматы қаласы бойынша экскурсиялық бағдарламалардың мазмұнын жаңғырту жұмыстары да кіреді.

– Педагогикалық білімнің қарашаңырағы саналатын осы Абай атындағы университет Елбасының латын әліпбиіне көшу жайлы ұсынысына бірден қолдау білдірген болатын. Осы тұрғыда қандай жұмыстар атқарылуда?

– «Рухани жаңғыру» бағдарламасы ұсынған негізгі жобалардың бірі –«Латын әліпбиіне көшу» жобасы дейтін болсақ, екі жылда бұл салада айтарлықтай бір­шама жұмыс атқарылды. Алдымен біз белгілі тілші-ғалымдармен ғылы­ми кон­ференция, дөңгелек үстел өткізіп, болашақ жұмыс­тың бағыт-бағдарын ай­қындап алдық. Бұдан кейін латын әліп­биін үйрететін, оқытатын әдістемелік құралдар шығару қолға алынды. Ахмет Байтұр­сынұлы атын­дағы Тіл білімі институтымен бір­лесіп, Латын әліпбиі орталығын аштық. «Латын негізді қазақ жазуы: оно­мас­тикалық графикалық кеңіс­тік мәселелері» тақы­рыбында респуб­ликалық дөң­гелек үстел, «Алаш зиялыларының тілдік мұ­расы: оқыту­дың тео­риясы мен әдістемесі» тақы­рыбында семинар өт­кізілді. Онымен қоса, «Қазақстанның киелі жерлерінің гео­графиясы» жобасы бойынша  атқарылып жатқан жұ­мыстар да ауқымды. Осы уақытқа дейін  елі­міздің көптеген ай­мақ­тарындағы киелі жерлерге студенттер мен ғалымдары­мыздың экспедиция­сын ұйымдастырдық. Бұл сапарларда көптеген ғылыми жобалар орындалды. «Сту­денттер мен магистранттардың ұлттық санасын қалып­тастыру», «Абайтану» – жаңа белесте, «100 жаңа  Тұл­ғатану», «Жаһандағы қазіргі қазақ мәдениеті», «Ұлы дала жастары» жобалары да университет көлемінде Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың еңбек­терін насихаттауға, дәріптеуге және «Рухани жаңғыру» бағдар­ламасын жүзеге асыруға бағытталып отыр. Бұл жұмыс бұдан былай да жалғасын таба беретіні сөзсіз.

– Сұхбатыңызға рахмет!

 Сұхбаттасқан – Әсел ДАҒЖАН.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close