ЕЛБАСЫ ДЕР КЕЗIНДЕ БАЙҚАМАҒАНДА, ЖҰРТТЫҢ БӘРI ДОКТОР БОЛЫП КЕТЕР МЕ ЕДI…

  • ЗИЯЛЫНЫҢ СӨЗІ

GGКамал Ормантаев,

академик, Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк сыйлығының лауреаты

Камал Сәруарұлы әңгiмесiн терең бiр күрсiнiп алып бастады. Алаштың ақсақалы атанған академиктiң бұл күрсiнiсi ол кiсiнiң көп нәрсе айтқысы келетiндiгiн, бiрақ, айтқанымен дәл қазiр оны еститiн құлақтың жоқ болып бара жатқанына жаны ауыратынын сездiретiндей.

Камал ағаның жан күйiне қарап отырып, ойыма ұстазым, марқұм Нұраш ағайдың осыдан қырық жыл бұрын айтқан «Әдiлдiк – Алтынемелдiң алты қырының астында, шындық деген – шыңырау құдықтың түбiнде» деген сөзi оралды. Десекте, сол шыңырау түбiндегi шындықты айтар ел ағалары бары көңiлге медеу. Шындықты, қоғамдағы кемшiлiктi айтатын адам қатары санаулы. Сол санаулының бiрi – Камал көкемiз десек, Камал Сәруарұлы Салық Зиманов кеткелi қоғамның кем-кетiгiн ашық айтып, зиялы қауымды зиялы сөз айтуға жетелейтiн, халыққа жанашыр болар зиялының азайып бара жатқанын, төңiрегiмiздi жылпостық, жағымпаздық жайлап, жоғарының алдында жалған күлер пенделердiң көбейгенiн айтады. Камал Сәруарұлы көңiл терезесiнiң көзiне жиналып қалған кiрбiңiн кейiнде қалған Кеңес дәуiрiне деген сағынышынан бастады.

– Камал Сәруарұлы, Кеңес дәуiрiне деген сағынышыңыз көңiл төрiңiзде сарытап болып жатқан секiлдi. Кеңес дәуiрiнiң жақсылығы мен жаманшылығы, болмаса кемшiлiгi неде? Ол дәуiрдi жиi аңсайтын секiлдiсiз, неге?

– Кеңес дәуiрiн жалғыз мен емес, көп адам, әсiресе, өзiн зиялылар қатарындамын деп жүрген бiраз ел ағалары аңсайды, бiрақ, оның жақсылығы неде, кемшiлiгi неде болды дегендi саралап айтуға батылдары бара бермейдi. Шындықты айту қай қоғамда болсын оңай болмаған. Әр кезеңнiң жақсылығымен қатар, өзiне тән кемшiлiктерi болады. Кеңестiң қазақ үшiн жасаған ең басты қиянаты – Алашорданы қырды, аштық арқылы қазақ ұлтына қырғидай тиiп, ел арасында «шаш ал десе, бас алатын» шолақ белсендiлерге күш берiп, қазақ ұлтының қаймағы болар ел азаматтарына қырғидай тиiп, қуғын-сүргiнге ұшыратты.

Айта берсек, қазақтың басынан өткерген қасiретi көп қой, бiрақ, әйтеуiр қырық жанды қазақты қандай қиындықтан болмасын тығырықтан шығаратын бiр ғана қасиетi бар, ол – өршiл рухы дер едiм. Осындай қилы-қилы тағдырларды басынан өткерген ұлттың алға, алдағы күннiң жақсылығына деген сенiмi мықты едi. Сол сенiм рухында тәрбиеленген ұрпақтың өкiлi – менiң замандастарым, менiң құрдастарым едi. Бiз аштықтан кейiнгi ашқұрсақ қоғам орнаған кезеңде өмiрге келсек, одан кейiн халық Ұлы Отан соғысының қиындықтары мен зар-запыранын басынан өткерген кезеңде ес жиып, есейдiк. Еңбекпен көзiмiзде ашқан едiк, содан берi, мiне, күнi бүгiнге дейiн бел жазбастан бiр ғана салада 60 жылдан берi еңбек етiп келемiз. Кеңес дәуiрiнiң жақсылығы дегенде мен ең алдымен ол қоғамның бiлiм алсам, ғылым қусам деген жас буынға, еңбек адамына деген әдiл қамқорлығын ең алдымен ауызға алар едiм. Оқу тегiн, ғылым-iлiм iздеу тегiн болды. Қазақтың ғылымға ұмтылған қыз-жiгiттерiн қолтығынан демедi. Қазақ ұлтының мен деген азаматтары Ресей оқу орындарынан бiлiм алды, ғылым жолына түстi. Солардың бiрi – менiң өзiм. Қармақшының бiр ауыз орысша бiлмейтiн мен секiлдi қарапайым баласы орысша медициналық оқу орнында үздiк оқып, ғылым iздеп, Мәскеу ғалымдарынан дәрiс алуы, ғылыми дәрежесiн қорғауы Кеңес дәуiрiнiң жақсылығы деуге болады. Ал қазiр жастардың талабы емес, ақша сөйлеп тұр.

Министрдiң құлағына тағы алтын сырға

– Камал Сәруарұлы, ана мен бала денсау­лығын айтудайын айтып келе жатқан бiр адам бар болса, ол – өзiңiз. Сiздiң пiкiрiңiз ненi өзгерттi, қандай нәрсеге ықпалы тидi?

–  Елбасымыз Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаев­тың да аузынан бұл мәселе түсiп көрген емес, дегенмен, айтқаннан түзелген ана мен бала денсаулығын байқап тұрғаным жоқ. Нәрестелер арасындағы өлiм-жiтiм көрсеткiшi әлi төмендемей тұр. Бiзде бұл көрсеткiш 14,7 пайыз болса, Белоруссияда – 5, Украинада – 8, Ресейде – 10 пайыз. Ана өлiмi жағынан да ұяттылаумыз. Ал, бүгiнде өмiрге келiп жатқан балаларымыздың денсаулығы жөнiнде айтсақ, тағы ұятты боламыз. Туабiттi кемiстiкпен, аурушаң болып өмiрге келiп жатқан балалар қаншама?

– Балалар дәрiгерiнiң, оның iшiнде балалар хирургиясының атасы атанған Камал Ормантаев бұл мәселе төңiрегiнде қандай пiкiр айтады? Министр құтаймайтын, жиi реформа жасағыш сала – Денсаулық сақтау министрлiгi деген әңгiме көп айтылады, сiз не дер едiңiз?

– Оныңыз рас, он бiр министр ауыстыру дегендi Кеңес дәуiрiнде естiп көрмеппiз. Қазiр лауазым дегенiңiз аяқдоп секiлдi болды ғой. Қолынан келсiн-келмесiн басшыларды бiр саладан екiншi салаға жылжыта беремiз. Кадр саясаты деген жоқ. Осындайда Кеңес дәуiрiнiң кадр саясаты тағы ойыңа оралады. Әр салаға басшы тағайындау кезiнде олардың сол саладағы iс-тәжiрибесi, бiлiктiлiгi есепке алынатын. Ал қазiр ше?

Денсаулық сақтау министрлiгiн экономистер басқарған кезеңдi де өткердiк қой. Министрдi бiз тағайындап, бiз түсiрмеймiз, дегенмен, әр саланы өз бағытымен дамытып, жетiлдiру үшiн ол саланы өз маманы және теоретиктер емес, сол саланың қара шаруасын бүге-шүгесiне дейiн жетiк бiлетiн тәжiрибелi мамандар тағайындалуы керек. Басшы теоретик болғандықтан да реформаларымыздың да теориялық негiзi сөз тұрғысынан мықты да, сала тiршiлiгiне келгенде жүйесiздiк жиi орын алып жатады. Ал жүйесi құрылмаған iстен нәтиже күтуге болмайды. «Бала өлiмiн азайту үшiн не iстеймiз?» деген сауалға келсек, 2007 жылдан бастап айтып келе жатқан бала дәрiгерлерiн даярлайтын факультетiмiздi қайта ашуымыз керек. ТМД елдерi бойынша медициналық оқу орындарындағы педиатрия факультетiн жауып, бұл мiндеттi отбасылық дәрiгерлер мойнына iлiп қойған – жалғыз бiз. Бала мен үлкен кiсiнiң ағзасында үлкен айырмашылық бар. Аурудың 14 мыңнан астам түрi бар десек, баланың бойындағы сол 14 мың түрлi ауруды анықтау 5-6 жыл жалпы медицинаны оқып, соңғы бiрер жылда педиатрия саласын оқыған дәрiгерлердiң қолынан келмейтiн шаруа. Мен, тiптi, осы отбасылық дәрiгерлер даярлаймыз деген мәселеге де қарсы жандардың бiрiмiн.

Алматыдағы С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетiнiң ректоры көп мәселеде жаңашылдықты қолға алып отыр. Университет ректоры Ақан Айқанұлының бойында ағалық сөзге құлақ асатын тамаша қасиет бар. Қандай да бiр ұсыныс, сын, пiкiр айта қалсаң, соның жанашырлықпен айтылғанын түсiнiп, дұрыс қабылдай бiледi. Университеттiң клиникалық саласын жетiлдiрдi. Осы жақында Ақсайдағы Республи­калық балалар ауруханасын университет құрамына алды. Бұрнағы жылдары республикалық терi-венерология институтын университет қарамағына алған. Бұл – өте дұрыс жасалған шешiм, ал ендi педиатрия факультетiн қайта ашу жұмысы – бiр ректордың қолынан келмейдi. Бұл мәселе министрлiктiң пәрменiндегi шаруа. Сондықтан, «жазған құлда жазық жоқ» дегендей, педиатрия факультетiн қайта ашу керек деген мәселенi айтып келе жатқаныма жетi жыл болыпты. Шаршамастан, жағым талмастан денсаулық сақтау министрiмiз Қайырбекова ханымның құлағына тағы алтын сырға еткiм келдi.

Дәрiгердi халық бағалады деген қағидадан арылу керек 

– Қазiр дәрiгерлiк мамандығын тастап кетiп жатқандар көп, неге?

– Тек дәрiгерлер ғана емес, қазiр бес-алты жыл оқып, игерген мамандығын тастап кетiп жатқан басқа сала иелерi де бар. Әйтседе ең көбiрегi өзiңiз айтып отырған дәрiгерлер және мұғалiмдер дер едiм. Екеуiнiң де айлығы басына тартса, аяғына жетпейдi. Үйсiз, күйсiз жүрген де солар. Тiптi, олардың еңбекақылары қазiр берiлiп жатқан жалдамалы пәтер алуға да жетпей жатқан жоқ па? Кiм айтқаны нақты есiме түспей тұр, әйтеуiр кезiнде үкiмет басқарған бiр шендi «дәрiгер мен мұғалiмдi халық бағады» деп айтқан екен, сол өсиеттi бұлжытпай бүгiнгi күнге дейiн орындап келемiз. 45 мың теңге айлық 8-9 жыл оқыған дәрiгер еңбегiн өтей алмайды. Бiз халықтың денсаулығы дұрыс болсын десек, дәрiгерге төленетiн еңбекақыны, ал өскелең ұрпағымыз сапалы бiлiм алсын десек, мұғалiмнiң мәртебесiн арттыруымыз қажет.

Сонымен қатар, осы саладағы пара алушылық дерттерден арылуымыз керек. Қазiр дәрiгер, мейiрбике мамандығы тұрмақ, күтушiлiк жұмысқа тұру үшiн бас дәрiгер, мектепке жұмысқа тұру үшiн мектеп директоры пара алады деп естимiз. Бұл сұмдық нәрсе. Пара берiп жұмысқа кiрген адам қайбiр жұмысына жауапты болады. Ақша алғаны үшiн қызметкерiнiң алдында кiрiптар болып тұратын басшы оның кемшiлiгiн де бетiне басып айта алмайды. Мiне, мәселе қайда жатыр? Көп салада iсiмiздiң оңбай жататыны да сондықтан. Былай қарасаңыз, жұмыс көп сияқты, бiрақ, жыл өткен сайын жұмыссыздық елдi жайлап келедi. Ұрлық-қарлық көп. Ұлы Абайдың қара сөздерiн оқып отырып, не деген көреген, болжампаз болған деп таңырқайсыз. Жұмыссыздық жастарды аздырып, қылмысқа итермелеуде. Жастар түкке тұрмайтын нәрсе үшiн кiсi өлтiру деген ауыр қылмыстарға да қолдары дiр етпей-ақ барып жатыр. Айта берсек, қоғам өмiрiнде айтар жанайқай жеткiлiктi. Бiрақ, басшылардың сөзiне құлақ түрсек, кемшiлiгiмiз жоқ, арқа-жарқа тiрлiк кешiп жатқандаймыз. Өзiмiздi өзге елдермен салыстырып, Жапонияда сондай екен, Америка солай iстеген екен, Германиядан көрiп келдiк дейдi. Өзгеден үйренген жаман емес қой, бiрақ, сол мемлекеттердiң тұрмыс-тiршiлiгi, әлеуметтiк жағдайларымен бiздiң жағдай сай келмейдi емес пе? Жақсыны үйренiп, игерген жақсы, бiрақ, оның да екi жағы барын ескерген дұрыс. Өзгенiң игiлiгiн өзiмiзге сiңiру үшiн халықтың жағдайын, өз мүмкiндiктер ескерiлуi керек.

Адамның Алладан кейiнгi сыйынар пiрi – дәрiгер

– Қазiр адамдардың дәрiгерге деген құрметi төмен. Дәрiгерлердiң қолынан өлiп жатқан адам көп дегендi жиi естимiз. Бұл пiкiрге не дер едiңiз?

– Мамандыққа немқұрайды қараған жерде мұндай өкiнiштi оқиғалар орын алып жатады. Оқу бiтiрiп келген кейбiр жас мамандардың бойынан мықты дәрiгер болсам деген құштар­лықтың, ғылымға деген ықыластарының жоқтығын көргенде жаным ауырады. Болашағы бар-ау деген жас мамандарды ғылымға жетелегiң келiп әңгiмелесе қалсаң, олар отбасын асырап, пәтер­ақысын уақтылы төлеу үшiн үш-төрт жерде жұмыс iстеп жүрiп ғылыммен айналысуға уақыт жоқ десе, кейбiрi «осы бiздiң қоғамға ғылым қажет пе?» деген қарсы сауал қойып, өзiңдi састырады. Мен де он үш жыл пәтерде тұрдым. Бiрақ, мен кезекке тұрсам пәтер алаты­нымды бiлдiм. Сол үшiн тынбай еңбек еттiм,  ғылыммен айналыстым. Ал қазiргi жастар болашағына сенбейдi. Сол себептi де көп нәрсеге ұмтыла бермейдi. Ақшасы мол жерлердi iздейдi. Медицина саласы бойынша ақшалы жер – жеке клиникалар.

Бiз бiлiктi маман даярлаймыз десек, ҰБТ-дан кейiн талапкермен жеке әңгiмелесу өткiзсек, жастарды мамандық таңдаудағы қателiктерден де құтқарар едiк.

– Жеке демекшi, келесi жылдан бастап емхана, ауруханалар жекешелендiрiледi деген сыбыс шығып жатыр. Емдеу мекемелерiнiң жекешелен­дiрiлуiне қалай қарайсыз? 

– Қарсымын, әрине. Емдеу мекемелерi жекеше­лендi деген – халықтың денсаулығын өз қолы­мызбен құрттық деген сөз. Ауыл халқын тiптi өз қолымызбен өлтiремiз. Қазiрдiң өзiнде ауыл тұрғындары үшiн медициналық қызмет қолжетiмдi болып тұрған жоқ. Стоматология ақылы болған ауыл халқы қазiр тiссiз қалды ғой, соның кебiн киiп, аурушаңдықтың өлiм-жiтiмнiң көкесiн емдеу мекемелерi жекеше­лендiрiлгенде көремiз. Жоғарыда айтып өттiм ғой, педиатрия факультетi жабылғалы берi бала өлiмi жиiлеп кеттi. Өзгенi айтпай-ақ қояйын, мына өзiмiз өзбек деп көп менсiне бермейтiн Өзбекстанның өзiнде арнайы педиатрия институты бар. Бiз медицинаның дамығанын, құрал-жабды­ғымыздың жаңарғанын ұрандап айтқанымызбен, соларды игеретiн маман жоқ дегендi айта алмаймыз. Мамандар жетiспейдi. Ауылды, аудан, қала орталықтарын айтпай-ақ, Алматы қаласының өзiн алсақ, 2-3 мың дәрiгер жетiспейдi дейдi. Дәрiгер жетiспеу деген – тұрғындар жеткiлiктi медициналық көмек алмайды дегендi меңзейдi.

– Ғылым төңiрегiндегi әңгiмеге оралсақ, өзiңiздiң бүгiнгi ғылым саласына көңiлiңiз тола ма? Ғалымдарымыз көп, неге ғылыми жаңалығымыз аз?

– Ғылыммен жастайымнан араласқан менiң көзқарасыма салсақ, бұл сала жыл өткен сайын кенжелеп барады. Бiздiң Ғылым академиясы кезiнде өзiнiң ғылыми деңгейi бойынша ТМД елдерi арасында Ресей мен Украинадан кейiнгi үшiншi орынды иеленетiн. Ал қазiр ше, ғылым дамып жатыр, бiрақ, оның ғұмырын жалғайтын ғылым мен өндiрiс арасында тығыз байланыс жоқ. Ғылым адамдарына деген ықылас төмендедi, керiсiнше, кездейсоқ ғалым, академиктер көбейдi. Шенеунiктер шетiнен ғылым докторлары атанды. Олардың жаңалығы неге қоғам өмiрiнен байқалмайды?

– Ғалымдарымыз көп. Ғылыми жаңалығымыз аз болып тұр дейсiз ғой…

– Дәл солай. Ғылымды жемқорлық жайлады… Он жылда ғылым академиясының корреспондент-мүшелiгiне 129 адам қабылданыпты. Солардың 10-15-iнiң ғылымға қандай еңбек сiңiргенi белгiсiз жандар. Кейбiрiнiң ғылым саласында есiмдерiн де естiмегенбiз. Ғылым академиясының 30 құрметтi мүшесi бар екен. Соның оншақтысының ғылымға еш қатысы жоқ, тiптi, солардың кейбiрiмен өзiм жақсы араласып та тұрамын. Ғылым саласындағы бұл былықты Елбасы дер кезiнде байқамағанда, ақшасы бар бизнесмендер, шенеунiктер мен шендiлерiмiз тегiс ғылым докторы, академик болып алар едi. Ғылыми еңбек жазу оңай шаруа емес, бiрақ, амал не, ғылымның өзiн осылай саудаға салып алдық. Ғылым академиясының 27 қоғамдық ұйымның бiрi болып қалуы да жанымызға батады. Академияның президентiн сайлау  альтернативтi түрде өтсе, академияның бөлiмдерiнен түскен ұсыныс-пiкiрлер ескерiлсе дейсiң. Жастарға сенiм артсақ, жарғысын өзгертсек дейсiң. Мемлекет ғылым саласын қайтадан өз қолына алуы тиiс. Өйткенi, ғылым – өз алдына бөлек басқаруды қажет ететiн сала.

Ана тiлi деп ананың атымен аталған соң ана тiлiнде сөйлеуiмiз керек 

– Қазiргi қоғам өмiрiндегi қандай жағдай­лардан қорқасыз?  

– Қатыгездiктен. Мейiрiмсiздiктен. Жемқор­лықтан қорқамын. Қазiр ақшаның жүрмейтiн жерi жоқ болды. Ақшаң болмаса, абыройың да жоқ. Тәртiп төмендеп кеттi. Бұрын партияның сөзi сөз болатын. Оның айтқанын екi етпейтiнбiз. Бiр кемшiлiгi үшiн басшыларды партиядан алып тастайтын. Ал партия қатарынан алып тастау дегенiңiз абыройдан айрылғанмен тең болатын. Сол себептi де басшылар қазiргiдей емес, әдiлеттi едi. Ал қазiр бүгiн жұмысынан алынған адамның ертесiне одан да жоғары басшылық қызметке тағайындал­ғанын көресiң. Халық – көреген. Оның көзiнен ешнәрсенi таса қалдыра да, жасыра да алмайсың.

– Ана мен бала денсаулығын қамқорлап жүрген бiр адам болса, ол сiз дер едiк. Әйелдердiң зейнет жасының 63 жасқа ауыстырылуына қалай қарайсыз?  

–Әйел мен ер адамды еш уақытта салыстыруға болмайды. Бұл мәселе әлi де болса жан-жақты қарастырылуы керек. Алпыс үш жасқа дейiн әйелдер қалай жұмыс iстейдi? Әйел қауымының зейнет жасын өсiремiз деп, демографиялық өсiмге өз қолымызбен қауiп төндiрiп отырғанымызды ұмытпауымыз керек. Қазiр көпбалалы отбасы­ларының саны азайды. Екi-үш баламен шектелу бүгiнде қала тұрмақ, ауылды жайлады. Халқы бiзден тоғыз еседей көп Ресейдiң өзi ана капиталын құруды қолға алып жатқанда бабалары «жұмақ кiлтi ананың табанының астында» деп өсиет қалдырған бiздiң, бiресе әйелдерге босанғаны үшiн берiлетiн төлемақысына, бiресе зейнет жасына жармасқанымыз жараспас. Мемлекетiмiз бұл мәселе төңiрегiнде әлi де дұрыс шешiм қабылдайды деген сенiмдемiн. Асығыстық жасамауды Елбасының өзi ескерттi емес пе.

– Тiл мәселесi төңiрегiнде не айтар едiңiз?

– Бұл мәселе жауыр болып кеттi өзi. Тiл туралы Заңымыз бола тұра, әлi ресми тiл – орыс тiлiнде сөйлеуден арылмай отырмыз. Мемлекет, үкiмет мүшелерiнiң үлкен-үлкен жиындарда орысша сөйлеп жатқанын көрген жұрт балаларын қазақ мектебiнен гөрi орыс мектебiне бергендi әлi де жөн көредi. Көп адам әлi күнге дейiн қазақ тiлiнiң болашағы жоқ деген пiкiрден арылған жоқ. Ана тiлi деп ананың атымен аталған соң ана тiлiнде сөйлеуiмiз керек қой. Үш емес, отыз тiл бiл, бiрақ, өз тiлiңдi құрметте. Өзiң құрмет көрсетпеген тiлiңе өзге ел қайдан құрмет көрсетедi.

– Үлкен ұстазсыз. Шәкiрттерiме, iзбасар­ларыма қиянат жасадым-ау деген ой мазаламай ма кейде?..

– Қиянат жасадым деп айта алмаймын, қателiктерiн қатал айтқан тұсым көп, ал оны қиянат жасады деп бағаласа, өздерi бiледi. Жастаймыздан тәртiпке бағынып өстiк. Брякин, Исаков деген ұстаздарымыз болды. Медицина саласындағы тәртiптiлiк пен жан тазалығын сол кiсiлерден үйрендiм. Адам болған соң қателiктер болады ғой, үнемi дұрыс пiкiр айтқан адамдарды қолдаймын. Өз басым адалдық пен әдiлдiктi, шындықты жақсы көремiн. Шындықты айтқым келедi. Шындықты көп адам қаламайды. Батырып айтсаң, жау санайды. Маған «Кәмеке, еститiн құлақ жоқ, оны кiмге айтасыз, тоқтатсаңызшы» дегендер де болды.

Еститiн құлақ жоқ екен деп ауыз ашпай жүрсек, кiм болғанымыз және қоғамдағы халық көңiлiне қонбайтын кейбiр кемшiлiктi қариялық тауына беттеп бара жатқан бiз айтпасақ, кiм айтады. Айта берейiк, жоғарыдағы құлақтың бәрi мүкiс емес шығар.

– Әңгiмеңiзге рахмет. Өзiңiздей ақсақалдар көп болсын! 

 

Әңгiмелескен –

Нұржамал БАЙСАҚАЛ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *