ЕЛБАСЫ 10 ЖЫЛДА 10 РЕТ КЕЛГЕН АУДАН

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: Алматы қаласы болашақта Алатау ауданы арқылы дамитын болады.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен 2008 жылы Алматыда жетінші аудан құрылған болатын. Мегаполистің шеткері, инженерлік-коммуникациялық жүйесі қалыптаспаған, көпқабатты тұрғын үй секторы мүлдем жоқ, негізінен баспаналары заңдастырылмаған жергілікті ұлт өкілдері мекен еткен аумақта ашылған ауданға «Алатау» деген асқақ атау берілді.

Нұрлан СҮЙІН

«Алатау ауданының авторы» атанған Елбасы да қазақ жұртының үмітін оятқан ауданды аяққа тұрғызуға жедел кірісіп, аудан басшылығына жауапты азаматты қойып, қажетті қаржы бөлуді тапсырды. Өзінің бақылауында болатынын да айтты. Солай болды да. Ауданның тұңғыш әкімі Бағдат Мәнізоров басшылық еткен Алатау ауданы «ай санап өскен Алпамыстай» бас-аяғы бес-алты жылда мегаполистің өзге­лермен терезесі тең, алдыңғы қатарлы ауданына айналды. Әлеуметтік нысандар (емхана, мектеп, балабақша, т.б.) көп­қабатты тұрғын үй кешендері бой көтерді.

Инженерлік-коммуникациялар желісі жүргізіліп, толықтай газ жүйесі тартылды. Елбасы айтқандай, «Алматының стратегия­лық даму ауданына» айналды. Оңай болған жоқ. Атсалысқандардың қайрат-жігерімен құрылған Алатау ауданы шын мәнінде, болашағына біраз тілек пен арман артқан қарашаның үміт үдесінен шықты. Елбасы да «стратегиялық ауданның» қалыптасуын назарда ұстап, Алматы сапарларында ауданға атбасын бұрып тұрды.

Қазанның 27-сі күні Алматы қаласы­ның Алатау ауданының 10 жылдық мерей­тойы мерекеленіп, «Алатау» дәстүрлі өнер театрында салтанатты жиын өтті. Мереке­лік жиынды Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек ашып беріп, құттықтау сөзін айтты. Ауданның қалыпта­суына ерекше үлес қосқан азаматтарды марапат­тады. Құрметтелгендер қатарында Алатау аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Қ.Қабдолдин, ауданның тұңғыш әкімі Б.Мәнізоровтар бар. Шаһар басшысы баяндамасында  Елбасы тапсырмасымен ашылған Алатаудың бүгінде мегаполистің алдыңғы қатарлы ауданы болып қалыптас­қанын, Елбасы осы 10 жылда ауданға он рет атбасын бұрғанын айтып өтті.

Бүгінгі күні аудан мегаполистің жедел өркен жайған елді өңіріне айналды. Он жыл ішінде аудан тұрғындарының саны 70%-ға өсіп, 250 мыңнан астам адамға жетті. Орта­лықтандыру қағидасы бойынша мұнда 12 мектеп, осыншама медициналық мекемелер, сонымен қатар 98 мемлекеттік және жеке балабақшалар ашылды.

Алматы қаласының әкімі өзінің сөзінде 10 жыл ішінде ауданды дамытуға 430 млрд. теңге жұмсалғанын, 30 мыңнан астам жұмыс орны құрылғанын, 2,7 млн. кв.м. тұрғын үй салынғанын айтты.

– Елбасы осы 10 жылда Алатау ауда­нына 10 рет келді. Мемлекет басшысы ау­дан­ның даму барысымен тұрақты танысып, ұдайы қолдау білдіруінің арқасында бүгінде Алатау ауданы қала тұрғындары мен қонақтары үшін жаңа орталыққа айналды. Бүгінгі күні қаламыздың әрбір 7-тұрғыны Алатау ауданында тұрады. Сондықтан жайлы қала кеңістігін құру мақсатында биылғы жылы 600 орынды тағы бір мектеп және 880 орынды төрт жаңа балабақша іске қосылады. Бұлардан өзге, тағы бір жаңа аурухана мен екі емхана салынады, – деп атап өтті Бауыржан Байбек.

Ол өзінің сөзінде болашақта Алатау ауданы Алматының қуатты өндіріс орта­лығына айналатынын айтты. Ел Прези­дентінің индустрияландыру бағдарламасын ұсынған бастамасы аясында мұнда арнайы Индустриалды аймақ құрылды. Қыркүйек айында ғана ауданда жапондық, ресейлік, қытайлық және итальяндық инвестициялар есебінен бірнеше жоғары технологиялы зауыттар ашылды.

Алатау ауданында бірқатар мәдени және спорт объектілері бой түзеді. Оның ішінде «Алатау» дәстүрлі өнер театры, дәстүрлі музыканың мультимедиялық орта­лығы, Қолөнершілер орталығы, Универ­сиада мұрасы – «Алматы Арена» және «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жеке қаржы есебінен салынған жеңіл атлет­тер стадионы бар.

Бас-аяғы  он жылда  «қара жерден қала тұрғызудың» үлгісіндей болған Алатау ауданы  барлық жағынан дамушы Қазақ­стан­ның  көрінісі болып отыр бүгінде. Арман-үміті  шындыққа айналған  аудан халқының Елбасы шешімі мен шаһар басшылығына алғысы мол.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *