Елбасы еңбегі әңгіме болды

Алматы қаласы Наурызбай ауданына қарасты №174 мектеп-гимназияда  Тұңғыш Президент күніне орай «Елін сүйген, елі сүйген Елбасы» атты кеш өтті.

Оқушылар халқымыздың Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өмір жолы, туып-өскен, білім алған, қызмет еткен жерлері туралы мағлұматтармен: слайдтар, үнтаспалар, суреттер, буклеттермен  жан-жақты бөлісіп, жыр жазуға икемі барлары шәкірт жүрегіндегі Елбасына деген сүйіспеншілік сезімдерін өздерінің арнау өлеңдерімен риясыз білдірді. Мәселен, 10 «ә» сынып оқушысы Анель Ботбайбек:

…Келбетіңе қараймын, тамсанамын,

Мәңгі елді мәңгілік жар саламын.

Сәулетіңе дәулетің жарасып тұр,

Толықтырып тұрғандай шартарабын.

Өзіңмен шаттанамын, бақ табамын,

Сырымды арнау қылып ақтарамын.

Елу елдің төрінен орын алсақ,

Ел болып мен өзіңмен мақтанамын.

Шаттығың ортаймасын таза құшқан,

Қырандай көкке самға ғажап ұшқан.

Жаса, жаса, жасай бер мәңгілік Ел,

Байтақ елім, Қазағым, Қазақстан! –

деп, өзінің отаншылдық сезімін  жүрегінен  шыққан жыр шумақтарымен  жеткізді.

Тағылымды кешке арнайы құрметті қонақ ретінде шақырылған Алматы қалалық мәслихатының депутаты, «Алматы ақшамы» газетінің Бас редакторы, Президент сыйлығының лауреаты, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері Қали Қошқарұлы Сәрсенбай  Елбасымыздың бастауымен Отанымыздың әлемге кең танылғанын айта келіп, ел азаттығы жолында ар-намысты ту еткен ағаларымыздың жанкешті еңбегі арқасында осы нұрлы күнге қол жеткізгенімізді оқушыларға кең таратып айтып берді.

Кеш барысында шәкірттер Қали Қошқарұлына түрлі сұрақтар қойып, оған қонағымыз тұшымды жауап қайтарып отырды. Ән-күймен өрнектелген әдемі кешті мектеп-гимназия директоры Арнагүл Маликова қорытындылады.

 

Жазира ОРАЗБАЕВА,

№174 мектеп-гимназия директорының тәрбие жөніндегі орынбасары.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *