Елбасы ашқан мектеп беске келді

Рая ЕСКЕНДІР

 

Алатау ауданындағы «Саялы» ықшамауданы күн санап қанатын кеңге жайып келеді. Мемлекеттік бағдарламамен баспаналы болған отбасылардың дені де осы «Сая­лыда» тұрады. Ең алдымен, «Саялы» тұрғындарының мақтаны­шы осын­дағы №180 жалпы білім беретін мектеп. Осыдан бес жыл бұрын 2013 жылдың қаңтар айында Нұр­сұлтан Назарбаев «Саялы» тұрғын­дарымен кездесіп, заманауи мек­теп­тің тұсауын кескен еді. Сол жолы Елбасы қаланың ең көрікті жерлерінің бірі болуға әбден лайық­ты «Саялының» жоспарымен де танысып қайтқан болатын.

Сол күннен бастап алдына  мақсат қойған мектеп ұжымы саналы тәрбие мен сапалы білім жолында еңбек етуге құлшына кірісіп кеткен еді. Мұндағы әрбір оқушының кеудесінде Елбасы ашқан мектепте оқимын деген зор мақтаныш сезім қалыптасқан. Наурыздың жаймашуақ күнінде «Саялы» тұрғындары оқу ошағының 5 жылдығын салтанатпен атап өтті. Алдымен мектептің 5 жылдығына арналған «Білім белесіндегі 5 жыл» деген кітаптың тұсауы кесілді. Кітаптың тұсауын мектептің алғашқы басшысы болған, бүгінде Жетісу аудандық білім бөлімінің басшысы Салтанат Құсайы­нова мен Алатау ауданы білім бөлімінің міндетін атқарушы Серікжан Байғұт­динов кесіп, құттықтау­ларын білдірді.

Бес бөлімнен тұратын кітаптың әрбір бөлімі мектептің осы жылдар ішіндегі бағындырған биіктері мен алған асуларын қамтыған. Сонымен, мектепте 8 пән бірлестігі бар. Жыл сайын «Жас оқырман», «Біз – Жәутіков ізбасарлары» атты кон­ференциялар тұрақты түрде өткізіліп отырады. Мектептің дарынды оқушылары аудандық байқаулардан бастап, халық­аралық дәрежедегі жарыстарға қатысып, топ жарып жүр. Дарынды оқушылар өте көп. Осынау мектептің тойына әрбір оқушы өзінің үлесін қосып, құрметін білдіріп жатса, соның бір дәлелі – шебер қолдар үйірмесі ұйымдастырған керемет көрмені айтуға болады.

Кешке келген қонақтар Алатау аудандық «Нұр Отан» партиясы филиалы төрағасының орынбасары Мұқанқали Алмасаев, Алатау аудандық «Ұстаз» кәсіподағының төрағасы Қайрат Мұхамедиев,  №14 мектеп басшысы Думан Әлімбайұлы мен №160 мектеп басшысы Гүлнар Дәулетова сөз алып, өздерінің мерекелік құттықтауларын жеткізді. Осы мектептің алғашқы басшысы болған Салтанат Амангелдіқызы, «Игілік» журна­лының редакторы Меруерт Әбдірайым­қызы, мектептің ата-анасы, әнші Жігер Аупбаев та өздерінің ақжарма тілектерін айтып, құттықтап жатты.

Мерекелі кештің көркін мектептің ұстаздары мен оқушылары орындаған әсем ән мен тәтті күй аша түсті. Осы жылдар ішінде мектептің қалыптасуына көп еңбек сіңіріп, тер төккен №180 мектеп басшысы Қыздығой Егимованың табандылығы мен еңбексүйгіштігіне көпшілік айрықша ризашылық білдірсе, ең жоғары баға – ата-аналардың айтқан алғысы болды.

 

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *